«Иассауи кесенесіне қауіп төніп тұр ма?». «Доктринада бар міндет бағдарламада неге жоқ?». «Мемлекеттік миф: 150 ұлт!»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 13 қыркүйек 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Алматыда Владимир Ниді соңғы сапарға шығарып салды”. “…Жексенбі, қыркүйектің 12-і күні Алматы қаласында Владимир НИді туған-туыс, дос-жарандары мен шәкірттері ақтық сапарға шығарып салды. Ол 78 жасқа қараған шағында, қыркүйектің 9-ы күні, Швейцария ауруханаларының бірінде ұзаққа созылған дерттен кейін қайтыс болғаны осыған дейін хабарланған болатын…

Қаралы жиынды Алматы қаласының әкімі ашты. “Ол президентке бар ықыласымен берілді, оған сенімді үзеңгілес бола отырып, барынша адал және шынайы қызмет етті”, – деп атап көрсетті Ахметжан ЕСІМОВ. Ахметжан Есімов марқұмның отбасына Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі барып, көңіл айтып шыққанын хабарлады…”.

AIKYN.KZ. “Ұнның бағасы неге көтерілді?”. “Өткен аптада облыс орталығында болған Ауыл шаруашылық министрі Ақылбек КҮРІШБАЕВ өзге өңірдегілер секілді нан мен ұнның бағасын қымбаттатпау жөнінде аймақ басшысы Қанат БОЗЫМБАЕВпен меморандумға қол қойды. Дегенмен араға бір-екі күн салып, Тараз қаласындағы орталық базарда ұн өнімдерінің бағасы күрт көтерілді.

Атап айтқанда, орталық базарда өткен аптада 1-сортты ұнның бағасы 2400 теңге болса, жоғары сортты ұнның бағасы 2900 теңге болған. Ал бір аптаның ішінде 1-сортты ұнның бағасы 2900 теңгеге, ал жоғары сортты ұнның бағасы 3200 теңгеге көтерілген. Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары мұны нарық заманының талаптарымен түсіндіріп отыр. Яғни ұнның бағасы көтерілсе, оған деген сұраныстың артқаны. Дегенмен ұнның бағасының көтерілуі бұлай жалғаса бермейді. Өйткені “ҚазАгро” холдингі аймаққа 189 мың тонна үшінші класты бидай бөліп отыр екен. Бір тонна бидай бағасы — 26500 теңге. Белгіленген кесте бойынша ай сайын 14500 тонна бидай облысқа жеткізіліп, жергілікті билік өкілдері диірмендермен келісіп, бидайдан ұн алғаннан соң, оны арзан бағаға сатылымға шығармақ”. Авторы: Ерман ӘБДИЕВ.

Иассауи кесенесіне қауіп төніп тұр ма?”. “Ал Түркістан қаласының әкімі Қайрат МОЛДАСЕЙІТОВ бұл тұрғыда: — Розақұл Сатыпалдыұлы өте өзекті мәселені көтеріп отыр. Бірақ “Иассауи кесенесі апат жағдайында тұр” деп айта алмаймын. Кесененің сан ғасырлық тарихы бар. Іргетасының гидроизоляциясы, бөлмелерінің желдетпе жүйелері сыр бере бастағаны рас. Ол мемлекеттік деңгейдегі сараптамалық комиссияның бақылауында тұрып, жыл аралап болса да сараптамалық жұмыстар жүріп тұруы, кесене бюджеті комиссиясы жұмысының қорытындысымен сәйкестендіріліп отыруы тиіс. Қазір кесенеде облыс әкімдігі тарапынан арнайы топ жұмыс істеп жатыр. Соңғы сөз комиссия шешімінен кейін айтылады, — дейді”. Авторы: Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙ.

Көлеңкелі экономиканың жолы кесілді”. “Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ “Нұр Отан” партиясы Саяси кеңесінің бюросында сыбайлас жемқорлық мемлекет пен қоғамның әлеуметтік, экономикалық өміріне үлкен қауіп төндіретінін меңзей отырып, биені бүгімен, түйені түгімен” жұтып жатқандарды құрықтаудың тың тәсілдерін табу міндетін қойған болатын.

Осыған орай партия Төрағасының бірінші орынбасары Н.НЫҒМАТУЛИНнің қаулысымен жемқорлыққа қарсы әрекет ету бойынша партияның жаңа бағдарламасының жобасын әзірлеу жөнінде жұмыс тобы құрылды…

“Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жолдаған биылғы Жолдауында алдағы онжылдықтың стратегиялық жоспарын айқындап берді. Онда еліміздің экономикалық тұрғыдан өрлеуі үшін жемқорлықтың жолына тосқауыл қою керек екендігі атап көрсетілді. Осыған орай партия кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, бизнесті алға жылжытуға атсалыспақ. Бұл ретте Қазақстанның қаржы секторы қадағалауға алынып, көлеңкелі экономиканың жолы кесіледі. Сарапшылардың айтуынша, 2020 жылға қарай Қазақстан жемқорлығы аз 60 елдің құрамына кіреді. Бұл үшін біз жемқорлықпен жан-жақты күресуіміз керек” деді отырыста жұмыс тобының жетекшісі О.ӘБДІКӘРІМОВ…”. Авторы: Қанат МАХАМБЕТ.

EGEMEN.KZ. “Бұрынғы басымдықтар бүгінгі талаппен үйлеспейді”. “…Сыртқы істер министрлері бейресми кездесуінің нәтижелері қандай? Қырғызстанға жоспарланған полиция миссиясы мен есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрестегі ынтымақтастықты ЕҚЫҰ-ның нақты шешімділігінің белгісі деп бағалауға бола ма? Әрине, бұлай бағаласақ, артықтау болар. Бірақ бұдан артықты күтудің өзі қиын нәрсе. Өйткені, ЕҚЫҰ-ның жылдық бюджеті 160 миллион еуро шамасында ғана. Бұл қаржыны жеткілікті деуге әсте де келмейтіні анық. Сонымен қатар, бұл ұйым өте-мөте инертті. Қандай да бір нақты іс-әрекет хақында әңгіме қозғала қалса, әрбір мүше 56 мемлекет вето құқығына ие. Бірақ ЕҚЫҰ ешбір алмастыруға келмейтін пікірталас форумы болып табылады.

Ең бастысы – Алматыдағы бейресми кездесуде Ұйымға мүше елдердің сыртқы істер министрлері 1999 жылдан бері өтпей келе жатқан ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет және үкімет басшыларының саммитін ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Бұл айтулы басқосу жыл аяғына таман Қазақстанда өткізілетін болып белгіленді. Германия сол кездің өзінде-ақ Қазақстанға қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді…”. Авторы: Кристиан ВИППЕРФУРТ, доктор. Германияның “Eurasіsches Magazіn”журналында жарияланған.

ANATILI.KZ. “Мәңгүрт мәтіндер – ми батпақ”. ““Ана тілі”, №31, 7 тамыз, 1996 ж.Бұрынғыдай емес, қазір, Құдайға шүкір, “азық-түлкі”, “рыба-былық”, “мясо-өт” секілді қазақшасы кісі қарағысыз жазулардан біртіндеп арылып келеміз. Дегенмен көше-көшелерде, мекемелердің маңдайшаларында қатесі көп “мәңгүрт мәтіндер” әлі де кездеседі…

…Көк базардың қарсы алдындағы редакция үйінің біраз бөлмелері коммерциялық фирмаларға жалға берілген. Жақында үшінші қабаттағы сондай бір “офистің” қасынан өте бере, есіктегі жазуға көз тоқтаттым. Сіздерге өтірік, маған шын, онда былай деп жазылған екен: фирмасы ТАБЫС

өхілеттіт, делтелдық жэне консалтинттіқ қызметтер.

Қазақ үшін емес, тура мазақ үшін қойған сияқты. Мұндай жыным келмес. Сол ашудың арынымен “табыстықтарға” тап-тап беріп, қазақ тілінен оларға біраз “дәріс” оқымақ болған мен есіктерін жұлқи ашып, кіріп барып едім…”. Жалғыз ғана жол қалып тұрған сияқты – кез келгеніміз қате көрсек, қолма-қол түзеу, ескерту, айту, оған ерінбеу, арланбау. Өзіміз жүгірмесек, өзіміздің жанымыз ашымаса, басқаға бәрібір емес пе…”. Авторы: Сәкен СЫБАНБАЙ.

Доктринада бар міндет бағдарламада неге жоқ?”. “…Халық қалаулысының тағы бір келіспейтін тұсы, ол – алдағы 10 жылға арналған Тілдерді қолдану мен дамыту бағдарламасында “қазақ тілін білуді міндеттеу” дейтін тармақтың жоқтығы…

“Бағдарлама жобасының мәтіні орыс тілінде дайындалып, қазақ тілімізге шорқақ адам аударғандай әсер қалдырды. Кейбір тұстарын түсінбедім. Орысша мәтінін тауып алып, оқығаннан кейін бәрі орнына келді”, – деп бағдарламаның олқы тұстары туралы ойларымен бөлісті. Ол жобаның екінші мақсатының “Мемлекеттік тілді кеңінен қолдануды көпшілікке тарату” деген атауында: “Қолдану” деген сөз іс-қимылды білдіретін етістік емес пе? Ол зат емес. Іс-қимылды қалай біз көпшілікке таратамыз. Бұл орайда “мемлекеттік тілді кеңінен қолдануды қамтамасыз ету” деп айтсақ” деген ойын жеткізді…”. Авторы: Бейбітгүл ӘБДІҒАППАРҚЫЗЫ.

DMK.KZ. “ДАМУ БАҒЫТЫ”. “Премьер-Министр К.МӘСІМОВтің төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында “2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы және бірқатар салалық бағдарламалар мақұлданды…

“ТӨҢКЕРІС” ЕСКІ КАДРЛАРҒА ҰНАМАУЫ МҮМКІН. Үкімет отырысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ ШӨКЕЕВ құрылысқа, үлескерлердің проблемаларын шешуге қосымша бөлінетін қаржыға “төңкеріс” жасауға болатынын айтты. “Келесі жылы құрылыс саласында өте үлкен реформалар жасаймыз. Тіптен “төңкеріс” деуге де болады. 2011 жылдан бастап “эуро кодтар” енгіземіз. Барлық құрылысшылар, жобалаушылар баламалы түрде осы кодтарды пайдаланады…”. Авторы: Еркін ДОСЫМБАЙ.

TURKYSTAN.KZ. “ҚОҒАМДЫҚ ИНТЕГРАЦИЯНЫҢ ҚИЫНДЫҚТАРЫ”. “Eurasianet.org” сайтында тамыздың 24-iнде Игорь САВИНнiң «Казахстан: Этническая интеграция через образование» атты мақаласы жарық көрдi. Онда кеңестiк дәуiрден Қазақстанда бiрнеше тiлде бiлiм берудiң жалғасып келе жатқандығы айтылады. Автор Қазақстандағы ұлттық мектептерде қазақ және орыс тiлiндегi пәндердi көбейту арқылы өзге ұлт өкiлдерiн қазақ қоғамына интеграциялаудың жолдарын ұсынады…

Бiрақ, оның бiр кiлтипаны бар. Егер, жоба авторлары орыстiлдi болса, жобаға қатысушыларға сабақ қай тiлде жүргiзiлдi? Автор өз мақаласында – қазақ, орыс тiлдерiнде дегендi жиi қолданады. Оңтүстiк өңiрдiң тұрғындары орыс тiлiнен гөрi қазақ тiлiн көбiрек таңдауы ықтимал. Алайда, бiздегi қоғамдық негiздегi жобалардың көбi – орыс тiлiнде жүзеге асырылатындығы ақиқат. Сонда, Қазақстан қоғамына бейiмдеу үшiн қай тiлдi таңдауымыз керек. Орыс тiлiн бе, әлде қазақ тiлiн? Әрине, онсызда тасада қалып, жиырма жыл бойы жырға айналған қазақ тiлiн таңдауға мiндеттiмiз. Алайда, ұлттық азшылықтардың сойылын соғушы шетелдiктер бұны ескере қояр ма екен? Сондықтан да, Бiлiм және ғылым министрлiгi бұл бастаманы өзi қолға алуы керек. Сөйтiп, ұлттық мектептерде мемлекеттiк тiлдегi пәндердi көбейту арқылы мемлекеттiк тiлдiң қолданылу аясын кеңейтуге күш салуы тиiс. Мұның өзi қоғамдық интеграцияның болашағын кеңейтiп, адамдар арасындағы түсiнiктi оңайлата түсетiнi айдан анық”. Авторы: Есенгүл КӘПҚЫЗЫ.

ALASHAINASY.KZ. “Кентау 2 млн тонна улы заттың астында қалды”. “Сұлу көркімен көздің жауын алған, М.Әуезовтің тілімен айтқанда, Қаратау тәжі атанған Кентау қазір мың-сан проблемасы қордаланған қаланың көркін елестетеді. Соның бірі – қоқыс мәселесі. Кентаудың жерасты байлығы бүгінде өзіне сор болып жабысып отыр.

Кентауда “Ачполиметалл” комбинатының өндірістік қалдықтарын сақтау үшін бір кездері 332 гектар жер учаскесі бөлініп, ол Баялдыр қалдық сақтау қоймасы ретінде пайдалануға берілген. Онда бас-аяғы 135 миллион тонна өндірістік қалдықтар тасталған…”. Автор: Шадияр МОЛДАБЕК.

JASQAZAQ.KZ. “Таңбалы тән”. “Біз мұндай адамдарды жиі кездестіреміз. Бүгін таңертең тағы біреуін кездестірдім. Татумен денесін таңбалап, көпшіліктің арасында өзінше даралануға тырысатын Игілік – көп қазақтың бір қызы. ҚазҰПУ-дің магистранты үшін денесіндегі татуировка – мақтаныш…

Біз тарихын таспен таңбалап, қашап жазған халықпыз. Соның арқасында бүгінге дейін аманат болып жетті. Ал денеге инемен піспектеп, өмірі кетпейтін  жазуды жазу – халқымыздың салтында жоқ. Бұл азғындықтың көрінісі емей, немене? Бізге бүгін ермек болған бұл үрдіс ертеңгі күні ата дәстүрімізден алыстатып, азғындаған халықтың тобына енгізбесіне кім кепіл? Себебі, дініміз Ислам мен салтымызда жоқ нәрсені мақтанышқа айналдырып, бүгінгі таңның сәні-мәні деп түсінген жүрек көзі жабық жандардың саны әлі де азаяр емес. Ежелгі тайпалардан мұраға қалған дәстүрдің біздің дәуірде азғындаушылық екенін, мұны мақтан тұтқан адам баласы білсе екен”. Авторлары: Фариза БАЙЕЛІ, Әзиза ЖҰМАНАЗАРОВА.

ZAMANDAS.KZ. “Мемлекеттік миф: 150 ұлт!”. “…Жүргізушілердің бірі Айгүл ИМАНБАЕВАның аузынан “Бізде 150 ұлт тату-тәтті өмір сүріп жатыр” деген сыңайда сөз шығып кетті. Абайсызда айтылды деп ақтайын десең, бұл тікелей эфир емес. Монтаж үстелінде тігісі жатқызылып, қырағы редакторлардың қарауынан өткен.

Мүмкін, бұл қара тырнағына дейін намыс оты ұшқындап тұрған ұлтшылдың жүйкесін жанырдай “жаңалық” емес те шығар. Бірақ, мемлекеттік миф құрастырудағы тың көрсеткішке тосырқағанымыз рас. Осы кезге дейін Қазақстандағы этникалық құрам дегенде, 100 бен 140-тың арасындағы кез келген санды атасақ, қатеге саналмайтын. Мысалы, ол “… 120 ұлыс” (“Казахстанская правда”, 26.06.2006), “…100 ұлт” (31 арна), “126 я 130 ұлыс” (ресми баяндамалардан), “140 ұлыс” (“Қазинформ”, 27.08.2010) деп жыл сайын, құндыздың терісіндей құбылып тұрады. Биылғы баған – 150! Еліміздің ұлттық картасы бірден 10-15 ұлысқа кеңіп салса, “бұл қалай?” деген сауалдың бой көтеруі заңды ғой. Көрсеткіш кімдердің есебінен көбейіп отыр?…”. Өркен КЕНЖЕБЕК, http://orkenegro.wordpress.com.

MINBER.KZ. “Құқық қорғау тақырыбындағы мақалаға байқау жарияланды”. “Соғыс және бейбітшілікті жариялау жөніндегі институты (IWPR) Еуропалық Комиссия қаржыландыратын “Орта Азия мемлекеттеріндегі адам құқығы мен құқыққорғау білімін БАҚ арқылы қорғау” жобасының аясында БҰҰ-ның Адам құқықтары бойынша Жоғарғы Комиссарының Басқармасы ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ МӘСЕЛЕЛЕРІН КӨТЕРГЕН ҮЗДІК ЖАРИЯЛАНЫМҒА БАЙҚАУ жариялайды...”.

USHKIYAN.KZ. “Йеменде қаза тапқан қазақ дипломаты”. “2005 жылы қаңтар айының 20-сында Исламабадта Қазақстан Республикасының Пәкiстан Ислам Республикасындағы елшiсiнiң кеңесшiсi Сапарғали ӘУБӘКIРОВ басынан тиген оқтан ауруханада қаза тапты. Бұл оқиға әлемдiк ақпарат құралдарының назарына iлiккенiмен, оны бұқара халық қатардағы қылмыстық оқиға деп қабылдады. Пәкiстанның сыртқы және iшкi саясаты, соның iшiнде дiн мәселелерiмен шұғылданатын қазақ дипломатының кездейсоқ қазасы түрлi ойларға жетелейдi…

Йеменде болған бір қазақтың тарихы осындай. Қазақтың қайсар ұлдарының есімі ұрпағының есінде жүргені абзал”. Авторы: Азат БАЗАРБАЙҰЛЫ.

KAZ.GAZETA.KZ. Өңірлерден Қазақстанның индустрияландыру картасына енгізілген бірқатар жобалардың іске қосылу мерзімін кейінге шегеру туралы ұсыныстар түсуде. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Берік КАМАЛИЕВ айтты. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда министрлікте аталған картаға 83 қосымша жобаны енгізу туралы ұсыныс келіп түскен. Оның 27-сі ағымдағы жылдың соңына дейін қосылмақ.

“Жобаларды жіті қарау барысында министрлікке өңірлерден картадағы 12 жобаның іске қосылу мерзімін кейінге шегеру туралы ұсыныстар түсуде. Олардың 3-еуі Ақмола облысына, 1-еуі Атырау облысына, 2-еуі Шығыс Қазақстан облысына, 2-еуі Батыс Қазақстан облысына, 1-і Жамбыл облысына, 1-і Оңтүстік Қазақстан облысына, 1-і Алматы қаласына және тағы 1-і “ҚазАгро”-ға тиесілі”, деді вице-министр. Қазақстан индустрияландыру картасына сәйкес жыл соңына дейін 80 жоба іске қосылатын болады. Оның ішінде жалпы сомасы 4,9 трлн. теңгені құрайтын 47 жоба бойынша игерілген инвестиция көлемі 270 млрд. теңгені құрайды.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ