«Терминком мүшелерін терминатор секілді көрудің қажеті жоқ». «Табиғи байлықты игерудің келісімдерін қайта қарайтын уақыт жетті»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 6 қыркүйек 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Бішкекте жоғалып кеткен қазақ босқынның ұлы табылды”. “…Бішкекте тұратын қазақ босқындарының баласы Ақылбек НАЗАРОВ жұма, қыркүйектің 3-інде түскі сағат 13.30-да табылды. Жасөспірімді қаланың шетінде тұратын таныстары кездейсоқ көріп қалып, ата-анасына алып келген…”. Авторы: Мәншүк АСАУТАЙ.

Қазақ елшісінің мылтық сайлап жүргені қандай қоян?”. “…Осыдан бірер күн бұрын Азаттық радиосы аустриялық “Фальтер” апталығында жарияланған ақпарат жайында хабарлаған болатын. Онда Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы, қуғында жүрген “Рахат ӘЛИЕВтің көзін жою үшін қазақтар Батыстан мерген мылтығын сатып алғаны” сөз болған еді….”. Авторы: Александр НАРОДЕЦКИЙ.

AIKYN.KZ. “Жеті айда 3 миллиард теңге шығын келді”. “Соңғы жеті айда сыбайлас жемқорлықтың салдарынан мемлекет қазынасына 3 млрд теңгеден астам шығын келтірілді. Бұл ақшаның 1,9 миллиарды тергеу барысында кері қайтарылды. Күні бүгінге дейін 1107 қылмыс тіркеліп, оның 986-сы сотқа жіберілді. Қылмыс жасағаны үшін 407 адам сотталды”, — деді ҚР Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінде өткен брифингте Қаржы полициясының ресми өкілі Мұрат ЖҰМАНБАЙ….”. Авторы: Қанат МАХАМБЕТ.

Терминком мүшелерін терминатор секілді көрудің қажеті жоқ”. “Ұлт жанашырлары Ұлт көшбасшысының тікелей бақылауында болады делінген жаңа тіл бағдарламасына үлкен үміт артып отыр…. Біраз мәселе билік тарапынан ашық айтылды. Мәселен, Тіл комитетінің төрағасы Б.ОМАРОВ бұл салада “күрмеуі көп мәселелер әлі де жеткілікті” екендігін айтты. Рас, ол “өткен онжылдық кезеңде бірқатар нәтижелерге қол жеткізілгендігін” де қосты. “Солтүстіктің тілі сынды, — деді ол, — тілдік орта едәуір қазақыланды, шенеуніктер кәдімгідей сөз саптай алатын болды. Өзге ұлт өкілдері тіл игеруге барынша ықылас танытты. Қазақ мектептері мен балабақшалардың саны көбейді. Қазақша құжаттама тілі қалыптасты. Екі тілде, кейбірі үш тілде сөйлеп-жаза алатын жастар мемлекеттік қызметте де, ақпарат құралдарында да жиі бой көрсете бастады” дей келе, Бауыржан Омаров тіл саясатына деген көзқарас өзгергендігін нықтады….”. Авторы: Елдос СЕНБАЙ.

EGEMEN.KZ. “Ынта мен ықылас артпай қазақ тілінің түйткілі шешілмейді”. “…Жалпы, қазақ тілін “Мемлекеттік тіл” деп жариялап, сол атына заты сай болу қажет деп ұрандағалы 20 жылдың жүзі болса да нәтиже тым мардымсыз екенін көріп отырмыз….

Қорыта айтқанда, қазақ тілін шын мәнінде мемлекеттік тіл дәрежесіне көтере отырып, қолданыс аясын республика көлемінде ұлғайту үшін заң да, қомақты қаржы да қажет. Әсіресе, жыл сайын бөлінетін мол қаржыны тіл мәселесінің ең жанды жеріне, яғни жалпы халықтың қызығушылығын арттырып, азаматтарды мемлекеттік тілді меңгеру деңгейіне қарай ынталандыру шараларына тиімді жұмсай алатын болсақ ойдағыдай нәтижелерге қол жеткізген болар едік”. Авторы: Сайт ЗАХАН, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің доценті.

DMK.KZ. “ҰСТЫН МЕН ҰСТАНЫМ. ТАБИҒИ БАЙЛЫҚТЫ ИГЕРУДІҢ КЕЛІСІМДЕРІН ҚАЙТА ҚАРАЙТЫН УАҚЫТ ЖЕТТІ”. “Мұнай мен газ саласы біздің экономикамыздың басым бағыты екені белгілі. Ел бюджетіне түсетін қаржының да негізгі бөлігін осы сектордан түскен табыс құрайды. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі экономикалық тоқырауға байланысты мұнай-газ және тау-кен саласына шетелдік инвесторларды шақырып, аталған өндірістің едәуір бөлігін алпауыт компаниялардың игеруіне беруге мәжбүр болдық.

Дегенмен, 2005 жылы арнайы қабылданған заңның негізінде егер еліміздің табиғи байлығын игеріп жатқан шетелдік кәсіпорын өз үлестерін сатуға ниеттенсе, ең алдымен Қазақстан үкіметіне ұсынуға тиіс болды. Осы заң нормасының арқасында біздің үкімет алғаш рет “Қашаған” кенішінің 8,33 пайыздық пакетін сатып алуға қол жеткізді. Бүгінде аталған кеніште біздің үлесіміз 16,81 пайызды құрап отыр. Осы жақында ғана үкіметтің “Қарашығанақ” кен орнының 10 пайыз акциясын иемденуге әрекет жасап жатқаны жарияланды…

… 2003 жылы “Жер Кодексі” шыққанда жерді пайдалану құқығын алып жүргендер түгелдей меншіктеп алды. Бүгінде осының нақты есебі жоқ. Жердің иесі кім екенін жергілікті халық біле алмай отыр. Мысалы, еліміздің астық өндірісіндегі компаниялардың қанша жерлері туралы ақпарат та жабық. Осыны мемлекеттік ұйымдар неге жарияламайды? Бұл мемлекеттік ашықтығы үшін қажет дүние. 2008 жылы біздің Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігі көлеңкелі бизнес жалпы ішкі өнімнің 20 пайызын құрайды деп мәлімдеген болатын. Алайда, таяуда Дүнижүзілік банк бұл мәліметті 45,2 пайыз деп жариялады. Айырмашылық жер мен көктей. Сондықтан, мемлекеттік ұйымдар мен елімізде жұмыс істеп жатқан компаниялардың ашықтығы туралы заң қабылдануы қажет”. Авторы: Тоқтар ЕСІРКЕПОВ, экономика ғылымдарының докторы, профессор.

ALASHAINASY.KZ. “Ұсақ банктерді жапқаннан ұтамыз ба?”. “Талаптың күшейтілуі салдарынан біздегі коммерциялық банктердің қатары күрт сиреуі мүмкін. Ол, айналып келгенде, еліміздің бүтін банк жүйесіне үлкен зиянын тигізеді”. Осы аптада Үкімет басшысы мен Ұлттық банк төрағасына осылайша депутаттық сауал жолдаған халық қалаулысы Аманжан Жамалов: “Ұсақ банктердің жаппай қысқаруының салдарынан банк секторындағы көшбасшылық орын жергілікті банктерден шетелдік банктердің қолына көшуі мүмкін, ал бұл экономикалық қауіпсіздік саласындағы қауіп-қатерді күшейте түсетін фактор болып табылады”, – деп дабыл қағады…”. Авторы: Кәмшат САТИЕВА.

ZAMANDAS.KZ. “Қонаев&Камалиденов: кімдікі шындық?”. “Желтоқсан – жара, нала, аза, қаза. Кінәлілер тартты ма жаза? Әлде былықтан шықты ма таза? Желтоқсан десе жүрегі ауырмайтын қазақ жоқ. Қазақ қоғамы әрқашан Желтоқсанның шындығын іздейді. Ақиқатын аңсайды….

Бір дәуірдің екі бірдей қайраткері бір жағдайды екі түрлі баяндайды. Әрі-беріден соң ҚОНАЕВқа телефон шалғаннан бастап екі түрлі сипатта жазылған. КАМАЛИДЕНОВ Қонаев келіспеді дейді. Қонаев Колбин сөйлетпеді дейді. Кімге сенеміз? Әрине, қазақ үшін Қонаев есімі қасиетті ұғым. Сондықтан көптеген жұрт Димаш Ахметұлының айтқанына иланары хақ. Ал Камалиденовтікі не? Ақталу ма? Тарих доңғалағын басқа жаққа бұру ма? Әлде… шындық па?..”. Авторы: Н.ҒАЛЫМЖАН.

KAZ.GAZETA.KZ. Өткен демалыс күндері Павлодардағы колониялардың бірінде тұрғындық корпустың шатыры өртенді, деп хабарлайды Павлодар облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің департаментінен. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Электр сымдардың бұзылғандығынан жалын басталып, ғимараттың шатырына ішінара залал тигенімен, төбенің құлау оқиғасы орын алмады, сондықтан 124 сотталушы сол күні кешке тұрғындық корпусқа қайтып барды, деп толықтырды Б. ГАВРИЛЮК…

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ