«Авторитарлық капитализм Батысқа қыр көрсетеді». «Мемлекеттік тіл саясатына бөлінген қаражат жыл сайын артуда… 2009 жылы бөлінген қаржы 5 миллиардқа жетті». «Бұларға стипендияны үйлеріне апарып беру керек»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 5 ақпан 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Ресейдегі, Қазақстандағы және Әзірбайжандағы авторитарлық капитализм Батысқа қыр көрсетеді”. “Постсоветтік және батыс елдеріндегі орта таптың жағдайы әртүрлі. Бұрынғы советтік елдерде “авторитарлық капитализм” орнығуда. “Азат Еуропа”/”Азаттық” радиосының жүргізген зерттеуінің нәтижесі осындай.

Британдық жазушы Тимоти Гартон ЭШ бұған байланысты мынаны айтады:“1989 жылдан бері бірінші рет демократиялық капитализмге өте маңызды бәсекелес пайда болды және бұл – ресейлік немесе қытайлық нұсқадағы авторитарлық капитализм. Оларды Батыс қолдап отырған жоқ. Бірақ, дамушы елдердегі көптеген адамдар олар десе аузын ашып, көзін жұмады. Жиырма жылдан бері бірінші рет бізге қарсы елеулі қарсылас пайда болды”…”. Авторы: Александр НАРОДЕЦКИЙ.

Тимур Құлыбаев туралы мақала жарияланған “Свобода слова” газеті тәркіленді”. “Свобода слова” басылымының бейсенбі күнгі баспаханадан шыққан санының тең жартысын билік орындары тәркіледі деп хабарлады газет редакциясы...”. Авторы: Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ.

Азаптауға қарсы шара өткізгендер полицияға “Азаптауға жол жоқ!” кітапшасын тапсырды”. “Алматыда “Ар.Рух.Хақ” қоғамдық ұйымының өкілдері азаптауға қарсы халықаралық күнді бейбіт шарамен атап өтті. Оны өткізгендер осы шараны басынан аяғына дейін жіті қадағалаған полиция қызметкерлеріне “Азаптауға жол жоқ!” деген кітапша тапсырды..”. Авторы: Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ.

ANATILI.KZ. “Қазақтың 1000 күйі” жарыққа шыққалы жатыр”. “…Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕДтің басшылық етуімен “Қазақтың музыкалық антологиясы “Мәңгілік сарын: қазақтың 1000 күйі мен 1000 әні” жобасының жүзеге асып жатқаны белгілі. Осы орайда алдағы уақытта аталған жоба аясында “Қазақтың 1000 күйі” атты жаңа антология жарыққа шыққалы отыр. Біз осы жаңалықпен алаш жұртын алғашқылардың бірі болып сүйіншілегелі отырмыз….

Жалпы, дәстүрлі өнер – қазақ халқының әлемдік өркениетке қосқан үлкен үлесі, ең қымбат қазынасы, асыл мұрасы. Бүгінгі таңда мұндай ұлттық құндылықтар жалпы халықтық, мемлекеттік қамқорлықтың арқасында ғана өсіп-өркендей алатыны бесенеден мәлім жайт болса керек-ті….”, — деп белгіледі Абылайхан ҚАЛНАЗАР.

AIKYN.KZ. “Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: БІЗ ҰСТАНАТЫН САЯСАТ САБЫРЛЫ БОЛУЫ КЕРЕК”. “…Президенттің Алматыдағы резиденциясында Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ елдегі белгілі өнер қайраткерлерімен арнайы кездесу өткізді. Айта кетсек, бұл Президенттің халыққа Жолдау жариялағаннан кейінгі өткізген бірінші кездесуі болып отыр.

Зиялы қауым алдында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев былай деді: — Құрметті өнер қайраткерлері! Еліміздің тәуелсіз тарихында қарапайым кезеңдер болған емес. Бізге бәрін де жаңадан құруға тура келді. Осы жылдар ішінде көп нәрсеге қолымыз жетті. Бүгін мемлекет алдында, халық алдында аса күрделі міндеттер тұр. Бұл — ұлттың бәсекелігін арттыру міндеті. Әлем бір орнында тұрмайды, тіпті қазіргі орнымызды сақтап қалу үшін де үнемі алға жылжып отыруымыз қажет. Біз әлемдегі ең дамыған 50 елдің қатарына ену мақсатын қойып отырмыз. Сондықтан тағдырымызды айқындайтын осындай батыл саяси шешім қабылдау кезінде қоғамдық келісім мен тұрақтылықтан басқа жолды таңдай алмайтынымыз анық. Бұл біздің тарихымыздың, халқымыздың, Қазақстанның болашағы алдындағы ортақ жауапкершілігіміз. Біздің жоспарларымыз анық, міндеттеріміз қойылды. Олардың барлығы да әбден пысықталған, жан-жақты ойластырылған. Мұндай толыққанды құжат бұрын-соңды бізде болған емес, біз барлық салаларды қарастыруға тырыстық. Дағдарыстан бүкіл әлем әлі де есеңгіреп отырғанда, біз болашақта гүлденетін Қазақстанның мықты негізін қалап отырмыз. Біз өз өмірімізді, балаларымыздың тағдырын, бүкіл қазіргі және болашақ ұрпақтардың тағдырын түбегейлі өзгерту үшін қолдан келер жақсылығымызды аямауымыз керек. Мен сіздерге сенемін, сіздердің талантыңыз бен мүмкіндіктеріңізге сенім артамын, Қазақстанның еңбекқор халқына сенім білдіремін. Алға қойылған барлық мақсаттарды орындау — қолымыздан келеді. Біз міндетті түрде бұл мақсаттарды орындаймыз. Осы жолда барлығымызға да сәттілік тілеймін, — деді Президент Нұрсұлтан Назарбаев.

— Бүгін қалыптасқан игі дәстүр бойынша өздеріңізбен кездесіп, әңгімелесудің реті келді, — деді Президент.

— Қазақта “орамал тон болмайды, жол болады” деген сөз бар. Өзімнің жеке қорымнан әдебиет пен өнер адамдарына арнап осы Президенттік стипендияны тағайындағаныма биыл 15 жыл толды…”.

EGEMEN.KZ. “Өнер мен әдебиет – халықтың жаны”. “Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ елдің зиялы қауымына үндеу жолдады. 3 ақпанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы резиденциясында еліміздің шығармашылық интеллигенция өкілдерімен кездесті.

“Құрметті мәдениет қайраткерлері! Біздің тәуелсіздігіміздің тарихында оңай кезеңдер болған емес. Бәрін жаңадан бастауға тура келді. Осы жылдар ішінде көп іс тындырдық. Бүгінде мемлекет алдында, халық алдында қыруар міндеттер тұр. Бұл – ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндеті. Әлем бір орнында тұрмайды. Тіпті, өзіміз қол жеткізген ұстанымдарды ұстап тұрғымыз келсе де, үнемі алға қарай қозғалуымыз қажет. Біз алдымызға әлемдегі ең дамыған 50 елдің қатарына кіру міндетін қойдық.

Сондықтан осындай саяси мақсаттарды шешу кезінде қоғамдық келісім мен тұрақтылықтан өзге ешқандай жол жоқ. Бұл біздің тарих алдындағы, халық алдындағы, Қазақстанның болашағы алдындағы ортақ жауапкершілігіміз.

Қазақстан өз дамуының жаңа кезеңінің табалдырығында тұр. Халыққа Жолдауымда мен 10 жылдық перспективаға арналған дамудың басым бағыттарын жария еттім. Оның барлығы біздің алдымызда тұрған, таяу жылдардың күн тәртібінен түспейтін жаңа міндеттер ретінде аталды… Өнер мен әдебиет – халықтың жаны, — деді бұдан соң Елбасы. – Төл мәдениетпен тәрбиеленген адам қашанда рухы биік, туған жерін, халқын сүйетін болады…

“Бір қазақ перзентіндей ана тілімді мен де сүйемін…”

Елбасы қай кезде де көкейкестілігін жоғалтпаған тіл мәселесіне қайта ойыса отырып:

– Халықтың мәдениеті оның тілімен жасалатыны белгілі. Тіл тек қатынас құралы емес, ұлттың бар сипатын анықтайтын оның негізгі кілті. Сондықтан тәуелсіздік алғаннан кейінгі ең үлкен мәселенің бірі – тілімізді дамыту болды. Осыған байланысты “Тілдерді дамыту мен қолданудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы” қабылданып, жұмыс істеп келгенін өздеріңіз жақсы білесіздер.

Менің тапсырмам бойынша “Мемлекеттік тілді дамыту” Президенттік қоры құрылып, жұмыс істеуде.

Мемлекеттік тіл саясатына бөлінген қаражат жыл сайын артуда. 2005 жылы осы мақсатқа 133 миллион теңге бөлінсе, 2009 жылы бөлінген қаржы 5 миллиардқа жетті.

Қазір бұл бағдарламаның екінші кезеңі – 2011-2020 жылдарға арналған жобасы дайындалу үстінде…”. Дайындаған Айнаш ЕСАЛИ.

TURKYSTAN.KZ. “Көшi-қон саябыр тапты, ал “Нұрлы көш” түйткiлдi шешер емес”. “Биылғы жылғы жоспарға сәйкес, «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша 1400 отбасы көшiп келуi тиiс. Бұл жөнiнде Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi Көшi-қон комитетiнiң төрағасы Қабылсаят ӘБIШЕВ мырза мәлiм еткен болатын. Жалпы, биылғы жылға бөлiнген мемлекеттiк көшi-қон квотасы 20 мың отбасын құрап отыр. Былтырғы квота бойынша, Қазақстан аумағына қоныстанған отбасылардың саны 16 мыңға жеткен…

… Былтыр «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша, 3 пилоттық жобаның қолға алынғаны белгiлi. Ол — Оңтүстiк Қазақстан облысының Шымкент қаласында, Ақмола облысының Красный Яр ауылында және Шығыс Қазақстан облысының Курчатов қалаларында жүзеге аса бастаған.

Былтыр осы жобалардың iшiнде ең жемiстi болғаны — Шымкент қаласындағы «Асар» шағын ауданы ғана. Онда осы бағдарлама аясында 239 үй бой түзеп, оның 139-ы пайдаға берiлген болатын. Көкшетау қаласының Красный Яр ауылында 2 пәтерлi 138 үйдiң құрылысы аяқталып, бүгiнде 113 отбасы пәтерлi болған. Әрине, бұл үйлер оралмандарға басы-бүтiн тегiн берiлiп жатқан жоқ. Пилоттық жобаға қатысушылар үй салынып жатқан кезеңде, 5,5 жылдың iшiнде депозитте пәтер құнының 50 пайызын жинақтау мақсатында, банкпен келiсiмшарт жасасып, шотқа ақшаларын сала бастайды. Олардың салымына әдеттегiдей жыл сайынғы Банк пайыздары (2%) мен мемлекет сыйақысы қосылып отырады. Баспана құрылысы аяқталғаннан соң жобаға қатысушы үйдi жалға алады. Қажеттi соманың алғашқы бөлiгiн жинағаннан кейiн банктен екiншi жартысын 10 жылға 4,5 пайыздық жылдық мөлшерлемемен алып, тұрып жатқан үйiн сатып алу мүмкiндiгi бар. Үкiмет «Нұрлы көш» бағдарламасына қатысушыларды таңдау барысында олардың жұмыс iстеу мүмкiндiгiн ескеретiн болады. Демек, бұл баспаналарға тек жұмысқа жарамды және мамандығы бар адамдар ғана қол жеткiзе алады. Бағдарламаның негiзгi мақсаты — қазағы да, адам саны да аз солтүстiк пен шығыс өңiрлерге оралмандарды көптеп тарту болғаны мәлiм. Бiрақ, сол шығыс пен солтүстiк мәселелерi әлi ақсап тұрған тәрiздi…

Ал, Шығыс Қазақстан облысының Курчатов қаласында бұл мәселенiң бұдан да баяу жүргiзiлiп жатқандығы мәлiм болып отыр. «Қазақпараттың» 2009 жылдың 25-желтоқсанындағы мәлiметi бойынша, 85 отбасы «Нұрлы көш» бағдарламасына тартылған. Ал, жоспар бойынша 200 отбасы Курчатовта қайта жөндеуден өткен үйлерге қоныстануы тиiс болатын. Кейбiр мәлiметтерге қарағанда желтоқсан айында пайдаға берiледi деген екi үйдiң жал құны қандай болатындығы әлi мәлiм еместiгi көрiнедi. Биылғы жылы Курчатов қаласы тағы 362 отбасын қабылдауы тиiс”. Авторы: Есенгүл КӘПҚЫЗЫ.

ALASHAINASY.KZ. “Ғарышқа қазақтың да бар таласы”. “…Дербес саясатымыз стратегиялық әріптес санайтын Ресейдің қитығына тиіп кетсе керек, қаңтар айында солтүстіктен соққан боранмен бірге салқын мәлімдемелердің де лебі сезілді. Ресей билігін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған “Біртұтас Ресей” партиясының Мемлекеттік Думасындағы мүшесі Михаил НЕНАШЕВ мәлімдеме жасап, Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат МҰСАБАЕВты Ресеймен ынтымақтасуға ынталы емес деп сөкті.

Оның айтуынша, бұл – тек қана ведомство басшысының ұстанымы емес, сонымен қатар мемлекет басшылығының пиғылы. Дума депутатының бұл сөзі өзін ұстап беріп отырған сияқты. Мұсабаевтың ісінің артында мемлекет басшылығы тұрса, Ненашевтың артында кім тұрғаны? Демек, Ресей билігі біздің жеке іс жүргізуімізді құптамайды. Әріптестік деген желеумен өзге елдің ішкі саясатына араласып, бірқатар мемлекетпен араздасып үлгерген Ресейдің көздегені не?

Сапасы сын көтермеген “ҚазСАТ-1-дің” шығынын өтеуге тиіс ел осылайша қыр көрсетіп отыр. Талғат Мұсабаев агенттіктің алқа жиынында “ҚазСАТ-3”, “ҚазСАТ-4-ті” өзге елдердің мамандары жасайтынын меңзеді. Кейінгі кезде ғарыш саласында Франциямен ынтымақтастығымыз көршімізге ұнамаған болуы керек, депутаттың аузымен “егер Қазақстан іс-жоспарын әрі қарай жалғастыра берсе, шаралар қолдануға тура келеді” деді...”. Авторы: Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ.

Фемиданың қисық таразысын қалай түзетеміз?”. “Еліміз 18 жыл бойы экономиканы дамыта отырып, әлеуметтік салаға басымдық беріп келе жатса да, саясатта да ілгерілеуді естен шығарған жоқ. Саяси модернизация мәселесін биылғы Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ тағы бір мәрте қадап айтты. “Жаңа онжылдықта біз өзіміздің экономикалық жоспарларымыздың табыстарын дәйекті саяси жаңғырту арқылы бекемдеп, саяси жүйемізді жетілдіруді жалғастырамыз. Және мұнда құқықтық реформа маңызды рөл атқаратын болады”, – деді Президент. Шын мәнісінде, саяси модернизация билік тармақтарының реформаланып, заманына қарай лайықталуымен жүзеге асырылмақ…

Аталған саланы реформалау туралы әңгіме кеше ғана басталған жоқ, дәлірек айтқанда, өткен жылдың қараша айында Астана қаласында Елбасының қатысуымен өткен Қазақстан Республикасы судьяларының V съезінде біраз мәселе айтылған болатын. Төрт жылда бір рет өткізілетін алқалы жиында Президент осы саланың жұмысы туралы “Сот жүйесінде шешілмеген мәселе көп. Судьялық корпус өзін әлі күнге дейін “кездейсоқ адамдардан” арашалап ала алмай отыр” деп қадап айтқан еді.

Енді міне, Елбасы тарапынан сынға ұшыраған сот жүйесінде нақты реформалар жүргізудің уақыты пісіп-жетілген сыңайлы. Сот жүйесін реформалауда қандай мәселелер жүзеге асырылуы мүмкін? Біздіңше, саладағы кемшіліктер сот шешімдерінің сапасынан да көрініп келеді. Бұл мәселеге қатысты, біріншіден, Мемлекет басшысы “Сот әкімшілігі жөніндегі комитетті Жоғарғы сот құзырынан шығарып, өзін жеке орган ретінде құру керек шығар” деген болатын. Ендеше Елбасы жөн сілтеген тетіктер арқылы жүргізілуі бек мүмкін.

Екіншіден, осы ұсынысымен қатар Президент “Сот төрағаларын жиі ауыстырып отыру тәртібін енгізу қажет. Олар бес жыл бойы бір жерде отырмауы керек. Сот төрағасын екі жылда бір рет ауыстыру қажет, осы мәселені қарастырыңдар. Бұл – судьялардың біліктілігін шыңдауға таптырмайтын тәсіл.

Өйткені біздің мақсатымыз – адал, әділетті, ұжданды, ең бастысы, арын ақшаға сатпайтын сот билігінің болуы”, – деген-ді. Сондай-ақ көршілес Ресейде 13 жылға жуық қолданылып келе жатқан алқа билер соты бізде үш жыл бұрын енгізілсе де, мамандардың айтуынша алқа билер соты өзінің қажетті деңгейіне жете алмаған көрінеді.

Төртінші мәселе – өркениетті елдерде сот жүйесіне сайлау енгізу…”. Авторы: Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ.

ZHASALASH.KZ. “Тұжырымдама – тұғырың”. “…Софы СМАТАЕВ, ақын: “Интерфакс-Қазақстан” ақпарат агенттiгiне берген сұхбатында Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ былай деген: “Бүлiкшiл интеллигенцияны, яғни зиялыларды алаңға аттандатып шығаруға дайын тұрған проблема қазақ тiл бiлiмiнiң кенжелеп қалғанынан және белгiлi халықаралық терминдердiң мағынасын халыққа түсiндiрiп беруге өресi жетпейтiн политологиядан ғана туындайды… 1991 жылдың 21 желтоқсанында Қазақстан Республикасы құрылды, оның негiзгi бөлiгiн қазақ халқы құрайтын “қазақстандық ұлт” пайда болды”. Бұдан кейiн Олжекеңдi қазақтың ақыны деп қалай айтасыз?! Кезiнде оны билiктен қорғағаным үшiн қатты өкiндiм. Ол қазақ ұлты мемлекетқұрушы ұлт дегендi мойындағысы келмейдi. Мұны не үшiн айтып отырмын? Себебi, Тұжырымдама О.Сүлейменов бастаған “космополиттер” тобына үлкен соққы бердi. Олардың тезистерi мен ойларын тас-талқан еттi. Ендi билiкке мұны қабылдатуымыз керек. Ол үшiн халық бiрiгуi керек.

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ, жазушы, сатирик: – “Ұлттық саясат тұжырымдамасын” мұқият оқып шықтым. М.ШАХАНОВ бастаған топ жұрттың көкейiндегiсiн дөп басып, ұлттық мәселелердi орын-орнына қойған екен. Десек те, бүгiнгi билiк “мұны қабылдамай ма” деп қауiптенем. Себебi, “қазақстандық ұлт” саясатының да, “үштұғырлы тiл” идеясының да қолдаушысы әрi жебеушiсi – Н.НАЗАРБАЕВ. Ол өзiнiң бастапқы ойынан бас тарта ала ма? Мен бұған сенбеймiн! Тұжырымдама билiктiң ұлтқатысты саясатының быт-шытын шығарған. Оны парламент те, ассамблея да қабылдамайды. Себебi, бiзде барлық билiк бiр адамның ғана қолында. Десек те, бiз алған бетiмiзден қайтпауымыз керек. Соңына дейiн күресейiк. Халықтық құжатты қабылдатуға Ақорданы мәжбүрлеу қажет. Онсыз мәселе шешiлмейдi.

Ермұхамет ЕРТIСБАЕВ: – Доктринаны дайындау кезiнде азаматтық бiрлiк ең басты мәселе ретiнде көрсетiлдi. Бұған жасанды түрде назар аударып, қолдан проблема жасаудың қажетi жоқ. Проблема жоқ. Көпұлтты халық ел президентiн қолдайды, Шаханов пен оған қосылған “Азат” ЖСДП тәрiздi доктринаға қарсы шықпайды… XXI ғасырда XIX ғасырдың ұлттық мемлекеттерiнiң методологиясымен жүремiз бе? Бiз тек қана этникалық ұстаным бойынша жүре алмаймыз. Билiк қарсыластары мынаны айтады: Конституцияға қазақ мемлекетқұрушы ұлт деп жазыңдар дейдi, бiрақ қалғандары “бiз салық төлеушi емеспiз бе?” деп сұрамай ма?”.

Айдос САРЫМ: – Ертiсбаевтың барлық түсiнiктердi бiр жерге топтап, оларды өзiнiң ойына келгенiнше пайдаланатын ерекше қасиетi бар. Егер ол бiздiң ғасырда және мыңжылдықта “ұлттық мемлекет” деген ұғым өзектi емес, келмеске кеткен десе, онда оның саясаткер және саясаттанушы ретiндегi құны екi-ақ цент…”.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Министр рақымшылық жасауды қалайды”. “Бұл жоба мақұлданса, 17 мың жазасын өтеуші бостандыққа шығады

Кейбір дерек көздеріне сүйенсек, еліміз әлемде сотталғандар саны жағынан 25-інші, ал, Орта Азия бойынша көш басында тұрған көрінеді. Өткен жылы Ғани ҚАСЫМОВтың депутаттық сауалы негізінде Үкімет “Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін атап өтуге байланысты рақымшылық жасау” туралы заң жобасын дайындап, Президент әкімшілігіне берген еді. Соған орай жақында Әділет министрі Рашид ТҮСІПБЕКОВ те түзету мекемелеріндегі жазасын өтеушілерге рақымшылық жасауды биылдан бастауды ұсынды. Министр кезінде Зағипа БӘЛИЕВА да жеңіл қылмыс түрлеріне жазаны жеңілдету қажеттігін айтқан еді.

Бұл тұрғыда бүгінде ел арасында екі түрлі пікір қалыптысты. Біреулер министр мен депутаттарды қолдаса, енді бірі темір тордағылардың мерзімінен бұрын босағанынан қоғамға ешқандай пайда келмесін тілге тиек етуде. Қалай дегенде де, “жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ”…”. Авторы: Түймегүл СМАҒҰЛҚЫЗЫ.

ABAI.KZ. “Бұларға стипендияны үйлеріне апарып беру керек”. “…Алматыдағы резиденциясында алқалы жиын өткізген Елбасы сөзін:

— Бүгін қалыптасқан игі дәстүр бойынша өздеріңізбен кездесіп, әңгімелесудің реті келді, — деп бастады. — Қазақта “орамал тон болмайды, жол болады” деген сөз бар. Өзімнің жеке қорымнан әдебиет пен өнер адамдарына арнап осы Президенттік стипендияны тағайындағаныма биыл 15 жыл толыпты…

Биылғы мәдениет саласындағы Мемлекеттік стипендиялар жазушы Мархабат БАЙҒҰТқа, ақындар Тыныштықбек ӘБДІКӘКІМОВке, Светқали НҰРЖАНға, Жарас СӘРСЕК пен Танакөз ІЛИЯСОВАға, суретші Қазақбай ӘЖІБЕКҰЛЫна, дирижер Дәурен ҒЫЛЫМОВқа, сазгер Ержан СЕРІКБАЙға, актер Дулыға АҚМОЛДАға т.б. берілді. Салтанатты рәсімнен кейін Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ, Асанәлі ӘШІМОВ, Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА, Роза БАҒЛАНОВА, Қалмұқан ИСАБАЕВтар суырыла сөйлеп, жарыса тілек білдірді.

“Жақсы сөз — жарым ырыс” деген. Аузы уәлі ақсақалдардың үлкені Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ Елбасына “Сіз елді мәңгі бақи басқара беріңіз. Оденауэр 91 жасына дейін билікте болған. Сіз де сөйтіңіз” деп өтінді. Роза БАҒЫЛАНОВА әдеттегідей “ақ патшамдап” бастағанда қазақ тілін әл ікүнге қақпайтын кейбір әріптестеріміз “мына кісі өлең оқып отыр ма?” деп күбірлесіп отырды. Осылайша ашылып сайрағандарға көңілі налығандықтан болар, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың сахибы Қалихан ЫСҚАҚ: “Бұларға стипендияны үйлеріне апарып беру керек”, — деп қойып қалды.

Жиын жақсы көңілмен, жарасымды әзілмен тарады”.

Келіннің жолы “кесірлі” болды”. “Естеріңізде болса, “Central Asia Monitor” басылымы жылжабар нөмірінде барыс жылында болуы мүмкін деп болжаған жаңалық ретінде “Оскар” сыйлығы ең үздік рөлі үшін “Келін” фильміндегі ешкіге бұйырды” деп әзілдеген-ді… Себебі, Американ киноакадемиясы жариялаған ресми тізімнен “Келінді” көре алмадық. Осыған дейін “шет тіліндегі ең үздік фильм” аталымы бойынша бақ сынасқан 65 фильмнің ішінен “Оскар” сыйлығының комитеті шертіп-шертіп, тоғызын таңдап алды… Сөйтіп, “Оскарға” шықпақ болған “Келіннің” жолы “кесірлі” болды…”. Дайындаған Ө.ДАРХАН.

USHKIYAN.KZ. “Көлік шынымен қымбаттады ма?”. “…Көлік нарығындағы соңғы дүрлігуге қатысты Сауда және индустрия министрлігінің мамандары “Еліміздегі көлік бағасының шарықтауына бірыңғай кеден одағы әсер етіп отырған жоқ. Бүгінгі қымбатшылықты делдалдар пайда табу үшін қолдан жасап отыр” деп мәлімдеме жасап та үлгерді. Себебі не десеңіз, статистика бойынша, сырттан келетін көліктердің бағасы елімізде сатылатын көліктердің құнынан бірнеше есеге төмен көрінеді. Алайда, кедендік бақылау комитетінің мәліметіне қарағанда, сырттан келетін көліктерге салынатын баж салығы жылы мен маркасына қарамай екі-үш есеге өскен. Ал бұл Ресейдегі салық ставкасымен теңесуге апарып тіреді. Бұл не деген сөз? Яғни, бұл алдағы уақытта шетелден тасымалданатын темір тұлпарлардың бағасы бәрі-бір қымбаттай береді дегенді білдірсе керек-ті. Керек десеңіз, оған өткен жылдың 15-ші шілдесінен бастап жүзеге асырыла бастаған “Еуро-2” халықаралық экологиялық стандартының енгізілуін қосар болсақ, ішкі айналымдағы ескі екеш ескі көліктер әлі де біраз уақыт престиждік тұғырдан таймайтын тәрізді…”. Авторы: Абылай МАМЫРАЙХАН.

MINBER.KZ. “Қазақ хандығына – 555 жыл”. “ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұқтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД мырзаның назарына

Керей мен Жәнiбек хандардың еңселi ескерткiшiн Шу өңiрiне жiберiңiз. Тарихи деректерге сүйенсек, Керей мен Жәнiбек сұлтандар Әбiлхайыр билiгiнен бас тартады да, соңына ерген барлық жұртымен түп көтерiле көшiп, Қозыбасы дейтiн байтақ қоныс пен Шу өзенiнiң бойында дербес хандықтың туын көтередi. Мiне, содан берi 555 жылдан аса уақыт өтiптi. Еркiндiк пен бостандықты аңсаған Керей мен Жәнiбектiң жаңа бiр ұлыстың дербестiгiн жариялауы Жамбыл облысының, сондай-ақ Шу ауданының ел-жұртын әрдайым толғандырып келедi. Елiмiз егемендiк алғаннан кейiн бiз бұл тарихи оқиғаға азаматтық ар-ожданымызбен, патриоттық парасатымызбен шын ықылас бiлдiретiнiмiздi ашық, әрi атап айтқанды жөн көрдiк. Соның жарқын бiр айғағы, 2010 жылдың күзiнде Қазақ хандығының Шу өңiрiнде құрылғанына 555 жыл толуын айрықша атап өтудi жоспарлап отырмыз. Осы мәдени шараның аясында Керей мен Жәнiбек хандардың еңселi ескерткiшiн тұрғызу да көзделген. Бiрақ, қаржы тапшылығынан ескерткiштi пайдалануға беру мерзiмi ұзарып кете ме деген күдiгiмiз бар.

Құрметтi министр мырза! Сiзге айтар тiлегiмiз мынадай: Керей мен Жәнiбек хандардың жаңадан жасалынған, бiрақ Астана қаласына қойылмаған ескерткiшiнiң киелi Шу өңiрiне орнатылуына көмек көрсетуiңiздi, тұрғылықты халықтың талап-тiлегiн ескеруiңiздi сұраймыз”.

С.ЗӘУIРБЕКОВ, Шу аудандық соғыс және еңбек ардагерлерi кеңесiнiң төрағасы,Қ.Қорғабаев, Шу қалалық соғыс және еңбек ардагерлерi кеңесiнiң төрағасы, А.ҚОСАҚОВ, Шу аудандық “Шу өңiрi” газетiнiң редакторы, М.УАҚТЕГI, Халық қаһарманы Қ.Рысқұлбеков атындағы қордың төрағасы және тағы басқалар. Төле би ауылы, Шу ауданы, Жамбыл облысы (Жас Алаш №10 (15468) 4 ақпан, бейсенбі 2010).

KAZ.GAZETA.KZ. Астана. 5 ақпан. Kazakhstan Today — Қазақстанның басым бөлігінде бұрқасын болады, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Қазақстанның шығыс және оңтүстік-шығыс аймақтары атмосфералық ағым бөліктерінің ықпалында болады. Ал ресубликаның қалған аумақтарының ауа райын антициклон тарамдары анықтайды.

«Мәселен, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының кей жерлерінде бұрқасындатып, 15-22 м/с жылдамдықта жел тұрады деп күтілуде. Маңғыстау облысында — кей жерлерде бұрқасын, көктайғақ, желдің екпіні 17-22 м/с болады. Қызылорда, Жамбыл, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай және Қарағанды облыстарында бұрқасын сақталады, секундына 15-20 метр жылдамдықпен жел соғады. Ал Оңтүстік Қазақстан облысында кей аумақтарда тұман, көктайғақ болады, желдің күші 15-20 м/с болмақ«,- делінген хабарламада.

Астана. 5 ақпан. Kazakhstan Today — Қазақстанның үш облысында ауа райының қолайсыз жағдайына байланысты қозғалыс жабылды, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, атап айтсақ, Шығыс Қазақстан облысында кешегі сағат 18.00-ден бері қарлы боран соғуына және көрінудің шектеулілігіне байланысты облыстық маңызы бар Күршім-Қалжыр автожолының 0-131 -ші шақырым аралығындағы бөлігі мен Семей-Қарауыл автожолында көліктің барлық түрлеріне қозғалыс жабылды. Қарағанды облысында кешегі сағат 20.00-ден бері ауа температурасының төмендеуіне байланысты жолаушылар тасымалдаушы және дизельді көліктер үшін барлық бағыттарда қозғалыс тоқтатылды.

Сондай-ақ, Павлодар облысында кешегі сағат 21.00-ден бері ауа температурасының төмендеуіне байланысты жолаушылар тасымалдаушы дәне дизельді көліктер үшін барлық бағыттарда қозғалыс тоқтатылды.

Алматы. 4 ақпан. Kazakhstan Today — Жалпы халықаралық резервтер 2010 жылдың 1 ақпанындағы жағдаймен 13,73%-ға өсіп 26405,3 млн долларды құрады, деп хабарлайды Kazakhstan Today Ұлттық банкке сілтеме жасап.

Есепті мерзімде ҚР Ұлттық қорының активтері 1,03%-ға өсіп, $24 619 млн құрады.

Қаңтарда еркін ауыспалы валютадағы активтері 15,61%-ға өсіп $23 953 млн болса, ал алтындағы активтер 1,92%-ға $2453 млн дейін азайды.

Таза халықаралық резервтер қаңтарда 14,07%-ға өсіп $25 847 млн құрады.

Ақша базасы 2584,6 млрд. теңге болды.

Ақша массасы 7386,5 млрд теңгеге жетті.

Инфляция 2010 жылғы қаңтарда 1,4% болды.

Айналыстағы қолма-қол ақша 913,5 млрд теңге.

Ресми қайта қаржыландыру ставкасы 7,0%.

Ақша базасы, тар мағынада 2045,9 млрд теңге болды.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ