«Тәттімбеттің ұрпағына үйленген француз ғалымы күйшінің жеке жинағын шығарды». «Жұбанға құрмет – қазақы қыранға құрмет». «Кәрі Каспийдің күнгейі мен көлеңкесі»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 5 қазан 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Тәттімбеттің ұрпағына үйленген француз ғалымы күйшінің жеке жинағын шығарды”. “Қазақтың ұлы композиторы, шертпе күй өнерінің алыбы Тәттімбеттің шығармалары жазылған диск Францияда жарық көрді. Қазанның 4-і күні Алматыда “Қазақ домбырасы” сериясы бойынша шыққан “Тәттімбет мұрасы” атты жинақ БАҚ өкілдеріне таныстырылды. Тәттімбет күйлерін жарыққа шығарушы, қазақ музыкасын зерттеумен айналысып жүрген француз азаматы Гзавье АЛЛЕЗдің негізгі мамандығы – тарихшы. Ол 1996 жылдан бастап қазақ тарихын зерттеп келеді. Әсіресе, 1900-1940 жылдар аралығындағы қазақ халқының басынан өткен зұлмат оқиғалардың сырын ашуға талпынып жүр….”. Авторы: Есенбек БАЗАРҚҰЛ.

AIKYN.KZ. “Министрге жалған диагноз қойылыпты оны дәрігерлердің өзі мойындап отыр”. “…“Адам жанының арашашысы болып жүрген мамандар министрге жалған диагноз қойғандықтарын мойындады” деп мәлімдеді кеше БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат ЖҰМАНБАЙ….

Консилиумның төрағасы, бас дәрігердің орынбасары Әлібек МҰСТАФИН өз жауабында Досқалиевтың клиникаға келіп түскен уақыттан бастап, бүгінгі күнге дейін адекватты жағдайда болғандығын мойындады” деген М.Жұманбай өз сөзінің деректі дәлелі ретінде журналистерге дәрігерлерді тергеу сәтінің бейненұсқасын ұсынды. Онда тергеушінің сауалдарына жауап берген Ә.Мұстафин қойылған жалған диагнозды және тергеу органдары мен БАҚ-қа ұсынылған жалған ақпаратты Досқалиевтің өтініші бойынша бергендігін айтады. “Осындай жауапты басқа да дәрігерлер берді. Олар өздерінің алғашқы жауаптарының жалған екенін толық мойындады” деді журналистерге ресми өкіл….”. Авторы: Қанат МАХАМБЕТ.

Жұбанға құрмет – қазақы қыранға құрмет”. “Бүгін — қазақтың қайсар ақыны Жұбан МОЛДАҒАЛИЕВтың туғанына тоқсан жыл. Әрине, бейбіт күнде батыр көп немесе батырситын пенде жетіп артылады. Ал Жұбан ақын — сонау сұрапыл соғыс жылдарында қолындағы қаруымен де, һәм қаламымен де қайрат көрсетіп, жаудың тауын шағып, туын жыққан жеңіс сарбаздарының бірі.

Бұған қоса, идеологиялық саясат жөнінен қылышынан қан тамған кеңестік империя әбден кемеліне келген кезде ақиық ақынның “Мен қазақпын!” атты поэма жазып, өзінің қазақтығына мақтанып, жер-жаһанға жар салуы — бұлтсыз күнгі найзағайдай батылдық еді. Күні кешегі 1986 жылдың желтоқсан айының ызғарлы күндерінде ел-жұрт жаутаңдай қараған біразырақ ерлердің өзі сасып, етегін басқан кезде қабағынан қар жауып, кірпігіне мұз қатқан Колбиннің көзіне тіке қарап, “Ұл-қызымды итке талатып, сабатқан адаммен мен пікірлес бола алмаймын” деуден тайсалмаған қаламгер қандай құрметке де лайық….”. Авторы: Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН.

EGEMEN.KZ. “Кәрі Каспийдің күнгейі мен көлеңкесі”. “Бүгін Астанада V Еуразиялық энергетикалық форум өз жұмысын бастайды…. Себебі, бүгінде бұрғылау қондырғылары көбейіп бара жатқан Солтүстік Каспий аймағы Мексика бұғазындай терең емес. Оның тереңдігі бар болғаны, 3 метрден 8 метрге дейін ғана…

Бұл апаттың алдын алуға бола ма? Әрине, болады. Ол үшін ең алдымен қара алтынның игілігін көріп жатқан мұнай компаниялары Каспий теңізін тек қана сарқылмас энергетикалық кен орны деп қарамауы керек. “Алмақтың да, салмағы бар” деген өмірлік қағиданы басшылыққа алып, өңірдің экологиялық тепе-теңдігін сақтау үшін кешенді шаралар белгілеуге тиіс. Мұнай қондырғыларының қауіпсіздігін сақтау үшін халықаралық сарапшылардың жан-жақты тексерісін өткізіп, орын алған кемшіліктерді тез жоюға тиіс. Жаңадан тұрғызылатын мұнай нысандарының болашақтағы ондаған жылдарға арналған қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бүгінгі жаһандық озық технологияларды пайдалану керек. Ілеспе газды ашық атмосферада жағуға шұғыл тосқауыл қойып, оны қайтадан жерасты қыртыстарына айдау технологиясын жаппай өндіріске енгізу керек…”. Авторы: Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.

Үлескерлердің үлкен қуанышы”. “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры, “Қазкоммерцбанк” және “Global Buіldіng Contract” жобалау компаниясының әріптестігі нәтижесінде республикадағы ең үлкен шаһар – Алматы қаласында тұратын үлескерлердің үміті ақталуда. Соның нәтижесінде кеше Алматы қаласындағы “Үштөбе” тұрғын үй кешені пайдалануға беріліп, 92 үлескер өздеріне тиесілі пәтерлеріне ие болды…”. Авторы: Бақыт БАЛҒАРИНА.

ZHASALASH.KZ. “Айыппұл, пара, жемқорлық кәсiпкерлiкпен айналысуға мүмкiндiк бермейдi”. “Өткен аптада Шымкет қаласына iссапармен барған президент Н.НАЗАРБАЕВ ел экономикасының тұрақты дамуы үшiн алпауыт кәсiпорындар емес, шағын және орта кәсiпорындар қажеттiгiн мәлiмдедi. “Бiзге 20 мың адам жұмыс iстейтiн алпауыт кәсiпорындар емес, 20-30-50 адам жұмыс iстейтiн кәсiпорындар керек”, – дедi президент Н.Назарбаев….

Кәсiпкерлердiң бiлгенiн мемлекеттi, үкiметтi басқарып, ақыл айтумен ғана жүрген мырзалар бiлмей қалып па? Бiлсе, нелiктен соны iске асырудың тетiктерiн қарастырмайды? Жемқорлыққа негiзделiп құрылған билiк жүйесi ондай қадам жасауға қауқарсыз. Сондықтан да сөз бен iс үйлеспейдi. Қысқасы, бүгiнгi билiк жүйесiн өзгертпейiнше, шағын және орта кәсiпкерлiктiң аяғына салынған тұсау алына қоймас”. Авторы: Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Әрбір азамат қаржының қалай игеріліп жатқанын қадағалап отыруы керек”. “Айгүл СОЛОВЬЕВА, Мәжіліс депутаты:

– Айгүл Сағадибекқызы, қазына қаржысының орынсыз жұмсалатыны үйреншікті дәстүрге айналып бара жатқандай. Бюджеттің көлемі осыдан он жыл бұрынғыдан жүз есе артса да халықтың жағдайы сол қалпында. Ауыз суға жарымай, электр қуатына қол жетпеген елді мекендер саны азаяр емес. Неге?

Осы мәселе бізді де алаңдатады. Аймақтарға шыққан сайын бұл үнемі алдымыздан шығады. Ауылдардағы денсаулық сақтау қызметі, мәдениет саласы, білім беру ісінде қалыптасқан түйткілді мәселелер аз емес. Демек, бюджет саясатында халықтың әлеуметтік жағдайы алдыңғы кезектегі мәселе болып, барлық мүмкіндік соған жұмылдырылуы керек. Өкінішке қарай, бізде бұл мәселелерге жеткілікті көңіл бөлінбейді. Бюджет қаржысы екінші кезектегі шараларға, кей жағдайда жекелеген топтардың мүддесі үшін бөлініп жатады. Бұл дұрыс емес. Біздің  Конституциямызда адам – мемлекеттің ең басты құндылығы деп дәйектелген. Үкімет ол – менеджер. Оған тек осы адамға дұрыс, қажетіне сай қызмет көрсетсін деп өкілеттік беріліп отыр.

– Екінші кезектегі шаралар, кейбір топтарға қаржы бөлінуде деп қалдыңыз. Ойыңызды ашып айтсаңыз…

Бұл жерде менің айтпағым кен орындарын барлау жұмыстарына қатысты болып отыр. Өздеріңіз де білесіздер, бүгінде еліміздегі осындай ұйымдардың барлығы жеке меншіктің, үлкен топтардың қолында…”.

JASQAZAQUNI.KZ. “ҚАЗАҚ ТІЛІ қаламызда аяққа тапталуда!”. “….Мен Қазақстан азаматшасы ретінде де, ұлы қазақ ұлтының перзенті ретінде де (басқа этностар кем деген астар жоқ), мемлекеттік тіл — қазақ тілін көтеруге атсалысуды парызым деп санаймын. Бірақ, өкінішке қарай біздің қаламызда, Павлодарда қазақ тілі өрескел аяққа тапталуда. Жалпы қазақ тілділерге қадам басқан сайын кемсітушілік, ортаға бүлік салушы деген көзқарас (мектептен бастап орысша оқығандықтан нақты сөз таба алмай отырмын) кешіріңіз, полное невосприятие қалыптасқан. Дәлелдер:

Көлік саласында. Жалпы алғанда қалалық қоғамдық көліктегі таспа арқылы берілетін қазақ тіліндегі аялдама хабарландырулары 20-30% аспайды. Салондағы төлемақы алу, тәртіп қадағалау қызметі тек қана орыс тілінде…”.

ABAI. KZ. “Сүйінші! Бір жарым жылда бір жарым миллионнан астық!”. “Құрметті abai.kz порталының оқырмандары!

Өздеріңіз сүйіп оқитын хакім Абайдың атындағы ақпараттық портал өткен жексенбі күні тағы бір тарихи межесінен сүрінбей өтті. Атақты “майл.ру” әлеуметтік желісінің рейтинг қызметінің дерегіне сүйенсек, портал құрылғалы бері оның тұтынушылары сайтқа бір жарым миллион рет кіріпті! Бұл біздің портал үшін де, жаңадан қалыптасып, тәй-тәй басып келе жатқан қазақтілді интернет үшін де маңызды жаңалық болып табылады….”.

KAZ.GAZETA.KZ. Павлодарда жылу беру маусымын бастау туралы қаулыға қол қойылды, деп хабарлады қала әкімінің баспасөз қызметі.

Жылу беру жүйелерін іске қосу бүгін, қазанның 5-і күні басталады. Тұрғын үйлерге жылу жіберу “Павлодар жылу жүйелері” АҚ-ның кестесі бойынша жүзеге асырылатын болады.

Қазанның 8-іне дейін жылу беруді толықтай іске қосу көзделіп отыр. Бүгінгі таңда қаладағы әлеуметтік нысандар жылу беру маусымына 100 пайыз, тұрғын үйі қоры 94 пайызға дайын.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ