«Оппозиция Қазақстанның сайлау заңнамасын реформалауды ұсынады». «20 желтоқсан – Жаңа индустрияландыру саясатын жұртшылыққа паш етер күн!». «Қазақ газеттерін холдингілендіру пайдалы ма, зиян ба?»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 19 қазан 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Оппозиция Қазақстанның сайлау заңнамасын реформалауды ұсынады”. “…Қазанның 18-і күні Алматыда түрлі саяси күштер қатысқан “Әділ сайлау ұйымдастыру мен өткізу: түйінді мәселелер және оларды шешу жолдары” тақырыбында жиын өтті. Дөңгелек үстел басында “Азат” жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы, Қазақстан Компартиясы және ТМД аумағындағы өзге бірқатар саяси партиялардың өкілдері пікір алмасты…

Ұйымдастырушылардың айтуынша, осы жиынға “Нұр-Отан” партиясы да шақырылғанымен билік партиясының өкілдері келмепті. Әділ сайлау өткізу мәселесін талқылаған мамандар жиын соңында қабылдаған ортақ қарарда билікке төмендегідей ұсыныстар айтылған: сайлау туралы заңнама саяси партиялардың бәріне бірдей құқық бермейтіндіктен заңды реформалау; билік органдарынан тәуелсіз сайлау комиссиясын құру; сайлау комиссиясының жұмысына кедергі келтіргендерге қолданылатын қылмыстық жауапкершілікті қатайту; электронды сайлау жүйесін алып тастау, т.б.

Қазақстанда “Сайлау” автоматтандырылған ақпараттық жүйесі 2004 жылдан бастап қолданысқа енгізілді. Заңға сәйкес, әрбір азамат сайлауда электронды немесе жазбаша дауыс беру әдісін таңдауына құқығы бар”. Авторы: Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

Әдебиетшілер ескерткіштері кешеніндегі мүсіндердің үштен екісі жарамсыз деп танылды”. “…Петропавлда қазақ және орыс ақын-жазушыларының ескерткіштері биыл шілде айының басында өткен қала күніне орайластырылып орнатылған болатын. Қалалық әкімдіктің мақұлдауымен орнатылған ескерткіштер ондағы бейнелегенген тұлғаларға ұқсамайтындығы туралы сыннан кейін, биыл жазда саябаққа қойылған 34 мүсіннің он екісі ғана жарамды деп танылды….

Дауға қалған мүсіндер мәселесі Петропавл қалалық әкімдігінде қала құрылысы кеңесінің отырысында талқыланды. Оған Петропавл қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Андрей ПОПОВ, суретші Валерий КРЕСТНИКОВ, мүсінші Светлана БРЮСОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің дизайн кафедрасының аға оқытушысы Әбілсейіт ХАМИЛЛИН қатысты.

Отырыста көркемдік кеңес мүсіндердің әрқайсысына акт толтырып, талқылау ұсынылды. Егер мүсін сын көтермесе және қайта жасауға келмесе, оны авторға қайтарып беру керек деп келісілді. Андрей Поповтың айтуынша, комиссия 34 мүсіннің он екісі ғана жағынан

тартымды, қалғаны жарамсыз деп ұйғарыпты.

Автор өзі жасаған әрбір мүсінді 900 мың теңгеге бағалапты. Өз айтуынша, әу бастағы келісім бойынша осы жұмысына жалпы 38 миллион теңге төленуі тиіс екен. “Маған тек жұмысымның бағасының 30 пайызын ғана төледі. Қалғанын әлі төлеген жоқ. “Төлейміз” дейді. Бірақ қашан? Әр түрлі қағаз сұрап, әлекке салып отыр. Мен жұмысшыларыма еңбекақы төлеуім керек. Олар мені сотқа бергелі жатыр. Жергілікті билікпен өз мәселемді бейбіт жолмен шешуге тырысып бағудамын. Олар маған “алып кет” деген соң, мүсіндерді алып кеттім. Неге бұлай болғанын әлі күнге дейін білмеймін. Ең бастысы, өз туған жерімде мені қаралағаны жанға батып тұр. Басқа еш жерде, ешқашан мұндай мәселе туындаған емес”, – деді Қазыбек САТЫБАЛДИН.

Петропавл қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бастығы Болат Кәрімов авторға аванс ретінде 11 миллион теңге берілгенін, ал қалған ақша қарашаның 1-іне дейін төленетінін айтты”. Авторы: Зәуре ЖҰМАБАЕВА.

Бағдат Әріпов: “Елден қашуға мәжбүр болдым”. “Ел болашағы” ұйымының төрағасы Бағдат ӘРІПОВ Америка Құрама Штаттарына осыдан бір ай бұрын кеткен екен. Азаттық радиосына сұхбат берген қоғамдық ұйым белсендісі жеке басына қауіп төнген соң елден кетуіне тура келгенін айтады….”. Авторы: Ержан ҚАРАБЕК.

Нұрбанктің” Оңтүстік Қазақстан облысындағы филиалы басшысына іздеу жарияланды”. “Жарты миллиардтан астам теңге жымқырған деген күдікпен “Нұрбанктің” Шымкенттегі филиалының директорына іздеу жарияланғаны туралы ақпаратты полиция растады. Банкирдің отбасымен бірге қайда кетіп қалғаны белгісіз. “Нұрбанк” басшылығы әзір бұған қатысты ешқандай түсінік бермей отыр….”. Авторы: Мира МҮСІЛІМ.

AIKYN.KZ. “20 желтоқсан – Жаңа индустрияландыру саясатын жұртшылыққа паш етер күн!”. “Алдағы қыстың алғашқы айында, Тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында, ел Үкіметі Ұлт көшбасшысына Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жаңа жобаларының таныстырылымын өткізетіндігі мәлім болды.

Салтанаттың ендігі ұйымдастырылар күні де белгіленіпті: үкіметтегілер ресми Астана 56 елдің көшбасшыларының ұлы құрылтайын өткізіп, иығынан ауыр жүгі түсетін, ал халқымыз ұлтымыздың ұлық мерекесін атап өтуге ыңғайланатын шақты, дәлірек айтқанда 20 желтоқсанды Елбасының Жаңа индустрияландыру саясатының жаңа жемістерін жұртшылыққа паш етер күн ретінде анықтапты. Осы күні таныстырылымы өтетін жобалар, Үкіметбасының айтуынша, жыл соңына дейін қолданысқа берілуге тиіс. Яғни жаңа жылды Қазақ елі жаңа зауыт-фабрикалармен, озық технологиялы тың өндіріс орындарымен қарсы алмақ.

Үкімет үйінде, бейнеселекторлық режимде барлық өңір басшыларының қосылуымен өткен кешегі кеңесте Премьер К.МӘСІМОВ әкім-қараларды және орталықтағы жауапты шенділерді Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың қатысуымен ұйымдастырылатын сол үлкен шараға дайындық мәселесінің шет-жағасын түсіндірді. Оның айтуынша, “басты репетиция” қараша айының үшінші онкүндігіне орайластырылып отыр…

Бұған қоса, К.Мәсімов басшылықтары жаңарған әлгі қос министрлікке қарасты нысандардың құрылысына келесі жылы жұмсалатын бюджет шығындарының қайта қаралатынын да айтты! Бірақ соның нәтижесінде екі салаға ендігі бағытталуға әзірленген жүздеген миллиард қаражаттың алда еселенетінін немесе керісінше, кемитіндігін нақтыламады. Қалай болғанда, тиісті шешім осы аптада қабылданбақ. Үкіметбасы қос сала бойынша Елбасы тапсырмаларына сәйкес құрылатын жұмыс тобының басшылығын өз қолына алатындығын мәлімдеді. Ал үйлестіру істерін өзінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевке «ұстатты». Қалай болғанда, білім беру мен денсаулық сақтау жүйелерінде алдыңғы басшылықтар тұсында жіберілген жөнсіздіктер мен олқылықтар жойылып, қос сала «сауығуға» тиіс.

— Бұл — Мемлекет басшысының тапсырмасы, — деп шегеледі ол. — Орындалу мерзімі — бір ай! — деген Премьер К.Мәсімов министрлер мен әкімдер болып, бас қосып, қос салаға қатысты тұғырлы түйіндердің шешімін тауып, «1 аптадан кейін Мемлекет басшысына баяндауға баруға тиістерін» хабарлады”. Авторы: Айхан ШӘРІП.

Жұмыспен қамтудың жаңа бағдарламасы әзірленбек”. “…“Әлеуметтік көмектер тізімі өте үлкен, — деді Мемлекет басшысы Ақордадағы жұмыс кездесуінде Үкімет басшылығына, — Кімге не беру керектігінен шатасып біттік! Аз қамтылғандарға көмектің барлық түрлерін біріктіру мәселесін қарастырыңдар!” деп тапсырды Президент Н.НАЗАРБАЕВ. Бұл тапсырманың орындалуын қадағалау кеше Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара ӘБДІХАЛЫҚОВАға жүктелген болатын. Дәл осы күні Гүлшара ханым қалаулылардың алдына келді…

Былтыр әлеуметтік қамсыздандыру мен әлеуметтік көмекке мемлекет 813 млрд теңге бағыттапты. Биыл бұл мақсаттарға 929,3 млрд теңге бөлінген екен, бұл 2009 жылмен салыстырғанда 114,3% көлемінде. Жаһандық дағдарыс тұсында елімізде жұмыссыздар армиясы артпауы үшін Елбасы “Жол картасы” бағдарламасын ұсынғаны мәлім. Министр ханым оны қаржыландыруға 2009 жылы 191,5 млрд теңге, ал биылғы жылы 145 млрд теңге жұмсалғанын хабарлады. «2009 жылы 5200-ден астам жоба іске асырылды. Ағымдағы жылдың 1 қазаны бойынша, 2633 жоба, яғни 74,3%-ы аяқталды. Бұл 390 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. 5 мыңнан астам адам кадрларды даярлауға және қайта даярлауға жіберіліп, оның ішінде 64,5 мың адам жұмысқа орналастырылды..

— Аналардың беделін арттыру мақсатында ағымдағы жылдан бастап көп балалы аналарды «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапаттаудың шарттары өзгертілді, — деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі — Сонымен бірге, көпбалалы аналарға төленетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері де 5 мыңнан 8 мың теңгеге дейін көбейтілді. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығын мерекелеу шеңберінде шамамен 300 мың ардагерге 4 млрд теңгеден астам сомаға біржолғы материалдық көмек көрсетілді”. Авторы: Елдос СЕНБАЙ.

Кәрілер ауруы” балалар арасында тарап барады”. “Отандық дәрігерлер осылай деп дабыл қағып отыр. Сүйектің сынуы мен айнуына алып келетін сүйек ұлпаларының бұл ауруы, негізінен, 50-60-тан асқан адамдарда көп кездеседі. Адам көбіне ондай ауруға шалдыққанын білмей жүре беретіндіктен, оны “үнсіз эпидемия” атап кеткен. Бұл тілсіз эпидемия енді ересектерді қойып, балаларды жағалап барады. Осы орайда Қазақстандағы остеопороз жөніндегі дәрігерлер қауымдастығы аурудың алдын алатын мемлекеттік деңгейдегі ұлттық бағдарлама қабылдау қажет дейді.

Олар мұндай тұжырымға әлемнің 21 елі бойынша жүргізілген “Шығыс Еуропа және Орталық Азиядағы аймақтық аудит. 2010 жылдағы эпидемиология және әлеуметтік-экономикалық салдар” атты халықаралық бағдарламаның нәтижесінде келген. Бұл аудит бойынша елдегі остеопороз ауруына шалдығу жағдайы ушығып тұрғандығы анықталыпты….”. Авторы: Үмітжан ЖАПАР.

EGEMEN.KZ. “Дұрысы қайсы, бұрысы қайсы?”. “…Атомшылар қаласындағы содан бергідегі атқарылған жұмыстар туралы ел газеті “Егеменде” аз жазылған жоқ.

Бірақ, өкінішке қарай, жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты демекші, соңғы кезде қайсыбір басылымдар тарапынан Ұлттық ядролық орталық басшыларын жөнсіз жазғырып, қаралаған материалдардың жиілеп кеткені ойлантпай қоймайды. Десе де бұл арада біз төрелік айтудан аулақпыз. Әйткенмен, тілші қосынына әлгіндей оспадар сындарға ашынған атақтарынан ат үркетін бір топ атомшы ғалымдардың атынан хат келіп түскенде барлық мән-жайды көріп, біле жүріп тасада бұғып қалғанды жөн көрмедік. Әлгі хатқа қол қойғандардың арасында республика Мемлекеттік сыйлығының лауреаттары Ғ.БАТЫРБЕКОВ, А.ДҮЙСЕБАЕВ, Ж. ЖОТАБАЕВ, О.МАКСИМКИН сияқты есімдері белгілі ғалымдар бар. Мұның ең біріншісі кезінде осы Ұлттық ядролық орталығын басқарғанын да білеміз…

Тіпті, олар қыза келгенде Ұлттық ядролық орталығының бас директоры, академик Қайрат КӘДІРЖАНОВқа радиациялық қауіпсіздік аймағын қайта қарап, ядролық сынақтардан зардап шеккендер санын азайтуға тырысып бағуда деген кінә тағыпты…

Хатқа қол қойған ғалымдар осылай дей келіп, бұрын полигон иелігінде болған жерді зерттеу жайына кеңінен тоқталыпты. Онда осыған дейін айтылып келген құрғақ байбалам сөздерге ғылыми түрде тойтарыс берілген. Дәл осы арада елді дүрліктіре бастаған дау- дамайға кімдердің түрткі болып отырғаны да айтылмай қалмаған. Біздің естіп, білуімізше орталық тарапынан бұрынғы Семей атом полигонына қарасты жердің 97 пайызы зерттеліп, тексерілген болса, ал соның 93 пайызы пайдалануға жарамды екен. Ендеше, бүйректен сирақ шығару кімге тиімді?…”. Авторы: Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.

ALASHAINASY.KZ. “Қазақ газеттерін холдингілендіру пайдалы ма, зиян ба?”. “Кеше Алматыда “Қазнеттің құқықтық реттелуі және оның қазақтілді интернет БАҚ-тың дамуына ықпалы” атты дөңгелек үстел жиыны өтті. Оған мемлекеттік органдардың, БАҚ, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, жеке блок жетекшілері қатысты.

Жиында көтерілген мәселенің бірі – қазақтілді блогтардың жағдайына арналды. …Көптеген журналистер жеке блогтарын кәсіби мамандығында дұрыс және тиімді пайдалана алмай отыр. Оның бір себебі – қазақтілді оқырмандар сайттағы контенттерді дұрыс қарамайды. Көптеген оқырмандар тек бірінші бетке шыққан материалдарды оқиды да, ал басқа бетке назар салмайды. Сондықтан да қазір ресми тілдегі сайттарды көпшілік біледі де, қазақтілді сайттар тасада қалып жатады. Жиында көтерілген екінші тақырып холдингтерге біріктірілген ақпарат құралдарының жағдайы жайлы өрбіді. “Мінбер” журналистерді қолдау орталығы мамандарының айтуынша, холдингтерге біріктірілген ақпарат құралдарының жағдайын екі жақтан қарастыруға болады. Біріншісі – олардың материалдық-техникалық базалары жақсарып келе жатыр. Екіншісі – мұндай ақпарат құралдары белгілі бір тақырып шеңберінде ғана жазумен шектеліп қалды. Дөңгелек үстел қонақтары мәселенің екінші жағына баса көңіл бөлді. “Бұл мәселені анықтау үшін газет журналистерінен пікір алынды. Журналистер холдингке біріккеннен кейін материалдық базаның артқанын, бірақ еркін тақырыптың қысқарғанын, бәсекелестіктің төмендегенін, тұрақты оқырмандардың жоғалғанын айтты”, – дейді “Мінбер” журналистерді қолдау орталығы мамандары…”. Авторы: Нұрмұхаммед МАМЫРБЕКОВ.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Кәмелетке толмағандар арасында заңбұзушылық көп”. “Екі балаң “жігіт” 11 жастағы мектеп-гимназия оқушысын қорқытып, белгілі мерзімде ақшалай “салық” төлеп тұруға мәжбүр еткен. Сөйтіп, бір жарым ай ішінде 1,5 миллион теңге алым алған.

Мектеп жанында болған төбелестің аяғы атысқа ұласып, 7 бозбаланың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Мұрты жаңа тебіндеген екі бозөкпе ішіп отырған арағы таусылған соң, ауыл шетінде тұратын жалғызілікті зейнеткер әжені ұрып-соғып, “ақырғы күніме” деп ішпей-жемей жинаған 105 мың теңгесін тартып алып, “қызықтарын” одан әрі жалғастырған.

Ақтөбе қаласында және оның айналасындағы ауылдарда қазан айының алғашқы екі аптасында ғана жасөспірімдер жасаған, елді шулатқан қылмыстың ұзын-ырғасы осындай. Көбінің жастары – 14 пен 18 аралығында. Барлығы дерлік мектеп, лицей және колледж оқушылары. Арасында ЖОО-ның студенттері де бар…”. Авторы: Айдос ШӨКІШ.

ZHASALASH.KZ. “Сонда мультимиллионер кiм?”.Болашақ” бағдарламасы бойынша тәлiм алатын қазақстандық студент – мультимиллионер. “Республика” ақпараттық порталына белгiсiз бiреуден келiп түскен материалдар осы мәлiметтi айғақтайды. “Республикалық” әрiптестер осы материалдарға жүгiнiп, бұл ақпаратты әбден жiлiктеп, бiрқатар деректi алға тартыпты. Басылым мәлiметiнше, Гонконгта оқыған “болашақтық” Әлiбек СҮЛЕЙМЕНОВ 19 жасында сонда компания құрып, оның қоржынына 10 мың гонконгтық доллар құйыпты. Содан кейiн HSBC Bank Plc-тен 500 миллион еуро көлемiнде депозит ашқан….

Бәлкiм, ұлына қатысты ақпаратты терiске шығарған Ү.Сүлейменовтiң сөзi рас шығар. Олай болса, банк сертификатының сканын қайда қоямыз? Егер бұл шындыққа жанаспаса, Сүлейменовтер неге мұны ресми түрде жоққа шығармайды? Мүмкiн, 500 миллион еуро Сүлейменовтiң емес, басқа бiреудiң қаржысы шығар?”. Авторы: Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ.

Бұл заң ол заңнан оңып тұрған жоқ”. “…БАХМУТОВА алға тартқан “Ипотекалық несиелеу, қаржы қызметiн тұтынушылар мен инвесторлар мәселесi жөнiндегi ҚР-ның кейбiр заңнамалық актiлерiне өзгертулер енгiзу туралы” заң жобасының шикi тұстарын парламент депутаттары да елеусiз қалдырмады. Атап айтқанда, қаржы қадағалау агенттiгi төрайымының айтуынша, бұдан былай банктер мен микрокредиттiк ұйымдар белгiлейтiн сыйақы ставкасы Ұлттық банктiң сегiз еселенген қайта қаржыландыру ставкасынан аспауы тиiс. Қазiр Ұлттық банктiң ресми қайта қаржыландыру ставкасы – жылдық 7 пайыз. Демек,несие беретiн қаржылық институттардың сыйақы ставкасын 56 (!) пайызға дейiн жеткiзуге құқығы бар. Сөйтiп, банк борышкерге алған несиесi үшiн 56 пайыз артық ақша төлетуi мүмкiн….

Осылайша борышкерлердiң бiр бөлiгi жаңа заң жобасынан келiп-кетер пайда жоқ десе, екiншi бөлiгi әлi де үмiттенетiнiн, бiрақ бәрiбiр сенiмнiң аздығын айтады. Не де болса, қаржы қадағалау агенттiгiнiң шын мәнiнде кiмнiң мүддесiн көздейтiнi заң толық мақұлданып, қол қойылған соң анық айқындалады”. Авторы: Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ.

ABAI. KZ. “Мырзахан Айсарин. Немістер мультикультурализммен қоштасты”. “Көптеген жылдар бойы Германияда қалыптасқан этносаяси және этномәдени жағдай біздің ел үшін алдыңғы қатарлы, “ең озық” үлгі деп түсіндіріліп келді. Алайда, Германиядан келіп жатқан хабарларға үңілсек, осы елдегі мультикультурализм моделі өзінің соңғы күндерін басынан өткізіп жатырғандай әсер аласыз. Бұны тек қарапайым немістер ғана емес, мемлекеттің басшылары мен саяси қайраткерлері мойындауға мәжбүр.

Кеше ғана Потсдам қаласында өткен Христиан демократтары одағының жастар қанатының құрылтайында Германия канцлері Ангела МЕРКЕЛЬ Гете мен Шиллердің жеріндегі мультикультуралистік қоғам құру әрекеттерінің барлығы да тығырыққа тірелгенін өкінішпен мойындады. Меркель ханымның пікірінше, елге келген барлық иммигранттар неміс тілін үйреніп, тұтас неміс қоғамының бөлігіне айналуы міндетті. “Біздің қоғамның мүшесі болғысы келгендердің барлығының заңдарымызды ғана сақтағаны жеткіліксіз, біздің тілімізде де сөйлеуі керек” — деп қорытындылады сөзін неміс басшысы…

Осыған дейін “ұлттық мәселеде” демократиялық принциптерді ұстанып келген Германия канцлерінің бұлай демеске шарасы жоқ. Неміс қауымы күн санап өзгеріп келеді. Елдегі шеттен келген иммигранттарға көзқарас түзу емес, сенімнен гөрі үрей басым. Халықтың мұндай көңіл-күйін елдегі барлық саясаткерлер мен саяси күштер өз пайдасы үшін қолданып, ұпай жинаумен әлек.

Мысалы, Христиан әлеуметтік одағының жетекшісі, Бавария жерінің премьер-министрі Хорст ЗЕЕХОФЕР өткен жұмада ғана “Мультикультурализм өлді” деп жариялап, елге Түркия мен Таяу Шығыстан келіп жатқан иммигранттар легін шектеуді талап етті.

Тамыз айында Германияның социал-демократиялық партиясының басшыларының бірі, неміс Ұлттық банкінің төрағасы Тило САРРАЦИН “Германия: өзін-өзі жою” деген кітап жазып, онда бақылаусыз миграцияның өсуі неміс тілі мен мәдениетінің құруына алып келеді деген пікірлерін жасырмады. Сол үшін Саррацин қудалауға душар болып, өз қызметінен де, партиясынан да қуылды.

Осыған ұқсас пікірлерді Германияның вице-канцлері, сыртқы істер министрі Гидо ВЕСТЕРВЕЛЛЕ де айтып жүр. Оның ойынша, Германия елге кімді шақырып, оларға қандай талап қоюы туралы мықтап ойлануы қажет екен… Егер өзімізге үлгі болған “мультикультурлистік модель” отанында қирап жатса біздерге оның қажеті не деген сұрақ туындайды?”.

KAZ.GAZETA.KZ. Биыл 9 жылға созылған “Өзін-өзі тану” бағдарламасын іс-тәжірибеден өткізу жұмысы аяқталды. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан Бүкіләлемдік рухани мәдіниет форумы аясында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Махмедқали САРЫБЕКОВ мәлім етті.

Оның айтуынша, соңғы 9 жыл бойы оқу-тәжірибелік ошақтарда “Өзін-өзі тану” бағдарламасын іс-тәжірибеден өткізу жұмысы жүргізілді. Биыл ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен “Өзін-өзі тану” пәні еліміздің барлық орта білім беру ошақтарына енгізілді. “Олардың ішінде 7 525 мектеп бар. Сондай-ақ 850 колледж бен 146 жоғары оқу орнында аталған курс бөлек пән ретінде оқыту бағдарламасына енгізілді”, — дейді М.Сарыбеков.

Вице-министр атап көрсеткендей, биыл “Әлеуметтік психология және өзін-өзі тану” мамандығы ашылып, республикалық бюджеттен 300 білім беру гранты бөлінді. Көптеген оқытушы-мамандар “Бөбек” қорының негізінде қайта даярлау курстарынан өтіп, арнайы оқулықтар мен оқу құралдары шығарылды.

Қырғызстанда Парламент сайлауының қорытындысымен келіспейтіндер аштық жариялады. Саяси додадан жеңіліс тапқан “Бүтін Қырғызстан” партиясының 10 мүшесі бүгін ас-судан бас тартты. Олар сайлаушылардың дауысын қайта санауды талап етуде. Бірақ Қырғызстан орталық сайлау комиссиясындағылар бұл талапты орындамайтындарын білдірді. Сайлаудың түпкілікті қорытындысы келесі аптада мәлім болады.

Ош қаласында басталған наразылық шарасы «Әйелдер көтерілісі” деген атауға ие болды. Өйткені аштық жариялағандар — әйелдер. Олар ұрланған дауыстарды қайтаруды талап етуде. “Бүтін Қырғызстан” партиясына Парламентке өту үшін 0,02 пайыз дауыс жетпей қалған. Енді ашулы әйелдер өз үміткерлерін жеңімпаздар тізіміне енгізуді талап етуде…

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ