«Орталық Азия басшыларының ынтымықтасу мәселесін шеше алмағанына 20 жыл болды». «Мемлекет мойнына мінбегендерге де қолдау қажет». «Жер қатынастары саласында қордаланған мәселе болмауы тиіс». «Дипломы барлар көп. Бірақ білімділер аз»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 22 қаңтар 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Орталық Азия басшыларының ынтымықтасу мәселесін шеше алмағанына 20 жыл болды”. “…Осы ретте Азаттық радиосы “Орталық Азия одағын құрудың болашағы мен оның аймақ елдері үшін маңыздылығы” атты дөңгелек үстел сұхбатын өткізді….

Досым САТПАЕВ: — Біздің мемлекеттеріміздің бәрі де авторитарлық болғандықтан сыртқы саясатты нақты мемлекет басшылары анықтайды. Яғни олардың іс-әрекеттеріндегі субективизмнің үстемдігі мен біздің президенттердің өз араларындағы жеке қарым-қатынасы көп жағдайда осы елдердегі халықтың бәрі зардап шегіп отырған проблемаларды шешуге кедергі келтіреді. Мен бұл тарапта туындап отырған өзекті проблеманы су және энергетика мәселесін шешуден бастағанды қалар едім. Өзбекстанның біртұтас энергетикалық жүйеден шығатынын мәлімдегені естеріңізде ме?  Бұл орталық Азия мемлекеттерінің бәрінде үлкен дүрлігіс туғызды. Ал су мәселесі ше? Ғаламдық жылу жағдайында біз бәрібір бұл мәселені 10-15 жылдың ішінде шешуіміз керек.

Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстан дәл қазіргі уақытта Орталық Азия одағын құру идеясынан бірте-бірте айнып барады. Бұдан гөрі Қазақстан 1 қаңтардан бастап күшіне енген Ресей және Белоруссия мемлекеттерінің қатысуымен құрылған кеден одағына қатты көңіл бөліп отыр”. Авторы: Мәншүк АСАУТАЙ.

Отанында дауға қалған “Келін” фильмі АҚШ-тағы “Оскар” байқауының жартылай финалына шықты”. “…Ал фильм болса жарты жылдың ішінде бірнеше халықаралық байқаулардың жүлдесіне ие болды. Былтыр Ялтадағы халықаралық фестивалдің Гран-при бәйгесін, “Ең үздік режиссер” жүлдесін иемденді. Пусан (Оңтүстік Корея), Таормин (Сицилия) және Торонто (Канада) халықаралық кинофестивалдерінде арнайы атап өтілді.

Енді міне бұл фильм қазақ киносының тарихында алғаш рет “Ең үздік шетелдік фильм” аталымы бойынша “Оскар” киножүлдесі үшін байқаудың жартылай финалына шығып отыр. Жалпы, бұл аталымда жүлдеге ұсынылған ұзын-саны 200-дің үстіндегі фильмдердің арасынан байқау сарапшылары әр елден 60-тан астам фильмді іріктеп алған. Солардың ішінен байқаудың келесі кезеңіне өткен тоғыз туындының бірі осы “Келін” фильмі болып отыр…”. Авторы: Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ.

AIKYN.KZ. “Қазақстанда 22 миллиард тонна қалдық бар”. “Енді “Жасыл даму” бағдарламасы жүзеге асады. Үкіметбасы Кәрім МӘСІМОВтің қатысуымен өткен Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің алқа мәжілісінде министр Нұрғали ӘШІМОВ 2010-2014 жылдарға арналған “Жасыл даму” бағдарламасымен таныстырды. Жаңа жоба аясында өндіріс және тұтыну қалдықтарын басқарудың ұлттық орталығы құрылып, ол табиғатты қорғау шараларын іске асыру, қоршаған ортаны қорғау саласында кәсіпкерлік ортаны дамыту, экологиялық инновацияны ендіру, технологиялық кешендер және экологиялық жабдықтар өндіру бойынша зауыттар құру бағыттарында жұмыс жасайтын болады.

Министрдің айтуынша, елдегі тұрмыстық қатты қалдықтар қоймалануының 97 пайызы экологиялық және санитарлық талаптарға сай келмейді. Оның ішінде 5 пайызы ғана қайта өңдеуден өткізіліп не өртеледі екен. — Республикада барлығы 22 млрд тонна қалдық жинақталған. Оның ішіндегі 16 млрд тоннадан астамы — техногендік минералдық түзілімдер, 6 млрд тоннаға жуығы — қауіпті. Сондай-ақ 96 млн тоннасы — тұрмыстық қатты қалдықтарға жатады. Жыл сайын 700 млн тоннаға жуық өндірістік қалдықтар түзілсе, оның 200 млн тоннасы — улы қалдықтар болып табылады, — деді министр…”. Авторы: Нұрболат Аманжол.

Мемлекет мойнына мінбегендерге де қолдау қажет”. “Республика бойынша еңбекпен қамтылғандардың 33 пайызы — өз нанын өздері тауып жеп жүргендер. Жұмыссыздық — шешімін таппай жатқан әлеуметтік түйткілдердің бірі болып табылатын ел үшін бұл көрсеткіштің өзі үлкен меже. Дегенмен олар да мемлекеттен қолдау күтеді. Негізінен, заңдық тұрғыда, өйткені ұлттық заңнамалардың ешбірінде өзін-өзі еңбекпен қамту ұғымы туралы нақты айтылмайды.

Осы төңіректе ой айтқан “Нұр Отан” ХДП жанындағы әлеуметтік кеңес төрайымы Айткүл САМАҚОВА өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп отырған азаматтар мәселесін заңдастыру қажет екенін айтты. Депутатты бұл ойға Алматы қаласы мен Алматы облысындағы, Еңбекшіқазақ ауданы бойынша жүргізілген зерттеу қорытындысы жетелепті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мұрындық болған зерттеу жұмыстарын Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы жүргізген болатын.

Зерттеу қорытындысын баян еткен Әлеуметтік-экономикалық дамуды бағалау және мониторинг институтының өкілі Әлия ІЛИЯСОВАның сөзіне қарағанда, 26-45 жас аралығындағы өзін еңбекпен қамтамасыз етіп отырған 300 адамға сауалнама жүргізілген. Соның нәтижесінде олардың басым бөлігі орта, үштен бірі орта арнаулы, тек 28 пайызы ғана жоғары білімге ие екені анықталған. Сұралғандардың 79 пайызы — қызмет көрсету мен сауда саласында қызмет жасайтын кәсіпкерлер болып шықса, 13 пайызы құрылыс, білім беру, денсаулық сақтау саласында жеке кәсіппен айналысады. Бұл әлеуметтік топтың табысын зерттеу үшін қойылған сұрақтар нәтижесі — олардың 29 пайызы орта есеппен 20-55 мың теңге аралығында, 27 пайызы — 55-150 мың теңге аралығында, 2 пайызы — 150 мыңнан жоғары, ал қалған бөлігі — өте төмен жалақы алатынын көрсеткен. Ең қызығы, сұралғандардың 25 пайызы жеке кәсіпкерлік отбасының бар шығынын жаппайтынын айтыпты. Бұл — олардың мемлекетке салмақ салып отырмаса да, Үкіметтен қолдау күтетінін көрсетеді. Айталық, сұраққа жауап бергендердің 37 пайызы — меншік құқығын қорғауды күшейтуді қажет деп тапса, 28 пайызы кәсіпкерлік түрлерін тіркеуді жеңілдетуді сұраған, ал 22 пайызы кәсіпкерлерді заңсыз төлемдер мен әкімшілік кедергілерден қорғауларын өтінеді…”. Авторы: Нұрболат Аманжол.

TURKYSTAN.KZ. “Елiмiздегi балалардың салмағы азайып барады”. “Жыл сайын жөргекпұл мен жәрдемақы көлемi өсiрiлуде. Үкiмет сәби сүюге қауқарлы қыз-келiншектердi қаржылық тұрғыда қолдауға қанша тырысқанымен, елiмiздегi бала туу қарқыны бәсең. Мамандар пiкiрiнше, бiрнеше жылдан берi күн тәртiбiнен түспей келе жатқан демографиялық ахуалдың күнгейiнен көлеңкесi басым болуының бiрнеше себебi бар.

2009 жылы жүргiзiлген Халық санағының нәтижесiнде, Қазақстан халқының саны 16 млн. 402 мың адамға жеткен. Оның iшiнде, қазақтардың үлесi – 67 пайыз. Санаққа дейiн бұл көрсеткiш 15 млн. 730 мың (қазақтардың еншiсiндегi үлес – 53 пайыз) болатын. Ал 1999 жылмен салыстырғанда, ҚР азаматтарының саны 2 пайызға (678 мың адам) өскен. Елiмiздегi орташа жас көлемi 32 болғандықтан, 67 пайыздың үштен бiр бөлiгiн 30 жасқа дейiнгiлер құрайды. Шара барысында жастардың басым бөлiгi отбасы құрамын 3-5 балаға дейiн жеткiзудi жоспарлап жүргенiн жеткiзген. Қазақтың қарадомалақтарын көбейту мәселесi күн тәртiбiне шыққалы берi бүгiнгi демографиялық ахуал толғандырған сан қандастың сол кезде көңiлi бiр марқайып қалғаны анық. Алайда, мамандардың айтуынша, келiншектердiң былтырғы бала туу қарқыны алдыңғы жылға қарағанда бәсең көрiнедi. Мысалы, 2008 жылдың қаңтар-қыркүйегiмен салыстырғанда, 2009 жылдың алғашқы тоғыз айында келiншектер 1339 баланы кем туған.

«Жығылғанға – жұдырық», Бiрiккен Ұлттар Ұйымының деректерiне жүгiнсек, елiмiздегi 15 жасқа дейiнгi балалардың салмағы күрт азайып, есесiне, еңбекке жарамсыздар саны артып барады. Мұндайда қарапайым халыққа көрсетiлетiн медициналық көмектiң сапасын жақсарту, әлеуметтiк сақтандыру жүйесiн дамыту аса маңызды. Өйткенi, сапасы жоғары және бағасы қымбат ақылы медициналық қызметке «қалтасы тесiк» отандастың, әсiресе, ауылдағы ағайынның жағдайы келе бермесi белгiлi.

Тағы бiр алаңдайтын жайт, ерлер мен әйелдер арасындағы жас тепе-теңдiгi бұзылуда. Орда бұзар 30 жастан басталатын бұл теңсiздiк зейнеткерлiк жастағы 100 еркекке 140 әйелден келедi екен. Демографиялық ахуал туралы жиi дабыл қағып жүргендердi бiрi – «нұротандық» депутат Айткүл САМАҚОВАның айтуынша, адамдар арасында өмiр сүру ұзақтығы жағынан алғанда да тепе-теңдiк бұзылған: 2008 жылы ерлер мен әйелдер арасындағы жас ұзақтығы 10,5 жылға тең болыпты. Кейiнгi кездерi бала мен ана және жалпы халықтың өлiм-жiтiмiн төмендетуге, сондай-ақ, өмiр сүру ұзақтығын көбейтуге мемлекеттiк деңгейде қанша күш салынғанмен, Қазақстандағы өмiр сүру сапасы дамыған елдерге тән көрсеткiштерден әлдеқайда төмен. Әсiресе, денсаулығы сыр беретiндер арасында әйелдер мен балалар көп. Олардың басым бөлiгi қаны аздық дертiне шалдыққан.

Былтырғы Халық санағына сәйкес берiлген ресми деректерде ҚР азаматтарының үштен бiрi 30 жасқа дейiнгiлер, яғни, елiмiздiң халқы жас делiнгенмен, БҰҰ берген мәлiметтерде Қазақстан бүкiл әлем бойынша халқы қартайып бара жатқан мемлекеттер қатарында. Елiмiздегi 65 жастан асқан қарттар үлесi ҚР азаматтарының жалпы санының 7,5 пайызына тең. Халықаралық стандарттарға жүгiнсек, бұл көрсеткiш 7 пайыздан аспауы тиiс. Бүгiнде қазақтың санын көбейтуге елдегi ажырасулар, кәрi қыздар мен сүрбойдақтар санының көбеюi де айтарлықтай кедергi болуда. Кейбiр мамандар кеңестiк империя кезiнде салынған «Бойдақ салықты» жаңғырту сүрбойдақтар мен кәрi қыздардың отбасын құруға деген талпынысын арттырады деген пiкiрде. Өкiнiшке қарай, дала философиясының қағидаларына сүйенген қазақтың бүгiнгi ұрпағында некесiз туған балалар көп. Мәселен, ресми деректер қазiр Қазақстандағы жарты миллион келiншек балаларын әкесiз тәрбиелеп жатқанын көлденең тартады. Яғни, 500 мың бала – жартылай жетiм. Сорақысы сол, соңғы кездерi балаларына ай сайынғы алиментiн төлеуден қашатын әкелер саны күрт көбейген. Қазiр отандық телеарналардың кейбiрiнен берiлiп жүрген тiрi жетiмдердiң аянышты тағдырынан үзiк сыр мен әкелердi алимент төлеуге шақырған насихаттық роликтер – соның айғағы. Демографиялық жағдайды сараптаған отандық және халықаралық мамандар қауымы сан мен сапа таразы басында тең түскенде ғана қордаланған қиындықтар бiртiндеп шешiмiн таба бастайтынын айтады”. Авторы: Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ.

Уран айналасындағы у-шу”. “Иран мен Қазақстан арасындағы уран тасымалы жөнiндегi келiсiм жоққа шығарылды…. Әдеттен тыс қолға алынған тексерiстiң себеп-салдарын отырыста түсiндiрiп баққан Әсет МАҒАУОВ мүшелiкке өткен жылдар аралығында атом энергиясы жөнiндегi ұйым тарапынан ешбiр секем айтылмағанын атап өттi. «Қаңтар-ақпан айларында Қазақстанға МАГАТЭ сарапшыларының келуi жоспарланып отыр. Сарапшылардың жыл сайынғы мұндай сапарының негiзгi мiндетi — Қазақстанның ядролық нысандарын тексеру. Бұған дейiнгi МАГАТЭ сарапшыларының тексерулерi барысында, яғни өткен он жылда Қазақстанға ешбiр ескерту жасалған емес», — дедi Энергетика және минералдық ресурстар вице-министрi. Сондай-ақ, ұйым өкiлдерiнiң тексерiс жүргiзуiне тағы бiр себеп бар көрiнедi. Ол — Қазақстаннан уранды экспорттау мәселесi. Жоғарыда айтылған отырыста экспорттық бақылау мәселесi де назардан тыс қалған жоқ. Бiрiншiден, елiмiздiң уран экспорты қызметтiң лицензияланған түрiне жатады. Осыған сәйкес отандық кәсiпорындар мемлекеттен лицензия алуы тиiс.

— Қазақстан ураны ядролық держава санатына кiрмейтiн елдерге тасымалданады. Олай болса кәсiпорынның рұқсат беретiн сертификаты болған күнде ғана уранды шетелге шығара алады. Өз кезегiнде, сертификат — уран алушы мемлекеттiң шикiзатты бейбiт мақсатта пайдаланатынын және Қазақстанның келiсiмiнсiз үшiншi елдерге шығара алмайтындығын бiлдiредi. Осының алдын алу үшiн уран тасымалданатын мемлекеттер тiзiмi МАГАТЭ-мен бiрлесе отырып жасалған, — дей келе, бұл мәселе бойынша да ешбiр келеңсiздiк көтерiлмегенiн айтты…”. Авторы: Ақниет ОСПАНБАЙ.

EGEMEN.KZ. “Қазақстанның жұлдызды сағаты”. “…ЕҚЫҰ-ның саяси көшбасшысы ретінде біз сайып келгенде Ұйым кеңістігінде әріптестіктің жаңа дәуірін ұжымдық күш-жігер арқылы ашу үшін осынау оң үрдісті дамытпақпыз.

Бұған ең алдымен грек төрағалығы бастамашысы болған еуропалық қауіпсіздіктің болашағын талқылауды жатқызуға болады. “Корфу үдерісі” тұрғысында біз сондай-ақ Ресей Федерациясының Еуропалық қауіпсіздік туралы шартты әзірлеу жөніндегі ұсынысын қарастыруды қолдаймыз.

Прагматикалық ойлауды пайдалану, блоктық қарама-қарсы тұру идеологиясынан, енжарлықтан және бітпейтін өзара кінәмшілдік жүгінен бас тарту жағдайында, біз сондайлық қажетті алғашқы қадамдарды жасай алатынымызға сенімдімін.

“Венадан батыс жақта” және “шығысқа қарай” орналасқан елдер тең дәрежеде бізге сенетіні және Қазақстан мен оның көшбасшысының бүгінгі оппоненттердің ұстанымдарын жақындастыруға және ЕҚЫҰ-дағы өзара түсіністікті нығайтуға қабілеттілігіне сенетіндігі бізді жігерлендіреді…

Орталық Азия мемлекеті ретінде біз ЕҚЫҰ қоғамдастығының жіті назарын Ауғанстанды сауықтыру проблемасына аудармай тұра алмаймыз, онсыз біздің өңірдің тұрақтылығы туралы ғана емес, сонымен бірге Ұйым жауапкершілігіндегі аймақтың қауіпсіздігі туралы да айту қиынға түседі…

… Мемлекет басшысының нұсқауларына сәйкес біз өз төрағалығымыздың аясында қазақстандық күн тәртібін нақтылы ілгерілету ниетіндеміз. Бұл шаралар таратпау және ядролық қарусыздану режімінің тиімді жұмыс істеуі жөніндегі Қазақстанның күш-жігеріне саяси қолдау білдіруді, еліміздің өскелең мүмкіндіктерін энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше мән бергізуді, сондай-ақ Арал теңізі мен Семей ядролық полигонындағы үлкен экологиялық апаттардың зиянды салдарын еңсеруге баса назар аударуды қамтиды…

Өз төрағалығымыздың аясында ЕҚЫҰ қызметінде гуманитарлық бағытқа басым маңыз бере отырып, біз бұл үдерісті өз елімізде нық жақтайтындығымызды көрсетеміз.

Аса ірі өңірлік құрылымның төрағасы мәртебесі іскерлік және қоғамдық топтардың Қазақстанды өңірдегі тұрақтылықтың индикаторы ретінде оңды қабылдауын арттыратын мультипликативтік тиімділік береді, мұның өзі әлемнің бәсекеге барынша қабілетті 50 елінің қатарына кіру мақсатына қол жеткізуге жәрдемдеседі.

Біз сондай-ақ Қазақстанға осы заманғы қоғамдардың барынша өзекті проблемаларын терең сараптамалық түсінуді, кешенді және күрделі саяси үдерістерді реттеудің, адами және кадр әлеуетін жақсартудың озық әдістерін әкелу туралы сөз қозғап отырмыз.

Саяси дивидендтер былай тұрғанда ЕҚЫҰ-ға төрағалық біздің халқымыздың мәдени және рухани құндылықтарын ілгерілету үшін бірегей мүмкіндік болып табылады.

Қазақстанның мәдени әлеуетінің саналуандылығы мен молдығы Қазақстанның оң имиджін ілгерілетудің қуатты бір құралы болуы тиіс, бұл имидж мәдениет пен өнердің әмбебап тілі ұлттық қатыстылығы мен сеніміне қарамастан әркімге қолжетімді болатын қоғамның жоғары даму деңгейін танытады.

ЕҚЫҰ-ға төраға ел лауазымы – бұл қосымша ресурс және Қазақстанның ұлттық мүдделері қауіпсіздікті, тұрақтылық пен ынтымақтастықты барынша нығайтуды талап ететін халықаралық саясат пен мемлекетаралық қатынастар саласында біздің стратегиялық мақсаттарымызға қол жеткізудің мүмкіндіктері.

ЕҚЫҰ Еуроатлантикалық және Еуразиялық қауіпсіздік архитектурасының маңызды элементі болып табылады. Ұйымның қызметіне толық құқылы қатысу біздің еліміздің халықаралық беделін нығайту және Қазақстанды халықаралық координаттар жүйесінде жаңаша таныту үшін бірегей мүмкіндік береді.

Жауапкершілік аймағы Ванкуверден Владивостокқа дейін созылатын еуразиялық-атлантикалық ұйым бола отырып, ЕҚЫҰ біздің ұлттық мүдделерімізді халықаралық-құқықтық, әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және гуманитарлық салаларда жаһандық деңгейде таратудың жария арнасына айналады…”. Авторы: Қанат САУДАБАЕВ, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі.

Жер қатынастары саласында қордаланған мәселе болмауы тиіс”. “Премьер-Министр Жер ресурстарын басқару агенттігіне осындай міндет жүктеді. Премьер-Министр Кәрім МӘСІМОВтің қатысуымен Жер ресурстарын басқару агенттігінің кеңейтілген алқа мәжілісі болып өтті. Онда агенттік төрағасы Өмірзақ ӨЗІБЕКОВ осы ведомствоның 2009 жылғы атқарған жұмысы мен алда тұрған міндеттер туралы баяндама жасады.

Агенттік басшысының айтуы бойынша, бұл ұйым есепті жыл ел басшылығы мен Үкіметтің берген тапсырмаларын толық орындап шыққан. Соның ішінде көрші елдермен аралардағы шекараларды ресімдеуге қатысты арнаулы жұмыстар жүзеге асырылған. Жерге кадастр мен мониторинг жүргізудің, картографиялық құжаттар әзірлеудің жұмыстары атқарылды.

… 2009 жылдың 1 желтоқсанындағы мәлімет бойынша елімізде 3,9 миллион жер-кадастрлық істер тіркелген. 290,1 мың өтініш бойынша жеке және заңды тұлғаларға сату үшін жер телімдерінің дербес құжаттары дайындалған.

Сонымен қатар, топырақ құнарлылығын зерттеу бағытында да жұмыстар жүргізілген. 2009 жылдың 1 қарашасындағы мәлімет бойынша жиыны 179,6 миллион гектар жерге зерттеу жұмыстары жүргізілген. Бұл барлық ауылшаруашылық жерінің 80,8 пайызын құрайды.

Өмірзақ Өзібековтің айтуы бойынша, қазіргі уақытта ауыл шаруашылығының нақты пайдалануында 91,7 миллион гектар жер бар. Соңғы жылдары бос жатқан жерлерді игеріп, айналымға қосу нәтижесінде аталған көрсеткіш бірте-бірте ұлғайып келеді. Өткен жылдың өзінде айналымға тағы да 3 миллион гектардай ауылшаруашылық жері қосылып отыр.

… Алқа мәжілісінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов сөз сөйледі. Үкімет басшысы өз сөзін қазіргі уақытта Қытайға жер сатылады деген негізсіз әңгіменің өршуіне орай қоғамда алып-қашпа сөздер тарап отырғандығын еске ала келе, Қазақстан жері Қазақстан Республикасының азаматтарынан басқа ешбір адамдарға, ешбір шетелдікке сатылмайтындығын қадап тұрып айтты. “Мен Қытайға жер беріледі деген сөздің тек әншейін даурықпа екендігін тағы бір еске саламын. Осыны Жер ресурстарын басқару агенттігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, облыс әкімдері халыққа айтып түсіндірулері тиіс”, деді Премьер-Министр”. Авторы: Сұңғат ӘЛІПБАЙ.

Ұлт мәңгілігінің мәңгілік мәселесі”. “…Мемлекеттік тілдің қоғамдық және мәдени өмірдің сан-саласындағы түйткілдері, қазақ тілінің қазіргі жай-күйі соңғы уақытта зиялы қауымды шынында да көбірек толғандыра бастағандай. Осыған орай Елбасының арнайы тапсырмасына сәйкес Мәдениет және ақпарат министрлігі тіл саясатының алдағы кезеңдегі стратегиялық мақсаттары мен міндеттерін айқындап, оның негізгі басымдықтары мен нақты іскери тетіктерін белгілейтін жаңа Мемлекеттік бағдарлама әзірлеуге кіріскендігі көпшілікті бір серпілтіп тастайтындай жағымды жаңалық екендігіне сөз жоқ. Алдын ала айта кетсек, отырыстың басында-ақ министр М.ҚҰЛ-МҰХАММЕД жетекшілік ететін осы арнайы жұмыс тобына ғылыми және шығармашылық, әртүрлі әлеуметтік-саяси топтар мен мемлекеттік емес ұйымдардың, саяси партиялардың өкілдері тартылғандығы белгілі болды… Топ жетекшісінің орынбасарлығына “Мемлекеттік тіл” республикалық қоғамдық қозғалысының төрағасы, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар ШАХАНОВ лайықты деп табылды. Төрағаның тағы бір орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы Жанна ҚҰРМАНҒАЛИЕВА…

Қазіргі уақыттағы басты ұстанымдардың бірі – еліміздегі реформалардың барлығы бір ғана басты құжат – Қазақстанның 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясының негізінде жүзеге асырылмақ. Алайда, тіл саясатының ерекше маңыздылығын ескере отырып, Елбасы мен Үкіметтің осы салада арнайы мемлекеттік Бағдарлама әзірлеу жөнінде шешім қабылдауы ұлт мүддесіне әбден орайласып тұрған жоқ па.

Кейбіреулер ойлайтындай, билік те қазақ тіліне қамқор болмай отырған жоқ. Қазіргі уақытта орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың іс-қағаздарында мемлекеттік тілдің үлесі 70 пайызға тақап отыр. Осыған байланысты министрлік тарапынан ай сайын мониторинг ұйымдастырылуда. Республика аймақтарында жүзден астам мемлекеттік тілді оқыту орталықтары ашылып, алдағы жылға дейін олардың саны 120-ға жеткізілмек. Өткен жылы ғана әртүрлі салалардың ерекшеліктері ескеріліп, 260 мың таралыммен екі-үш тілді сегіз түрлі сөздіктер шығарылды. Бұлар медицина, спорт, техника, құқық, ономастика, экономика және басқа салаларды қамтыған…

Бұдан кейін сөз кезегін алған республикалық “Мемлекеттік тіл” қоғамдық қозғалысының төрағасы, Қазақстанның халық жазушысы, жұмыс тобы төрағасының орынбасары Мұхтар Шаханов әуелі өзінің тіл төңірегінде капитал жинап жүрмегендігін, туған тілмен өз тағдырын 1989 жылғы кеңестік тоталитаризмнің қылышынан қан тамып тұрған кезде жалғағандығын тілге тиек етті…

Жұмыс тобының отырысында айтылған әрқилы ойлар тоғысын, байыпты пікірлер мен ұсыныстарды М.Құл-Мұхаммед қорытындылады. Ол Мемлекеттік бағдарламаны екі кезеңмен он жылға арнап қабылдаудың дұрыстығына тиянақты дәлелдер келтірді. Қызды-қыздыға жол бермей-ақ қыруар істерді тындыруға болатындығына жұрттың көзін жеткізе сөйледі. Алдағы екі айда Бағдарлама жобасын әзір етіп, жұмыс тобының келесі отырысында қарау дұрыс деп табылды. Туған тілдің осынау толғауын тағы да Ғабит Мүсірепов сөзімен түйіндесек: “Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады”. Ал туған халқымыздың өгей ұлы атанғысы келетін, балаңызды туған халқыңыздың өгей баласы атандырғыңыз келетін қайсыңыз барсыз, қане, айтыңызшы?!”. Авторы: Қорғанбек АМАНЖОЛ.

JASQAZAQ.KZ. “Мәселе – арбада емес, “есекте”. “Бұрнағы күні Білім және ғылым министрлігі Орта білім департаментінің директоры Нұрғали АРШАБЕКОВ Қазақстан математика пәнінің 1,5 мың мұғаліміне мұқтаж екенін айтып қалды. Бұл нені көрсетеді? Маман тапшылығы білім саласына қандай қатер әкелмек? Академик, профессор, белгілі математик Асқар ЖҰМАДІЛДАЕВқа қойған алғашқы сұрағымыз осыдан басталып еді.

-… Дипломы барлар көп. Бірақ білімділер аз. “Мен” деген математиктердің өзі екіге бөлінеді: бірі – есеп шығара алатындар, екіншісі – есеп шығара алмайтындар. Бұл күлкіңізді келтіруі мүмкін. Шын мәнінде солай. Министрліктегілердің “мамандарға мұқтажбыз” деп отырғаны, менің ойымша, бізде есеп шығара алатын математиктер жоқ деген сөз.

Жас қазақ: Білімділердің бәрі жат жұртқа “жұтылып” жатыр емес пе? “Милы бастарымыз” бізді емес, Батысты бақытты етуде. Бізде жағдай жоқ па? Әлде оларда ниет жоқ па?

Асқар Жұмаділдаев: Жоқ. Жағдай бар ғой. Бірақ шетелде одан да жақсы.

Жас қазақ: Сіз кезінде шетелдің белді-белді оқу орындарында дәріс оқыдыңыз. Қазақстанға келгеніңізде, бір байқағанымыз, тек жекеменшік оқу орындарында ғана сабақ бердіңіз. Экономикалық себеп сіздің мұхит асуыңызға, жекеменшік университеттерде жұмыс істеуіңізге әсер етті ме?

Асқар Жұмаділдаев: Иә, оның экономикалық себептері болды. Өйткені жекеменшік оқу орындары жалақыны көбірек төледі. Маған жағдай жасады. Мемлекеттік университетке барсам, олар менен азаннан кешке дейін қағаз сұрайды. “Жоспар толтыр, есеп бер” деп. Толып жатқан жиналыс. Беретін ақшалары да аз. Сөйтіп, қолымды бір сілтедім де, кетіп қалдым.

Жас қазақ: Қоғамда “ғылым ошақтары шалдардың сауын сиырына айналып кетті. Қазақ ғылымына “ақсақализм” дерті дендеуде” деген көзқарас бар. “Ақсақалшылдық” қазақ ғылымына қаншалықты қауіпті?….”. Сұхбаттасқан Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ.

Алтын дән даламыз немесе астық қар астында қала бере ме?”. “…Өткенде Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі алқалы жиында Үкімет басшысы Кәрім МӘСІМОВ: “Көктемгі егіс науқаны кезінде диқандар жанар-жағармайдан қысылмасын” деген тапсырма берді. Премьердің министрлерге алдын ала тапсырма бергеніне, әрине, ішіміз жылып қалды.

Әйтсе де ауыл шаруашылығында “баяғы жартас – сол жартас” күйінше тұр. Басқасын былай қойғанда, өткен жылы қар астында қалған алтын астыққа қарап отырып, ішің күйеді. Әлемде азық-түлік дағдарысы, ал бізде ысырап болған ырзық. Ресми мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы 650 мың тонна астық қар астында қалған. Биыл дәл осындай жағдай қайталанбас үшін не істеу керек?…”. Автор: Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ.

MASSAGAN.COM. “Біз мемлекеттік тілдің болашағына жаны ашитын азаматтармен оның проблемасын талқылауға әзірміз -Мұхтар Құл –Мұхаммед”. 21.01.2010. “Алматыда Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Егер біз кезінде ұлттың ұлы трагедиясы ретінде 600 мектептің жабылғанын жиі ауызға алатын болсақ, тек қана тәуелсіздіктің 18 жылында 880-нен астам мектеп ашылды. Мұның бәрі ұлт руханиятының ұлы жеңісі деп айтуға болады. Қазақ тіліндегі басылымдардың таралымы, қазақ тіліндегі кітаптардың саны жыл сайын артып келе жатыр. Қазақ тілін дамытуға Елбасы тарапынан барлық жағдай жасалған. Сонымен бірге, біз көпұлтты мемлекет болғаннан кейін, басқа тілдердің дамуына да назар аударуымыз керек. Бүгінгі отырыс осы бір өзекті мәселелерге арналды. Біз ешнәрсені жасырып-жаппай, ашық жағдайда мемлекеттік тілдің болашағына жаны ашитын азаматтармен оның проблемасын талқылауға әзірміз», деді Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД. Жарыссөзге қатысқан 17 адамның сөздерін мұқият тыңдап, ұсыныстарын жазып алғанын айтқан Мұхтар Абрарұлы, бағдарлама қабылданғанша тағы екі кездесу өткізгісі келетінін айтты. Оның алғашқысы бағдарлама жобасын әзірлеу жұмысының орта шенінде өтпек…

Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобына Мәдениет және ақпарат министрі төрағалық етпек. Оған — республикалық «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының төрағасы Мұхтар ШАХАНОВ пен Мәдениет және ақпарат министрінің жауапты хатшысы Жанна ҚҰРМАНҒАЛИЕВА орынбасар болып отыр”.

KAZ.GAZETA.KZ. Мемлекет басшысы елімізде балық ресурстарын ұтымды пайдалану және өндіру, қорғау мәселесін реттейтін заңнаманы жетілдіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне балық шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды, деп хабарлайды Kazakhstan Today президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың атына Франция президенті Николя САРКОЗИден Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалығының басталуына байланысты жолдау-хат келіп түсті, деп хабарлайды Kazakhstan Today президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Француз мемлекетінің басшысы Қазақстанның осы тарихи миссияны орындап шығуына табыс тілеген. Хатта былай делінген: «Мен Қазақстан аталған мүмкіндікті пайдалана отырып, өзінің іргелі қағидаттары мен осы ұйымның құндылықтарын ұстанатындығын тағы да дәлелдейді деп сенемін. Сіздердің төрағалықтарыңызды табысты өткізуге қол жеткізуде сіз Францияның қолдауына және жеке менің қолдауыма сене аласыз.

Мен 2010 жылы ЕҚЫҰ саммитін өткізу идеясы жаңа қолдауға ие болатынын қанағаттанарлық сезіммен атап өтемін. Біз әлі нақты шешім қабылдамағандармен бірлескен жұмысты жалғастыруымыз қажет.

Сіз біздің елдеріміздің арасындағы тығыз қарым-қатынастарға менің қандайлық мән беретінімді білесіз. Біздің өткен жылғы қазанда Астанадағы кездесуіміз оған жаңа серпін берді. Бұдан былай да біз осы қарқынды ұстауымыз керек.

Мен осы сапар барысында біздің тарапымыздан қабылданған президенттік комиссияны құру туралы шешімді осы тұрғыдан қарастырамын. Біздің мақсатымыз тиімді және икемді екі жақты ынтымақтастықты қамтамасыз ету болып табылады».

Николя Саркози президентке және барша Қазақстан халқына 2010 жылы бақыт және өркендеу тілеген. Ол сондай-ақ таяу уақытта Нұрсұлтан Назарбаевпен оның Парижге сапары кезінде кездесетініне сенім білдірген.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ