«Сарапшылар Қазақстан элитасындағы шиеленістерден президенттік билікке қауіп барын ескертті». «Жердi аямағандарды аямайтын заң керек». «Кедендік одаққа қатысушы үш елдің Сауда-өнеркәсіп палаталары жеке қауымдастық құрады»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 28 қаңтар 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Түрмедегі журналистерді қолдап шар ұшырғаны үшін Розлана Таукинаға сот 70 мың теңге айыппұл салды”. “…Алматының Арбатында 6-қаңтарда өткен флеш-мобқа қатысқаны үшін полиция үстілерінен әкімшілік құқық бұзу туралы іс қозғаған үшеудің соңғысы – “Журналистер қауіп-қатерде” қорының жетекшісі Розлана Таукинаның ісін қараған Алматының ауданаралық әкімшілік соты қаңтардың 27-күні шешім шығарды…”. Авторы: Мәди БЕКМАҒАНБЕТ.

Сарапшылар Қазақстан элитасындағы шиеленістерден президенттік билікке қауіп барын ескертті”. “…27 қаңтар, сәрсенбі күні Қазақстанның талдаушы ұйымдарының альянсы қоғам және мемлекеттің 2009 жылғы дамуы туралы есебін жариялады. Баяндаманың негізгі тараулары саяси элитаның дамуындағы негізгі оқиғалар мен тенденцияларға, партиялық жүйе, этникалық қарым-қатынас пен халықтың әлеуметтік жағдайына арналған. Зерттеуде “жас түркілер”, “үшінші күш” факторы” және басқа да тың саяси ұғымдарға түсініктеме берілген

Баяндама авторлары Қазақстанның саяси элитасына “жабық әрі қарапайым халықтан қашық, қатал иерархияның шеңберінде ғана өмір сүретін, басқаруы біртұтас емес” топ деп сипаттама берген. Ал, элита арасындағы күрес – “мемлекет басшысы мен өзге элиталық топтарға ықпал ету мүмкіншілігі турасында ғана жүреді”, “саяси элитаарасындағы тұрақтылықтың жалғыз кепілі – президент” деген тұжырым жасалынған жылдық есепте.

… Зерттеуде элитаның ішіндегі қарым-қатынасты талдау жасаған уақытта “үшінші күш” деп аталып жүрген факторға да назар аударуға тура келгендігі атап көрсетілген. “Үшінші күш” оппозицияға жатпайды. Бұл “элитаның ішіндегі бірқатар тұлғалардың немесе бірнеше қысым жасаушы ықпалды топты біріктірген одақ” деген сипаттама берілген. Ауторлар оның қатарына бір-біріне қарсы барлық ықпалды топтарды жатқызады.

“Дегенмен, әңгіме нақты бір топ болуы да мүмкін. Мәселен, әңгіме Рахат ӘЛИЕВ пен оның тобын залалсыздандыруға, “ескі гвардияны” немесе “жас түркілерді” әлсіретуге қол жеткізген топ туралы болуы мүмкін. Саяси түсініксіздік ұлғайған сайын “үшінші күш” факторы еліміздегі қоғамдық-саяси процестерге қатты ықпал ететін болады” деп ескертеді баяндама ауторлары…”. Авторы: Талғат ДҮЙСЕНБЕК.

Қытай түрмесінде жазылған “Қылмыс” романы Қазақстанда мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды”. “Қытайда үйқамақта отырған қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлының алты томдық “Қылмыс” романы Қазақстанның өнер және әдебиет саласы бойынша мемлекеттік сыйлығына ұсынылды. Бірақ ұсыныс Қазақстан жазушылары тарапынан қолдау таба алмай отыр….”. Авторы: Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ.

AIKYN.KZ. “Ванкувер қол бұлғап тұр”. “Дәл 15 күннен кейін Канаданың Ванкувер қаласында қысқы ХХІ Олимпиада ойындары басталады. Жарыстың ашылу салтанаты 60 мың көрермен сыятын Би-Си Плейс стадионында өтеді. 2009 жылдың 22 қазанында Грекияның Олимпия қаласында тұтанған алқызыл алау 45 000 шақырымды артқа тастап, 12 ақпанда Ванкуверге жетеді. Ашылудың ресми рәсімі аяқталғаннан соң, аталмыш стадионда ғаламат шоу-бағдарлама ұйымдастырылады. Келесі күні жарыстар басталады… Олимпиадада 15 спорт түрі бойынша 86 медальдар жиынтығы сарапқа салынды. Жарыс биатлон, бобслей, тау шаңғысы, керлинг, коньки, шаңғы тебу, шаңғы қоссайысы, шаңғымен тұғырдан секіру, шана, скелетон, сноубординг, мәнерлеп сырғанау, фристаил, шайбалы хоккей, шорт-тректен өтеді. Болжам бойынша командалық есепте негізгі бәсекелестік Германия, Австрия, АҚШ, Ресей, Канада және Швеция құрамалары арасында өрбуі тиіс. Оларға Оңтүстік Корея, Швейцария, Италия айтарлықтай қарсылық көрсетуі мүмкін….

Қазақстан құрамасының алдында үлкен міндет тұр. Отандастарымыз Ванкуверде кемінде бір медаль олжалауға тиіс. Шыны керек, бұл жоспарды ойдағыдай жүзеге асыру оңай шаруа емес. Соңғы рет Қазақстанның спортшылары 1998 жылы Ақ Олимпиадада жүлде алған. Егер естеріңізде болса, Наганода шаңғышы Владимир СМИРНОВ пен конькиші Людмила ПРОКАШЕВА қола медальға қол жеткіздi. Содан бері 12 жыл сырғып өтті. Өкінішке қарай, 2002 жылы Солт-Лейк-Ситиде де, 2006 жылы Туринде де медальдың сыңғырын естіген жоқпыз. Бұл сәтсіздіктердің себебін мамандар “кезінде қысқы спорт түрлеріне дұрыс көңіл бөлмегендіктен” деп түсіндіруде. Иә, бұл уәжбен келісеміз. Бүгінгі таңда ел басқарып отырған азаматтар қысқы Олимпиаданың маңызына өте зор мән беріп отыр. Жуырда ғана Астанада өткен жиында Үкімет басшысы Кәрім МӘСІМОВ Туризм және спорт министрі Темірхан ДОСМҰХАМБЕТОВке: “Егер Ванкуверде сәтті өнер көрсетсеңіздер, сыйақы мөлшерін көбейту жөніндегі ұсыныстарыңызды қолдаймын” деп тіл қатты…

Ал бір өкінiштісі, шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы Олимпиададан шет қалды. Еліміздің ерлер мен әйелдер құрамасы іріктеу ойындарында сүреңсіз өнер көрсетіп, Канадаға бару мүмкіндігінен айырылды. …Қазақстанның туы Олимпиада қалашығында ресми түрде 8 ақпан күні желбірейді. Келесі айдың басында еліміздің спорттық делегациясының алғашқы тобы Ванкуверге сапар шегеді. Содан кейін осы сала басы-қасында жүрген азаматтар, мамандар мен бапкерлер, спортшылар кезең-кезең бойынша Канада топырағына табан тірейді”. Авторы: Ғалым СҮЛЕЙМЕН.

ALASHAINASY.KZ. “Жердi аямағандарды аямайтын заң керек”. “Ақордадағы Үкіметтің өткен жылғы есебін тыңдау кезінде Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ ел дамуына қатысты қордаланған жайлардың басын ашып берген еді. Бір қызығы, біздің депутаттар да, шенеуніктер де кей мәселелердің түйіні қатайып кеткенін Елбасы айтқан соң ғана естеріне алатын сыңайлы.

Олай дейтін себебіміз, кеше Парламент Мәжілісінде “Жер қойнауы мен жер қойнауын пайдалану туралы” заң жобасы талқыланды. Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті өткізген жиында энергетика және минералдық ресурстар министрі Сауат МЫҢБАЕВ аталған құжат туралы қысқаша баяндап берді.

Естеріңізде болса, Ақордада Елбасы минералды ресурстар саласына қатысты біраз міндеттер жүктеген болатын. Әрине, депутаттардың да сұрау салғаны осы жайында болды. Бірақ халық қалаулыларының сан сауалын көріп жүрген сартабан министр сасқан жоқ.

Бәріне сабырмен орнықты жауап қайтарды. Бір айта кетерлігі, бүгінгі қолданыстағы заң 1996 жылы қабылданған. Содан бері он төрт жылдай уақыт өтіп, экономикалық жағдай өзгерді.

Қазіргі заңға бірсыпыра өзгерістер енгізілгенімен, жұмыс істеу барысында жаңа құжат дайындау қажеттілігі туды. Соған орай аталған заң жобасы өмірге келген болатын. Министр жобадағы негізгі позициялар туралы депутаттарға айтып берді.

Жер қойнауын дұрыс пайдалану еліміздегі ең өзекті тақырып екені мәлім. Сондықтан болар, министрлік дайындаған заң жобасына Мәжіліс тарапынан 1700-дей ұсыныс түсіпті. Соның 650-і заң жобасына енгізілген….

Министрдің айтуынша, Қашағанды, Қарашығанақты, Теңізді игеру бойынша өнімді бөлу туралы келісімшарттар өзгермейді. Осы жобалар бойынша Салық кодексіндегі салық тұрақтылығы сақталатын болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі қолданыстағы салық жүйесін барлық жер қойнауын пайдаланушыларға қолдану қажеттігі туралы ой айтқан еді.

Депутаттар министрден осы бағытта министрліктің қандай шара қабылдап жатқанын да білмек болды. Сауат Мыңбаев халық қалаулыларына “Айтылған тапсырманы ескере отырып, нақты іс-әрекет жобалары қалай іске асырылатынын біз алда қосымша талқылайтын боламыз”, – деген тоқ етер жауап қайтарды”. Авторы: Мұрат АЛМАСБЕКҰЛЫ.

ZHASALASH.KZ. “Қорлар қаржысы жобаларға жұмсалмақ”. “1998 жылы зейнетақы жүйесi ендiрiлер тұста оған қарсы шыққандардың қарасы көп болған-ды. Бiрақ үкiметтiң “зейнетақы активтерi есебiнен зауыт, фабрикалар, өндiрiс орындары салынады, инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылады” деген жалғыз уәжi жұрттың күдiк-күмәнiн сейiлттi. Өйткенi өндiрiс салынса, өнiм өндiрiледi, жұмыс орындары ашылады, ең бастысы, зейнетақы қорларының қаржысы тиiмдi жұмсалып қана қоймай, қорларға табыс әкеледi делiнген-дi. Сөйткен қорлар қаржысы инфрақұрылымдық жобаларға бағытталса қане? Осы күнге дейiн зейнетақы активтерi есебiнен бiрде-бiр инфрақұрылымдық жоба жүзеге аспады.

Қазiр үкiмет зейнетақы қорларының қаржысын инфрақұрылымдық жобаларға жұмсау туралы тағы сөз қозғай бастады. Бiрақ, бұл жолы жобаларға мемлекет кепiлдiгi берiлетiн көрiнедi. Үкiметтiң сейсенбiлiк отырысында Экономика және бюджеттi жоспарлау министрi Бақыт СҰЛТАНОВ осылай деп мәлiмдедi. Сұлтановтың айтуынша, қорлар қаржысы үшжылдық бюджетте белгiленген тапшылық өсiмiн ескере отырып пайдаланылады. Сондай-ақ “Самұрық-Қазына” мен “ҚазАгроның” жобалары да зейнетақы қорларының қаржысы есебiнен қаржыландырылады.

Үкiметтiң бастамасы құптарлық, әрине. Бiрақ осы уақытқа дейiн зейнетақы қорларының қаржысы есебiнен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға кiм кедергi келтiрiптi?… Зейнетақы қорлары қауымдастығының төрағасы Айдар ӘЛIБАЕВ бұл күдiгiмдi одан бетер қоюлата түстi.

– Инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асады дегенге сенбеймiн. Бiр жағынан зейнетақы қорлары мұндай жобаларды, өндiрiс орындарының салынуын қос қолымен қолдайды. Өйткенi жобалар iске асса, бұл қорларға табыс әкеледi….”. Авторы: Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ.

Қазаншының өз еркi, қайдан құлақ шығарса”. “РЕСМИ СТАТИСТИКА БОЙЫНША, 1,1 ПАЙЫЗ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСIМГЕ ҚОЛ ЖЕТКIЗДIК. Бiздiң үкiмет көп қателеседi. Бiр ғана мысал – 2009 жылғы ЖIӨ-нiң көрсеткiшi 0,1 пайыз болуы керек деп меже белгiлеген едi. Үкiмет “байқамай” ол межеден де асып түсiптi. Ендi мiне, ресми статистикалық мәлiметтерге сенсек, президент күткендей, елiмiздiң ЖIӨ-сi 1,1 пайызға өсiптi. Және қараша мен желтоқсан айларындағы көрсеткiштер экономикамыздың рецессиядан бiртiндеп шыға бастағанын байқатады-мыс. 2009 жылдың бiрiншi және екiншi тоқсанында көрсеткiштерiмiз “минуста” болды, үшiншi тоқсанда нөлдi көрсеттi. Ал желтоқсан айындағы экономикалық өсiм қарқыны тiптi де “таңғаларлық”. Айталық, “Ракурс” экономикалық талдау орталығы осы статистикалық деректерге сүйене отырып мынадай баға берген: “Алдыңғы тоқсанға қарағанда төртiншi тоқсанда 5 пайыздық өсiм бар. Былтырғы жылдың осы тоқсанымен салыстырғанда ЖIӨ-нiң өсiмi 7 пайызға артқан. Желтоқсан айындағы жетiстiк жалпы 2009 жылғы көрсеткiштерiмiздi алдыңғы жылғы көрсеткiштерiмiзге қарағанда 0,5 пайызға көбейткен”…

“Бүгiнгi күнi экономикалық өсiмнiң артуына ешқандай негiз жоқ. Өсiм болған күннiң өзiнде, бұл – мемлекеттiң сырттан қарыз алуының есебiнен. Сырттан алынған қарыздарда бюджетке кiрген кiрiс болып есептелiнген болар. Тауарлар номенклатурасы мен халықтың экономикалық белсендiлiгi бойынша есептесе, ЖIӨ көрсеткiшi — 5 пайызға құлдырауы ықтимал”, – дептi “Республика” басылымына берген сұхбатында Қазақстан даму институтының президентi Мағбат СПАНОВ.

Қалай десек те, бұрынғы басшысы бас сауғалап, құқық қорғау органдарынан қашып жүрген статистика агенттiгiнiң мәлiметтерiне сену де қиын. Әйтеуiр, үкiмет соңғы тоқсанда айды аспанға бiр-ақ шығарды –1 пайыз болса да, өсiмге қол жеткiздi. Бiрақ қандай жолмен? “Қазаншының өз еркi, қайдан құлақ шығарса” дегеннiң керi болмаса игi”. Авторы: Ш. ЖАРҚЫМБЕК.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “ТүйдектеЛген түтін. Ластанған ауа. Тарылған тыныс”. “Осыдан оншақты жылдан астам уақыт бұрын Қазақстанға әлемге әйгілі “Филипп Моррис” компаниясы келіп орнықты. Алматы облысының Іле ауданының аумағында, оның бірнеше кәсіпорындары салынып, ол жергілікті бюджетті толтырудағы жаңа инновациялық жоба болып саналды. Кеңес Одағы кезінде темекі комбинаттарын шикізатпен жабдықтап отыратын Шелек ауданының темекімен айналысатын шаруашылықтары қайтадан ширығып, шаруаларын жолға қоя бастады. Алғашында бәрі де ойдағыдай жүзеге асырылып, халықтың тұрмыс-тіршілігі мен әл-ауқатына дем беретін жаңа бір серпін пайда болды.

Алайда, араға бір-екі жыл салып, Іле ауданының орталығы болып есептелетін Өтеген батыр кентінің (бұрынғы Энергетический) тұрғындары үшін ауру-сырқаудың жаңа түрі пайда бола бастады. Өйткені, іргеде орналасқан “Филипп Моррис” комбинатынан шығатын түтін мен жағымсыз иіс желді күндері бірнеше шақырымға дейін шалқып, тұрғындардың мазасын кетірді. Тіпті, жүрек қан тамырлары, басының сақинасы және тыныс жолдары ауруларымен сырқаттанатын жандарға бұл аса қиындық келтірді. Олардың біразы талай жылдардан бері құтты орындарына айналған баспаналарын тастап, темекі түтінінен аулаққа көшуге мәжбүр де болды…”. Авторы: Дабыр НҰРҚАМЫТҰЛЫ.

JASQAZAQUNI.KZ. “Әкім және ауданның “алтын кезеңі”. “Бір кездері облысымызды басқарған қазақтың біртуар ұлы Еркін Нұржанұлы Әуелбеков пен оның Арал ауданын басқарған адал шәкірті, лайықты ізбасары Балтабай Ақпанбетовтен басқа атқамінерлер, тіпті өз топырағынан жаралған басшылар да бұл қасиетті жерге айтарлықтай еңбек сіңіре алмағаны ащы шындық. Керісінше, көбісі әңгір таяғын ала келді. Жергілікті жерден шыққан облыс көлеміндегі, аудан көлеміндегі басшы кадрлар жаппай қудаланды. Ел бірлігіне сызат түсті. Соның салдарынан аудан шаруашылығының басты салалары тұралап, байланыс, көлік қатынасы, жол салу жұмыстары дұрыс дамымай келді. Барды базарлай алмай, мәдениет ошақтарын, парктерді аздырып-тоздырып жіберді. Мектеп құрылысы мен аурухана жағдайы облыс деңгейінен әлдеқайда артта қалды. Ел арасында “Балтабай Ақпанбетовтің жасағанын қиратып үлгере алмай жатырмыз” деген ащы сөз нақылға айналып кетті.

Ұлттық құндылықтар, тарихи мұрағаттар қараусыз күйге түсті. Жұмыссыздық қаладан асты. Кеңестік әскерилерден қалған ғажайып ғимараттар, ен бойлық көрінгеннің қолында кетті. Өкініштісі сол, атқамінерлер бұл күйзелісті өтпелі кезеңнің қиындығына теліп, әрекетсіз қалды. Алайда, “жыртық үйдің құдайы бар” дегендей, облысымызға И.Адырбеков пен ауданымызға Н.Мұсабаевтың келуіне байланысты ауданымызда жылы леп есе бастады. Шаруашылық, байланыс пен көлік, әлеуметтік салалардың барлық түрлеріне жан еніп, соны серпін пайда болды. Әр ауылда жаппай құрылыс салу үрдісі халық көңіліне үлкен үміт отын жақты. Болашаққа деген сенім күшейді…”. Авторы: Нұрбай ЖҮСІП.

Ордалы жылан” қайта басылып шыға ма?”. “Мекемтас ТІЛЕУЛЕСОВ “Ордалы жылан” және “Шымкентская мафия” кітаптарын қайта шығаруды армандайды. Оның інісі, кітаптардың ауторы Теміртас ТІЛЕУЛЕСОВ екі жыл бұрын дүние салды. Ал, әлгі екі кітаптың басты кейіпкерлері билік пен оппозициядағы қызметтерін жалғастыруда.

Бұл кітаптың басты кейіпкерлерінің бірі – сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі, қазіргі Қазақстанның Ресейдегі елшісі Зауытбек ТҰРЫСБЕКОВ, оппозицияның қазіргі жетекшілерінің бірі Жармахан ТҰЯҚБАЙ, Қазақстан Республикасының премьер-министрінің қазіргі орынбасарларының бірі Өмірзақ ШҮКЕЕВ. Шығармада аты-жөндері аталған үлкенді-кішілі кейіпкерлер кітапта жазылғандарды жоққа шығарып, Теміртас Тілеулесовпен соттасып жатпады.

Бұл даулы кітаптың фабуласы мынадан басталады. Оңтүстік Қазақстан облысының басшылары сол кездері Шымкент мұнай базасының директоры болып жұмыс істейтін Теміртасты, Шымкент облысының бұрынғы жетекшісі Асанбай АСҚАРОВқа үй салып беру үшін қаражат жинау керек деген желеумен ақша ұрлауға мәжбүрлейді. Трайбалистердің құрылтайы, тәуелсіз Қазақстандағы алғашқы тапсырыспен кісі өлтірулер, жабайы жекешелендіру, жасырын тыңдаумен, диктофондық жазбамен байланысты детективті сюжеттер – осылардың барлығы кітапқа аса бай фактологиялық материалдар берген.

Теміртас Тілеулесовтің өзі өмірінің соңғы күндеріне дейін іздеуде болып, полициядан жасырынып жүрді. Өйткені, Шымкент соты Теміртасты “бұзақылығы” үшін екі жылға соттағандықтан, полиция оны бірден тұтқынға алатын еді…”. Авторы: Гүлмира ҚАМЗИЕВА.

ABAI.KZ. “Озық халықтың тіліне өткенмен – озбайсың”. “Белгілі саясаттанушы Әзімбай ҒАЛИ бұл сұхбатында өзінің “Үлкен қазақ ұлты концепциясынан” бастап еліміздегі дін, діни ағымдар туралы тосын ойлар айтады. Ол сондай-ақ мұнайлы ел Нигерияны мысал ете отырып, озық елдердің тіліне, діліне өткенмен — озбайсың деген деген ойын ашық білдіріпті.

— Өзіңіз білесіз, елімізде жарияланған Ел бірлігі доктринасы қоғамда үлкен дау-дамай туғызды. Ең қызығы, кейбір ресейлік сайттар мен отандық орыстілді сайттар дабыл қағуда: Ел бірлігі доктринасы Әзімбай Ғалидің “Үлкен қазақ ұлты концепциясымен” үндес көрінеді. Сіз мұнымен келісесіз бе?

— Иә, мен де оқыдым. Бұл мақала russians.kz сайтында жарияланған еді. Сенен сұрайын деп едім, шынымен-ақ солай ма?

— Негізі, сырт көзге олай емес сияқты. Өйткені сіз көтеріп жүрген концепцияның жанында доктрина мүлдем басқаша бағытта…

— Иә, өте жұмсақ. Мен де соны айтайын деп отырмын. Менің концепциям ұғынықты әрі қазаққа өте жақын. Ал олай болса, бұл дегеніңіз — Ресейдің өзіндік қара пиар-әрекеті. Олардың бұлай айтуына ешқандай да негіз жоқ. Мен де ойланып қалдым: қалайша мен өзімді-өзім танымаймын ба деп…

— Яғни, мұндай тұжырыммен келіспейсіз ғой…

— Келіспеймін. Мен әлгі мақаланы бір-ақ жерден оқыдым, мақаланың өзі ресейлік бір сайттан алыныпты. Негізі, олар Үкіметтің доктринасымен сабақтастыру арқылы мені құбыжық қылып көрсететін сияқты. Меніңше, мемлекеттік доктрина тым жұмсақ. Ол менің айтқаныммен сәйкес келмейді. Тіл мен ұлт жасау мәселесінде өзіндік көзқарастар бар. Бірақ бұл менің ойыма сәйкес емес….

— Сіздің концепцияңыз бойынша, еліміздегі түркі тілдес ұлт өкілдері мен мұсылмандар бірінші кезекте ассимиляцияланып, “үлкен қазақ ұлтының” негізіне айналуы керек. Бұл тұста мұсылман, түркі тілдес ұлыстар мен қазақ ұлтының арасындағы қазіргі жағдайға қандай баға берер едіңіз? Олар қазақтануға дайын ба?

— Жалпы, ассимиляцияның екі түрі бар: бірі — саяси ассимиляция, екіншісі — тілдік. 1991 жылы Қазақстан халқы саяси ассимиляцияға көнді. Қазақ элитасы мырзалық көрсетті: “нольдік нұсқа” ұсынып, “кім елде қалам десе, оған ешқандай тілдік қысым жасалмайды және азаматтық беріледі” деп кеңшілік жасады. Яки, Балтық жағалауы елдерінің ізімен жүрмеді. Қаламын дегеннің бәрі елде қалды, азаматтық алам дегені алды. Кейбірі үш-төрт жыл созып жүрді, біраз адамдар КСРО төлқұжатымен де жүрді. Кейбіреулер екі төлқұжат алды: Қазақстан мен Ресейдікін. Жасыратын несі бар, қазір де ондайлар бар. Бір кездері Солтүстік пен Шығыс Қазақстандағы орыстардың бестен-бірінде Ресей төлқұжаты болатын, “оларды Молдова, Украинада анау-мынау болып қалса, қолданамыз” деген де ой болған шығар. Бірақ олар төлқұжат алғанымен, Ресей қазақтың ісіне араласып, бас ауыртқысы келмеді. Дегенмен, әлі күнге дейін Қазақстанда Ресей төлқұжаты бар адамдар жоқ емес. Қалай дегенмен де, саяси ассимиляция жүзеге асты. Олар бірнеше сайлауларға қатысты, бұл — саяси ассимиляцияның көрінісі. Бірақ басқа құндылықтарды қабылдамады.

Екінші деңгейі — тілдік ассимиляция. Тілдік ассимиляция — өз тілімді білемін, енді мемлекеттік тілді де үйрендім деген мәселе. Бұл тілдік-лингвистикалық ассимиляция. Тілдік ассимиляцияға саяси ассимиляциядан кейін ең тез көнген — түркі халықтары. Ең жақсы қабылдағаны — ұйғырлар мен өзбектер, т.б. түркілер. Мысалы, қазақ тілін білем деушілер — ұйғырларда 80 пайыз, өзбектерде 70 пайызға дейін. Ал нақты сан бұдан да жоғары болуы мүмкін. Екінші кезеңнің бір көрінісі — ұлтаралық некелер. Мұндай некелерде ең көп ассимиляцияға түсіп жатқандар ұйғырлар мен өзбектер. Қазір қазақпен қанша пайыз осы ұлыс өкілдерінің некеге тұрып жатқанын айту қиын, бірақ әрбір төртінші ұйғырдың қызы мен жігіті ұлтаралық некеге түсіп жатыр. Менің ойымша, негізінен қазақтармен неке құруда. Қазір бізде орысты табу да қиындау, өйткені орыс өз қызын мұсылманға бермеуі де мүмкін, одан қыз алмауы да мүмкін. Ал қазақтармен некелесу көбірек кездеседі. Сол сияқты өзбектермен ұлтаралық некелер көп, бұрындары өзбек тұрған жерлерде қазақтар аз тұратын, қазір бұл жерлерге қазақтар көптеп кірді. Біздің байқауымызша, өзге ұлт өкілдерімен генетикалық ассимиляция жүріп жатыр. Бұл ассимиляцияның соңғы кезеңі….”. Әңгімелескен Кәмшат ТАСБОЛАТ.

KAZ.GAZETA.KZ. Алматы. 28 қаңтар. Kazakhstan Today — Кедендік одаққа қатысушы үш елдің Сауда-өнеркәсіп палаталары жеке қауымдастық құрады. Бұл туралы ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Ерлан ҚОЖАСБАЙ кеше өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

«Қазақстандық бизнес тұтас алғанда Біртұтас кедендік одақтың құрылуын позитивті бағалайды, осы салада қиындықтардың бар екендігін, бірақ оның оң жақтары ұзақ мерзімді перспективада басым болатындығын объективті түсінемін», — дейді ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Ерлан Қожасбай.

Қазақстанның Сауда-өнеркәсіп палатасы өз миссиясын кәсіпкерлерді қолдау деп санайды, бұл әсіресе Біртұтас кедендік одақты құруда өзекті болып отыр.

ҚР СӨП Одаққа қатысушы мемлекеттер — Ресей мен Беларусь нарығына шығуды жоспарлап отырған Қазақстан бизнесіне көмек көрсетуге дайын.

Бұдан басқа, ҚР СӨП президенті Ерлан Қожасбайдың айтуынша, «бизнеске тиімді әрекет ету мақсатында, Кедендік одаққа қатысушы үш елдің Сауда-өнеркәсіп палаталары жеке қауымдастығын құрады. Ұйым одақ шеңберінде кәсіпкерлерде туындайтын проблемаларды жедел анықтауы мен шешуі, әртүрлі сипаттағы көмектер көрсетуі, СӨП сарапшылары кәсіпорындардың үшінші елдер нарықтарына шығуға ұсынымдарды дайындауы керек. Қауымдастыққа 30-дай мүшелердің, әр тараптан 10 қатысушыдан кіретіндігі болжанып отыр».

«Кедендік одақтың дамуымен үш қатысушы мемлекеттер шеңберінде СӨП қызметі белсендірек бола түседі, ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасына ресейлік, белоруссиялық компаниялар тарапынан және керісінше сұраныстар саны көбейе түседі. Біз БКО мүше елдердің бизнес өкілдерімен бизнес көпірін құру функцияларын орындауға дайынбыз»,- деді ол….

Астана. 28 қаңтар. Kazakhstan Today — ҚР Статистика агенттігінің бұрынғы басшылығының заң бұзушылықтары 2009 жылы өткізілген халық санағына қатысты мәліметтердің дер кезінде өңделмеуіне себеп болды. Бұл туралы бүгін өткен парламент сенатының жалпы отырысында ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан СМАЙЫЛОВ мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

«Қазір біз халық санағының қорытындысын шығару бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Өткен жылы бұрынғы басшылыққа қатысты қылмыстық іс қозғалуға байланысты қорытындылау жұмыстары созылып кетті және ол уақытша тоқтатылды», — деді Ә. Смайылов.

Оның айтуынша, «бұл жұмыстар тек 2009 жылдың аяғында, дәлірек айтсақ, қараша- желтоқсан айларында ғана қайта жанданды». «Көптеген кемшіліктерге жол берілген, оларды түзету қажет болды және компьютерлік бағдарламаны қайта жазып шығу қажеттігі туындады», — деді агенттік төрағасы.

Ол «қазір агенттік қорытындылау жұмысын аяқтауға жақын» деп депутаттарды сендірді. Оның айтуынша, халық санағына қатысты ресми мәліметтер таяу уақыттарда жарияланады.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ