«Полицияға сыйлық апарған оппозиция белсенділеріне қарсы әкімшілік іс қозғалды». «Есептегіш орнатсаң, есебің түгел». «Мұғалімдер де форма киеді немесе мектептегі әлеуметтік теңсіздік жойыла ма?»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 20 тамыз 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Жаңа билік Қытай және Қазақстанмен шекараны межелеген Ақаевтан есе қайырмақ”. “…12 тамызда Қырғызстан президенті Роза ОТУНБАЕВА елдің бірінші президенті Асқар АҚАЕВты жеке басына қол сұғылмаушылық мәртебесінен айыру туралы декретке қол қойды. Бұл құжатқа “төңкерісшіл” министрлер кабинетінің он екі мүшесінің тоғызы қол қойды. Бұл декреттің қабылдануына вице-премьер Әзімбек БЕКНАЗАРОВ бастамашы болды. Ресейді паналаған Ақаевтың қазір академиялық қызметін қайта бастап, Мәскеу университетінде ғылыммен айналысып жүргені белгілі…

2001 жылы Қырғызстанмен арадағы мемлекеттік шекараны межелеу нәтижесінде 600 гектар жер Қазақстанға өтті. Мысалы,1994 жылдың сәуір айында Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасы туралы келісімнің нәтижесінде Қазақстан Қытайға аумағы 946 шаршы шақырымдық жерді бере салды.

1997 жылы Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарындағы екі даулы ауданның тағдыры шешілді. Сол кездері аумағы шамамен 530 шаршы шақырым территория Қытайға өткен. 2002 жылдың қыркүйек айында Қазақстан Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданындағы жердің бір бөлігін, Түркістан ауылын қоса Өзбекстанға берді. Қызылорда облысы территориясының бір бөлігі де Өзбекстанға өтті. Жалпы есебі — өзбек жағы 1700 гектар жер алған.

Қырғыздардан бір айырмашылығы — осыншама үлкен территориялардың көрші елдерге берілуін Қазақстан қоғамы елең де қылған жоқ…. Қазақстанның ресми насихат орындары «Қытаймен арадағы шекараны межелеу — советтік авторитарлық жүйеден қалған қажетсіз проблемаларды шешуге мүмкіндік берді» деп есептейді. Қырғызстан, Өзбекстан және Ресеймен жасасқан осындай келісімдердің егжей-тегжейі әдетте Астанада ашық талқыланбайды”. Авторы: Артур НЫҒМЕТОВ.

Полицияға сыйлық апарған оппозиция белсенділеріне қарсы әкімшілік іс қозғалды”. “…Тамыздың 19-ы күні “Голос Республики” газеті журналистері және ресми тіркелмеген оппозициялық “Алға” партиясының белсенділері Алматының Алмалы аудандық полиция басқармасы ғимаратының алдына арнайы акция өткізуге келді. Олар полиция бөліміне үстел мен орындық сыйламақшы болды. “Алға” партиясының жетекшісі Владимир КОЗЛОВтың айтуынша, оларға “Голос Республики” газетінің журналистері хабарласып, Алматының Алмалы ауданы ішкі істер басқармасына төрт орындық, бір үстелді сыйға тарту жөнінде ұсыныс жасапты….

Алайда өздеріне арналған сыйлықты қабылдаудан бас тартқан полицейлер ғимарат алдына келген оппозициялық партия белсенділері Айжан ӘМІРОВА мен Кенже ӘДЕНОВті ұстап әкетті… Полицейлер Айжан Әмірова мен Кенже Әденовты үш сағат ұстаған соң екеуінің үстінен заңсыз шеру ұйымдастырғандары үшін әкімшілік іс қозғалғанын айтып, сотқа келу туралы анықтама қағазды қолдарына беріп, босатып жіберіпті….”. Авторы: Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ.

AIKYN.KZ. “Есептегіш орнатсаң, есебің түгел”. “Табиғи монополияларды реттеу агенттігі тарифтік сметаларды орындауда орашолақтыққа жол берген 137 субъектінің соңына шам алып түсіп, игерілмеген қаржынының құны 2 млрд 509,4 млн теңгені құрағанын әшкереледі…

“Біз жылу энергиясының құнын сыртқы ауаның нақты температурасына сүйене отырып қайта есептеп, артық алынған ақшаны тұтынушыларға қайтартып жатырмыз. Жылытатын алаңның 1 шаршы метрі үшін қайтару сомасы 0,22-ден 31,6 теңге/м2 құрап отыр. 70 шаршы метр 3 бөлмелі пәтер үшін ақшалай қаражатты қайтару сомасы 15,4 теңгеден 2 212 теңгеге дейін болады. Бұған қоса, субъектілерге тұтынушыларға келтірген залалды өтету үшін тарифтерді төмендету талабы қойылды. Қай қырынан алып қарасаңыздар да тұтынушылардың ұпайы түгел. Егер олар бұған дейін тиісті жерлерге арнайы есептеу құралдарын орнатқанда мұндай мәселені айналып өтер едік. Өкінішке қарай, тұтынушылардың басым бөлігі өздеріне тиісті шаруаға салғырт қарайды. Соның салдарынан осындай проблема туындайды”, — деді брифингте Анатолий ШКАРУПА…

Қайта есептеу Агенттік төрағасының бұйрығымен бекітілген Сыртқы ауаның нақты температурасын ескере отырып жылумен жабдықтау қызметтерінің құнын қайта есептеу әдістемесі бойынша жүргізілді. Осы әдістемеде 1м2 жылытуға қажетті жылу энергиясы көлемінің сыртқы ауа температурасына тәуелділігі негізге алынды. Температура неғұрлым жылы және ауытқуы алшақ болса, соғұрлым қайта есептеу сомасы жоғары болды. “Алдағы уақытта барлық тұтынушылар есептеу құралдарын қолдануға көшетін болса, төлемақы жылу энергиясының нақты көлемі үшін ғана алынады, қайта есептеу жүргізілмейді”, — деді жиын соңында Агенттік төрағасының орынбасары”. Авторы: Қанат МАХАМБЕТ, Астана.

Мұғалімдер де форма киеді немесе мектептегі әлеуметтік теңсіздік жойыла ма?”. “Мектептегі әлеуметтік теңсіздік оқушылардың ғана емес, мұғалімдердің де арасында бар болып шықты. Білім және ғылым министрлігі оқу орындарындағы осы теңсіздікті жойып, тәртіпті күшейтудің жолы — мектеп мұғалімдерін бір үлгіде “киіндіру” деп түсінген сияқты. Себебі жаңа оқу жылында Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстары және Алматы қаласының оқушыларымен бірге ұстаздары да жаңа үлгіде киіне бастайды…

Бір айта кетерлігі, әр өңірдің, әр мектептің киім үлгісі әртүрлі болмақ. Бұрынғыдай бірыңғай қара форма, ақ түсті алжапқыш киілмейді. “Оқушылардың бәрі бірдей киім киетін әскер емес қой”, — деген департамент директоры киім тігушілер ұсынған үлгілерді ата-аналар комитеті мақұлдайтынын айтып қалды. Оның айтуынша, соңғы кезде белсенді ата-аналар киім үлгісінде оқушының қай мектепте оқитынын білдіріп тұратын белгінің болғанын да қалап жүр екен. Және ондай киімдер тігіліп те қойыпты. Ал бұл біз күресеміз деп отырған әлеуметтік теңсіздіктің қайта пайда болуына соқтырмай ма екен? Мектеп ішіндегі әлеуметтік теңсіздікті жоямыз дегенде мектептер арасындағы әлеуметтік теңсіздік туындамасына кім кепіл?…”. Авторы: Халима БҰҚАРҚЫЗЫ, Астана.

EGEMEN.KZ. “Адам мен қоғамның қауіпсіздігі үшін”. “Адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауда маңызды рөл атқаратын заңдылықты және құқық тәртібін қамтамасыз ету – құқық қорғау органдарының басты міндеттері. Құқық қорғау саласының жағдайына азаматтық қоғамның сапасы едәуір байланысты. Елбасының биылғы жылғы халыққа Жолдауында Қазақстанның саяси жүйесін одан әрі жетілдіру үдерісіндегі құқықтық реформаға айрықша назар аударуы кездейсоқ емес. 17 тамызда Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ “Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы” Жарлыққа қол қойды.

Мемлекет басшысы ұсынған құқық қорғау жүйесінің реформасы құқық тәртібі саласына әбден сіңіп кеткен репрессиялық идеологиядан және азаматтар, қоғам мен мемлекет мүдделерін тиімді қорғауға кедергі келтіретін кеңестік кезеңдегі іс-әрекеттен бас тартуға бағытталған…

Бүгінде басқару шешімдерінің тиімділігі, әсіресе қызмет құрамымен және халықпен жұмыс істеу кезінде осы заманғы технологияларды енгізу деңгейіне байланысты болады. Мәселен, ақпараттық технологияларды енгізу полициялардың азаматтармен қарым-қатынасын барынша азайтып, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың төмендеуіне жағдай жасайды. Мемлекет басшысының Жарлығында көздеген шаралар құқық қорғау органдарындағы қызметтің беделін арттырып, оның бейнесін өзгертуге, уақыт талабы мен жоғары халықаралық стандарттарға сай келетін құқық тәртібінің жаңа жүйесін қалыптастыруға жағдай туғызады”. Авторы: Алик ШПЕКБАЕВ, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі.

ALASHAINASY.KZ. “100 пайыз мемлекеттік тілде іс жүргізуді барлық мекемелерге міндеттеу керек”. “Қазір елімізде “Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған бағдарламасының” жобасын талқылау жүріп жатыр. Соған орай, әсіресе, мемлекеттік тіл – қазақ тіліне жанашыр қауымның тарапынан айтылатын ұсыныстар мен пікірлердің көп болары түсінікті. Қазақ өзінің ұлт ретінде ұлықталуы мен өмір сүруінің басты шартының бірі – ана тілін Ата Заңмен (7, 93-баптар) айқындалған мәртебелі төрден көргенше асығулы…

Қысқасы, осы бағдарламаны орындауға баршамыздың жұмыла атсалысуымыз елдігімізге сын болмақ. Сондықтан өзара өкпе айтып, сын садағын безегенше, “өзім не бітірдім” деп ойланып, ортақ іске нақты үлес қосқанда ғана туған тілдің мәртебесінің асқақ болары айқын”, — деп белгіледі Азат ШӘУЕЕВ, Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорының директоры.

Асығыс жасалған алып жобадан ақау шықты”. “Арал теңізінің аймағында салынған “Көкарал” бөгетінде кеткен кемшіліктер қазір ашық әңгіме алаңына айналып отыр. Оған қыруар қаржы жұмсалды. Қаншама күш-қайратты сарп еткен бөгет те орнатылды. Алайда оның кем-кетік тұстары көпшілікті елеңдетіп отырған жайы бар. Өйткені аталмыш су нысанының мол суды өз деңгейінде ұстап тұруға шамасы келер емес. Оны алып жобаны іске асыру барысында кеткен ағаттық деп санауға негіз бар…

Қазір әлемде су дегенің – қасқалдақтың қанындай қат дүние. Өкінішке қарай, біздің сондай бағалы байлықтың қадіріне жете алмай отырғанымыз жасырын емес. “Көкарал” бөгетінің оған тосқауыл болуға шамасы келмей отыр. Дерек көздеріне сүйенсек, бүгінгі күнге дейін онда 2 млрд текше метрден астам су шығын болған. Ал он жылдың көлемінде 30-40 млн текше метр су текке кеткен. Бұл елдің кәдесіне жарайтын қаншама судың ысырап болғанын айғақтайды.

Алып жоба басталардан бұрын балық аулау ісі де артады деп қалпағымызды аспанға атқан едік. Дегенмен оған да қол жеткізу әзірге мүмкін емес. Жобаның алғашқы кезеңі іске қосылғаннан кейін жылына 11-12 мың тонна балық ауланады деген жоспар жасалған-ды. Судан маржан сүзген жергілікті жұрт бүгінде бар-жоғы 3 мың тонна балықты қанағат тұтады. Басқа қандай амал бар? Себебі сан алуан. Бөгетте балықтардың өтуін тежейтін құрылғы жоқ. Осының салдарынан қаншама балық үлкен теңізге кетіп қалып жатыр. Көктемгі мезгілде Кіші Арал толады. Осы сәтте балықтар да уылдырық шаша бастайды. Үлкен судың салдарынан олар бөгеттің екінші бөлігіне өтіп кетуде. Олардың арасында сол маңдағы арнайы питомникте өсірілетін бекіре тұқымдас бағалы балықтар да шығын болып жатыр. Бұл жағдай неліктен орын алды? Алғашқыда бөгетте балықтардың өтуін тежейтін уақытша құрылғы салынған. Капроннан жасалған тор жүктемеге шыдаған жоқ. Демнің арасында-ақ жарамсыз күйге ұшырады. Металдан жасалған күрделі құрылғылар орнату шығын сметасында қаралмаған көрінеді. Сонда жобаны жасаушылар неге сүйеніп жұмыс істеген? Түсініксіз. Онда кері өткізу құрылғысы да жоқ. Сол себепті уылдырық шашатын балықтар кейін қайта алмайды…

P.S. Алып жоба елдің игілігіне айналған. Сол себепті оған немқұрайды қарауға болмайды әсте. Алғашқы кезеңдегі кеткен кемшілікті енді қайталамау – басты міндеттің бірі. Сонда ғана аталған жоба Арал аймағының ажарын аша түсері сөзсіз”. Автор: Әділжан ҮМБЕТ, Қызылорда облысы.

KAZ.GAZETA.KZ. Бүгін, тамыздың 20-сында Парламент Мәжілісінің төрағасы Орал Мұхамеджанов Қазақстан Республикасы Конституциясының 58-бабы 4-тармағының 2) тармақшасына сәйкес ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысын шақыру туралы өкімге қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бірлескен отырыс 2010 жылғы қыркүйектің 1-інде сағат 10-да Астана қаласында өтеді.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ