«Қызылағаштағы төтенше жағдай бойынша сот тыңдауы басталды». «Тас жол бас жолға айнала ма?». «Сот ісін жүргізуде қазақ тіліне кедергі жоқ»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 24 қыркүйек 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Қызылағаштағы төтенше жағдай бойынша сот тыңдауы басталды. “Қыркүйектің 23-і, бейсенбі күні Алматы облысы Ақсу ауданы Қызылағаш ауылында көктемгі тасқыннан бергі алғашқы көшпелі сот мәжіліс өтті. Істі Талдықорған гарнизонының әскери соты қарап отыр…

Биыл наурыздың 11-інен 12-іне ауған түні Қызылағашта трагедия өріс алды. Тасқын ауылмен аттас су бөгетін бұзып, ауылға лап берген еді. Ресми деректер бойынша, тасқын салдарынан 45 адам қаза тауып, 48 адам әртүрлі дәрежеде жарақат алған. Бүгінгі таңда ауыл толықтай қалпына келтірілді. Осы мақсатқа 7,5 миллиард теңге жұмсалды. Жаңадан 465 үй соғылып, 30 үй қайтадан жөнделді”. Авторы: Әлия АХМЕДИЕВА.

AIKYN.KZ. “Омбудсмен институты күшейтіледі”. “…Біріккен ұлттар ұйымы белгілеген халықаралық стандарттарға және ЕҚЫҰ ұсынымдарына сәйкес, Омбудсмен институтының қызметі ұлттық соттан тыс құқық қорғау институтының тәуелсіздігі мен жұмыс істеу тиімділігінің жалпы критерийлерін белгілейтін БҰҰ-ның Париж принциптеріне сәйкес келуі тиіс. Осыған байланысты Омбудсменнің құқық қорғау қызметін күшейту мақсатында «ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заңды әзірлеп қабылдауымыз қажет деген пікір қылаң берді. Комиссия баяндамасында көзделген осы және өзге де ұсынымдар мен іс-шаралар әрі қарай іске асуы үшін Қазақстан Үкіметіне, басқа да уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберілді”. Авторы: Халима БҰҚАРҚЫЗЫ.

Жарасбайдың жарасымды мәлімдемесін сенатор Симамбаев бұзды”. “…Кеше Жоғарғы палатаның жалпы отырысынан шыққан сенатор Тасбай СИМАМБАЕВ журналистерге Петропавлдың атын “Қызылжар” деп өзгертуді “әлі ерте” деп санайтынын жария етті… Мәжілістің 20-дан астам қалаулысы қол қойған үндеуді мәжіліс депутаты Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ оқып, ұлтты бір серпілтіп тастап еді. Бірақ Жарасбайдың жарасымды мәлімдемесін кеше сенатор Симамбаев бұзды…

…“Неге десеңіз қалада 60 пайыз орыс халқы тұрады,-деп шарт түйді Тасбай Симамбаев,-Украин, неміс және басқа ұлт өкілдері де баршылық. Солардың бәрін қоссақ, солтүстік өңірдегі үлес салмағы 70 пайызға тартады. Олардың басым бөлігі орыс тілінде сөйлейді. Соның бәрін есепке алып, қала атауын ауыстыруды көтеру әлі де ертерек деп ойлаймыз!” деп нықтады сенатор…”. Авторы: Елдос СЕНБАЙ.

EGEMEN.KZ. “Тас жол бас жолға айнала ма?”. “Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВтың төрағалығымен өткен палатаның кешегі пленарлық отырысының күн тәртібінде екі заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Біріншісі азаматтық заңнамаға қатысты болса, соңғысы көлік мәселелеріне қатысты болды…

Күн тәртібіндегі депутаттардың қызығушылығын тудырған екінші мәселе “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы болды. Ол бойынша баяндаманы Көлік және коммуникациялар министрлігінің жауапты хатшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕК жасады. Заң жобасының мақсаты – көлік қызметін мемлекеттік реттеу жүйесін және тасымалдау процесін жетілдіру, көлік саласындағы құқықтық олқылықтарды жою және ұлттық көлік заңнамасын халықаралық құқық нормаларына сәйкес келтіру. Сондай-ақ түзетулермен қалааралық және халықаралық қатынастарда автобустармен және шағын авобустармен жолаушыларды тасымалдауды лицензиялау көзделген. Мұндай тәсіл көптеген еуропалық елдерде, мәселен, Ұлыбритания, Швеция, Бельгияда бар көрінеді. Негізінен жол апаты көлік жүргізушінің ұйықтап кетуінен немесе жылдамдықты тым асырып жіберуінен орын алып жататыны анықталған. Сондықтан заңдық құжатты әзірлеушілер облысаралық тасымалдаумен айналысатын көліктерге тахограф орнатуды міндеттеуді ұсынып отыр. Ал Еуроодақ құрамына кіретін елдер тіпті тахографтан сандық үлгіге көшуді талап ете бастаған. Сонымен қатар, ұлттық теңіз тасымалшысын айқындау жөніндегі нормалар және өзге де өзгерістер көрініс тапқан…”. Авторы: Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.

TURKYSTAN.KZ. “ҮКIМЕТТI БАСҚАРУДЫҢ ЭЛЕКТРОНДЫ ӘДIСI”. “Қазақстанда 4 млн. адам ғаламторды пайдаланады… Бұрын да қолға алынған «Электронды үкiмет» жобасы толыққанды жүзеге асса, үкiмет мүшелерi баяғыдай бастарын жиi қоспайтын сияқты. Тiптi, қолына бiр бума қағаз құшақтап, кезегiн күтiп тұру да келмеске кететiндей….

Премьер-министр жиынды қорытындылай келе, Байланыс және ақпарат министрлiгiне Үкiметтi blackberry көмегiмен басқаруға әзiрленудi жүктедi. «Үкiметтiң әр мүшесi құпия емес поштасын «blackberry»-ге шығарсын! Мен тапсырманы сол арқылы берiп отыратын боламын! Сендер де маған тiкелей сол арқылы жүгiнесiңдер», – дедi Үкiмет басшысы. Яғни, барлық министрлер мен агенттiк төрағалары iшкi электрондық пошта жүйесiмен байланыстырылады, олар бiр-бiрiне сұрақ қойып, құжат алмаса алады. Алайда, қазiргi кезде интернет пайдаланушылар электрондық Үкiметтiң порталын дұрыс қолдана алмай жүр. Әлi де жетiлдiре түсетiн шаралардың бар екенiн ескерген Үкiмет басшысы болашақта әр азаматпен тең дәрежеде тiлдесу үшiн «электрондық кiлт» жасатуды да назарға салды. Мұндағы көзделген мақсат – ақпараттық қоғамға және инновациялық экономикаға көшудi тездету”. Авторы: Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Сот ісін жүргізуде қазақ тіліне кедергі жоқ”. “Сот істерін мемлекеттік ілде жүргізудің өзекті мәселелері” атты дөңгелек үстел өткізді… Осы орайда Жоғарғы сот судьясы Әділ ҚҰРЫҚБАЕВ мына пікірін алға тартты: “…1998 жылы қабылданған ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 30-бабына, Азаматтық іс жүргізу кодексінің 14-бабына сәйкес, елімізде қылмыстық және азаматтық сот ісі мемлекеттік тілде жүргізіледі. Заңның басты қасиеті оның басқа нормативтік актілерден жоғары екендігінде және қалай оқылса солай қолданылуға жататындығында. Егер заңның мәтініне зер салсақ, мемлекетімізде сот ісі қазақ тілінде жүргізілуі тиіс. Мемлекеттік тілмен бірге орыс, басқа да тілдер қолданылуы мүмкін. Онда да қажет болған жағдайда ғана”. Авторы: Тыныс АХМЕТЖАН.

KAZ.GAZETA.KZ. Түркияның Антальяда қаласында өтіп жатқан Ауыр атлетикадан әлем чемпионатында қазақстандық спортшы Светлана ПОДОБЕДОВА үш алтын жеңіп алды.

Кеше біріншіліктің қыздар арасындағы 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде кезекті сынында өнер көрсеткен С.Подобедова 3 әлемдік рекорд орнатты. Ол өзінің осыдан бір жыл бұрын Әлем чемпионатында орнатқан рекордтарын қайта жаңартты. Жұлқа көтеруде 134 келіні бағындырған ол, серпе көтеруде 161 келіні көтерді. Екі сайыстың нәтижесі бойынша — 295 келі…

Онда біздің жерлесіміз С. Подобедоваға ресейлік штангашы қыздар Надежда ЕВСТЮХИНА мен Наталья ЗАБОЛОТНАЯ едәуір қарсылық көрсетті… Серпе көтеруде олардың екеуі де Подобедованың былтырғы рекордын қайталап, 160 келіні бағындырды. Отандасымыз бұл жайтты қайтадан қалпына келтірді. Ол серпе көтеру сайысында 161 келігіе тапсырыс беріп, үлкен жүлдені бәйгеге тікті және қателескен жоқ. Қазақстандық қыз 161 келілік зіл темірді басынан асыра көтерді.

Қазір Қазақстан құрамасының қоржынында 5 алтын бар.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ