AZATTYQ.KZ. “Хамза Ғабдолла: “Өмірлік патша болып қалыңыз деп едім, күліп, қолымды қысты”. “…Жетпіске толған Хамза ҒАБДОЛЛАның жасы да президентпен шамалас. Ол 1964 жылдан бері мектепте ұстаздық етеді. Қазақ тілі мен әдебиеті және тарих пәндерінің маманы. Совет үкіметі жылдарында белсенді партия қызметкері болған. Кейіннен біраз уақыт білім саласынан қол үзіп, үкіметтік қызметтер де атқарған. Соңғы екі жылда Атыраудағы №6 мектеп директоры. Хамза Ғабдолла Азаттыққа берген сұхбатында президентке мәңгілк патша болып қалуды ұсынған ойы дұрыстығына сенімді екенін айтты. Ол өз сөзінің дәлелі ретінде тарихи тұлғалар Абылайханды, Әбілқайыр ханды мысал етті…
Дегенмен, ақсақал, сіздің президентке осындай ұсыныс жасауыңыздың бір себебі бар шығар?
– Бұған нақты ешқандай себеп жоқ. Соңғы кезде Президент төңірегінде сөз көбейді.Бірақ жұрт “президенттің арқасында 18 жыл болды тәуелсізбіз. Қазақстанды көп ел таныды. Ал ертең президент сайлауы болса, басқа біреу келіп өз саясатын енгізуге тырысады” дегенді айтады. Оның үстіне НАЗАРБАЕВты 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төраға болуға сайлап жатыр. Бұл оның дүниежүзі алдындағы беделін көрсетеді.Сондықтан Назарбаев президент болып қала бересе қайтеді деп ойладым. Президент алдында сөйлеуіме мүмкіншілік жасалған соң атыраулықтар атынан “Сіздің мәңгілік патша болғаныңызды халық сұрап жатыр” деген тілек білдірдім. Елбасының деніне саулық тілеп, халықтың сенім артатынын айттым. Ол кісі риза болғандай болды. Қолын берді…
Бұған дейін өмірлік президент жайлы ұсынысты Н.Назарбаевтың Ақтөбеге сапары кезінде профессор З.БАЙДОСОВ пен ақтөбелік тағы бір мектеп директоры Юлия САВЧЕНКО айтқан болатын.
Нұрсұлтан Назарбаевқа өмірлік президент өкілеттігін беру мәселесін қызу қолдаған “Нұр отан” партиясы төрағасының орынбасары Дархан ҚАЛЕТАЕВ “Ұлт көшбасшысы” туралы заң жобасын дайындау керек деген ой тастаған болатын. Алайда кейбір сенаторлар оны президенттің өзінен сұрау керек десе, енді бірі референдум арқылы халық шешсін, тағы бірі қабылдау керек деген еді”, — деп қорытты Сәния ТОЙКЕН.
“Мұхтар Әлиев күтпеген жағдайда Қазақстанға келді”. “Азаттық радиосына мәлім болғандай, шетелде бас сауғалап жүрген Рахат ӘЛИЕВтің әкесі, Қазақстаннан кетіп қалғанына біраз уақыт болған дәрігер ғалым Мұхтар ӘЛИЕВ елге келді. Оның басты мақсаты – үйінде қамауда отыр делінетін зайыбына демеу болу. Профессор Мұхтар Әлиев сенбі күні Лондон әуежайынан ұшып шықты. Ол жексенбінің таңына қарай Алматы әуежайына келді. Азаттық тілшілерінің Алматы әуежайынан хабарлауынша, Мұхтар Әлиевті бірнеше адам қарсы алған. Оны VIP-залдан үш адам қарсы алып, алыстан келген жолаушыны үкіметтік нөмірі бар Джип көлігіне отырғызған.
Оның сөзіне қарағанда, зайыбының шетелге шығуына рұқсат алу үшін өзінің бұрынғы құдасы – президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВпен жүздесуге де әзір. Егер, әрине, ол қабылдай қойса.
Мұхтар Әлиев, сонымен қатар, Қазақстанда ешқандай баспасөз-мәслихатын өткізбейтінін немесе ешбір мәлімдеме жасамайтынын, тек зайыбына демеу болып, оның шетелге шығуына рұқсат алу үшін ғана елге жол тартқанын айтты”, — деп белгіледі Александр НАРОДЕЦКИЙ.
“Азаттық сайты — әлемдік Online Journalism Awards сыйлығының иегері”. “Азаттық радиосының интернет сайты бұл сыйлықты \»Ағылшын тілді емес шағын сайт\» категориясында (General Excellence in Online Journalism, Small Site) алып отыр. Сыйлық сенбі күні кешкілік Сан-Франциско қаласында өткен салтанатты жиында Азаттық радиосы редакциясының директоры Едіге МАҒАУИНге тапсырылды.
EGEMEN.KZ. “2010 – 2012 жылдарға арналған бюджет”. “Жақында Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің ұйымдастыруымен “2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы”, “ҚР-ның Ұлттық қорынан 2010-2012 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы” заң жобаларының таныстырылымы өтті. Таныстырылым жиналысына комитет төрайымы Гүлжан ҚАРАҒҰСОВА жетекшілік етіп, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт СҰЛТАНОВ баяндама жасады.
“Экономиканың қазіргі жағдайында болжам жасаудың қиын іс екендігіне қарамастан, үш жылдық бюджет — жоспарлау жүйесіндегі жаңа тәсілдердің бірден-бір құралы болып қала беруде. Әрине, алғашқы үш жылдық бюджеттің атқарылуы әлі аяқталған жоқ. Сондықтан, реформаның қаншалықты табысты екендігі туралы айтуға әлі ертерек. Дегенмен, біз бір орында тұрған жоқпыз, реформаның барысында айқындалған жетіспеушіліктерге талдау жасалуда және оларды жою жөнінде ұсыныстар дайындалып жатыр”, – деген министр халық қалаулыларының қарауына бюджет жобасымен бір мезгілде “ҚР-ның Ұлттық қорынан 2010-2012 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы” заңның жобасы да енгізіліп отырғанын айтты.
2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджеттің параметрлері елдің 2010-2014 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының негізінде әзірленген….
…. Ал, жас мамандарды ауылдағы әлеуметтік салаларға тарту үшін 70 айлық есептік көрсеткішпен көтерме жәрдем беруге және баспана алуға пайызсыз несие беру үшін 4 063 млрд. теңге бөлінбекші.
Осылармен қатар, көктемгі егіс науқаны мен түсімді жинау науқанына айтарлықтай қаражат қажет екенін айта келе, министр бюджет жобасының негізгі көрсеткіштеріне тоқталды.
Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі осы отырыста депутаттарға Үш жылдық бюджет жобасымен қатар, Үкіметтің отырысында мақұлданған әлеуметтік-экономикалық дамудың бесжылдық болжамымен мемлекеттік органдардың бес жылдық стратегиялық жоспарларының жобаларын да көрсетті. Жұмыс тобының, комитеттердің бұдан кейінгі отырыстарында олардың барлық сұрақтарына егжей-тегжейлі жауап қайтаратындарына және үш жылдық бюджетті қалыптастыруға байланысты керекті есептемелермен қамтамасыз ететініне сендірген Бақыт Оспановқа Мәжіліс депутаттары жапа-тармағай сұрақ жаудырды.
Заң жобаларының таныстырылымында К.САҒАДИЕВ, В. НЕХОРОШЕВ, В.ВИШНИЧЕНКО, Р.ХАЛМҰРАДОВ, Е.ОМАРОВ, О.КИКОЛЕНКО, Т.ҚОСМАМБЕТОВ, Қ.БИСЕНОВ, т.б. депутаттар сұрақ қойды.
Заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшілігіне депутат Серік ОСПАНОВ бекітілді”. Авторы: Сәуле ДОСЖАНОВА
TURKYSTAN.KZ. “Өзбекстан ұстанымдарын жиi өзгертуде”. “Қазақстанның Энергетика және минералды ресурстар министрлiгiнде (МЭМР) күтпеген жерден жұмыс қызды. Жанталасқан жұмыс. Өйткенi, жақында Өзбекстан аумақтағы елдерге өздерiнiң бiртұтас энергетикалық жүйеден бастартатынын күтпеген жерден мәлiмдеген болатын.
Бiртұтас жүйенiң қалған екi мүшесi — Қазақстан мен Қырғызстан үшiн өзбектердiң осыған дейiн нық қалыптасып, ұтымды жұмыс iстеп келген жүйеден бастартуы ашық күнде жай түскендей әсер еткенi сөзсiз. Өзiм бiлермендiкке салынған өзбек ағайынның саяси, экономикалық ұстанымдарын жиi өзгертетiнi үйреншiктi жағдай болса да, осындай аса маңызды, стратегиялық салада бұдан бұрын қол жеткiзiлген келiсiмдерден бас тартуы Энергетика және минералды ресурстар министрi Сауат МЫҢБАЕВ мырзаның басын ауыртуда. Министрдiң пiкiрiнше, Екiбастұзда таяуда пайдалануға берiлген “Солтүстiк-Оңтүстiк” екiншi электр жүйесiнiң көмегiмен Қазақстан онша зардап шеге қоймайтын көрiнедi. Ал электр энергиясын гидроэлектр стансаларында өндiретiн Қырғызстан үшiн бұл қадамның зардабы аса ауыр болмақшы. Өйткенi, гидростансалар қыста өз жұмысының ауқымын анағұрлым азайтатыны белгiлi. Егер Қазақстан да бiртұтас энергетикалық жүйеден бас тартса, онда ақ қалпақты қырғыз мемлекетiнiң солтүстiк бөлiгi қосымша электр энергиясын бiр ғана Тоқтағұл-Бiшкек линиясы арқылы ғана алатын болады және халықты электр жарығымен толық қамтамасыз ету мәселесi күрделенiп, ел экономикасы терең дағдарысқа ұшырайтыны күмәнсiз…
Ресейдегi Саян-Шушенск ГЭС-iндегi ауыр апаттан кейiн Өзбекстанның осындай қадамға баруы Орталық Азия аймағында жағдайды бiршама ауырлататыны күмәнсiз. “Әрине, бұл қадамның еш жақсылығы жоқ, дегенмен, жалпы жағдай онша ауыр емес”, — дейдi Сауат Мыңбаев мырза.
Iргелес көршi елдердiң сұраныстарымен онша санаса бермеудi керi әдетке айналдырған ресми Ташкенттiң бiртұтас энергетикалық жүйеден бас тартуының iшкi астары оп-оңай түсiнiктi. Өйткенi, Өзбекстан Қырғызстанның өз жерiнде ресейлiк әскери база салдыруына түбегейлi қарсы болып отыр. Ол ол ма, тiптi Оңтүстiк Қазақстан облысының территориясында салынып жатқан “Көксарай” су қоймасы да ресми Ташкенттiң көзiне шыққан сүйелдей көрiнетiнi сөзсiз. Осының бәрi ала тақиялы ағайындардың ашу-ызасын туғызып, аймақтағы жағдайды одан әрi күрделендiрулерiне мықты себеп болуда. Әсiлi, бұрынғы келiсiмдер мен ұстанымдардан себепсiз жиi бас тартатын өзбектер Орталық Азиядағы басқа елдердiң айыптауы мен сынына жиi ұшырайтыны белгiлi. Бiрақ, бұл жайт оларға шыбын шаққан құрлы әсер етпейтiн секiлдi…”. Авторы: Жаңабек ШАҒАТАЙ.
ALASHAINASY.KZ. “Құрметті ұстаздар! Қымбатты әріптестер!”.
“Сіздерді Мұғалімдер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Ұстаздар күні – бұл дәстүрлі әрі бүкілхалықтық мереке десек артық айтқандық болмас. Ұлы ғұламалардың да ұстазы болған, сондықтан болар осы абыройлы міндетті атқарып жүргендерді халқымыз әрқашан ерекше құрмет тұтқан. Ұстаздың әр адамның жүрегінен алатын орны айрықша, қолына қалам ұстатып, алғаш әліппені үйреткен мұғалімін жылылықпен еске алмайтындар кемде кем болар.
“Ұстаз” сөзінің өзі “Отан”, “Ар”, “Адамгершілік” сияқты қасиетті ұғымдардың қатарынан орын тебуінің өзінде үлкен мән жатыр. Мұхтар ӘУЕЗОВ тілімен айтсақ, “Ұстаз — ұлы есім”.
Елбасымыз атап өткендей, Қазақстанның алдында бәсекеге қабілетті елдердің қатарынан көріну міндеті тұр. Бұл өз кезегінде ұстаздардың мойнына екі есе жауапкершілік жүктейді. Себебі, ертеңгі күннің қоғамдық–саяси, экономикалық мәселелерін шеше білетін білімді де білікті ұрпақ тәрбиелеу сіздердің қолдарыңызда, құрметті әріптестер! Білім берудің күрделі міндеттерін рухани бай, педагогикалық дарыны бар, шығармашылық, кәсіби тәсілдерді жетік меңгерген және жаңалыққа құштар жан-жақты тұлға ғана шеше алады. Ендеше, Сіздердің осы бағыттағы еңбектеріңіз жана берсін! “Ұстаз бақыты — озып туған шәкірті” десе, аттарыңызды Ай-әлемге паш ететін талантты да білімді шәкірттеріңіз көбейе берсін!
Еңбектеріңізге табыс, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға береке тілеймін!
Құрметпен, Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрі Ж.ТҮЙМЕБАЕВ”.
“Батыр Тоқтар дәрігердің дегеніне тоқтамапты…”. “..1991 жылы қазанның 2-сінде батыр Тоқтар “Союз ТМ-13” кемесімен халықаралық экипаждың құрамында ғарышқа ұшты… Басқасы өз алдына, бірақ Байқоңырдағы Алаш баласы батыр Тоқтарды аса құрмет тұтып, қолынан келсе, алақанына салып жүргісі келеді-ақ. Байқоңырлықтар Тоқтардың ғарышқа ұшуына санаулы сағаттар қалғанда, Сырдарияның жағасына алты қанат ақ орда тігіп, төріне батырға арнап ақ дастарқан жаяды. Алайда “Байқоңыр” кешенінің дәрігерлері ғарышкерлерді сақтандыру мақсатында олардың арнайы залалсыздандырылған жерден сыртқы шығуына үзілді-кесілді қарсы болып, рұқсат бермейді. Бірақ қанына “батамен ер көгерер” қағидасы сіңген ғарышкер ешқандай да тосқауылға қарамай, Сыр бойындағы қазақтың қасиетті киіз үйіне келіп, қариялардан ақ бата алған екен…
Кеше алғашқы қазақ ғарышкері көк жүзіне көтерілген Алаш баласы айран-асыр тойлап жатуға тиісті атаулы күн еді, олай болмады. “Алғашқы қазақ ғарышкері Тоқтар ӘУБӘКІРОВтің ғарышқа ұшқанына 18 жыл толды” деген сараң ақпар сыбырлағандай айтылды да сол сәтінде сап тиылды. Кімді кінәлағандаймыз, қоғамдық пікір, қоғамдық сана дегенге өзіміз селқос қарасақ…
Жыл өткен сайын кениялықтар құрлы болмай қалар ма екенбіз…”. Авторы: Нұргүл ӘЛІМБАЕВА.
USHKIYAN.KZ. “Тұран тоғайының иесі қайда?”. “Қазір Қызылорда облысының картасын қарасаңыз, сол тоғай-орманның (санаулы ғана) жұғындысы да жоқ. Ал әлгі тоғайдың иесі – Тұран жолбарысынан әлемде бірде-бір тұқым қалмады.
Ұзақ жылдар бойы жолбарыс жайында тірнектеп дерек жинаған Қызылорда облысы Қорқыт-ата атындағы мемлекеттік университеттің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Мәди КЕРЕЕВ: “1853 жылдың 28 шілдесінде орыс әскерлері Сырдарияның жағалауындағы Ақмешіт бекінісін басып алды. Сол жылдың тамыз айында оның аты әйгілі генерал В.ПЕРОВСКИЙдің құрметіне Ақмешіт Перовский болып өзгертілді. Ал, 1867 жылы бекініс қала атанды. Мұның жолбарысқа қандай қатысы бар? Осы өңірдің губернаторы В.Перовскийдің қарамағындағы офицерлердің жазбаларында жолбарыс жөнінде мәлімет көп кездеседі. Тұран жолбарысының терісін алу үшін жергілікті тұрғындарға қолма-қол ақша беретін болған.
1857 жылы Санкт-Петербургте “Теңіз жинағы” журналында Арал аймағында экспедиция ұйымдастырған географ Лев БЕРГтің “Сыр жағасындағы жолбарыстар туралы” атты мақаласын жарияланды. Берг: “Өзен жағасында, ауыл айналасында, жайылымдарда ала шұбар жолбарыс жүреді. Ал қамысында қабандар, даласында – қызыл қасқыр, түлкі, қояндар, шығысқа қарай – елік, құландар, Перовск маңында – маралдар кездеседі”, – деп жазды.
Түркістан, Арал, Қарақалпақстан, Каспийге дейін жолбарыстар ойқастап жүрген. Жергілікті халықтың айтуынша, ең ақырғы жолбарыс 1920 жылдары атып өлтірілді. Әрине, бұнымен Ғылым академиясы арнайы қаражат бөліп, тұранның патша-жолбарысы туралы зерттеу жүргізген абзал”, – деп түсіндірді.
Капитан-лейтенант ИВАНШИН-ЦЕВтің “Сырдария, Арал маңындағы дала жайында” деген кітабында жолбарыс туралы мынадай дерек келтіреді: “Ақмешіт аймағынан жолбарыстарды жиі көресіз. Біз олардың жағалауға жақын жерде және қамыс арасынан ізін көрдік. Бірде таңертең біздің теңізшілер сол ізге еріп, қамыс арасынан жартылай жолбарыс жеп кеткен еліктің сүйегін тапқан. Өліп жатқан еліктің жанында жолбарыстың ізі сайрап жатты”.
Бұлар Тұран жолбарысы немесе Каспий жолбарысы деп аталды. Тұран жолбарысы жабайы қабанның ізін аңдып жүрген, осылайша біраз жер жүріп, мекенін ауыстырып кете береді. Осыдан оларға азияттық “джульбарс”, яғни “жолбарыс” аты берілді. “Джул” – түрік тілінде “жол”, “сапар” деген мағынада, ал жолбарыс – “қаңғыбас барыс” дегенді білдіреді. Ол өте күшті және айбынды көрінді. Бір тәулік ішінде 100 шақырымды оп-оңай бағындырып кете беретін болған. Ал, мұндай тәуекелге тек жалғыз басты жолбарыстар баратын. Негізінде нәсіп болған азығының маңынан айналшықтап шықпайтын бұл жолбарыстар өздеріне тұрғылықты жай іздемеген. Ал, отбасылы жолбарыстар талдың астын үңгіп, жайлы жай табады. Олар да айналасында қорегі жеткілікті болса, тұрған жерінен бірнеше жылға дейін көшпейді. Адам аяғын баса алмайтын қалың тоғай – оларға ең қолайлы мекен. Сондай-ақ, осы азулы, мықты мысық суды да жақсы көрді. Суда балықтай жүзетін болған. Сырдарияны еш қиналмастан оңай кесіп өтеді және 10 шақырымдай жер жүзу де оған бұйым емес. Өкінішке қарай, орман да, ала шұбар жолбарыс та жойылып біткен.
М.Кереевтің мұрағатында өткен ғасырдың басында жазылған деректе өлтірілген аң туралы былайша сипатталады: “Жыртқыштың ұзындығы – 200 см, құйрығы – 98 см, салмағы – 181 кг”. Профессордың айтуынша, бұл жолбарыстың ең үлкен түріне берген сипаттама емес.
Бұл жолбарыстардың саны біздің жерімізге орыс әскері келгеннен бастап азая берді. Сол келген әскерлердің әр ротасында аңшылар тобы құрылып отырды. Өлтірілген аңның терісіне 25 рубль сыйақы, уақыт өте келе терісі одан да қымбат бағаланды. Генерал В.Перовский хайуандар жайлы мәлімет жинағанды ұнататын болған. Демалысқа шыққанның өзінде де ол бұрынғы бағыныштыларына жолбарысты аңшылардың қалай аулағаны, ұстағаны жайлы қызық оқиға айтып берулерін өтінген. Бірде Қосарал жақта адамдар жолбарысты ұстап алып, ұрып өлтірген. Әлбетте, оның терісін, оған қоса жолбарыстың қалай алдап қақпанға түсіргені жазылған сипаттаманы салтанатты түрде генералға әкеп табыстайды. Онда жолбарысты қатігездікпен жайратып салғаны жазылады…
1939 жылы зерттеуші А.СЛУДСКИЙ “олардың сақталған бір түрі Іле өзені жағалауында мекендейді” деді. 1928-1939 жылдары аралығында 5-6 жолбарыс өлтірілген, бірақ та олар бұл жерде ақырғы күндерін кешіп жатыр” деп жазды.
1940 жылдардың соңында адамдар жолбарыстың ізін Сырдарияның оңтүстік ауданынан көрген. Бірақ бұл тек ізі ғана. Ұлы Отан соғысынан кейін ешбір жан Арал маңынан жолбарыс көрмеді.
Өркениеттілікті желеу еткен адам баласы, айбарлы аңды аяусыз қырған адам баласы арының алдында жауап беретін кез де келер”.
“Татарлардың айтуынша, бұл маңдағы (Аягөзден Лепсіге дейінгі жер, Д.С.) қарағайлы орман ішінде жолбарыс көп екен. Қабан мен жолбарыстар жазда Балқаш қамысына барып сіңетін көрінеді.
Қарқаралы сұлтаны Рүстем кезінде бір топ қазақтармен Шу өзені бойындағы қалың қамыс ішінде келе жатып жолбарысқа тап болғанын әңгімеледі. Айбалтадан басқа қаруы жоқ оған жолбарыс тура атылғанда, Рүстем оны айбалтамен тұмсықтан қатты ұрған. Мұрттай ұшқан жолбарысты жолдастары тұрғызбай соғып алған екен. Жолбарыс тура тайыншадай еді. Терісін СУХОНАЛИМОВ мырзаға сыйладым дейді Рүстем. Осындай елеулі оқиғаны еске түсірерлік теріні біреуге бере салғанына қайран қалдым. Рүстем бұдан кейін тірі жолбарыспен кездескем жоқ деп әңгімесін аяқтады”. Адольф ЯНУШКЕВИЧ.
“Арал мен Сыр бойындағы нар қамыстарды жолбарыс атаулының ең көрікті тұқымы (патша-жолбарыс) мен қарағұрым қырғауыл мекендейді”. ХІХ ғасырдың ортасындағы поляк саяхатшысы, суретшісі Бронислав ЗАЛЕССКИЙ.
Ел символы – барысты “Қызыл кiтапқа” енгiзгеннен басқа әзiрге амал қалмай тұр. Тiптi, Қазақстанда қар барысын арнайы зерттеу Оңтүстiк Алтайдан басқа еш жерде жүргiзiлмеген. Ендеше, елдігімізді айбарлы, айбынды қылып шетелге танытатын немесе танылып жатқан ел символына немқұрайлы қарағанымыз қалай?”. Дайындаған: Дәурен СЕЙІТЖАНҰЛЫ.
KAZ.GAZETA.KZ. Бас әскери прокуратура бюджеттік қаражатты ірі көлемде жымқыру дерегін ашты, деп хабарлайды \»Kazakhstan Today\» мекеменің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Бас әскери прокуратура Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің \»Алматы аудандық пайдалану бөлімі\» Мемлекеттік мекемесінде (\»Алматы АПБ\» ММ) мемлекеттік сатып алудағы сыбайлас жемқорлыққа жол беру, оның ішінде лауазымды тұлғалар тобының қызметтегі билігіне асыра және қызмет бабын теріс пайдаланып, аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру фактілерін ашты.
Атап айтсақ, мекеменің хабарлауынша, 2008 жылдың маусым-шілде айларында Қорғаныс министрлігінің \»Алматы АПБ\» ММ есепшотына Алматы қаласындағы әскери Жоғарғы оқу орындарының аумағын асфальттап жөндеу жұмыстарына жоспардан тыс мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру үшін жалпы сомасы 49 млн 254 мың теңге аударылған болатын.
\»Өз кезегінде, \»Алматы АПБ\» ММ бастығы Қазақстан Республикасы \»Мемлекеттік сатып алу туралы\» заңының 5- бабының 8- бөлімі, 30- бабының 2- бөлімі 2- тармағының талаптарын бұзып, мемлекеттік сатып алуды қажетті тәртіппен өткізбей, \»Сим-Астана\» Компания ЖШС-мен көрінеу заңсыз келісім-шарт жасасқан\»,- делінген хабарламада…..
Қазақстан үкіметі келесі аптада Құнсызданған активтер қорынан 110 млн астам теңгені өңдеу саласына бағыттамақ ниетте. Бұл туралы бүгін өткен үкіметтің отырысында ҚР үкімет басшысы Кәрім МӘСІМОВ мәлім етті, деп хабарлайды \»Kazakhstan Today\».
\»Бейсенбі күні дауыс беріліп, оның ертеңінде ақша аударылатын болсын\», — деді Кәрім Мәсімов.
Ол \»Самұрық — Қазына\» әл-ауқат қорына бүгінгі сағат үшке дейін қалалар мен облыс әкімдерімен бірлесіп қаржыландыру жобаларын келісуді тапсырды.
\»Самұрық-Қазына\» Ұлттық әл-ауқат қорының атқарушы директоры Қайрат ӘЙТЕКЕНОВтың хабарлауынша: \»біз өнеркәсіптің өңдеу саласын қолдау жөніндегі ұсынысқа қол қойдық\». Бүгін мемлекеттік комиссияға қаржыландыру алгоритмі таныстырылды.
Оның айтуынша, қаржы екінші деңгейлі банктер арқылы беріледі. \»Өңдеу секторы бойынша қаржының жалпы көлемі 110 млн асады\», — деді Қ. Әйтекенов.
Индонезияның Суматра аралында болған жойқын жер сілкінісінің құрбандарының саны 1100 адамнан асты. Құтқарушылар тәулік бойы жұмыс істеуде, тағы да мыңдаған падам әлі де үйінділердің астында қалып оытр, деп хабарлайды \»Kazakhstan Today\» \»Вести\» телеарнасына сілтеме жасап.
Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ
***
Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.