«Жаңа министр Жұмағұлов отандық ғылымды басқарудың үлгі-моделін ұсынды». «Қырғыздар парламенттік басқару жүйесіне қадам басты». «Алқабилерге артылар сенім ерекше болмақ». «Қазақ тіліндегі ең ұзын сөз қандай?»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 12 қазан 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Саят Ыбыраевты қамауда ұстау туралы сот шешімі күшінде қалды”. “Қазанның 11-і күні Алматы қалалық соты қамаудағы профессор Саят ЫБЫРАЕВты кепілге босату туралы оның адвокаты Таир НАЗХАНОВтың талап-арызын қанағаттандырмады. Ыбыраевтың жақтастары профессордың саяси себеппен қамауға алынғанына шүбә келтірмейді…”. Авторы: Есенбек БАЗАРҚҰЛ.

Ислам Кәрімов Тәжікстанды Әмударияның бір грамм суына да тиіспеуге шақырды”. “Өзбекстан президенті Ислам КӘРІМОВ су мәселесіне қатысты Тәжікстанға қарата тағы да зілдене сөйледі. Бұл жолы ол Тәжікстанның Рогун су электр стансасын және оған арналған су қоймасын салуына түбегейлі қарсы екендігін ашық айтты…

Міне осындай оқиғаларға қарай отырып, Орталық Азияда судан басталатын талас-тартыстардың тамыры тым әріде жатқанын аңғаруға болады”. Авторы: Александр НАРОДЕЦКИЙ.

Айдос Садықовтың адвокатының өтініші Жоғарғы сот алқасының қарауына түсті”. “…Дүйсенбі күні Жоғарғы соттың қадағалау алқасы Айдос САДЫҚОВтың ісіне қатысты оның адвокаты тапсырған өтінішті қарауға қабылдап алды. Енді Жоғарғы сот алқасы Айдос Садықовтың іс материалдарымен танысқаннан кейін бұл іске қатысты өз шешімін шығаруы тиіс. Адвокат өз өтінішінде Айдос Садықовтың ісін қайта қарауды сұрап, өз дәйектерін келтіреді…

Биылғы шілде айының 16-сы күні Ақтөбенің №2 қалалық сотының судьясы Ақболат ҚҰРМАНТАЕВ оппозиция мүшесі Айдос Садықовқа “бұзақылық жасаған” және “полиция қызметкерлеріне қарсылық танытқан” деген айып тағып, оны екі жылға бас еркіндігінен айыру туралы үкім шығарды. Ал өзін кінәсіз санайтын Айдос Садықов “билік тарапынан өзіме қарсы жасалған арандату құрбаны болдым” деп мәлімдеген-ді. Тамыздың 26-сы күні Ақтөбе облыстық соты Айдос Садықовтың үстінен шығарылған сот үкімін өзгеріссіз күшінде қалдырды”. Авторы: Мәншүк АСАУТАЙ.

AIKYN.KZ. “Жаңа министр Жұмағұлов отандық ғылымды басқарудың үлгі-моделін ұсынды”. “Елбасы атындағы жоғарғы оқу орны алпауыт құрылымға айналдырылады. Тіпті оның өз заңы болмақ: осы ЖОО қабырғасында ұйымдастырылған қоғамдық палатаның жиынында “Назарбаев Университетке” қатысты елімізде ендігі жеке ұлттық заңнама әзірленгені жария болды. Президенттің тапсырмасымен, “Ғылым туралы” жаңа заңның жобасы жазылғандығы мәлім. Ал Мәжіліс вице-спикері, Қоғамдық палатаның төрағасы Владимир БОБРОВтың жетекшілігімен өткен отырыста осы жобамен қосақабат ел Парламентінің “Назарбаев Зияткерлік мектептері”, “Назарбаев Қоры” және “Назарбаев Университет мәртебесі туралы” арнайы заңжобаларды қабылдайтындығы жарияланды…

… Енді ЖҰМАҒҰЛОВтың командасы бәрін ғалымдармен “келісіп, пішетінге” ұқсайды. Ғалымдардың шешім қабылдаудағы рөлін арттыру үшін ғалымдардың міндетті қатысуымен ЖҒТК (ВНТК), Ұлттық ғылыми кеңестер, жаңартылған Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама сынды тетіктер қалыптастырылады…. Ғылым туралы” жаңа заңдағы бұрын болмаған тың өзгеріс ретінде оның ғылым мен инновацияны қолдаудың жаңа тетіктерін енгізетіндігі аталды. “Зерттеу университеттері” деген жаңа ұғым заңдық айналымға енгізілмек….

Қоғамдық палата өз отырысының қорытындысы бойынша ел Парламентіне ұсыным-рекомендациялар қабылдады. Заңдарды бап-бап бойынша жіліктеп, талқылау осы заң шығарушы билік отырыстарында басталмақ”. Авторы: Елдос СЕНБАЙ.

Қырғыздар парламенттік басқару жүйесіне қадам басты”. “Қырғызстанда парламент сайлауы өтті. Сайлау барысында айтарлықтай тәртіп бұзушылық болмаған. Бақылаушылардың барлығы “сайлау ойдағыдай болды, енді жеңген партияларды анықтау ғана қалды” деген пікірде.

Жалпы, аламан додаға елдегі 29 партия қатысты. Негізі, айырқалпақтылар елінде 140-тан астам партия тіркелгенімен, бәрі бірдей сайлауға қатысуға мүмкіндігі болмаған. Ал дүрмекке қосылған 29 бірлестіктің қайсысының аты озып келмек? Енді Орталық сайлау комиссиясының соңғы мәліметтерін алға тарталық.

“Ата-Жұрт” партиясы өзгелерден оқ бойы алда келеді. Оған сайлаушылардың 8,64% пайызы дауыс берген. Оның соңында 8,02% дауыс жинаған Қырғызстанның бұрынғы вице-премьері Алмазбек АТАМБАЕВтың Әлеуметтік-демократиялық партиясы тұр. Үшінші орында бұрынғы премьер Феликс ҚҰЛОВтың “Ар-Намыс” партиясы келеді, оны сайлаушылардың 7,22%-ы қуаттаған. Кәсіпкер Өмірбек БАБАНОВтың “Республика” партиясы да осынша дауыс жинаған.

Бесінші орын — Өмірбек ТЕКЕБАЕВтың “Атамекен” партиясына (5,89%) тиесілі. Бұдан өзге тағы да төрт партия бес пайызға тақау дауыс жинай алды. Атай кететін болсақ, олар — “Бүтін Қырғызстан”, “Ақ Шүмқар”, “Замандаш”, “Мекен ынтымагы” және “Достастық”. Дегенмен бұл партиялардың парламентке өтуі екіталай. Жалпы елдегі сайлаушылардың тізімі — 2 миллион 852 мың 751 жан. Солардың 56 пайызы сайлауға қатысқан. Ал сайлау барысын бақылау үшін әлемнің 52-нен келген бақылаушылардың саны — 850 адам. Жалпы сайлауға түскен партиялар парламенттегі 120 орынға таласуда. Сайлау кезінде оқыс жағдайлар орын алмас үшін, қатаң қауіпсіздік шарасы жүзеге асырылды. 20 мың тәртіп сақшылары мен еріктілер жасағы сайлаудың қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Қырғызстан президенті Роза ОТЫНБАЕВА парламент сайлауына өте жоғары баға берді….

…. Егер партиялар коалиция құрмайтын болса, мен жаңадан парламент сайлауын өткізуге мүдделімін” деп кесіп айтты. Демек жақын күндері сайлау қортындысы нақтыланған соң, парламентке өткен партиялар сөзсіз коалиция құруға тырысатыны анық”. Авторы: Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ.

EGEMEN.KZ. “Ендігі мақсат – бірыңғай экономикалық кеңістік құру”. “Кеше Қазақстан, Ресей, Беларусь елдері арасындағы Кеден одағы комиссиясының кезекті мәжілісі болып өтті. Ол Астана, Мәскеу, Минск арасындағы телекөпір түрінде онлайн режімінде өтті.

Қазақстан жағынан Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ ШӨКЕЕВ, Ресей жағынан Үкімет басшысының орынбасары Игорь ШУВАЛОВ, Беларусь жағынан Премьер-министрдің орынбасары Андрей КОБЯКОВ мүшелері болып табылатын Кеден одағының комиссиясы бұл жолы да осы елдердің кеден тарифтерін біріздендіруге қатысты бірқатар мәселелер қарады…

Кеден одағы толыққанды жұмысқа кіріскеніне де үш айдан астам уақыт болды. Осыған қатысты біздің еліміздің ішкі рыногында аздаған өзгерістердің бар екендігі сезіледі. Өйткені сауда дүкендері Ресейден келіп жатқан бірқатар азық-түлік өнімдерімен толыға бастағандығын халық айтып жүр. Қазіргі жағдайға қандай бір талдау жасауға бола ма? Осы мерзім аралығында ішкі рыноктың жағдайына мониторинг жасалынып отыр ма?…”. Авторы: Сұңғат ӘЛІПБАЙ.

Комиссар Катани керек”. “Комиссар КАТАНИ керек екендігі ұйымдасқан қылмыспен күрес мәселесін талқылаған еқыұ парламенттік ассамблеясы мәжілісінде қадап айтылды.

Сицилия аралынан жолдаған алғашқы мақаламызда мафия мәселесі мұнда өткен күндер еншісі дегенді айтып едік. Жалпы, комиссар Катани қай елге де, қай кезде де артықтық етпейді дегенімізбен, сицилиялық мафия деген жаман атымен жаһанға аты жайылған бұл аралда қанды қылмыстың құрықталғаны талас тудырмайды. Ондай болмаған жағдайда 55 ел парламентарийлерін шақыруға Италия үкіметінің де тәуекелі тұрмас еді. Әйткенмен, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясы күзгі мәжілісінің күн тәртібіне трансұлттық ұйымдасқан қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері басты тақырып етіп қойылғаны әлемге әйгілі осы аралда бұл бағытта біраз тәжірибе жинақталғанымен бірге мұнда өзге жерлерге қарағанда, алаңдатарлық жайлардың көбірек екенін де көрсетері күмәнсіз…”. Авторы: Сауытбек АБДРАХМАНОВ, “Егемен Қазақстан” – Палермодан.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Алқабилерге артылар сенім ерекше болмақ”. “Елімізде алқабилер соты 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істеп келеді. Содан бері алқабилер соты өндірісі біраз көкейтесті мәселелердің басын ашты. “Алқабилер туралы” заңның 4-бабына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар алқабиге үміткерлер iрiктелетiн жылдан бір жыл бұрын (1-ші желтоқсанына дейін) алқабиге үміткерлердің бастапқы, бiрыңғай және қосалқы тiзiмдерiн жасайды…

Алқабиге үміткерлер тізімінің сапасыз жасалуы кейін үміткерлердің сот мәжілісіне келмеуіне немесе олардың қойылған талаптарға сәйкеспеуіне соқтырады. Алқабилерге үміткерлердің тізімі түскен соң, тізімге енгізілген тұлғалардың заң талаптарына сәйкестігін сот өз бастамшылығымен тексеріп зерделейді. Үміткерлердің соттылығы және психоневрологиялық, наркологиялық диспансерлерде есепте тұрғандығын қайталап тексермей, тізімдерді заңда көрсетілген үміткердің аты-жөні, тегінен, туған жылынан басқа, олардың жұмыс орны, үй және жұмыс телефоны туралы мәліметтер көрсетілген графамен толықтырып өзіндік тіркеу өткізеді”. Авторы: Гүлжан ӘЖІҒАЛИЕВА, Ақтөбе облысының қылмыстық  істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы.

ZHASALASH.KZ. “Сонда Омархан Өксiкбаев та басын қатырмас едi…”. “Жергiлiктi жердегi бюджет қаржысының жұмсалуын мал дәрiгерлерi мен агрономдар бақылап отыр. Олар есеп-қисаптан хабарсыз болғандықтан, жұмыстары алға баспайды”. Есеп комитетiнiң төрағасы Омархан ӨКСIКБАЕВ өткен аптада осылай деп күйiндi. Атынан ат үркетiн мекеменiң басшысы осыншама неге таусыла қалды? Бiр қарағанда, Есеп комитетiнiң құзыры сұмдық. Тек президентке ғана бағынады. Үкiмет, Парламент, Ұлттық банк секiлдi орындардың төбесiнен қарайды. Бюджет емiп отырған кез келген мекеменiң есiгiн бейнелеп айтсақ, теуiп кiрiп, ел қаржысының жұмсалуын тексередi. Алайда, бұл сырт көзге ғана осылай көрiнедi екен. Iс жүзiне келгенде жергiлiктi жерлерде Есеп комитетiнiң дегенi бола бермейдi. Мәселен, өткен аптадағы алқалы жиында өңiрлерден келген тексеру комиссиясы өкiлдерiнiң жұмысын О.Өксiкбаев қатты сынады. Арнайы бiлiмнiң жоқтығы, қарапайым құжаттың дұрыс толтырылмауы, кәсiби бiлiксiздiк, заң талаптарын белден басу жайы кеңiнен қозғалды. Омархан Өксiкбаевтың ашуға мiнетiн жөнi де бар. Себебi, жергiлiктi жерлердегi бюджеттiң кiрiсi мен шығысында жалпы саны 2 триллион 200 миллиардтай теңге айналымда жүр. Ал осы қаржыға 22 мыңдай мекеме ауыз салып отыр.…”. Авторы: Руслан ЕРБОЛҰЛЫ.

ABAI. KZ. “Қазақ тіліндегі ең ұзын сөз қандай?”. “…Әйтеуір жақында ғаламторда қазақ блогшыларының «Қазақ тіліндегі ең ұзын сөз қандай?» деген дауына тап болдым.

Кейбір бауырларымыз «ең ұзыны» ретінде «қанағаттандырылмағандықтарыңыздан” атты сөзді ұсыныпты. Қарап отырсақ, аз емес екен: 33 әріп. Енді біреулер оның түк емес, дәл сондай әріптен тұратын «зарасыздандырылмағандықтарыңызбен» деген де сөз бар деп бөсіп отыр. Техникаға жақын біреулер шетелдің сөздерін алып келсек одан да ұзын сөз құрастыруға болады деп дәлелін алдыға салыпты…

Ағайындас түрік тіліндегі ең «ұзын сөз» 43 әріптен құралады екен: «ЗEKOSLOVAKYALILASTIRAMADIKLARIMIZDANMISINIZ».

Ұзын сөздің қысқасы, қазақ тілінің байлығы кез келген күрделі ұғымды түсіндіріп, басқаға жеткізу үшін толық жарайды. Біз оны дұрыс пайдаланып, қажет болса шеттен келген терминдермен байытудан қашпауымыз керек. Ал «қазақ тілінің сөздері тым ұзақ, айтуға, жазуға келмейді» деп көкігендерге осы мысалдарды келтіре беріңіздер”. “Абай-ақпарат”.

KAZ.GAZETA.KZ. Бүгін Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде еліміздің дипломатиялық ісіне еңбегі сіңген қайраткер, Нәзір Төреқұлұлы атындағы қоғамдық қордың төрағасы, профессор-ғалым Сайлау БАТЫРШАҰЛЫның “Дипломатиялық қызмет және халықаралық қатынастар” атты оқулығының таныстырылымы өтті…

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа бұйрығына сәйкес, қазанның 15-інен бастап ауылдық жерлерде қосымша “шағын дәріханалар” ашу мүмкіндігі пайда болды.

Алыс ауылдарда дәріханалар ашу мәселесі бойынша Павлодар облысының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВтың қатысуымен өткен кеңесте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ардақ КҮЗЕКОВ осыны баян етті, деп хабарлады әкімнің баспасөз қызметінен.

Санитарлық нормаларға сәйкес, бұған дейін дәріханалар ауданы 20 шаршы метрден кем болмайтын жайларда орналасуы керек-тін. А.Күзековтың айтуынша, енді алыс ауылдық жерлерде дәріхана ашу үшін ауданы бұдан екі есе шағын орын жетіп жатыр.

Шалғай ауылдардың тұрғындарын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін, облыс әкімі “көшпелі дәріханалар” ұйымдастыруды тапсырды. Олар тұрғындардан түскен тапсырыстар бойынша апта сайын ауылдарға шығып тұратын болады және бұл жұмысқа жергілікті кәсіпкерлерді тарту керек, — дейді әкім.

Оңтүстік Қазақстанда полиомиелитпен ауырған науқас анықталды. Қатерлі індеттің белгілері Сарыағаш ауданындағы 7 жасар баладан табылған. Бұл елімізде соңғы 15 жылда тіркеліп отырған алғашқы жағдай. Осыған орай елімізде 6-15 жас аралығындағы балаларды полиомиелитке қарсы вакцинациялау шарасының екінші кезеңі жүргізілмек. Қауіпті індеттің Қазақстанға қайдан келгенін тілшіміз Бекжігіт МӘУЛЕНОВ анықтап көрді.

Полиомиелитке шалдыққан 7 жасар бала Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданының тұрғыны. Науқастың қауіпті індетті жұқтырғанын арнайы тексеру жүргізген дәрігерлер растаған.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ