AZATTYQ.ORG. “ЕҚЫҰ саммиті қарсаңында параллель саммит өтпекші”. “Астанада өтетін ЕҚЫҰ саммиті қарсаңында қауіпсіздік ұйымына кіретін елдердің азаматтық қоғам өкілдері де параллель саммит өткізуді жоспарлап отыр. Олар халықаралық қауымдастық алдында Қазақстандағы адам құқығының шынайы жағдайын дәл сипаттауды көздеп отыр. Астанада ЕҚЫҰ саммиті қарсаңында азаматтық қоғам өкілдері бірнеше шара өткізуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, Үкіметтік емес ұйымдардың форумы (26 қараша), ЕҚЫҰ шолу конференциясы (26-28 қараша) және Үкіметтік емес ұйымдардың параллель саммиті (28-29 қараша)…
— Атап айтқанда, ЕҚЫҰ институттарының қызметі мен оларды реформалау қажеттілігі. Көптеген сарапшылар қазіргі таңда бұл институттардың тиімді жұмыс істемей отырғанын айтып отыр, — деді “Фридом Хаус” құқыққорғау ұйымының Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Вячеслав АБРАМОВ. Бұл параллель саммитке қазірдің өзінде жүзге жуық үкіметтік емес ұйым қатысуға ниет білдіріп отыр….”. Авторы: Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ.
“Ташкенттегі 1999 жылғы лаңкестік жарылыстың құпиясын ашқан адам түрмеде көз жұмды”. “1999 жылғы ақпандағы жарылысқа Өзбекстан билігінің қатысы бар деп мәлімдеген Зайниддин АСҚАРОВтың денесі түрмеден туыстарына жеткізілді. оның өліміне ресми Ташкент айыпты деп санайды. Зайниддин Асқаров 1999 жылы наурызда сол жылы болған жарылыстан кейін 11 жылға сотталған-ды. 2003 жылы ол түрмеде жатып бұл жарылыстарды биліктің өзі жасаған арандату әрекеттері екенін шетелдік журналистерге хабарлауға мүмкіндік алды….
Адам құқығын қорғаушылар 1999 жылғы Ташкенттегі жарылыстар мен Өзбекстанның өзге де қалаларында болған кейінгі жарылыстар еш кінәсі жоқ ондаған мың мұсылмандарды түрмеге тығып, жүздеген тұтқынды азаптау үшін таптырмас желеуге айналды деп санайды”.
“Құсмұрын түрмесінде өлген сотталушыға қатысты тергеу басталды”. “…Қыркүйектің 28-і күні Қанат МҰХАМБЕТҚАЛИЕВ этаппен Қостанай облысының Құсмұрын түрмесіне жеткізілген. Қазанның 6-сы күні ол облыстағы Әулиекөл ауданына қарасты ауруханада көз жұмды. Ресми болжам бойынша “тұтқын мидың қабынуынан көз жұмған”. Алайда, мәйітті ашу кезінде Мұхамбетқалиевтің денесінде көптеген қарайған іздер анықталған. Оның өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалып, түрменің екі қызметкері қамауға алынған еді….”. Авторы: Мәншүк АСАУТАЙ.
AIKYN.KZ. “Басты басымдық – инфрақұрылымды жаңғырту”. “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ-ын дамытудың 2020 жылдарға дейінгі стратегиялық бағдарламасында отандық темір жол көлігі машинасын жасау және темір жол көлігі өндірістік активін жаңғырту, еңбек өнімділігін өсіру басты басымдықтар болып саналады. Компания осы мақсатқа жету жолында барлық салада белсенді қимылдауда… “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ отандық кәсіпорындардан тауар және қызмет түрлерін сатып алуды 80 пайызға дейін өсірсе, 2015 жылы оны 95 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр”. Авторы: Ескендір ЕРТАЙ, Астана.
EGEMEN.KZ. “Ертеңгі күнде есеміз кетпесін десек…”. “Жастар проблемасы төңірегіндегі ойлар. Бір замандарда “жастар – біздің болашағымыз” деген сөз жиі айтылушы еді. Сол тұрғыда, яғни ел болашағының дұрыс өсіп-жетілуі үшін белгілі бір жұмыстар да жүргізілетін. Әсіресе, сол кезде қоғамда билік құрған коммунистік партия жастар бөгде бір ағымдардың ықпалында кетіп қала ма деген қауіппен өскелең ұрпақ арасында өз идеологиясының үстем болуына үлкен күш салды. Осындай қатаң қадағалаудың әсерінен де ол уақыттарда жастардың қандай да бір теріс жолға түсіп кетуі сияқты көріністер жоққа тән еді…
Төртінші проблема “Қалай өмір сүремін?” деп аталады. Бұл жерде әңгіме табыс туралы болып отыр. Тіпті дипломы болғанның өзінде еңбек стажы жоқ жас маманның жоғары жалақы алатын жұмысқа орналаса қоюы екіталай. (Мәселен, жақсы жұмысқа шақырғандар кемінде 5 жыл еңбек стажының болғанын талап етеді). Ал жастардың өмірдің барлық қызықтарын көре жүріп емін-еркін өмір сүргілері келетіндігі аян. Оның сыртында қызмет бабында жоғарылау жағын да ойлауы керек. Ал оның бәрі оңайлықпен іске аса қоятын шаруалар емес. Әсіресе, әркім өз күнін өзі көруі тиіс деген қағида белең алып тұрған нарық заманында бұл проблемалардың шешуі мейлінше қиын түйіндерге айналып отыр.
Соңғы проблема “Қандай мақсаттарға ұмтылу керек?” деген сауал төңірегінде тұйыққа тіреледі… Өскелең ұрпақ жаңа ғана бүршік жарып өсіп келе жатқан жас шыбық тәрізді. Егер сол өскіннің өзегіне құрт түсіп кетпей, еліне пана болатындай жапырағын жайған мәуелі бәйтерекке айналсын десек оған ерте бастан дұрыс күтім керек екендігін де естен шығармаған жөн. Сонда ертеңгі күнде есеміздің кетпейтініне деген сенім де беки түспек”. Авторы: Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.
“2 алтын, 6 күміс, 11 қола”. “Қоржын тоғайды. Екі алтын, алты күміс, он бір қола медаліміз бар. Көңіл тоқ па? Әрине жоқ, Азия ойындарының ашылуы салтанатына айрықша көңіл-күймен шыққан айыр қалпақты ағайын — қырғыз бен жарысқа 160 адамын салған Түркіменстан бір қола медальға зар, сіздердікі қай тойып секіргендік дерсіз. Баяғыдағы аштықтан “арпа-бидай ас екен, алтын-күміс тас екен” деген аталы сөз қалған. Соның кері келген. Өзбекстанда үш алтын. Сол Өзбек елі Қазақстаннан үш саты жоғары тұр. Міне, алтын медальдың қадірі. Ал біз Азия ойындарында Қытай, Корея, Жапония мемлекеттерінен кейінгі орынды аламыз деп келгенбіз. Қызыл сөз емес. Талай рет қолымыз жеткен. Қазір үш күннің есебімен 10-шы орында тұрмыз. Қалай мазасызданбауға болады? Қоржынымызға күміс медальдар түсе бастады. Суға жүзудегі басты үмітіміз Владислав ПОЛЯКОВ квалификациялық жүзуде өз мінезін тапты. Евгений РЫЖКОВ екеуі 100 метрге брасс арқылы жүзуде үздік сегіздікке кірген. Кешкі финалдық жүзуде Поляков алтын медальға сынық сүйем жетпей тоқтады…
Бет қатталып жатқанда су добынан Қазақстан құрамасы финалда Қытай спортшыларынан ұтылып, күміс жүлдеге ие болды. Сөйтіп, Қазақстан 2 алтын, 6 күміс, 11 қола медальдарымен жалпы командалық есепте 10-орынға шықты”. Авторы: Бақтияр ТАЙЖАН – Гуанчжоудан (Қытай).
ANATILI.KZ. “Аудармашылар арқылы мәселе шешілмейді”. “Төбемізде тәуелсіздік аталатын киелі ұғымның көк байрағы желбірегеніне жиырма жыл толғалы отыр. “Аузы күйген үріп ішеді”, осы тұста Елбасымыз асығыстық емес, байыптылық пен парасаттылық танытты. Алыспен де, жақынмен де татулықты, достастықты, түсіністікті басты нысана етіп ұстады. Өйткені “Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп”…Осы бір мақалдың өзіміз аса мән бермейтін астары тым тереңде екен. Өмір сүрудің, ел болудың заң кодекстерін қазекең мақал-мәтелдері арқылы қалдырған ғой. Қысқа әрі нұсқа. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында-ақ Елбасымыз өзінің тәуелсіз мемлекет қалыптастыру жөніндегі ілкі ғылыми еңбегінің бірін осы мақал негізіне сүйеніп, “Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде” деп атаған еді… Иә, “бірліксіз тірлік болмайды”.
Біз жоғарыда айтқан “Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде” атты бағдарлама социализмнің өмір сахнасындағы өшу дағдарыстарын толық ашып көрсетеді. Еңбектің басты құндылығы да осында. Алдағы талай ұрпақ бір саяси қоғамдық құрылыстың жетістігі мен кемістігін, жойылуының себеп-салдарын осы еңбек арқылы оқып түсініп, пайымдайтын болады…
Тағы бір айтарымыз, мемлекеттік қызметке тек қана қазақ тілін толық меңгерген мамандарды ғана алу. Бізде қазақ тілін білетін өзге ұлт өкілдері баршылық. Міне, соларды лауазымға тарту керек. Өзен, Бейнеу, Ералиев аудандық партия комитеттерінің бұрынғы хатшылары КЛИНЧЕВ, САЛОВ, ЧЕРНЫЙлардың пленумдарда қазақша баяндама жасағандарын талай көргенбіз…”. Авторы: Айтуар Өтегенов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ақтау қаласы.
ZHASALASH.KZ. “2020 жылы Арал теңiзi жер бетiнен мүлдем жоғалады…”?”.. “Қазақстан, Өзбекстан және Түрiкменстандағы саяси жүйенi түбегейлi өзгертпей, теңiздi құтқарып қалу мүмкaiн емес. Қайбiр күнi “Хабар” телеарнасынан Арал теңiзi туралы сюжет көрсеттi. Дәлiрек айтқанда, Көкарал бөгетi туралы. “Хабарға” сенсек, бөгет тұрғызылғаннан кейiн Кiшi Аралдың ернеуi тола бастапты. Бiр кездерi мейманасы тасыған Бөген ауылының әкiмi Шөмен АНДЫЗБАЕВ былай дедi: “Президентiмiздiң арқасында Кiшi Арал тола бастады. Су келiп едi, балық та көбейдi. Ауыл тұрғындарының жағдайы түзеле бастады”….
… Бұған өзбектер мен түрiкмендер көне ме? Көнбейдi. Керiсiнше, жыл өткен сайын мақта алқаптарын көбейтiп жатыр. Кейде осы көршiлердiң тiрлiгiне қарасаң, Арал теңiзi қазаққа ғана керек сияқты. Тоқсаныншы жылдардың басында Қазақстан солтүстiк Кiшi Аралды құтқару қамымен бөгет тұрғызды. 1999 жылы ол бөгеттi су шайып кеттi. Қазақстан мен Бүкiләлемдiк банк 85 миллион доллар бөлiп, жаңа нысанның құрылысына кiрiстi. Ұзындығы 13 шақырым болатын бөгет 2005 жылы салынып бiттi. Осыдан кейiн кiшi Аралдың кеуiп қалған тамырына қан жүгiре бастады. Судың тұздылығы төмендеп, бiрлi-жарым балық түрлерi пайда бола бастады. Мұны жоққа шығаруға болмайды. Бұл — Қазақстанның табанды еңбегiнiң жемiсi.
Ал ендi Үлкен Аралдың жайы не болмақ? Әзiрге бiздiң мақсатымыз — Аралдың ернеуiн Арал қаласына барынша жақындату. Шамамыз соған ғана жетедi. “Үлкен Аралдың ернеуiн толтырмай, жағдай түзелiп кетедi деу бекер. Арал теңiзiн тiрiлту үшiн күш бiрiктiрген жөн. “Мәселенi түбегейлi шешу үшiн қыруар қаржы мен жаңа техника ғана емес, саяси, әлеуметтiк, экономикалық өзгерiстер қажет. Мұндай талпынысты Арал маңындағы елдерден көрiп тұрғамыз жоқ”, — дейдi ғалымдар….
Бұрынғы Арал теңiзiнiң Өзбекстан аумағында мұнай-мен газ iздеу басталып та кеттi. Тiптi кейбiр тұстардан мұнай өндiре бастаған көрiнедi. Мұны естiп, NABU табиғатты қорғау ұйымының басшысы Томас ТЕННХАРД шалқасынан түсе жаздапты.
— Мен Аралда мұнай өндiрiп жатқанын бiлмеппiн. Мұның қысқа мерзiмдi нәрсе екенiн неге ескермеймiз?! Ол жерде мұнай болғанның өзiнде 40-50 жылға ғана жетедi. Одан кейiнгi жағдайды айтудың өзi қорқынышты. Адамзатқа тағы бiр алапат қатер төнедi, — дептi ол ашуға булығып.
“Бiреуге мал қайғы, бiреуге жан қайғы” деген осы шығар. Еуропалық сарапшылар айтатындай-ақ бар, онсыз да өн бойы жараға толған, аңқасы кепкен Аралды құтқарып қалу үшiн Арал маңындағы елдер саясатын түбегейлi өзгертуi керек сияқты. Саясатты өзгерту деген не? Ол — билiк жүйесiн өзгерту, Кеңес одағынан қалған сарқыншақтардан басыбүтiн құтылу. Олай етпесек, 2020 жылдың қорқынышты елесiн күтуден басқа амалымыз жоқ…”. Авторы: Е.БИЕКЕ.
ABAI.KZ. “Жарасбай Сүлейменов, Мәжіліс депутаты. Бізге қай мереке қымбат?”. “Біздің елімізде қай мерекенің мерейі үстем, мәртебесі биік? Бүгінде қоғамымызда осы сауалдың нақты жауабын таба алмай басы қатып,қиналып жүргендер аз емес. Арнайы қабылданған “Қазақстан Республикасының мерекелер туралы” заңына сүйенсек, ерекше тарихи маңызы бар, ұлттық мереке болып табылатын Тәуелсіздік күнінен қымбат мереке жоқ…
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні — жаһанданудың жойқын күшiнiң жетегiне ерiп,орынды-орынсыз желпілдейміз деп, қаз боламын деп суға кеткен қарғаның кебін киіп жүрмейік. Ұрпағымыз ұлттық құндылықтарымыздан адасып қалмасын десек, шын асылды жасықтан ажыратып, ата-бабаның аманатын,халқымыздың салт-дәстүрін әспеттейтін, жастарымызды жақсылыққа жетелейтін Тәуелсіздік тойының мерейін де, мәртебесін де өсірейік. Басқа тойлар тойланбаса, тойланбасын, ал Тәуелсіздік мерекесі ұлттың ұюына, қазақ елі көшінің көркеюіне, азаматтарымыздың бойында отаншылдық, елжандылық, мемлекетшілдік қасиеттердің қалыптасуына қызмет етуге тиіс. Ол үшін қасиетті мерекеге көзқарасты түбегейлі өзгерту қажет”.
ASPECT-M.KZ. “АУЫЛЫМНЫҢ ТҮТІНІ ҚЫМБАТ МАҒАН!”. “АУЫЛЫМНЫҢ ТҮТІНІ ҚЫМБАТ МАҒАН!” тақырыбындағы үздік жарияланымның республикалық конкурсына қатысуға шақырамыз Конкурсты ұйымдастырушы: “Аспект М” әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулер орталығы, ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен Конкурстың мақсаты мен міндеті: Ауылдық аймақ тұрғындарының бойындағы патриотизмді дамыту, олардың елде болып жатқан жағдайларға қатысы бар екенін көрсету, туған мемлекетімізге құрметпен қарауға үндеу Конкурстың өтетін мерзімі: 2010 жылдың 5 қарашасынан 25 қарашасына дейін. Жарияланымдарды қабылдаудың соңғы мерзімі: 2010 жылғы 25 қараша Конкурс жеңімпазын марапаттау 2010 жылғы 30 қарашада сағат 14.30-да мына мекен-жайда өтеді: Алматы қаласы, Абай даңғылы, 14, ҚР Ұлттық кітапханасының ғимараты…..”.
MINBER.KZ. “Nokiа “Азиаданы” таныстырды”. “Nokia компаниясының Ovi үстеме бағдарламасы Қысқы Азия ойындарына арнап, жылдың соңына қарай қалтафонға лайықталған карталарын қазақстандықтарға ұсынбақшы.
Астанада осы тақырыпқа арналған баспасөз мәслихатында Nokia компаниясының Қазақстандағы өкілдігі: “Азиада” мобилді қосымшасы Nokia қондырғысын пайдаланушыларға спорттың іс-шаралар туралы және Азиаданың басқа да жаңалықтары туралы білуге, жарыс күндері мен спорттық санаттар бойынша кестелерді алуға мүмкіндік береді” деп мәлімдеді.
Алматы мен Астана қалаларында өтетін қысқы Азиа ойындары барысында Nokia телефонын қолданушыларға арнайы карта ұсынылмақ. Қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі бағдарламалар тегін болатынын хабарлады. “Осындай жобалар арқылы біз программистерді жергілікті қолданушыларға лайықталған бағдарламалар жасаса екен дейміз” деді Карел ГОЛУБ Nokia компаниясының Қазақстандағы өкілдігінің басшысы….”.
***
Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ