AZATTYQ.ORG. “Авторитаризм үшін ақпаратты бақылап ұстау қиындап барады”. “АҚШ-тың Саясат, демократия және интернет институтының директоры Кристофер АРТЕРТОНның пікірінше интернет дамуының арқасында алдағы 10-15 жылда ақпаратқа тосқауыл қою мен ақпарат еркіндігі арасында тепе-теңдік орнайды. Жаңа технология дамыған сайын билік өкілдері ақпаратты бақылауға дәрменсіз бола түсті дейді маман…”. Авторы: Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ.
AIKYN.KZ. “Он жеті мың оқымыстының еңбегін кім ескереді?”. “Алматыдағы Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының ғимаратында «Әлеуметтік шиеленіс деңгейі: ықтимал қауіп-қатерлер» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылып, оған Қазақстан гуманитарлық-саяси конъюнктура орталығының президенті Есенжол АЛИЯРОВ, ҚСЗИ-дің директоры, саясаттанушы Болат СҰЛТАНОВ, «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығының президенті Гүлмира ИЛЕУОВА, т.б. сарапшылар мен жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты…
Болат Сұлтановтың айтуынша, бүгінде еліміздегі еуропалық этностардың саны күрт азайса, керісінше шығыс халықтарының өкілдері көбейіп келеді. Мәселен, өзбектер саны — 1,4 пайызға, ұйғырлар — 1,3, түріктер — 1,8 есе өссе, немістер саны — 4,2, украиндер — 2,1, беларустар — 2, ал татарлар — 1,4 есеге азайған. Саясаттанушы мұның да өзіндік түйткілдері болатынын жоққа шығармайды: «Бұл дегеніңіз, елімізде бұрындары тұрған азаматтар Батысқа кетіп жатыр, ал Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын адамдар елімізге келіп қоныстанып жатыр. Әрине, мұның да арты үлкен проблемаға айналуы мүмкін. Егер біз маусым айындағы Ош оқиғаларына назар аударсақ, онда проблеманың неден туындағанын түсінеміз. Яғни ұлтаралық жағдай өзгеріске ұшырап жатқанда, үкімет бұған назар аудармаса, осындай жағдай болады екен» — деп, алаңдайды.
Ал ҚСЗИ директорының орынбасары Зарема Шаукенова қазіргі таңда халықты алаңдатып отырған түйткілдерді былай жеткізеді: «Қазақстанның алдында тұрған ең маңызды мәселелер қайсысы деген сауалға азаматтардың 41,5 пайызы — бағалардың өсуі мен инфляция десе, 36,7 пайызы — жұмыссыздық, 25,9 пайызы — денсаулық сақтау сапасының төмендігі деп жауап берді» — дейді. Бұл орайда сарапшылар парламенттік және президенттік сайлау қарсаңында осы тектес проблемаларға баса назар аудару қажеттігін тілге тиек етеді. Осыған қатысты Болат Сұлтанов: «Мен сіздерге 1 қыркүйектен бастап пайда болған жаңа проблеманың басын ашып айтайын. Мәселен, біздің ЖОО-да қызмет ететін оқытушылардың басым бөлігі, ал бұл дегеніңіз — 17 мың адам, кандидаттық және докторлық диссертациялар жазып тастаған. Бірақ ғылыми кеңестер олардың жұмысын қабыл алмай жатыр. Себебі ғылыми жұмыстарды қорғау уақыты биылғы жылдың 31 желтоқсанына дейін деп белгіленіп қойған. Міне, бұл нағыз қарсылық тобы болмақ!.. Ал бізге парламенттік және президенттік сайлау қарсаңында бұл топ тарапынан қарсылық қажет пе?» — деп, ортаға сауал тастайды”. Авторы: Камшат ТАСБОЛАТ.
EGEMEN.KZ. “Бірлік жаңа жетістіктер мен жеңістерге бастайды”. “Кеше Ыстамбұлдағы “Чираган Кемпински” қонақ үйінде Түркітілдес мемлекеттер басшыларының Х саммиті болды, оның жұмысына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ қатысып, сөз сөйледі…
Бүгінгі саммит Түркі кеңесінің институттық қалыптасуына жаңа серпін береді деген сенімдемін. Біздің алдымызда Түркі кеңесі Хатшылығының құрылуы, Ақсақалдар алқасы туралы ереженің қабылдануы, Түркі әлемі академиясының нақты жұмысқа кірісуі сияқты жалпы түркілік құрылымдарды одан әрі дамыту міндеті тұр…
Одан әрі Қазақстан Президенті осы тараптағы жұмыстарды жүзеге асыруға жауапты ортақ халықаралық ұйымымыз – ТҮРКСОЙ-дың атқарар рөлі зор деп есептейтінін атап көрсетті. Сондықтан ТҮРКСОЙ-дың өкілеттігін күшейтіп, оның қызмет ету аясын кеңейткен жөн. ТҮРКСОЙ – түркі әлемінің шын мәніндегі ЮНЕСКО-сына айналуы тиіс. Сондықтан, ТҮРКСОЙ қорын құру жөніндегі жұмыстарды жандандыру ісіне көңіл аударуымыз керек...”. Авторы: Жақсыбай САМРАТ.
TURKYSTAN.KZ. “ШЕТЕЛГЕ АТТАНҒАНША, ӨЗ ЕЛIМIЗДI АРАЛАҢДАР”. “Премьер-министр әкiмдерге осындай ұсыныс айтты. Дүйсенбi күнi Үкiметтiң кезектi селекторлық отырысында Кәрiм МӘСIМОВ елдегi индустрияландыруды ұлттық идея деңгейiне дейiн көтеру қажеттiгiн қадап айтты. Бұл Елбасының тiкелей пәрменi екен. Сонымен қатар кеңес барысында Премьер-министр әкiмдер мен ұлттық холдингтер, компаниялар басшыларына қатаң талап қойды. Ендi инновациялық, экспортқа бағытталған және жоғары өнiм шығаратын кәсiпорындар заң органдары тарапынан жүргiзiлетiн түрлi тексерулерден босатылады…”. Авторы: Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ.
ALASHAINASY.KZ. “Қашаған Мексиканың кебін кигізбесін”. “…Әйтпесе басқалармен салыстырғанда аталған кен орнындағы апатты жағдайлардың болу қаупі әлдеқайда жоғары көрінеді. Қашаған кен орнындағы ұңғымалардағы қысым деңгейі Мексика шығанағындағы ұңғымалардағы қысымнан бірнеше есе көп! Ал апат бола қалса, жер бетіне шығатын теңіз түбіндегі мұнайдың жылдамдығы жарықтың жылдамдығынан асып түспесе, кем түспейді…”. Авторы: Жанар НИЗАМИ.
“Премьер мен депутатқа кім көмектеседі?”. “..Мәжілістің жалпы отырысында депутат, Қазақстан Кикбоксинг федерациясының президенті Ирак ЕЛЕКЕЕВ мәселені төтесінен қойып, елге аты шыққан миллионерлерге “спортқа қарайласпайды” деген өкпесін артты…”. Авторы: Қанат ҚАЗЫ.
MINBER.KZ. “Үкіметті электронды тұрғыдан тұтыну”. “Биліктің виртуалды кеңістікке шығып, өз қызметін ұсыну ниеті электронды үкімет жобасынан көрініс тапты. Бірнеше жылға кезең-кезеңмен дамытуды жоспарланған портал өзінің бірінші кезеңін аяқтап болды деуге толық негіз бар. Алдағы уақытта енді аталған порталдың тұтынушыға бағытталауы көрініс таппақ. Қазіргі кезде электронды үкімет порталы (www.e.gov.kz)өз дизайнын өзгертіп, мейлінше тұтынушыға жақын болуға тырысуда…”. Авторы: Асхат ЕРКІМБАЙ.
ABAI.KZ. “Кім жаңарады? Қалай жаңарады?”. “Астанадан тараған бүгінгі жаңалық “Жаңарту” деген жаңа партияның жайы туралы айтады. Партияның жетекшісі А. СӘБДЕНОВ деген кісі көрінеді. А-ның кім екені, қайдан шыққаны да әзірге белгісіздеу болып тұр. Ал аты — Артурзиньо(?).
Сонымен Артурзиньо Сәбденов басқаратын партия “Жаңартамыз” деп жұлқынып шыққанымен қоймай алдағы Парламент сайлауында Нұр Отаннан кейінгі орынды иеленетіндерін де жариялап үлгеріпті. Сондай ашық әм батыл мәлімдеме жасауына қарағанда “жаңартушылардың” жарылқаушысы да, жебеушісі де Президент әкімшілігінің (ПӘ) өзі болса керек…
Қысқасы, “Жаңарту” нені жаңартады?…”.
“Мұхтар ШАХАНОВ, ақын, қоғам қайраткері: Ұлттық мүддесі жоқтар қазақ емес”. “…- Жұрт арасында сіз бастаған тәуелсіздік үшін күресіп жатқан азаматтарға қарсы айтылып жүрген сыни пікір көп. Яғни биліктің ешқашан жеңілмейтіні жөнінде алуан түрлі әңгіме бар. Сіздіңше, бұл жөні дұрыс сөз бе немесе биылғы еңбектеріңіз өткен жылғыдан қалай болуы мүмкін?
— Өткен жылы үкімет билігі бүкіл Қазақстан республикасының халқын өзінің негізгі бастауын “американдық ұлттан” алатын “қазақстандық ұлт” жасауға талпынды. Бұл шараны ерекше асығыстықпен орындағысы келді. Барлық ұлттан бір ұлт жасайтын бұл идея басын көтерсе, тек қазақтар ғана емес, еліміздегі әрбір ұлт өкілі ұлттығын жоғалтар еді. “Мен қазақпын”, “мен ұйғырмын”, “мен кәріспін” деп жазу тұрмақ, ол туралы айтуға болмайтын кезге жол ашылар еді. Алды орыстандырудан басталған көш соңы ағылшындандыру, яғни тұтас жаһанданумен барып аяқталар еді. Билік тарапынан жоспарланған бұл төңкеріс — біле білген адамға әрбір ұлттың ұлттығына төнген зор қауіп еді…
— Президент НАЗАРБАЕВ Алматы облысының Қызылағаш ауылына барғанда: “Оралмандар отанға еш нәрсе берген жоқ”, — деген болатын. Сіздіңше қалай, шеттен келген қаракөздер, президент айтқандай, Қазақстанға үлес қосқан жоқ па?
— Шетелден көшіп келіп жатқан қандастарымыз туралы әңгіме қозғасақ, бұл арада да қордаланған мәселелер толып жатыр. Қазақ халқының 5 миллионға жуығы өзге алыс-жақын шет мемлекеттерде тұрып жатыр. Оларға жаппай өз отанына көшуге жағдай жасау арқылы демографиялық, тіл, дін тұрғысындағы мәселелер аз да болса шешімін табар еді. Осы оралмандардың біразы тарихи отанын аңсап, елге оралды. Бірақ бұл ретте азаматтық алып, құжат жасатып, жеңілдік алу үшін белгілі деңгейде құзырлы орындарға пара беруі жазылмаған заң ретінде қалыптасты. Бұған қоса, кезінде Парламентте оралмандар орыс тілін білуі керек деген заң қабылданып кетті. Ол жерде А.АЙТАЛЫ екеуміз қарсы дауыс көтердік. Әйтсе де, ұлтсызданған депутаттар жеңіске жетті. Ал Президенттің жаңағы сөзіне келсек, оның терең ойланбай, атүсті айтыла салған сөз екені айдан анық….”. (Жұқамыр ШӨКЕ, Жанна ИМАНҚҰЛОВА, “Общественная позиция” газеті).
KAZ.GAZETA.KZ. Ресейдің Астрахан облысының Краснояр ауданындағы Кіші Арал ауылында Бөкей ханның кесенесі салынып жатыр. Кесене құрылысы 2011 жылдың сәуір айында аяқталады.
Қазақстан Елшігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, Астрахан облысының билік органдары мен Қазақстан елшілігінің кесене құрылысы бойынша бірлескен іс-шараларының жоспарына Астраханда өткен кездесудің барысында Елші Зауытбек ТҰРЫСБЕКОВ пен Астрахан облысының губернаторы Александр ЖИЛКИН қол қойды.
Тараптар кесененің іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Олар сондай-ақ, мемориалдық кешеннің Ресей мен Қазақстанның арасындағы достықты нығайту ісіне үлес қосатындығына сенім білдірді.
Бірлескен жоспарға сәйкес, кесене алғашқы мінәжат етушілерді келесі жылдың сәуір айында — император І Павелдің Бөкей Ордасын Астрахан даласына қоныс аудару туралы жарлығының 210 жылдығының қарсаңында қабылдай алады. Жоба қазақстандық кәсіпкерлердің қаражатына қаржыландырылады. Ішкі Қазақ Ордасы немесе Бөкей Ордасы — ХІХ ғасырдың басынан бастап ортасына дейін Ресей империясының құрамында болған және Еділ мен Жайық аралығында тұрған қазақ руларының мемлекеттік құрылымы. 1801 жылы император І Павелдің рұқсатымен және Бөкей ханның басшылымен Еділ маңы даласына 30 мыңдай адам көшіп барған.
***
Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ


