«Ұлт лидері туралы заң жобасында «Елбасын мәңгіге сайлау» туралы қағида жоқ». «Жемқорлықпен күрестің қазақстандық моделі»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 6 мамыр 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Депутаттар Назарбаевқа жеке басы мен мүлкіне қол тигізбейтін ұлт көсемі мәртебесін бермек”. “Парламент мәжілісінің депутаттары Қазақстанның тұңғыш президентіне “ұлт көшбасшысы” мәртебесін беруді ұсынды. Депутаттар НАЗАРБАЕВты қылмыстық және әкімшілік қудалаудан сақтауды, өзімен қоса отбасының мүлкіне ешкімнің тиіспеуін қалап отыр. Оппозиция бұл бастаманы сынап жатыр.

Ұлт көшбасшысы мәртебесін заңдастыру туралы бастаманы парламент мәжілісінің сәрсенбілік жалпы отырысында Розақұл ХАЛМҰРАТОВ, Светлана ФЕРХО, Әмзебек ЖОЛШЫБЕКОВ көтерді. Мәжіліс депутаттары бұл ұсыныстың күн тәртібінде қаралуын бірауыздан мақұлдады….”. Талғат ДҮЙСЕНБЕК.

AIKYN.KZ. “Мәсімов Үкіметін мазалап отырған мәселелер жетерлік”. “Мексика шығанағындағы Америкадай алпауыттың өзін тітіреткен апат МӘСІМОВ билігін қазір бәрінен бетер мазалап отыр екен…

“Мексика шығанағында Brіtіsh Petroleum компаниясының қалқымалы бұрғылау қондырғысының күйреуіне байланысты үлкен трагедия болды, — деді Кәрім Мәсімов. — Бұл оқиғадан кейін көп сұрақ бас көтеруде. Бір қарағанда компания да салмақты сияқты, ол онда барлық стандарттарды орындаған да шығар. Алайда трагедия болды…” деген Премьер Мұнай және газ, Қоршаған ортаны қорғау министрліктеріне Каспийдегі “қара алтын” өндірісіне комиссия жүргізіп, беті бүркемеленген барлық проблеманы әшкере етуді жүктеді…

Бас баяндамашыны мұқият тыңдаған Кәрім Мәсімов меморгандардың стратегиялық жоспарларын әзірлеудің әдістемелік негізін жаңартпаса болмайды деп шешті. Сөйтті де, Жанар Айтжанованың командасының Қаржы министрлігімен бірлесіп, жаңа әдістемелік негізді түзіп шығуына 20 мамырға дейін мерзім кесті. Бұл жерде, Кәрім Мәсімовтің пікірінше, бірнеше жайт ескерілуге тиіс: біріншіден, бұл құжаттарда меморгандардың барлық қызмет аясын тегіс қамтуға талпынбай, онда тек шешуші стратегиялық бағыттар мен мақсаттарға ғана назар шоғырландыру керек. Екіншіден, стратегиялық мақсаттар, міндеттер мен көрсеткіштерді тұжырымдау мен іріктеуге деген талап күшейтілуге тиіс, олардың саны шектеулі ғана болады. Үшіншіден, олардың бәрі бюджетпен үйлесім табуы қажет. Яғни қаржы жетпейтін, “көтере алмайтын шоқпар” белге байланбайды.

Жиынды қорытқан Үкіметбасы Қаржы министрлігіне әрбір орталық органда бюджеттік шығыстарды бағалау бағытындағы жұмысты бастауды тапсырды. “Бірінші кезеңде республикалық бюджеттің шығынына, олардың қажеттілігіне, негізділігіне, нәтижелілігіне мұқият талдау жүргізу қажет. Қол жеткізілетін нәтижелер мен соған шығындалатын қаржының сәйкестілігіне кешенді бағалау жүргізу керек. Түпкі мақсат — бюджет шығыстарының тиімділігін арттыру болуға тиіс” деп нықтады Премьер. Өз ревизорларының бұл жұмысты қалай ұйымдастырғанын министр Б.ЖӘМІШЕВ 20 мамырға дейін Кәрім Мәсімовке баян етуге міндеттелді. Үкіметбасы болашақта әкімдердің командаларының бюджетті шығындауына қатысты да осындай науқан жүретіндігін ескертті”. Авторы: Айхан ШӘРІП.

Жемқорлықпен күрестің қазақстандық моделі”. “Дүйсенбі күні Қаржы полициясының төрағасы Қайрат Қожамжаров Еуропарламент сессиясы отырысында депутаттар мен дипломаттарға республиканың сыбайласқан жемқорлықпен күрес тәжірибесімен таныстырды. Алайда сарапшылар Қазақстанның өзінде сыбайласқан жемқорлық айтарлықтай жоғары деңгейде қалып отырғанын да алға тартады.

Қаржы полициясы басшысы Брюссельде жемқорлыққа қарсы күрес Қазақстанның мемлекеттік саясатының басымдық беретін маңызды бағыты екендігін мәлімдеді. Оның ойынша, сыбайласқан жемқорлық — кез келген қоғам үшін күрделі мәселе, әрі барлық мемлекеттерге тән құбылыс. Сондықтан республиканың бас қаржы полицейі осы қоғамдық дертпен күресте еуроатлантикалық және еуразиялық аймақта күш жұмылдыруға шақырды. Ал Қазақстанның өзінде бұл мәселе қаншалықты шешімін тапты?

Сергей ЗЛОТНИКОВ, “Transparensy Kazakhstan” ұйымының атқарушы директоры: — Қазақстан үшін еуропалық қауымдастықпен бірлесе жұмыс істеу пайдалы. Өйткені мемлекет жақын уақытта сыбайласқан жемқорлыққа қарсы бірқатар еуропалық конвенцияларды мақұлдамақшы. Бізге не жетпейді? Қазақстанда әлі сыбайласқан жемқорлықтан жапа шеккен куәгерлерді қорғау мәселесі шешілмеген…

Оралбай ӘБДІКӘРІМОВ, сенатор, “Нұр Отан” партиясының сыбайласқан жемқорлықпен күрес қоғамдық кеңесінің төрағасы: Қазақстанның сыбайласқан жемқорлықпен күрес тәжірибесі қалыптасты деп айта алмаймын. Ең алдымен осы мәселеге байланысты халықтың менталитеті өзгеруі керек. Себебі көпшіліктің жемқорлықпен күресуге талпынысы байқалмайды. Мысалы, әлеуметтік зерттеулер нәтижесі бойынша елдің 30 пайызы өз шаруаларын заңды айналып реттеуге тырысады. Олар осы жолмен мәселелерін оңай әрі жылдам шешуге болады деп есептейді. Сонымен бірге қоғамда бюрократиялық тосқауылдар жойылған жоқ. Сондықтан ең бірінші заңнамалық нормаларды шығарып қана қоймай, оларды көпшілік қалай қолдана алатындығын жеткізу керек. Оған қоса мемлекеттік орындардағы қылмысты қадағалау іс-шараларын әлі де күшейткен жөн. Әзірге сыбайлас жемқорлықпен күрес қарқынды жүріп жатыр деуге келмейді. Қазақстанда жемқорлық деңгейі жоғары. Президенттің 2020 жылға орай белгілеген стратегиялық жоспарына сай Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа аз шалдыққан 60 елдің қатарына енуі керек. … Әзірге Қазақстан “Transparensy Іnternatіonal” ұйымының былтырғы жылғы рейтингісінде сыбайласқан жемқорлық деңгейі бойынша 180 елдің арасында 120-орынды иеленген. Бұл орында одан өзге Армения, Боливия, Эфиопия, Моңғолия, Вьетнам тәрізді мемлекеттер бар”. Авторы: Айжан КӨШКЕНОВА.

EGEMEN.KZ. “ТАРИХИ МИССИЯ ЗАҢДАРДА КӨРІНІС ТАБАДЫ”. “Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал МҰХАМЕДЖАНОВтың жетекшілігімен палатаның кезекті пленарлық отырысы болып, онда 13 мәселе талқыға түсті. Күн тәртібіне сондай-ақ бір топ депутат бастамашы болған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының ерекше тарихи миссиясына орай әзірленген екі заң жобасы енгізілді.

Бұл заңдық құжаттар “Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының қызметін қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Конституциялық заңның жобасы және “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының қызметін қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы деп аталады…

Тұтастай алғанда, Қазақстан Республикасы дамуының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы мәртебесін заң деңгейінде бекіту қажет деп санаймыз, дейді жоба авторлары. …Депутаттың айтуынша, заңдық құжат мемлекеттің сыртқы және ішкі саясатындағы негізгі бағыттары жөніндегі бастамаларды әзірлеуде Ұлт көшбасшысымен – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентімен келісу қажеттігін көздейді.

Осылайша Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының ерекше тарихи миссиясына орай оның конституциялық өкілеттіктерін нақты регламенттеуді, сондай-ақ оның қызметін қамтамасыз етудің кепілдіктерін көздейтін екі заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу мерзімі 25 маусымға дейін деп шешілді. Ал пленарлық отырыста күн тәртібіне шығарылған өзге барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды”. Авторы: Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.

ALASHAINASY.KZ. “Ұлт лидері туралы заң жобасында “Елбасын мәңгіге сайлау” туралы қағида жоқ”. “…Заң жобаларына мұрындық болған депутаттар жалпы отырыс бітпей жатып-ақ брифинг өткізуге асықты.

“ҚР тұңғыш Президенті – ұлт көшбасшысы” мәртебесі қазақстандық даму жолының беріктігінің кепілін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді”, – деді брифингте заң жобасына бастамашы депутаттың бірі Әмзебек ЖОЛШЫБЕКОВ. Депутаттың айтуынша, Елбасының қызметін қамтамасыз етудің құқықтық және ұйымдастырушылық мәселелерін анықтайтын “ҚР тұңғыш Президенті туралы” Заң мемлекеттің негізін қалаушының рөлін толық көлемде анықтамайды.

Ал жаңадан ұсынылған заң жобасында тұңғыш Президенттің және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің мүлкіне қол сұқпаушылық кепілдіктерін беру жайы да ұсынылған. Депутаттардың айтуынша, ұлт лидері туралы заң жобасында өмір бойына президенттік институтын енгізу қарастырылмаған. “Заң жобасында “Елбасын мәңгіге сайлау” тәрізді нормалар жоқ. Тек қана “ұлт көшбасшысы” деп қана толықтырылмақ. Бар болғаны сол”, – дейді Әмзебек Рысбекұлы…”. Авторы: Салтан Сәкен.

Рейхстагқа Рахымжан тіккен ту Астанаға әкелінді”. “Фашизмнің ордасын талқандап, Рейхстагқа кеңес әскерінің ішінен алғашқы болып қазақ жауынгері тіккен жеңіс туы Ресейден елордамызға жеткізілді. Халық Қаһарманы Рахымжан ҚОШҚАРБАЕВ тіккен осы ту кеше Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде таныстырылды.

….Рахымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа тіккен туы Ресей Федерациясының Ішкі істер министрлігінің мұрағатында сақталып келген. Енді ол Астанадағы Президенттің мұражайына берілмек”. Авторы: Айбын Бақытұлы, Астана.

KAZ.GAZETA.KZ. Астана. 6 мамыр. Kazakhstan Today — Сенат депутаттары бүгін өткен жалпы отырыста Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің ұсынуымен «Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қабылдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Астана. 6 мамыр. Kazakhstan Today — Сенат депутаттары бүгін өткен жалпы отырыста «Таңбаларды халықаралық тіркеу туралы Мадрид келісіміне хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қабылдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Сенаттың Экономикалық және өңірлік саясат комитетінің қорытындысына сәйкес, «Таңбаларды халықаралық тіркеу туралы Мадрид келісіміне хаттама таңбалардың халықаралық тіркелуін қамтамасыз ету мақсатында Мадрид келісімі елдеріне олар үшін қолайлы шарттарды таңдауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін ережелерді енгізу жолымен жүйеге елдердің шектелмеген тобының қосылуы үшін қазіргі бар құқықтық кедергілерді жою міндетін шешеді.

Хаттаманы ратификациялау мынадай артықшылықтар береді: 1) халықаралық тіркеуге өтінім ұлттық тіркеу базасына да және ұлттық өтінім базасына да негізделе алады, осыған байланысты конвенциялық басымдықты сақтау рәсімі жеңілдейді; 2) Хаттамаға қатысушы мемлекет жеке баждарды (үстеме және қосымша баждардың орнына) белгілей алады, бұл мемлекет кірісінің ұлғаюына септігін тигізуі мүмкін…

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ