«Ембі мұнайшылары «Нұр Отаннан» үміт үзіп, тәуелсіз кәсіподақ құруға бел байлады». «Мораторийді алып тастау жаңа технологияларға қарық қыла ма?». «Ұлт көшбасшысына» қатысты референдум өте ме?»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 18 мамыр 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Ембі мұнайшылары “Нұр Отаннан” үміт үзіп, тәуелсіз кәсіподақ құруға бел байлады”. “…Ембімұнайгаз” өндірістік филиалы ресми түрде аса қауіпті объекті саналады. Бұған қоса экологиялық жағдайдың нашарлауы, инфляция процестері, коммуналдық қызметтерге тарифтердің күн санап өсуі мұнайшылардың ауыр және зиянды жұмыстан кейін денсаулықтарын түзеп, сапалы және ауқатты тұрмыс кешуіне қолбайлау болып отыр. Сондықтан Атырау мұнайшылары жалақыны есептеу жүйесін өзгерту мен еңбекақыны жоғарылатуды талап етеді,- деп хабарлады мұнайшылар баспасөз мәслихатында….

Сонымен, Ембі мұнайшылары өздерінің талаптарын Қазақстанның барлық азаматтарының қолдайтындарына сенім білдіріп отыр. Олар компания басшыларының да еңбекшілер талабына түсіністікпен қарап, өзара мәмлеге қол жеткізетіндіктерінен үмітті екендіктерін де жасырмады”. Авторы: Сәния ТОЙКЕН.

Құрылыс кранын наразылық мінберіне айналдырған Әбілованың талабын орындағандар жария болғысы келмейді”. “…Қазақстан премьер-министрі Кәрім МӘСІМОВтің әкесі Қажымқан МӘСІМОВтің компаниясына қатысты тағы дау шықты. Құрылыспен айналысып, Шымкенттің маңында котежді қалашық салмақшы болған “HAS-ER.KZ” компаниясының үлескері Гүлзанат ӘБІЛОВА, дүйсенбі күні Астанадағы құрылыс кранының мұнарасына өрмелеп шығып, компанияға салған 24 миллионнан аса қаржысы қайтарылмаса мұнарадан секіріп өлетіндігін мәлімдеген….

Кран мұнарасында отырған Гүлзанат Әбілова белгісіз біреулер 25 миллион теңге әкеліп бергеннен кейін ғана краннан түсті”. Авторы: Мәншүк АСАУТАЙ.

Қазақ батыры Мәжит Жүнісовтің өміріндегі “ақтаңдақ тұстар” әлі де көп”. “Осыдан бес жыл бұрын Прагада Совет Одағының батыры Мәжит ЖҮНІСОВтың зираты табылған болатын. Жастайынан жетім қалған қазақ батыры өмірінің көптеген тұстары оның туысқандарына да беймәлім боп қалды…

Чехтардың совет әскерлерінің зираттарын күтіп-баптағанын көргенде таңданысымда шек болған жоқ. Бұл құрмет шынымен де сүйсінуге тұратын игі іс, — деп ағынан жарылды Тұрарбек ЖҮНІСОВ.

Мәжит Жүнісовтың туған ауылы Жаңақазандағы орта мектепке батырдың есімі берілген. Сонымен қатар, Жаңақазанда қазақ батырына құрмет ретінде мүсіні де орнатылды. Ал 2006 жылы Орал қаласындағы орталық көшелердің біріне Мәжит Жүнісовтың есімі берілді”. Авторы: Артур НЫҒМЕТОВ.

EGEMEN.KZ. “ЕУРАЗИЯ ИДЕЯСЫ МЕН ПРАКТИКАСЫ ЖАҢА БЕЛЕСТЕ”. “Өткен аптаның соңғы күндері Алматыда Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығы аясындағы “ЕҚЫҰ-ның Еуразиялық өлшемі” Трансазиялық парламенттік форумы болып өтті. Форумның күн тәртібіне сәйкес “Венадан – Шығысқа” атты тақырыпта Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезеңіндегі геосаяси аймақтардың өзекті мәселелері бойынша тұжырымдамалық көзқарастар айшықталды. Осыған орай Елбасы Н.НАЗАРБАЕВтың “ЕҚЫҰ-ның тағдыры мен болашағы” атты мақаласы (“Известия” газеті, 2010 жылғы 28 қаңтар) туралы автордың ой толғағын назарға ұсынғанды жөн көріп отырмыз.

Ғасырлар бойы Еуразия континенті жойқын соғыстар мен ғылыми-техникалық үдерістің нәтижелерін адамзат игілігіне қарсы пайдаланудың шексіз қайғы-қасіреттерге әкелгендігінің куәсі болғандығы тарихтан белгілі…

Сонымен, жаңа қазақстандық Еуразия идеясы 4 тұғырлы ерекшелігімен сипатталады. Ол, біріншіден, уақыт тұрғысынан алғанда қысқа кезеңге емес, адамзат аяқ басқан жаһандану дәуірінің үрдісіне сай келеді. Екіншіден, кеңістік жағынан қарастырғанда бұл – Еуропа, Азия, Солтүстік Африканы (кең мағынада) қамти алатын үдерістік құбылыс. Шынында да еуразиялық идея континенталдық мазмұнға ие. Оған барлығына да орын бар. Үшіншіден, мазмұны жағынан бұл доктрина ұлттық, аймақтық және жаһанданудың өзекті мәселелерін кешенді тұрғыда қамтиды. Төртіншіден, бұған дейінгі теориялар мен тұжырымдардың ұтымды және прогресшіл жақтарын өз бойына сіңірген және оларды қазіргі жаһандану дәуіріне сай байытып, іс жүзіне асатындай жасампаз идея дәрежесіне көтерді.

Қорыта айтқанда, еуразиялық идея Н.Назарбаевтың өз заманының озық қайраткері ретінде адамзаттың қазіргісі мен болашағын біліктілікпен саралап, келешегін көрегендікпен болжауы арқасында өзінің ренессанстық дәуірін бастан кешіріп отыр. “Еуразияшылдық” қазіргі таңда адамзат баласын жаһандану мұхитының асау толқындарынан адастырмай жөн сілтейтін бір “шамшырақ” іспеттес өзіне тартып тұр”. Авторы: Сатай СЫЗДЫҚОВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры.

ALASHAINASY.KZ. “Мораторийді алып тастау жаңа технологияларға қарық қыла ма?”. “Неге екені белгісіз, “Елдің үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламасы туралы” деген тақырыпқа арналған Мәжілістің кешегі Үкімет сағаты аңғаза-даңғаза басталды. Депутаттар көпке дейін мектеп оқушылары секілді шуылдап басылмады. Мәжіліс төрағасы Орал МҰХАМЕДЖАНОВтың орнына жайғасып, төрелік етуге келген Владимир БОБРОВ (төрағаның орынбасары) отырғандарды сабасына түсіре алмай қара тер болды. Бобровтың “депутат мырзалар, орындарыңызға жайғасып, сабыр сақтаңыздар” деген төртінші ескертуі ғана айқай-шудың мысын басты…

Ақыры ИСЕКЕШЕВке сұрағын мемлекеттік тілде жолдаған депутат Бауыржан СМАЙЫЛОВ кіргізді. “Экономикамызға тікелей шетелдік инвестиция жетіспейді. Елімізде бірлескен инновациялық кәсіпорындарды салу туралы шетелдік инвесторлармен жасалған көптеген келісімдер бар. Бұларға тексеру жасала ма? Қаншасы жүзеге асты, қаншасы жүзеге аспай қағаз жүзінде қалды?” Алайда бұған да жауапты вице-премьер ресми тілде берді: “Осы мәселеге біз сарапшыларды қатыстырдық. Бұл — расы керек, өте маңызды жобалар. Министрлікте жан-жақты қаралып жатыр. Әрине, отандық инновациялық жобаларды шетелдік инвесторларсыз көзге елестету мүмкін емес. Сол себепті, бұл мәселе әрдайым назарда ұсталып отырады”, – деді ол.

Айтпақшы, Үкімет сағатында тағы бір жағымды жаңалық белгілі болды. Баяндамашы маусымның 4-інде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың төрағалығымен шетелдік инвесторлар кеңесі өтетінін мәлімдеді. Сондай-ақ вице-премьер Әсет Исекешев перспективаларды жоспарлау үшін таяуда Индустриалды саясат институты құрылатынын жеткізді”. Авторы: Бүркіт НҰРАСЫЛ, Астана.

ZHASALASH.KZ. “Ұлт көшбасшысына” қатысты референдум өте ме?”. “….Егер “ұлт көшбасшысына” қатысты мәселенi халықтың талқысына салар болса, бұл 1991 жылы Кеңестер одағы халық депутаттарының төртiншi съезi шешiмiмен өткен бүкiлодақтық референдумға көбiрек ұқсап кетерi сөзсiз. Ол кезде “Кеңестер одағының сақталғанын қалайсыз ба?” деген сұрақты қоғамға өлiмтiк сияқты қабырғасын ырситып лақтырып тастаған-ды. Қарға-құзғындар өлексеге жабыла кеттi: “Қалаймыз! Қалаймыз!” деп. Бiрақ мұны қоғам қабылдаған жоқ. Ақырында не болды? Кеңес одағының күнi бiттi.

Екi айдан кейiн Мәскеу тағы бiр референдум өткiздi. Бұл жолғысының мәнi де, маңызы да бөлекше болды. Кеңес одағының күнi батқанын түсiнген Ресей ендi “Ресей Федерациясының тұңғыш президентi болғанын қалайсыз ба?” деп сұрады халықтан. Референдумға 75,9 пайыз халық қатысып, оның 71,3 пайызы “ия” деп жауап бердi. Осылайша, Ресей федерациясының тұңғыш президентi болып Борис ЕЛЬЦИН сайланды.

Мұның бәрiн не үшiн айтып отыр дерсiз, бәлкiм? Бүгiнгi билiкте отырғандардың бәрi — “Мәскеу көргендер”. Күнi ертең президент Нұрсұлтан Әбiшұлы “ұлт көшбасшысы” туралы әңгiме қозғап жарамсақтанбақ болған әлдекiмге кезектi рет зекiп алып, “бұл мәселенi халық шешсiн, кәне, референдум өткiзейiк!” десе, еш таңғалмай-ақ қойыңыз. Бар мәселе референдумның қалай өтетiнiнде. Ал сiз бен сiз сайлау, референдум деген саяси науқандардың қазақ қоғамында қалай өтетiнiн өте жақсы бiлемiз…”. Авторы: Е.БИЕКЕ.

KAZ.GAZETA.KZ. Астана. 17 мамыр. Kazakhstan Today — Қарағанды облысындағы «АрселорМитталТеміртау» компаниясының Күзембаев атындағы шахтасында көміртегі тотығының концентрациясы көтерілуге байланысты шахтаның жұмысы тоқтатылды, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«560 метрлік тереңдікте көміртегі тотығының концентрациясы 0,1 — 0,2%-ға көтерілді. Шахтада барлығы 162 адам болған, 2010 жылдың 16 мамырында сағат 01.15-те кеншілер эвакуацияланды», — делінген ТЖМ хабарламасында.

«Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Шахтаның жұмысы уақытша тоқтатылды. Төтенше жағдайды жоюға «Көмір» РМКК тиесілі 50 адам мен 13 техникасы жұмылдырылды.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ