AZATTYQ.ORG. “Абайтану пәні оқытыла бастағанына 68 жыл толды”. “Осыдан 68 жыл бұрын қазақ әдебиеті тарихында тұңғыш рет арнайы пән ретінде абайтану курсы оқу бағдарламасына енгізілді. Бұл пәнді енгізген Мұхтар ӘУЕЗОВ қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне 1934 жылы ұстаздық қызметке келіп, ондаған жыл бойы ұстаздық етті…”. Авторы: Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ.
AiKYN.KZ. “Үлкен әмияннан” үлес үшін нағыз шайқас Парламент қабырғасында жүрмек”. “Триллион деп сөйлейтін болдық!” деп таңғалғанымыз күні кеше ғана сияқты еді. Ендігі меже бес триллион биігіне жуықтап қалыпты. Алдағы үш жылға арналған еліміздің басты қаржылық құжатын Қаржы министрі Болат ЖӘМІШЕВ таныстырды. Министрге сенсек, алдағы жаңа жылда республикалық қазынаға жалпы көлемі 4 триллион 49,5 млрд теңге түсім түсуге тиіс.
Бұл биылғымен салыстырғанда, 671,1 миллиард теңгеге көп, 20 пайызға артық. Одан арғы 2012 жылы түсім 4 триллион 373,8 млрд теңгені құраса, 2013 жылға қарай Қазақстанның “бас әмиянына” түсетін түсім 4 триллион 779,4 миллиард теңгеге жетеді деп күтілуде. Осыдан біраз бұрын билікке қарата, “қаржыға қарайлап, өмір сүру керек” деген уағыз айтылып еді. Бірақ Үкімет сол қалпы бұған бой үйрете алмапты. Өйткені тапқанынан артық шығындағалы отыр…”. Авторы: Елдос Сенбай.
“Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, Білім және ғылым министрі: Мектепте хиджаб киюге түбегейлі қарсымын”. “Өткен жұма күні Білім және ғылым министрі Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ “bnews.kz” порталындағы “Қазақстандағы білім беру: мүмкіндіктері, келешегі, инновациялар” тақырыбындағы оnlіne-конференцияға қатысты. Ата-аналар, оқушылар мен студенттер осы жолы өздерін толғандырған сұрақтарды министрге оnlіne-режимінде қоя алды. Білім беру саласының барлық мәселесін қамтыған сол сұхбатты ықшамдап ұсынуды жөн көрдік.
– Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын талқылау кезінде “Нұр Отан” ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин “студенттерге берілетін несиенің пайыздық мөлшерінің жоғары” екенін айтты. Бұл пікірмен сіз де келістіңіз және партиядан бұл мәселеде “көмек” беруді сұрадыңыз. Партия көмектесе алды ма? Студенттер үшін жеңілдетілген несие беру қайта қарала ма?
— Біз “Нұр Отан” ХДП-на студенттеріміз бен жоғары оқу орындарының несиенің пайыздық мөлшері өте жоғары деген өтінішін жеткіздік. “Нұр Отан” да бұл мәселені талқылап, бізге хабарлаймыз деп уәде еткен….
— Былтыр сіз мектепте хиджаб киюге тыйым салдыңыз. Ал бүгіндері дінге бет бұрған жастар көбейді. Олар хиджаб кию мәселесін қайта көтерсе, қалай қарайсыз?
— Хиджаб киюге мен түбегейлі қарсымын және мұны көпшілік те қолдайды деп ойлаймын. Жалпы, хиджаб кию қазақ тарихында болмаған. Қазақ халқы қыздарын еркін ұстаған. Тек келін болғанда ғана орамал тартқан. Қазақстанда бірнеше діннің өкілі өмір сүреді. Бүгін хиджабқа рұқсат берсек, ертең христандар мен иудейлер де балаларымыз мектепке өз дініміздің киімін кисін деген талап қоймай ма? Сонда не болады?….”. Дайындаған Халима БҰҚАРҚЫЗЫ.
EGEMEN.KZ. “ЕҚЫҰ-БҰҰ: қауіпсіздік жолындағы өзара іс-қимыл”. “…Қанат САУДАБАЕВ пен ПАН ГИ МУН үстіміздегі жылдың 9 қыркүйегінде Нью-Йоркте Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне арналған БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы мәжілісін өткізу халықаралық қоғамдастықты ядролық қарусыз әлем құру қажеттігіне шақыруда маңызды қадам болатынын атап көрсетті. Мұндай қадамның ұтымдылығын Қазақстан өзінің үлгісімен дәлелдеген еді.
Одан әрі сұхбаттастар Қырғызстандағы ахуалды талқылады. Олар аталған елде тұрақтылықты қамтамасыз етіп, дамыту үшін әлемдік қоғамдастықтың одан әрі күш-жігер жұмсауы қажеттігіне назар аударды. Бұған алдағы парламент сайлауы маңызды фактор бола алар еді…”.
ZHASALASH.KZ. “Қазақстандағы мектептердiң тең жартысы жаңа оқу жылына дайын емес”. “…Жақында ҚР Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт ТҮЙМЕБАЕВ мынадай ақпарат таратты. Қазақстанда мектептердiң тең жартысы жаңа оқу жылына дайын емес. Су жаңа 67 мектептiң тұсауы кесiлiп, пайдалануға берiледi. Дегенмен, тозығы жеткен 67 мектептiң есiгiне қара құлып салынып, жабылуы мүмкiн. Сонымен бiрге Алматы, Ақтөбе және Қостанай облыстарында физика, химия, математика пәндерi бойынша мұғалiмдер жетiспейдi.
– Қазiргi жағдайдағы ахуал қанағаттанарлықсыз. Сондықтан облыстық, Алматы және Астана қаласы бiлiм басқармалары және жергiлiктi атқарушы органдармен бiрлесе отырып жаңа оқу жылына дайындықты күшейту керек, – деген-дi жаңа оқу жылына санаулы күндер қалғанда министр. Артынан премьер-министр Кәрiм МӘСIМОВ: – 2 қыркүйек күнi селекторлық тәртiпте жиын өткiземiз. Онда әкiмдердiң мектептердегi дайындық туралы есебiн тыңдаймын, –дедi жайбасарлыққа салынған әкiмқараларды қысымға алатынын меңзеп. – 1 қыркүйекке қарай мектептерде проблема туындайтын болса, кiмнiң не үшiн жауап беретiнiн ұмытпаған шығарсыздар”, – дедi ол…”. Авторы: Дилара ИСА.
“Мектеп түлегi министрлiктi сотқа бердi”. “…Естерiңiзде болса, осыдан бiрер ай бұрын тағы бiр мектеп оқушысы Бiлiм және ғылым министрлiгiн сотқа берген болатын. Ол кезде үшiншi сынып оқушысы мектеп бағдарламасындағы оқулықтың баланың қалыпты дамуына зиян келтiретiнiн алға тартып, сол үшiн моральдық шығын талап еткен едi. Ендi елiмiздегi бiлiм жүйесiнiң берекесiздiгiнiң тағы бiр құрбаны шенеунiктердi жауапқа шақырмақшы. Ақтөбедегi №11 орта мектептiң түлегi Артем ЗАВАДА заңгер болуды армандайды. Ендi ол алғашқы тәжiрибесiн өз құқығын қорғаудан бастамақ. Облыстық Бiлiм беру басқармасының өзi арбаға таңылған Артемдi бiрыңғай ұлттық тестiге қатыстырмаған. Бiрақ, кейiннен бiрiншi сыныптан бастап үздiк оқыған балаға үздiк үлгiдегi аттестат беруден бас тартқан. Бiрыңғай ұлттық сынаққа қатысудан халықаралық олимпиада мен ғылыми жоба жарыстарынан жеңiмпаз атанғандар босатылады. Бiлiм және ғылым министрлiгi бекiткен бұйрыққа сәйкес, орта мектептi бiтiрген мүгедектер де тестiге жiберiлмейдi екен. Дәл осы сәйкессiздiк Артемнiң туыстарының айтуынша, оның грант бойынша оқуға түсуiне кедергi келтiрген. Ақтөбедегi Бiлiм беру басқармасы өкiлдерiнiң мәлiмдеуiнше, министр бұйрығына сәйкес, үздiк үлгiдегi аттестат алу үшiн түлектер мiндеттi түрде бiрыңғай ұлттық сынақтан өтуi тиiс. Ендi Артем Завада сот арқылы Бiлiм және ғылым министрлiгiнен 12 миллион теңге көлемiнде моральдық өтемақы талап етпек”. Авторы: Инга ИМАНБАЙ.
ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Жол апатына телефон кінәлі”. “Ішкі істер органдары таратқан мәліметке көз жүгіртсек, осы жылдың 5 айында республика бойынша 3742 жол-көлік оқиғасы орын алып, нәтижесінде 785 адам мерт болып, 4371-і жарақат алған. Әрбір төртінші жол-көлік оқиғасы жылдамдықты шамадан тыс арттырудың салдарынан, ал, әрбір 10-шы оқиға – жолдың қарама-қарсы бетіне шығып кетуінен жүз берсе, оқыс оқиғаның көпшілігінің басты себептерінің бірі – алдыңғы мәшинені басып озамын деуден, сол секілді көлікті ішімдік ішіп алып басқарудан болып жатады. Ал, соңғы уақытта көлікті жүргізіп келе жатып ұялы телефонмен сөйлесемін деп, жол-көлік оқиғаларын жасаушылар қатарының көбейгені байқалады…
Осы орайда, шетелдік тәжірибеге де назар аударып қойғанның артықтығы болмас. Мәселен, дамыған елдерде көлік жүргізу барысында телефонмен сөйлесу, машина теледидарын қосып қойып рөлді басқарушыларға барынша тәртіп қатаңдатылған. Соның бір айғағы, грециялық азаматтар 100 евро көлемінде айыппұл төлегенімен қоймай, 30 күнге бас бостандығынан айырылады екен. Ал, Австрияда осындай тәртіп бұзушылар 300 евро көлемінде айыппұл төлейді”. Авторы: Айман СЕЙІЛБЕКҚЫЗЫ.
KAZ.GAZETA.KZ. Еліміздің 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын құқықтық қамтамасыз ету осы сессияның барысындағы заң шығарушы органның негізгі міндеті болып табылады. Бұл туралы бүгін төртінші сайланған ҚР Парламентінің төртінші сессиясының ашылуында Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ айтты.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл ретте заңнамалық жұмыстың кезекті бағыттарын белсендіру қажет. Ең алдымен Рұқсат беру жүйесін жетілдіру туралы, Тексеруші субъектілерге талапты бекітетін нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау саласындағы мемлекеттік органдардың құзіреті туралы заң жобалары дереу қарастыруды қажет етеді. Елбасы елміздегі бизнес климатты жақсартып, мемлекет пен жеке меншік әріптестігін дамыту керектігін айта келе: “Бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені төмендетіп, рұқсат беру процедураларын, соның ішінде лицензиялауды, сертификаттауды, аккредиттеуді жеңілдету керек. Сіздер мен біздер бұл жайында қаншама рет айтып, іс-шаралар қабылдағанымызбен, бұл мәселе сол күйінде қалуда. Және оның маңыздылығы арта түсуде”, деді.
***
Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ


