«Астана декларациясы – Астана рухының бастауы». «Электронды тіркеу – уақыт талабы». «Біз нақты ғылым саласындағы мамандарға мұқтажбыз»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 6 желтоқсан 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Азаттық радиосы “Абайдың қара сөздері” үнтабағы мен “Блогстан” жинағын шығарды”. “…Желтоқсанның 5-і күні Алматыда Азаттық радиосы компакт-дискіге жазылған “Абайдың қара сөздері” мен қазақстандық блогшылардың “Блогстан” жинағын жұртшылық назарына ұсынды. Бұл тұсаукесер кешіне қазақстандық журналистер, блогшылар және қоғам қайраткерлері қатысты. Жиналған қонақтар алдында алдымен сөйлеген “Азат Еуропа/Азаттық” радиосының президенті Джеффри ГЕДМИН сөз еркіндігі мен адам құқығын қорғауды дамытуға атсалысып жүрген қазақстандық тәуелсіз журналистердің еңбегін құрметпен атап өтті…”.

Қазақ билігі “ажал эскадроны” туралы хабарды елеусіз қалдырды”. “…“Свобода слова” газеті, Василий КУЗИНнің сөзіне сүйеніп, қарағандылық бизнесмен Николай УСАТОВ пен оның ұлына, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жамбыл облыстық департаментінің Қордай аудандық бөлімі бастығы Сабыржан БАЙДІЛДАЕВқа қарсы арандатуларға ішкі істер министрлігі қылмыстық барлау бөлімшесінің қатысы болғаны туралы жазады. Николай Усатов 2008 жылы Мәскеуде жүрек талмасынан кенеттен дүние салды, ал Сабыржан Байділдаев 2006 жылы жұмбақ жағдайда мылтық оғынан қаза тапты. Газет мақалалары әшкерелейтін тағы бір оқиға – қылмыстық іс бойынша сотқа тартылып, түрмеде отырып шыққан журналист Сергей ДУВАНОВтың ісі. Журналиске қарсы атышулы соттан соң жеті жыл өткенде бұл қылмыстық істің арандату мен қолдан жасалған айыптаулар негізінде жасалуы ықтимал деген жорамалға айғақ боларлық деректер алғаш рет жария болып отыр.

Дувановтың қылмыстық ісіне қатысы бар кейбір адамдардың кейіннен жұмбақ жағдайда бірінен соң бірі о дүниелік болғаны газет мақаласында айтылып отыр. Сот үкімінде Дуванов зорлады деп танылған қыз кейін түрмеге түсіп, сонда көз жұмған. “Дуванов ісі” бойынша тергеу мен сотта айыптаушы тараптан куәгер ретінде қатысқандардың кейбіреулері қаза болған немесе қазір түрмеде отыр…

ҰҚК баспасөз хатшысы Кенжеболат БЕКНАЗАРОВ “екі мақаланы да оқығанын”, бірақ олар әлі бұл мекемеде “ресми тіркеуге алынбағанын” айтып жауап берді. Мақалада “ІІМ құпия тобының командирі полковник ЗУЕВ” деп аталған адамды Азаттық тілшілері іздеп таба алмады. Қазақстан ІІМ баспасөз қызметінің өкілі Раушан ҚЫПШАҚБАЕВА сауалымызды жазбаша түрде жолдауымызды сұрап, жауап беруге уәде етті. Оның электронды поштасына Азаттық радиосының сұрақтарымен бірге “Свобода слова” газетіндегі екі мақаланың жазбаша мәтіні де қоса жолданды. Бұл мақала жазылып болғанымен, министрліктен уәделі жауап келген жоқ…”.

AIKYN.KZ. “Астана декларациясы – Астана рухының бастауы”. “Қырғи-қабақ соғыстан кейін Хельсинки актісімен айшықталып, адамзат тарихы үшін өзара сенім мен ынтымақтастыққа негізделген жаңа бағыттарға жол сілтеген Хельсинки рухы соңғы жылдары өз қадірін жоғалтып бара жатқандай. Оған жоғары деңгейдегі ЕҚЫҰ саммитінің 11 жыл бойы ұйымдастырылмауы, ұйымды реформалауға қатысты мәлімдемелердің жиі көтерілуі, бір үстел басына Армения мен Әзірбайжан, Ресей мен Грузия басшыларының отырмауы, Батыс пен ислам әлемі арасындағы байланыстардың нашарлауы, тағы басқа да соңғы 10-20 жыл ішінде туындаған өзекті әрі әлемдік бейбітшілікке нұқсан келтіріп отырған мәселелер дәлел боп тұр.

Соған қарағанда мемлекеттер мен өркениеттер арасындағы қарым-қатынастарды жаңа бағытқа бұру аса маңызды. Бұл тұста 13 баптан тұратын Астана декларациясы әлем қауымдастығының қауіпсіздігін іс жүзінде қамтамасыз етуді көздейді. Отандық сарапшылар бұдан “Астана рухының” лебін сезеді…

Әрине, бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінен келген журналистер өз елдерінің ұстанымдарына сәйкес Астана саммиті мен декларациясы туралы әрқилы мәліметтер таратып жатыр. Бірақ баршаның мойындауы тиіс жайттар бар. Ең алдымен, отандық саясаткерлердің айтуынша, Қазақстан өлара күйдегі ұйымның жұмысына жаңа леп әкеліп, қауіпсіздік мәселесінің ауқымын кеңейте білді. Егер де Хельсинки актісі ұйымның бірінші кезеңінің тарихын бастаса, Париж хартиясы оның екінші кезеңін жандандырды. Бірақ бұл құжаттар қабылданғалы бері заман өзгерді, жаңа қауіп түрлері пайда болды. Өз кезегінде ЕҚЫҰ дамуының үшінші кезеңі Астана саммитінен бастау алып, Астана декларациясымен бекітіліп, жаһандық қауіпсіздік бағытындағы жаңа іс-әрекеттер жоспарының өзегіне айналуы тиіс.

2013 жылы ЕҚЫҰ-ны екінші посткеңестік мемлекет — Украина басқаруы керек. Бірақ Қазақстанға бұдан былай “ЕҚЫҰ-ны басқарған алғашқы посткеңестік, азиялық және мұсылман мемлекеті” ретінде ғана қарауға болмас. Қазақстан — ұйымның жұмысын жандандырып, нәтижелі жұмыс атқарып, Астана декларациясын қабылдата білген алып азиялық және мұсылман мемлекеті. Бұл ұйымды 2011 жылы Литва, 2012 жылы Ирландия басқарады, бірақ 2010 жылғы төрағалық тарихта Астана саммитімен, Астана декларациясымен және Қазақстанның мемлекет ретінде әлем қауымдастығы алдында тағы бір абыройлы биіктікті бағындыруымен қалады”. Авторы: Кәмшат ТАСБОЛАТ.

EGEMEN.KZ. “Омбудсмен институтын жетілдіру жобасы”. “…Астанада Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар ШӘКІРОВ ЕҚЫҰ Саммитіне қатысу үшін Қазақстанға Дания делегациясының құрамында келген Қазақстан Республикасындағы (сонымен бірге Мәскеуде резиденциясы бар) Дания Корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Том Рисдаль ЙЕНСЕНмен кездесті.

Кездесу барысында Дания тарапы өткен Саммиттің қорытындысына жоғары баға беріп, қабылданған Астана декларациясын ЕҚЫҰ-ның әрі қарай дамуының берік негізі ретінде бағалады.

Данияның өкілетті өкілі ҚР-дағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Астана қаласындағы ЕҚЫҰ Орталығы және Адам құқықтары жөніндегі Дания институтымен бірлесіп іске асырып жатқан Қазақстандағы Омбудсменнің институтын жетілдіру жөніндегі жобасын іске асыру барысын оң бағалады.

Тараптар құқық қорғау саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға өз қызығушылықтарын білдірді, деп хабарлады Адам құқықтары жөніндегі уәкіл аппаратының баспасөз қызметі”.

Электронды тіркеу – уақыт талабы”. “Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің төрағасы М.АХМЕТЖАНОВПЕН әңгіме.

– Марат Мұратұлы, Елбасы құқық қорғау органдарының назарын ведомство ішіндегі мүддеден азаматтардың құқықтары мен мемлекеттің мүдделерін қорғауға аудару жөніндегі жұмыстарды жеделдете жүргізуді тапсырғаны белгілі. Осы бағытта қандай шаралар қолға алынып жатыр?

– Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында қазір көптеген шаралар іске асырылуда. Соның бірі – құқық қорғау органдарының жұмыс айқындылығын қамтамасыз ету. Мәселен, Бас Прокурор бастамасымен аталған заң бұзушылықтарға жол бермес үшін Астана қаласы мен Павлодар облысының ішкі істер органдарында азаматтардың арыздарын электронды есепке алу жөнінде тәжірибе басталды. Бастапқы жобаның нәтижелерін Президент Әкімшілігі мақұлдады, осыған байланысты мұндай тіркеу облыс орталықтарының және республикалық маңызы бар қалалардың ішкі істер органдарына да ендірілу үстінде…

Сонымен қатар, Бас Прокурордың бастамасы бойынша тек құқық қорғау органдарының ғана емес, барлық мемлекеттік органдардың жұмысындағы айқындылықты қамтамасыз ету, азаматтар өздерінің берген өтініштерінің қаралу барысы туралы толыққанды мәліметтерге қол жеткізулері мақсатында, 2010 жылдың 15 қарашасында Көкшетау қаласының жекелеген мемлекеттік органдарында “Айқын” қанатқақты жобасы жүзеге асты. Тәжірибе 2011 жылдың 1 сәуіріне дейін жалғасады”. Әңгімелескен Венера ТҮГЕЛБАЙ.

ALASHAINASY.KZ. “Барды баладан неге аяймыз?”. “Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы “әлемде 60 пайыз өлім-жітімге әкеліп соқтыратын фактор – дұрыс тамақтанбау” деген тұжырым жасаған. Демек, дұрыс тамақтану және тамақтану мәдениетін өзгерту арқылы көптеген аурулардың алдын алуға негіз бар. Әйтсе де әлі күнге дұрыс тамақтану арқылы аурудың алдын алуға болатынын түсінбей келе жатқан секілдіміз. Себебі соңғы 10 жыл ішінде қазақстандықтардың 80 пайызының денсаулығы дұрыс тамақтанбау салдарынан нашарлаған. Оның ішінде 6-14 жас аралығындағы балалардың 45 пайызы дұрыс тамақтанбау салдарынан анемия мен асқазан, ішек жолдары ауруына шалдыққан. Рас, соңғы кездері қай ауру түрі болсын “жасарып бара жатыр” деп дабыл қағып жатырмыз. Дегенмен осы уақытқа дейін тек қана үлкендерде кездеседі делініп келген асқазан жарасы ауруының бүгінгі күні бастауыш сынып оқушылары арасында көп кездесуі алаңдатарлық жағдай екені сөзсіз. Өйткені асқазан жарасының пайда болуының бірден-бір себебі дұрыс тамақтанбаудан екен…”. Автор: Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ.

ABAI.KZ. “Әнес Сарай. Ноғайлы”. Көшпенді не жартылай отырықшылы қауымдардың қоныстарын анықтауда отырықшы мемлекеттердің өлшемімен келуге әсте болмайды. Орыс ғалымдарының бұл орайдағы еңбектерінен ештеңе түсініп болмайды, өздері де шатысып, оқырманды шатыстырғаннан басқа берері шамалы. Өйткені жағырафиялық жағынан көшпелі — бір күн ойда, бір күн қырда, үнемі қозғалыс, тербеліс үстіндегі қауым. Оның үстіне Ноғайлы Қырым, Астрахань, Қазан, Сібір, Қазақ хандықтарының нақ ортасында орналасқандықтан, төрт тараппен тығыз қарым-қатынаста болды. Кейбір жылдары Ноғайлы жұртының Қазан хандығы жерінде немесе қазақ арасында отырғанын көру — көшпелілер үшін дағдылы жағдай. Соған қарап Ноғайлының шекарасы туралы пікір тұжырымдау асығыстық болмақ…”.

Асқар Жұмаділдаев: “Мен үшін үлкен ғылым– Құран”. “Біз нақты ғылым саласындағы мамандарға мұқтажбыз. Дипломы барлар көп. Бірақ білімділер аз. “Мен” деген математиктердің өзі екіге бөлінеді: бірі — есеп шығара алатындар, екіншісі — есеп шығара алмайтындар. Бұл күлкіңізді келтіруі мүмкін. Шын мәнінде солай.

Ғылым шама-шарқынша дамып жатыр. Бірақ сабақтастық жоқ, ғалымдардың ізін басушылар жоқ. Әңгіме сонда. Санаулы ғана ғалымдар бар. Қалғандары нөл. Қазіргі ғалымдар — кешегі Кеңес дәуірінен шыққандар. Тәуелсіздік алғаннан кейін шыққан ғалымды мен көрген емеспін. Мүмкін енді шығатын шығар. Бірақ мен оны байқап отырған жоқпын. Тығылып, көрінбей жүргендер бар шығар. Ғылымға өңкей кедей, үйі жоқ, сорлы, бейшаралар келеді. Ғылымға бір миллионердің баласының келгенін әлі көрген емеспін. Байлардың баласының ең жаманы жоқ дегенде банкке басшы болады. Бұл менің білетіндерім ғана.

Мен бүгінгі оқу жүйесін түсінбеймін. Оны жасап отырған жоғарыдағылар ақымақ па, әлде сол жүйемен жұмыс істеп жатқан біз ақымақ па? Кім ақымақ? Білмеймін. Бәрі өтірік, көзбояушылық.

“PhD” деген жүйе — нағыз бизнестің өзі. Мысалы, сіз кандидаттық қорғасаңыз, он шақты адам ғылыми жұмысыңызды талқылайды. Комиссия деген болады. Ал, “PhD-де” сіз өзіңізге жақын екі-үш адамның басын қосып, ғылыми атақ ала саласыз. Өйткені, пікір берушілер — сіздің таныстарыңыз. Бұл сұмдық қой. Бұл бизнес емей немене?

Студент сабаққа 15 минутқа кешігіп қалса, жиналысқа салады, деканның алдына кіргізеді, ректорға түсініктеме жаздыртады. Ал ертең сіз 15 жыл бойы ғылыммен айналыспай, түк бітірмей жүрсеңіз, оны ешкім байқамайды.

Біздің қазақтар Word-та бес-алты сөйлемді басқанды біліп алып компьютерді меңгердім деп жүр. Оның миын, жүрегін білмейді. Егер сіздің басыңыз істеп тұрса, жұрт сізді жақтайды, мойындайды. Өнеріңді, тіліңді де мойындайды. Ал, басыңызда тауықтың миындай ми болмаса, тіліңіз, әдебиетіңіз, мәдениетіңіздің бәрі өзгелер үшін — экзотика. Шын ғылымсыздық қазақты қандай күйге түсіретініне көзіңіз жетсе ұйқыдан айырылатыныңызға бәс тігем. Егер намысы бар, қаны адал қазақ болсаңыз. Бірақ, оған көз жеткізу үшін де ғылым керек.

Мен үшін үлкен ғылым — Құран. Ғылым атаулының бәрі соның төңірегінде сөйлейді. Жастарымыз осы дүниені біле бастады. Олар кейбір ағалары сияқты тотықұстай қайталай бермейді. Өз басымен ойлағысы келеді. Мені қуантатыны – осы”. “namys.kz” сайты.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ