«Сапа мәселесі тілге де қатысты». «Қанат пен санат». «Посткеңестік елдегі алғашқы Ислам банкі Қазақстанда ашылмақ». «Республика» тәркіленді, бірақ сол күні-ақ басқадай атаумен қайта жарық көрді». «Тұншыққанда тыныс болар тораңғы қайда қашып барады?»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 21 қыркүйек 2009 ж.

AZATTYQ.KZ. “Республика” тәркіленді, бірақ сол күні-ақ басқадай атаумен қайта жарық көрді”. “

Жұма күні “Республика – деловое обозрение” басылымы оқырмандар қолына тимей қалды. Заң қызметкерлері басылымның барлық тиражын тәркілеген, республикашылар бұл жоғарыдан түскен бұйрық дейді. Дегенмен “тұтқындалған” газет 18 қыркүйек күні-ақ атын өзгертіп қайта шықты”,- деп белгіледі Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ.

Абақтыда қазақ тілін үйреніп жатқан Евгений Жовтистің Қазақстаннан кету ойы жоқ”. “Қамауда отырған Евгений ЖОВТИСпен кездесіп қайтқан ЕҚЫҰ-ның өкілдері Қазақстан билігін адам құқығын қорғаушының ісі бойынша сот әділдігінің стандарттарын сақтауға шақырды. Жовтистің өзі апелляциялық сотқа қатысуға рұқсат сұрап, сотқа өтініш түсірді...”.

ANATILI.KZ. “Сапа мәселесі тілге де қатысты”. “Қазақ тілін үйрету курстарында біраз жыл еңбек етіп келе жатқандықтан осы саладағы өзекті мәселелер бойынша ой бөліскім келеді.

Бірінші мәселе, жоғары деңгейдегі мемлекеттік мекемелердің кейбіреулерінде қазақ тілін оқып-үйрету курстары жылына 60-90 сағат қана болады. Басшылары қанша қаражат бөлетінін білмегендей, жарты жыл “ойланып-толғанады”. Бұл біріншіден, осы мекемелер басшыларының патриоттық сезімі әлі оянбағанын көрсетеді. Екіншіден, олардың осы мәселеге мемлекеттік мүдде тұрғысынан, жауапкершілікпен қарамайтынын, мемлекеттік тілдің болашағын түсіне алмайтынын аңғартады.

Тіл комитетіне мемлекеттік тіл курстарын ұйымдастырудың кейбір кемшіліктері туралы хат жазғанда, олар “барлық мекемелерге 240 сағат беріледі” деген жауап алынады. Бірақ іс жүзінде бұл орындала бермейді…

Қазақ тілін үйрету курстарын ұйымдастырумен айналысатын арадағы кейбір ұйымдар да сабақ беру сапасына, оның нәтижелеріне назар аудармай, тек қана ақша үнемдеу (кәсіби біліктілігі мен тәжірибесіне қарамастан сағатына аз ақшаға келісетін оқытушыларды алуға тырысып), ақша табу мәселелерімен ғана айналысады…

Екінші мәселе, оқытушылардың көбі бастауыш тобы жеңіл деп, бастауыш тобын сұрайды. Сабақты сапалы деңгейде бере алмайтын, тыңдаушыларына дұрыс түсіндіре алмайтын оқытушылар басқа ұлт өкілдерінен тұратын аудиторияға барғанда, тек өздерінің ғана емес, қазақ тілінің, қазақ елінің беделіне де нұқсан келтіреді…

Үшінші мәселе, қазақ тілі курстарында сабақ беретін оқытушының жұмысы тұрақты емес. Бөлінген сағат саны аяқталған соң келесі тендерге дейін 3-4 ай жұмыссыз отырады. Оның ақысы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысы болмайды…

Төртінші мәселе, бүгінгі күні жеке адамның зияткерлік меншігін, авторлық құқықтарын қорғау мәселесі көтеріліп жатқанда, кейбір осы істі ұйымдастырушы адамдар оқытушыдан сабақ жоспарын өздеріне жазбаша түрде тапсыруды талап етеді. Осы арқылы біреудің идеясын, ойын, әдістемесін талап етіп, оқулық шығарғысы келетін, осы салада тәжірибесі аз, кейбір жағдайда ғылыми атағы да бар адамдар саны көбеюде. Осыдан сақ болған жөн…”.

“Мемлекеттік тіл мәселесін ақша табудың көзіне айналдыру үрдіске айналғаны жасырын емес. Осыған тосқауыл қойылуы керек”, — деп тұжырымдайды Мәриям САПАРҚЫЗЫ.

Қанат пен санат”. “…Біз бүгінгі таңда әлемнің 70% балық қорын тауысыппыз. Сондай-ақ, жер бетінен әр секундта 1,5 гектар орман оталады екен…. Бұндай жарқын жаратылыстың жанын жаралап, көңілге күңгірт қаяу салатын келеңсіз көріністі Жапония да бастан кешірді. Сол елдің БАҚ-тары түбегейлі түрде “Табиғатта демалдың ба – соңыңнан қоқысты жинап кет” дейтін үгіт-насихат жұмысын 30 жыл бойы жүргізіп, он жыл беделінде азаматтарды тұрмыстық қалдықтарды ажыратып жинауға үйретіпті…

Арал теңізі тартылып, жан-жануарлар, құстар, балықтар мен өсімдіктердің қаншама түрі жойылып жоғалып кетті. Каспий, Балқаш, Алакөл, Зайсан, Марқакөл және басқа кішігірім көлдердің де жағдайы онша мәз емес. Мәселен, бір ғана Қорғалжыңның жайы жанды жүдетіп, сұмдық алаңдатады. Есепке қарағанда, бұл көлде 1971 жылы 7, 1972 жылы 168, 1975 жылы 236 аққу жұбы болса, ал қазір санаулы-ақ қалыпты. 1958 жылдары Қорғалжын-Теңіз аумағын 45-50 мың, 70 жылдары 10 мың қоқиқаз мекендесе, ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығына жақындағанда олардың саны әлгінің жартысына жетер-жетпес. Бірқазан, қоқиқаз, көкқұтан, аққу кәдімгідей кеміп кетіпті. Бірақ, адам тағдырының өзі таразы басына түсіп тұрғанда, табиғатты көз қарашығындай сақтап қалу кімді толғандырады? Ешнәрсе мәңгілік емес. Бүйте берсек, күндердің күнінде Табиғат-Ана көз алдымызда аймандай болып шыға келуі де кәдік. Тек ақырын бергей! Айту аз, адамзат өзіне өзі ор қазып жатқандай…

Осындай сан-сапалақ алмағайып кезеңде мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Есенғали РАУШАНОВ “Құстар – біздің досымыз” деген кітап шығарды…

Біздің жанымызда бәрібір астыртын нәзік байланыстар жүріп жатыр. Қазақ қаламгері осыны ескеріп, И.С.ТУРГЕНЕВ, М.М.ПРИШВИН, В.К.АРСЕНЬЕВ, Ю.КАЗАКОВ есімдерін алға тартып, түрлі-түрлі әріптестерінің тәжірибесін тілге тиек етеді. Бұған қоса кетейік, жаратылысқа жан бітіріп сөйлейтін өзіміздің М.ЗВЕРЕВ пен жүзді алқымдап қалған П.И.МАРИКОВСКИЙ де қалам тартты. Ал, Е.Раушанов мүлде басқа қырынан көрініп, тың сүрлеуге бастайтын үлкен жол үстінде. Бұл бағытта ол ешкімге ұқсамайды. Құстар хақында айтып, сыр бөліскенде барынша ақтарылып, ғылыми негізге сүйеніп, көріп білгенін жымдастырып, кейде аңыз бен әфсана араластырып, қанша дегенмен ақын емес пе, жырмен де тұздықтап береді.

Сонымен, “Құстар – біздің достарымыз”-дың жанры қандай?

.Раушановтың “Құстар – біздің досымызда” қызықты хикаялармен қоса дәйек пен деректер де толып тұр. “Сонау 1916 жылы АҚШ пен Канада арасында қайтқан құстарға қамқорлық туралы келісім жасалған-ды. “Басқа мәселелердің бәрі шешіліп, ендігі жерде құстардың есен-түгендігі үшін жұмыс жасау қалған екен ғой” деп күлгендер де болған. Іле-шала бұл келісімге Мексика қол қойған. 1972-1973 жылдары Жапон елі Кеңестер Одағына, АҚШ пен Австралияға осы мазмұндас ұсыныс жасап келісімге келген”. Сөйтсек, Сақиналау 1899 жылы Даниядан бастау алыпты. Сондай-ақ, Лондон, Париж, Брюссель, Копенгаген, Хельсинки, Варшава, Прага, т.б. қалаларындағы табиғат пен тарихи мұражайлар құстар әлемін зерттеумен тынбай айналысатыны – көңілге сәл де болса медеу. Құрмет пен даңқ деген осы. Бұны жырламауға дәт қайтіп шыдайды?!..”,- деп қорытты Аян НЫСАНАЛИН.

DMK.KZ. “Инновациялық бағдарлама – ел игілігін көздейді”. “Нұр Отан” Халықтық Демократиялық партиясы Саяси кеңесі бюросының кезекті отырысы болып өтті. Партия Төрағасының бірінші орынбасары Дархан Кәлетаев төрағалық жасаған Саяси бюрода негізінен үш мәселе қаралды. Оның біріншісі “2010-2014 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының тұжырымдамасы”, екіншісі “Нұр Отан” партиясының жанындағы Партиялық бақылау комитетінің есебі, үшіншісі Парламент Мәжілісіндегі “Нұр Отан” фракциясына мүше депутаттардың атқарған жұмысы…”. Авторы: Мағжан САДЫХАНҰЛЫ.

TURKYSTAN.KZ. “Жағда Бабалықұлы”. “Жағда БАБАЛЫҚҰЛЫ — бүгiнде жасы 90-нан асып отырған көкiрегi ояу, көңiлi сергек, халқымыздың арғы-бергi тарихына жетiк, ұлттық құндылықтарымызға қай уақытта да жанашыр, көрген, бiлген, түйгендерi аса мол, шежiрелi, қазыналы қарттарымыздың бiрi. Ол осынау ұзақ ғұмырында Қытай Кеңестер Одағы секiлдi екi ұлы державаның ең арпалысты, аласапыранды кезеңдерiнiң бәрiнiң тiрi куәсi болған, жоқ жәй ғана куәсi емес, сол iрi оқиғалардың бел ортасында белсендi қызметтер атқарған, басқасын былай қойғанда, кезiнде тiптi Қытай Халық Республикасындағы Шыңжаң автономиялы республикасына қарасты Iле қазақ автономиялы облысын басқарған. Сол уақытта қазақ, ұйғыр, қытайдың талай iрi тұлғаларымен үзеңгiлес, иықтас, тағдырлас күндердi бастан кешiрген адам. Жәкең 1961 жылы тарихи отанына оралғаннан кейiн де жайбарақат, тып-тыныш өмiр сүре алған жоқ. “Қытай тыңшысы болуы мүмкiн” деген қырағы көздiң ылғи да қырында, сұғында жүрсе де, ол өз халқының асылын әспеттеп, жоғын жоқтаудан бiр танған емес. Әсiресе, қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүр, этнографиясына қатысты Жағда ағаның жасаған қызметi ұлан-ғайыр. Оның қаламынан туған “Қырандар”, “Саят”, “Мал ауруларының сырлары”, “Қамшыгерлiк” атты этнографиялық кiтаптары осы сөзiмiздiң дәлелi болса керек…

-… Қазақтың қанына сiңген қасиет — қонақжайлылық. Қазақ есiктен кiрген қонаққа, “Төрлетiңiз!” деп бары мен нарын алдына қояды. Бұл еуропада, тiптi ешбiр ұлтта жоқ. Мұндай қонақжайлылық, мiнез-құлық, кеңдiк тек қазаққа ғана тән.

… Қазақтың жер байлығындай байлық басқада жоқ. Бiзде МЕНДЕЛЕЕВтiң 96 элементiнiң бәрi бар. Қазақтың осы байлығына ие болып қалу, ұрпағына аманат етуi үкiметтiң мойнында.

… Өзiм көпшелi тұрмысты да көрдiм. Сол уақытта нанның өзi тапшы. Тек сүт пен етпен қоректендiк. Мұның өзi керемет тамақ болды. Кейiн нан қосылған соң құнары күшейдi ме, оны айту қиын. Ал еуропалықтарың қазақтың мұндай өмiрiн бiрде-бiр көрген жоқ қой. Мiне, қазақтың ет пен сүтiн зерттеп көру керегiн де ортаға салдық. Ет пен сүттен жасалатын 1500-дей тағамның түрi болса, соның 150 түрi сүттен дайындалады. Осындай құнарлы тамақ жеген халықтың денсаулығы да ерекше болуы тиiс. Мүйiзi қарағайдай бiр академик мақаласының тақырыбына “Тек — қанмен емес, тәрбиемен болады” дептi. Осы да академик пе, осы да ғылымның иесi ме? Зерттеу деректерi бойынша, 30-35 мың тек бар. Мұны ешкiм жеке-жеке атымен атаған жоқ.…”. Жазып алған Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ.

Статистикаға жүгiнсек...”. “Статагенттiк алғашқы сегiз айға тиесiлi сандық және пайыздық көрсеткiштердi БАҚ пен көпшiлiк назарына ұсынды.

ҚР Статистика жөнiндегi агенттiктiң хабарлауынша, 2009 жылғы қаңтар-тамызда ауыл шаруашылығы саласына қатысты өнiмдерден түскен пайда 524,8 млрд. теңгеге жеткен. Бұл көрсеткiш 2008 жылғы қаңтар-тамызбен салыстырғанда 5,5%-ға кем. 2009 жылғы шiлдеде халықтың орташа деңгейдегi жан басына шаққандағы ақшалай табысы 34896 теңгенi құрады. Өсiм 2008 жылғы шiлдемен салыстырғанда, ақшалай табыс көлемi 9,3%-ды құрады, нақты ақшалай табыстар үшiн – 2,3%. Үстiмiздегi жылдың тамызында жұмыссыздар саны 558,7 мыңға жуық. Жұмыссыздық деңгейi экономикалық тұрғыда белсендi адамдардың 6,4%-ына тең. Жұмыспен қамту органдарында жұмыссыздар ретiнде тiркелгендер саны 2009 жылғы тамыздың соңында 92,3 мың (1,1%) адам болған. Ал жасырын жұмыссыздық деңгейi экономикалық тұрғыда белсендi халық санының 0,7%-ына тең…

Екiншi деңгейдегi банктердiң экономика саласына несиелiк салымдары 2009 жылғы шiлденiң соңына 8079,6 млрд. теңгенi құрап, өткен жылғы тиiстi кезеңмен салыстырғанда, 11,0%-ға жоғарылады. Ұзақ мерзiмдi несиелердiң үлес салмағы – 83,4%, шетелдiк валютадағы несиелер 52,1% құрады. Ал банк жүйесiндегi депозиттер көлемi 6284,4 млрд. теңгенi құрады, бұл өткен жылғы тиiстi айға қарағанда 35,7% артық. Жеке тұлғалардың депозиттерi 10,8% артып, 1629,1 млрд. теңгенi құрапты”,- деп тұжырымдайды Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ.

EGEMEN.KZ. “Тері өңдеу тер төгуді қажет етеді”. “Мұндайда қазақ ерінбеген етікші болады деп те айтады. Екібастұздық Ержан САЛЫҚОВ деген жігіт халқымыздың осы бір үрдіс-дәстүрінде айтылған мақалға орай жаңа іс бастауға құлшына кірісіп кетіпті. Ресейдің Түмен облысы жағында өскен қазақ жігіті сол жақта технологиялық институт бітіріп, өндірісті қалада еңбек жолын бастайды…

– Қара малдың терісін өңдейтін зауытты өндірісті өңірде ашып отырғанымыздың себебі бар. Шикізат қоры мол…. – дейді “Казэкспорткожа” ЖШС директоры Ержан Салықов.

Екібастұзда дайындалған бұл тері өнімдерін бір шеті Үндістан, Қытай, Португалия, Украина секілді елдер сатып алады. Сол жақтардан португалиялық, үнділік киім, аяқ киімдер, жұмсақ диван, орынтақтар болып тігіліп өзімізге қайта оралады. Оны біз қымбат ақшаға сатып алып та жүрміз. Бәрінен бұрын басталған істің соңы қайырлы, сәтті болсын деген тілек айтамыз біз”. Авторы: Фарида БЫҚАЙ.

Қазақстан бренді жаңа құрлықта”. “ENRC компаниялар тобы тау-кен саласындағы британдық Central Afrіcan Mіnіng & Exploratіon Company (CAMEC) компаниясын Африкадағы өндірістік активтермен қоса сатып алды. Бұл – біздің еліміздің экономикасындағы елеулі маңызы бар оқиға. Өйткені, қазақстандық компания тұңғыш рет Африка құрлығында орналасқан активтерді сатып алып отыр.

Аса зор әлеуетімен сипатталатын жаңа қуаттар таяудағы жылдардың ішінде қазақстандық бизнестің әлемдік тау-кен металлургия рыногындағы орнын бекіте түсуге тиіс. Біріншіден, ENRC-тің әртараптандыру жөніндегі ұзақ мерзімдік басым бағыты жалғастырылатын болады. Екіншіден, корпорацияның корпоративтік логистикалық желісі едәуір дәрежеде кеңітіледі: сатып алынған жаңа активтер теңіз саудасын жандандыра отырып, африкалық рынокқа еркін шығуға мүмкіндік береді. Біздің ENRC Plc бас атқарушы директорымен сұхбатымыз осы маңызды оқиғаға арналды….

– Феликс Ефимович, осы сатып алу жөнінде нақтырақ айтып берсеңіз.

– Қазіргі экономикалық жағдай индустриялық сектордағы жаңа активтерді сатып алу үшін неғұрлым қолайлы болып табылады...”. Әңгімелескен Сұңғат ӘЛІПБАЙ.

ZHASQAZAQ.KZ. Жасарал ҚУАНЫШӘЛИН, “Жаса, Азаттық!” қоғамдық бірлестігінің төрағасы “Бутялар және мемлекеттік тіл” деген мақаласында өзінің жеке ұстанымын айқын білдіреді: “Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болғанына – 20 жыл, республикамыздың мемлекеттік тәуелсіздік алғанына 18 жыл болды. Қай-қайсысы да аз уақыт емес… Ол кезде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутатымын. Міне, сол жылдары “жабайы нарықтың” арқасында, ал, турасын айтса, халықты тонау арқылы қалталарын қампайтып алған 160 сасық байды бастап шыққан Бутя мен оның сыбайластарының атышулы үндеуі 1994 жылдың 22 желтоқсаны күні “Егемен Қазақстан”, “Казахстанская правда” және басқа газеттерге басылып шығып, теледидар-радиодан дүңк ете түсті! Халыққа жайдың оғындай әсер еткен сол құбыжық үндеуде әлгі байлар мемлекеттік қостілділікті, жерге жекеменшікті және мемлекеттің ұлтсыз сипатын заңдастыру үшін бүкілхалықтық референдум өткізуді, сондай-ақ “біздер, көпұлтты Қазақстан халқы, бір халық және ұлт – қазақстандықтар болып табылатындықтан”-міс, жаңа паспорттан “ұлт” графасын алып тастауды, Конституцияның кіріспесіндегі “Қазақ халқын” “Қазақстан халқымен” ауыстыруды ұсынған болатын. Және де халық ретінде қазақтардың, мемлекет ретінде Қазақстанның бүкіл ұлттық болмысын жоққа шығаруға бағышталған осындай сұмдық ұсыныстардың кейін түгел дерлік жүзеге асқаны да белгілі. Басқаша айтқанда, Бутяның маған берген жоғарыдағы нұсқауы, шын мәнінде, ешқандай да “өзге ұлттарға” қатысты емес, оның өзінің осындай түбегейлі өмірлік позициясынан туындағаны, әрине, мен үшін айқын еді”.

ALASHAINASY.KZ. “Қазақ жұрты марғасқа ұлымен мәңгілікке қоштасты”. “Кеше қалың Алаш арыс ұлы Ақселеумен мәңгілікке қоштасып, жаназасын шығарды. Қаралы жиынға қазақтың Ақселеуін білетін басқа ұлттың баласы да ат басын бұрды...”. Авторы: Мұрат АЛМАСБЕКҰЛЫ.

Серік САҒЫНТАЙ “Тұншыққанда тыныс болар тораңғы қайда қашып барады?” атты мақаласында өзекті мәселе көтерді: “Осыдан аттай 57 жыл бұрын белгілі ботаник ғалым Борис СКУПЧЕНКО Балқаш көлі маңынан биіктігі – 30 метрлік, діңінің жуандығы 1,5 метр болатын тораңғы бұтасын суретке түсіріп алыпты. Осынау алып ағаш жағалауы тасты шөлмен астасқан Көкше теңіздің қай тұсынан кездесті екен ғалымға?! Әдетте құмдауытқа бітетін тораңғы, сірә, Балқаштың батыс жағалауындағы Бетпақдала мен Табақтың тақыры аталатын тасты шөл алабынан кезіккен болар? Ал қазір…

Қазір Балқаш жағалауында өсетін тораңғы бұталары аумағы небәрі 48 гектарды алып жатқан “Тораңғы” ботаникалық қаумалында арнайы қорғауға алынған. Осы аймақ тұрғындарының айтуынша, осыдан жиырма шақты жыл бұрын Балқаштың солтүстік жағалауындағы құм бұйратты алапта тораңғының шамамен 2000-нан астам жеке бұтасы болған. Былтырлары бас-аяғы 200-дей (!) ғана қалыпты...”.

ABAI.KZ. “Қазақ тілді сайттар қанат жайып келеді”. “Қыркүйектің 17-сі күні Алматыдағы “Ұлттық баспасөз клубында” “Мінбер”, “Назар”, “Алтын Орда” сайттарының тұсаукесер рәсіміне арналған баспасөз мәслихаты өтті.

Бүгінгі таңда адамзат баласының тыныс-тіршілігін интернетсіз елестету мүмкін болмай барады. Алайда, инернет-журналистиканың еліміздегі ақпарат кеңістігінде адымы ашылмай тұрғаны белгілі. Міне, осы олқылықты жою мақсатында “Мемлекеттік тілді қолдау” Президенттік қоры біршама іс-шараларды жүзеге асырды. Соның бірі ретінде қазақ тілді интернет сайттарын қолдау барысындағы нәтижелі еңбектерді атауға әбден болады. Таяуда “Мемлекеттік тілді қолдау” Президенттік қорының жәрдемімен үш бірдей интернет сайты өмірге келді.

Олар: “Мінбер” (minber.kz) Ұлттық интернет газеті, қазақтілді БАҚ-та жарық көрген өзекті мақалаларды орыс тіліне аударып басатын “Алтын Орда” интернет газеті және қазақ журналистерінің қоғамдық қоры ашып отырған “Назар” (zamandas.kz) интернет газеті.

“…Өз кезегінде үш сайт та қазақ интернет журналистикасын дамытуға үлес қосып, осы салада өз қолтаңбаларын қалдырады деген сенімдеміз”, — дейді баспасөз мәслихатын өткізген әріптестеріміз.

“Мәңгілік президент” марафоны жалғасын тапты”. “Расында, “бұл риясыз көңіл ме, жымын білдірмей жасалған саяси ойынның жалғасы ма?”, бұл жағына бас ауыртып қайтелік. Басты жаңалығымыз, Павлодар облысындағы “Солтүстік-Оңтүстік” электр желісінің екінші тармағының ашылуына қатысқан Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ тағы бір “комплимент” естіді. Бұл жолы Андрей РАССОХА деген екібастұздық энергетик “Осы жерде жиналған барлығымыз елдегі тұрақтылық пен бейбітшіліктің орнауы тек Сіздің арқаңызда мүмкін болғанын біледі. Айтарымыз, бізге басқа президенттің қажеті жоқ” деп салғаны. Елбасы жәй ғана жымиса керек. Осылайша, Ақтөбеден алауын тұтатқан “мәңгілік президент” марафоны Кереку жерінде жалғасын тапты.

Бұл уақытта күзгі салқынға қарамай, саяси бомондтың ішіндегі “Ұлт көшбасшысы” турасындағы пікір қайшылығы қызып келеді. Әрине, оппозиция ауылындағылар мұны “ескілік, архаика, монархия құрудың бастамасына” балап, батпан ойларын баспасөз беттеріне бастырып жатыр. Кәлетаев аузынан шыққан ұсынысты ара-тұра парламент қабырғасынан депутаттар, сенаторлар қолдап қояды. Тіпті, Нұрлан ЕРІМБЕТОВ “Ресейдің Қазақстандағы көзі” деп атайтын саясаттанушы Алексей ВЛАСОВ бұл идеяның орындылығын өз сараптамасында сызып өтті. Бұл жағдайда біздің саясаттанушылар да сыңаржақ пікір беріп, шорт кесуді қаламайтыны анық. Сонда да біз пікір сұраған қос саясаттанушы осы сұраққа қатысты позициясын нақ белгілепті.

Досым САТПАЕВ ұлт көшбасшысына лайықты бағасын қашанда халық беретіні және бұған бірталай жылдар керектігін баса айтты. Мұндайда, бұл үрдісті заңнамалық түрде жылдам бекітіп, атақты адамға тели салудың асығыс тірлік екені де белгілі жәйт. Оның үстіне…. бұл мәселені қозғау қанша жерден орынды болса да, уақыт жағынан сәл ыңғайсыздау болып тұр екен. Еліміз 3-4 айдан соң Еуропадағы ең беделді ұйымға төрағалық еткелі тұрғанда, мұнымызды “былайғы жұрт” дұрыс түсінбей қалуы мүмкін.

Андрей ЧЕБОТАРЕВ болса, “Ұлт көшбасшысы туралы” заңның қабылдануы Нұрсұлтан Әбішұлының ғұмыр бойы президент болуының рәсімдеуін білдіретін болады деген ойда. Яғни, қазір де-факто жағдайды заңдастыру арқылы де-юре дәрежесіне шығару. Әйтсе де, “Ұлт көшбасшысы туралы” идеяның өзегінде терең идеологиялық-насихаттық контекст барын да жасырмады. Бірақ, ол жағына Андрей ағамыз тереңдемеді.

Рас-ау, Чеботарев бір нәрсені біліп айтады. Жалпы идеяның жақсы екендігі, егемендігін алған елдің тұрақтанып, оң-солын ажырата бастағаннан белгілі бір саяси-рухани идеалдарды қажетсінетіні — табиғи құбылыс. Оның үстіне, біз кеңестік идеологияның үйіндісінен енді-енді тазарып, келешек тұғырнамамызға тіректер іздеудеміз. АБЫЛАЙ хан — тарих, ҚОНАЕВ та — тарих, тәуелсіздік алғаннан бері халық етен танитын тұлға керек. Кім бар? Көзге түскені кім екені белгілі. Әйтеуір, бұл жолғы ұсыныстың әке-шешесін тергегеннен гөрі, оның пендешілік пейілден бе, болашақ елдің дамуына бет-бағдар болатын игі мақсаттан ба?, жалпы қандай негізде туғанына алаңдасақ та жетер.

Әзірше Елбасы үнсіз...”, — деп өз пікірін білдіреді Ө.ДАРХАН.

ZANMEDIA.KZ. “Жер саудасындағы былықтар аз емес”. “…Ресми өкілдің мәліметіне қарағанда, бір ғана биылғы жылдың алғашы жартысында Қаржы полициясы жер қатынастары саласындағы сыбайлас жемқорлыққа байланысты 75 қылмыстық іс қозғаған екен. Оның ішінде 59-ы сотқа жіберіліп, 11 лауазымды тұлға “онша алыс емес жерлерге” жіберіліпті. Аталған “шіркіндердің” ептіліктері мен пысықтықтарының салдарынан мемлекет қоржыны 5 миллиард 62 миллион теңгеге азайған. Ал сот барысында 2 миллиард 401 миллион теңге қайтарылып, мемлекеттік жер қорына 342 гектар жер қайтарылыпты. Е, шүкір дейміз. Біршама жұмыс атқарылыпты. Қулығын асырмақ болғандар ұзамаған екен. ..”. Авторы: Бейбіт ТӨЛЕГЕНҰЛЫ.

USHKIYAN.KZ. “Куликово шайқасы туралы шындық”. “Мәселе мұнда да емес, қазіргі Ресей азаматтары, 1989 жылғы халық санағында татарлар 600 жыл бұрынғы аталарының МАМАЙдың жорығына еш қатысы болмағанын айтты. Ал Алтын Орданың Мамайдың бұл жорығына еш қатысы жоқ, Мамай “сепаратист” болған, оны Алтын Орданың заңды ханы ТОҚТАМЫС жазалаған да. Қазан, Поволжье татарлары және басқа да түркі халықтары Мамайдың жорығына қатыспағаны тарихы шындық. Түменбасы Мамай Алтын Орданың заңды ханы болмады және орданың адамы деуге де болмайды…”.

Тарих ғылымдарының кандидаты Берекет КӘРІБАЕВ: “Алтын Орда тарихындағы оқиғалардың бірі, тарихшылар арасында даулы тақырыпқа айналған – Куликово шайқасы. КАРАМЗИНнен бастап ресейлік тарихшылар бұған көп мән берді…”. Дайындаған Дәурен СЕЙІТЖАНҰЛЫ.

Ғалым сыңарезу болса, ғылымның соры”. “..Қазақстандағы ваххабизмнің күшеюіне әсер еткен саяси-әлеуметтік факторларды айта отырып, ізденуші өзінің сол ваххабиттик идеяның жақтасы екенін жасырмайды..

Асылбек ИЗБАИРОВ “радикалды топ басшылары тек фундаменталистер қатарынан ғана емес, сонымен қатар дәстүршіл-ханафиттер ортасынан да пайда болды” (33 бет) дейді. Біріншіден, ізденуші келтірген мысалдағы Тахир ЮЛДАШЕВ бұған сәйкес келмейді, ал Юлдашевтің өзі “дәстүршіл-ханафитердің” қатарына жатпайды. Ол фундаментализм арқылы трансформацияға ұшырап барып “радикал” болды. Екіншіден, біздің ойымызша, исламдағы бағыттарды анықтауда ең басты нәрсе – сенімнің концептуалды негіздері, яғни ақида болып саналады. Ізденуші өз жұмысында ваххабиттік бағытты қауіпті және онша қауіпті емес етіп бөлу қажет деген мәселе көтереді. Авторефераттың қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдарының 11 пунктінде: “салафиттер іліміндегі бағыттар арасында айырмашылық анықталды, яғни олар – “қалыпты” салафиттер және “радикалды” джихадистер” дейді. Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымның 10 пунктінде (11 бет) және авторефераттың 30 бетінде ізденуші дәстүрлі емес исламдық бағыттарды былайша классификациялауды ұсынады: 1- “шектен тыс радикалдар”, 2- “радикалдар” (өздерінің әрекеттерімен ұлттық қауіпсіздікке қауіп тудырады), 3- салафиттер, “олардың әрекеттері теологиялық тартыс шеңберінде қалып отыр” (30 бет). Автордың айтуынша, “салафит-ортодокстар” (бұл қалыпты салафиттер тобы) ұлттық қауіпсіздікке қауіп тудырмайды. Бұлай бөлу – үлкен қателік, өйткені ваххабиттердің негізгі идеологиялық платформасы мен теориялық негіздемесі теологиялық ілімге жатады. “Радикалдардың” биографиясына қарасақ (Автордың өзі мысалға келтірген Т.Юлдашев та сондай), радикал болу үшін олар алдымен фундаментализмнің “теологиялық” (бір қарағанда зияны жоқ) концепциялары арқылы сананың күрделі трансформациясынан өткенін көреміз.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Асылбек мырза ғылыми еңбегінде “қалыпты салафиттер мен радикалдар арасында принпципті айырмашылық” бар екенін көрсетіп, осы өзгешелікті “тиісті мемлекеттік мекемелер ескеруге тиіс” дегенге саятын ой айтыпты. Қияға қалықтап кеткен радикалдарға қарағанда “қалыпты салафиттер” онша қауіп төндірмейді-міс. Мұндай мәлімдемелердің құйтұрқы астары туралы таяуда ғана белгілі өзбекстандық исламтанушы Бақтияр БАБАЖАНОВ айтқан болатын. …Дәл осы Бабажанов аталған мақаласында “қалыпты салафизм” деген сорақы терминге де тоқталған болатын. Атап айтқанда осы сұхбаттан: “Кейбір мамандардың Қазақстанда салафизмнің “қалыпты” формасын қабылдау жөніндегі ұсынысына байланысты мынаны айтқым келеді: Алдымен, мен үшін олардың жалпы салафизм, соның ішінде “қалыпты” салафизм дегенді қалай түсінетіні қызық. Бұл сұраққа мардымды жауап ала алмайтыныма көзім жетеді”, – деген пікірді оқимыз. Бәкеңнің мақаласы жарық көрген тұста қазақстандық қоғамдық пікірге “қалыпты салафизм” терминін сыналап енгізумен айналысып жүрген автордың кім екенін білмей дал болып едік. Енді міне, сол ғалымның өзі табылды”,-деп тұжырыдайды Бақытжан ҒАЙЫПНАЗАР.

MINBER.KZ. “Посткеңестік елдегі алғашқы Ислам банкі Қазақстанда ашылмақ”. “Біріккен араб әмірлігінің Әл Хилал банкі биылғы жылы Қазақстаннан өзінің екі бөлімшесін ашқалы отыр” деп басталған мақалада биылғы жылы Қазақстанда ислам банкі ашылатыны хабарланған…”.

ZAMANDAS.KZ. “Тіл туралы” заңды бұзған...”. “Еліміздің Бас прокуратурасына қарасты мемлекеттік органдарда заңдылықты қадағалау департаменті Тіл туралы заңның орындалуын қадағалап, тексерулер жүргізіп отыратыны белгілі. Биыл жарты жыл ішіндегі тексерістер нәтижесінде прокуратура органдары тарапынан 195 заң бұзушылықты жою туралы ұсыныс, 154 заңға түсінік берілді, 14 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалып, 14 лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды”,- деп өз жұмысын айқын көрсетті Әділ Бек ҚАБА, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының аппараты Тіл саясаты және ақпарат басқармасының бастығы.

KAZ.GAZETA.KZ. …Мемлекеттік хатшы — сыртқы істер министрі Қанат САУДАБАЕВтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы президентінің жанындағы Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы болып өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Отырыста Қазақстан азаматтығын алуға өтініш білдірген 16 мыңнан астам адамның, соның ішінде тарихи Отанына оралған отандастарымыздың сондай-ақ елімізге ТМД мемлекеттері және алыс шетелдерден келген басқа да ұлт өкілдерінің материалдары қаралды.

Кіріспе сөзінде мемлекеттік хатшы — сыртқы істер министрі соңғы он жылда қалыптасқан көші-қонның жағымды сальдосы, экономикада сақталып отырған қазіргі уақытша қиындықтарға қарамастан, біздің мемлекетімізде лайықты өмір сүруге, денсаулық сақтау мен білім алуға, бәрінен бұрын, азаматтардың іргелі құқықтары мен бостандығының сақталуына нақты айғақ болып табылатынын атап өтті.

Бейбітшілік, қоғамдық келісім және болашаққа деген сенім — біздің еліміздің баянды дамуы мен Қазақстан халқының санының одан әрі өсуінің кепілі. Біздің еліміздің жаңа азаматтары өздерінің бүгінгі және болашақтағы жақсы өмір сүруін еліміздің Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВтың стратегиясымен және қызметімен байланыстыратыны айқын\», — деп атап өтті Қ. Саудабаев.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.