«Билік «ұлт бірлігі» үшін ақсақалдарды саяси сахнаға шақырды». «Бірлік бар жерде – тірлік бар». «Эйр-Астана аймақтық ұшу бағыттарын кеңейтті»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 19 мамыр 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Билік «ұлт бірлігі» үшін ақсақалдарды саяси сахнаға шақырды”. “…Астанада сейсенбіде өткен үкімет мәжілісінде мәдениет министрі Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД ұлт бірлігі доктринасын жүзеге асыру жоспарын таныстырды. Үкімет көп ойланып жатпастан доктринаны жүзеге асырудың 2010 жылға арналған жоспарын бекітті…

Құл-Мұхаммедтің айтуынша, ұлт бірлігін жүзеге асыру жоспары негізінде елде жаңа институт — ақсақалдар кеңесі құрылады. “Ақсақалдар кеңесі, діни тақырыптарды насихаттауға арналған әдістемелік кеңес құрылатын болды”, — деді мәдениет министрі. Алайда Құл-Мұхаммед ақсақалдар кеңесінің атқаратын қызметі мен құзыретін ашып айтпады…

Қазақстанда танымал қаламгер Қабдеш ЖҰМАДІЛОВтің пікірінше, ақсақалдар кеңесінің атынан бұрын, оның құрамы маңызды болуы керек.

– Елде кеңес көп қой, бәрі ештеңе бітірген жоқ. Нағыз азаматтардан құрылған кеңестің ғана пайдасы болады, — дейді қаламгер. Тағы бір танымал қаламгер Герольд БЕЛЬГЕР ақсақалдар кеңесіне мүше болғысы келмейтіндігін жасырмайды. Оның пікірінше, бүгінгі күні билік кімнің де болса пікірін тыңдаудан қалған. Соған байланысты қаламгер өзінің сөзін босқа шығындағысы келмейді…

Еске сала кетсек, Орталық Азия мемлекеттерінде ақсақалдар кеңесі Түрікменстан, Қырғызстан және Өзбекстанда бар”. Авторы: Талғат ДҮЙСЕНБЕК.

AIKYN.KZ. “Тәжіктің “иті” қазақты қаппайды”. “Тәжіктерде көбейіп кеткен “ит” (полиомиелит жұқпалы вирусы) Қазақстанның да ақ халаттыларын алаң күй кешіріп қойды. Көрші елдегі дүрбелеңнен қауіптенген Денсаулық сақтау министрлігінің басшылығы жедел брифинг өткізіп, журналистер арқылы ата-аналарды балаларына уақтылы екпе жасатуға шақырды.

Полиомиелитті, әсіресе, бес жасқа дейінгі балалар жұқтырғыш келеді. Мұны Тәжікстан тәжірибесі де көрсетіп берді. Бұл елде осы уақытқа дейін тіркелген 278 баланың 90 пайызы — 5 жасқа дейінгі балалардан құралып отыр. Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Кеңес ОСПАНОВтың мәлімдеуінше, Қазақстанда сонау 1995 жылдан бері бірде-бір полиомиелитпен ауырған адам тіркелмеген. Ал 2002 жылдан бері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шешімімен Қазақстан полиомиелиттен ада мемлекет ретінде жарияланған болатын. Десек те, қауіп жоғары, өйткені сырқат ошағы — Тәжік елі шекаралас көршіміз. Оның үстіне Қазақстанның транзиттік ел екенін атап өткен Кеңес Оспанов:

— 30 сәуірде қол қойылған қаулы бойынша, полиомиелитке қарсы егілмеген балалар Қазақстан шекарасынан ішке қарай өте алмайды. Мұны қамтамасыз ету үшін Қазақстанның шекарасында 77 арнайы санитарлық-карантиндік бекет жасақтадық. Бекеттерде шетелден, әсіресе, Тәжікстаннан келген балаларға жұқпалы дертке қарсы вакцина егіледі. Балаға екпе жасалғаннан кейін ол 14 күн ішінде полиомиелитке қарсы иммунитетке ие болады. Міне, арнайы анықтамасы жоқ балаларға біз осыдан кейін ғана ел шекарасынан бері өтуге рұқсат етеміз, — деп мәлімдеді.

Ал Қазақстандағы балаларға келер болсақ, бас санитар республика балаларының 95-98 пайызы вакцинациялаумен қамтылғанын айтып отыр. Ал қаулы шыққанға дейін Қазақстанға келген тәжікстандық балаларға екпе тегін жүргізіледі….”. Авторы: Нұрболат АМАНЖОЛ.

EGEMEN.KZ. “БІРЛІК БАР ЖЕРДЕ – ТІРЛІК БАР”. “Үкімет “Ел бірлігі доктринасын” іске асыру жолдарын талқылады. Кеше Премьер-Министр Кәрім МӘСІМОВтің төрағалығымен Үкіметтің кезекті отырысы болып өтті. Онда Қазақстанның “Ел бірлігі доктринасын” іске асыру жөніндегі 2010 жылға арналған іс-шаралар жоспары талқыланды.

Күн тәртібіндегі осы мәселе бойынша Мәдениет министрі Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД баяндама жасады. …Бұл құжаттың негізгі қағидаттары 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарына енуі тиіс” деп атап көрсетті…

Биыл мемлекеттік тілді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасы жасалуда, деді Мұхтар Құл-Мұхаммед. Осыған байланысты жаңадан қазақ тілінде хабар тарататын телеарналар құрылады, қазақ тілді басылымдар мен интернетресурстарының бәсекеге қабілеттігін арттыру жөнінде кешенді шаралар жүзеге асырылатын болады. Осы орайда доктринада “Қазақ тілін меңгеруге шешуші басымдық беріледі. Мемлекеттік тіл рухани және ұлттық бірліктің негізгі факторы” деп атап көрсетілген, деді Мәдениет министрі. Үкімет мүшелері ұсынылған іс-шаралар жоспарын бірауыздан бекітті.

Отырысты Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов қорытындылап, жоспарды жасауға барлық министрліктердің қатысқандығын, доктринаны іс жүзіне асыру жөніндегі іс-шаралар еліміздің 2010 жылғы даму стратегиясымен толық сәйкес келетіндігін атап көрсетті. Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша жасалған доктрина ел бірлігіне қызмет етеді. Сондықтан әрбір министрлік, әрбір министр бұл құжатта көрсетілген шараларды мінсіз орындауға міндетті. Осыған байланысты Үкімет мүшелері арнайы есеп беріп отырады. Шараның орындалуы тікелей менің бақылауымда болады, деді Премьер-Министр сөзінің қорытындысында”. Авторы: Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.

ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮГІ ЖЕҢІЛ ЕМЕС”. “ЕҚЫҰ аясында Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру Ұйымның төрағасы ретінде еліміз үшін басымдықтардың бірінен саналады. Осы мақсатпен ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат САУДАБАЕВ Ауғанстан Ислам Республикасына жұмыс сапарымен келді.

Алдымен ЕҚЫҰ Іс басындағы төрағасы, еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев өзінің әріптесі, Ауғанстан Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі Залмай РАСУЛмен кездесті. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдету жайы сөз болды. Әсіресе, ауғандық студенттерді Қазақстанда оқыту барысына арналған жобаның жүзеге асуы үшін үкіметаралық комиссия құру жайына да назар аударылды…

ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрінің Ауғанстанға сапары былтырғы сапардың заңды жалғасы болып табылады. Мұнда тұрақтылық орнамай, Орталық Азия аймағында тыныштықтың болуы екіталай. Олай болса, аймақтағы көшбасшы ел ретінде Қазақстан өзінің бейбіткерлік миссиясын жете сезініп отыр деуіміз керек”. Авторы:Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ – Кабулдан.

ALASHAINASY.KZ. “Эйр-Астана” аймақтық ұшу бағыттарын кеңейтті”. “Таяуда “Эйр-Астана” әуе компаниясының Алматыдан Қытайдың Батыс орталығы – Үрімші қаласына, Тәжікстан астанасы – Душанбеге және Өзбекстанның ресми орталығы – Ташкентке әуе бағыты ашылады.

Алматы әуежайының ұшу бағытының аясын осылайша кеңейте түскен компания мұнымен тоқталып қалмақ емес. Олар қазір Омбы және Екатеринбург қалаларымен әуе байланысын орнатуды жоспарлап отыр. Сөйтіп, олар аймақтық әуе қатынасындағы әріптестікке де зор көңіл бөлуде. Бүгіндері “Эйр-Астана” ұлттық әуе компаниясы өзінің құрылғанына сегіз жыл толуын осындай жаңа бастамалармен атап өтуде.

Әуе тасымалының аймақтық бағыттарын кеңейтуге барынша күш жұмсап жатқан компания бұл ретте ұшақтарды да жаңалауды көздеп отыр. Яғни осы бағытқа ұшу үшін арнайы лизингке алынған жаңа буындағы үш “Эмбраер Е190” ұшағының бірі елімізге 2011 жылдың басында жеткізіледі. Ал оған дейін “Эйрбас А320” ұшақтары бұл міндетті атқаратын болады. Негізі, бүгінгі таңда “Эйр-Астана” ұлттық әуе компаниясының 21 ішкі және 23 халықаралық рейстер тасымалын батыста жасалған 22 замануи ұшақтар жүзеге асырады…”.

KAZ.GAZETA.KZ. 2010 жылдың 20 сәуірінде шет тілдерін тез оқып үйренуге арналған кәсіби IT-шешімдердің жетекші еуропалық өндірушісі «M.A.R.I.D.I» компаниясы ең озық әдістермен қазақ тілін үйренуге арналған өзінің СЛОВА БЕГОМ® бағдарламасын Астанада таныстырды.

M.A.R.I.D.I компаниясы мен Қазақстан өкілдері арасындағы «Қазақ тіліндегі СЛОВА БЕГОМ®» мультимедиялық бағдарламасын жасап шығару жөніндегі келіссөздер 2008 жылы басталған болатын. Латвия президенті Валдис ЗАТЛЕРСтің Қазақстанға ресми сапары барысында «Қазақ тіліндегі СЛОВА БЕГОМ®» бағдарламасын жасау жөнінде шешім қабылданған-тын.

2010 жылдың басында M.A.R.I.D.I мамандары параметрлері бойынша еуропалық стандарттарға сәйкес келетін бағдарламаны жасай отырып, өздерінің бірегей оқытушы мемо-әдістемесін қазақ мамандарымен бірлесіп қазақ тілінің ерекшеліктеріне сәйкес табысты бейімдей алды…

СЛОВА БЕГОМ® бағдарламасының тағы бір артықшылығы бұл — тілдік кедергі мәселесін шешу мүмкіндігі. Тілдік кедергі белгілі бір адамның басқа адамдар алдында сөйлеуге ұялуынан жиі туындайды деген пікір бар. «Мен дұрыс айтпасам ше?», «Біреу үстімнен күлсе ше?», «Олар не ойлайды?» деген ойлардың нәтижесінде адам тілді білетін секілді, бірақ ол тілде сөйлемейтін болып шығады. СЛОВА БЕГОМ® бағдарламасында «сөзді айту тренажері» қызметі бар. Сабақтар барысында оқушы өзінің сөйлеуін жазып алып, оны дұрыс айту нұсқасымен салыстыра отырып, қажетті дыбыстауға дейін өзін машықтандарады. Оқушының сөзді айтудың дұрыстығын бірнеше рет тексеруіне мүмкіндігі болады. Ең бастысы — өзінің дұрыс сөйлеуін тыңдай отырып, тіл үйренуші ұялудан арылып, өзіне қазақ тілінде сөйлеуге «рұқсат береді». Осының нәтижесінде тілдік кедергіден арылады.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ