«Қазақтың алтын аңызы – Оспан батыр» туралы шетел деректерінде мағлұмат мол…». «Аймауытов және сахна өнері немесе қазақ театры қашан туды?». «5 миллиард теңгенiң өзi мұң болып тұрғанда…». «Білім беру саласындағы білімсіздік қайда апарды?»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 17 қараша 2009 ж.

AZATTYQ.KZ. “Қазақтың алтын аңызы – Оспан батыр” туралы шетел деректерінде мағлұмат мол, ендігі зерттеу Қазақстанда жалғасса”. “Алматыда “Азаттықтың өшпес рухы” атты Қытайдағы қазақтардың ұлт азаттығы үшін күрескен ОСПАН батырдың туғанына 110 жыл толуына орай ғылыми-теориялық конференция өтті. Онда Оспан батырдың ерлік істеріне шетел ғалымдарының өзіндік баға бергені, ал Қазақстанда ол туралы дерек-зерттеулер тиянақталмағандығы, арнайы орталық ашу қажеттігі жөнінде пікірлер айтылды…. Стамбулдағы Мимар-Синан университетінің профессоры, тарихшы Әбдіуақап ҚАРА Америка және Еуропа ғалымдарының Оспан батыр жайындағы еңбектерін былай сабақтады

– Оспан батыр туралы зерттеулер Қазақстаннан гөрі шетелдерде көбірек жазылды. Әсіресе, Америка мен Англия, Түркия ғалымдары

Сондай-ақ, бұл көтеріліс туралы деректердің басым көпшілігі шетел архивтерінде сақталғандығы да белгілі болып отыр. Мәселен, Гомиңдаң үкіметінің өкілдері МАО ЦЗЕ ДУН жеңіске жеткеннен кейін, Тайванға қашқан екен. Сонда мұрағаттағы Шыңжаңға қатысты деректердің біразын ала кетіпті. Оспан батырды зерттеуге Батыстың назары сонау 1947 жылы ауған екен. Әсіресе, 1947 жылғы Бәйтік Боғда уақиғасынан кейін Қытайдағы американ және ағылшын дипломатиялық баяндамаларында оның аты атала бастаған.

Үш аймақшылдардан ат құйрығын кесіскен Оспан батыр 1946 жылы көкек айында Бәйтікке барып орналасты. Бұл жерде Моңғол әскерлерімен шайқасты. Бірақ бұл жағдай Моңғолия мен Советтер одағының алаңдауына негіз болды. 1947 жылы 5 маусымда Советтер одағының қолдауымен 4-5 ұшақ және 500 әскер Оспанға шабуыл жасады. Қытай бұған ресми түрде наразылық білдірді. Бұл мәселе халықаралық дауға айналды. \»Чикаго Дейли Ньюстің\» тілшісі Доак БАРНЕТТ сол оқиғадан кейін Оспан батырды тауып кездескен. Ол 1947-1949 жылдары арасында Қытайда көріп білгендерін “Коммунистік төңкерістің қарсаңындағы Қытай” атты және 1963 жылы жарық көрген кітабында әңгімелейді. Бұдан кейін Ян МОРРИСОН атты ағылшын журналисі барып кездескен екен. Бұл кісілердің еңбектері кітап болып басылып шыққан.

1956 жылы Оспан батыр туралы алғашқы көлемді еңбек Лондонда жарық көреді. Ол “Kazakh Exodus” яғни “Қазақ босқындары” деген атпен шыққан. Көлемі 200 беттен тұратын бұл кітапта Оспан батыр бастаған ұлт-азаттық көтеріліс жан-жақты баяндалады. 1960 жылы бұл кітап Түркияда түрік тілінде басылады. Онда Оспан батырдың туғанынан, батыр ретінде қалыптасқанына дейін, сондай-ақ, 1951 жылы қолға түсіп, шейіт болғанына дейінгі аралық толық қамтылған. Бұл кітап сол кездегі деректер негізінде жазылды, бірақ соған қарамастан тарихи фактілері жағынан өте құнды кітаптардың бірі. Кейіннен жаңа деректер мен айғақтардың пайда болуына байланысты оның да кемшіліктері барлығы айқындалды.

…. С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Тұрсынхан ЗЕКЕНҰЛЫ Қытай зерттеулеріндегі деректерге үңілді…. Қытай мен Тайванда Шығыс Түркістан ұлт-азаттық көтерілісіне екі түрлі көзқарас қалыптасқан. Біріншісі – Оспан батырды банды, коммунизмге және ел тұтастығына қарсы адам ретінде бағалайды. Кезінде солай айыптап, ату жазасына бұйырғаны белгілі.

…Ал, Тайванда керісінше, олар оның Гоминдандарды жақтағанына орай және Моңғолияның шекарадағы арандату ісіне, Бәйтік оқиғасына байланысты оны отансүйгіш батыр ретінде көрсетеді”, — деп қорытты Есенгүл ҚӘПҚЫЗЫ.

Жаңаөзенде жұмысшылар аштық акциясына шықты, “Нұр Отан” партиясының өкілі мәмлегерлік рөл атқаруда”. “…Ереуілге шыққандар жалақы деңгейінің көтерілуі, Жаңаөзен қаласының әкімі мен \»Өзенмұнай\» газ компаниясы басшыларының жұмыстан кетуі деген негізгі талаптарды қойып отыр.

— Аштық жариялайтындарын мәлімдеп 50 адам он күн бұрын арыз жазған.15 қараша күні таңертеңгі сағат 8-ден алғашқы 20 адам бастап аштық жариялап жатыр. Олардың қатары кешке, ертең, одан арғы күндері толыға беретін болады. Қазірдің өзінде 7 адам қосылды, үшеуі әйелдер. Жұмыстан қалмау үшін жұмысшылар күндіз жұмыста, ал кешке келіп аштық жариялауда. Әрине, әкім рұқсат берген жоқ. Бірақ алдын-ала ескерткен соң, өзіміздің жекеменшік көлігімізде жатырмыз. Қазір көлікті полиция айнала қоршап тұр,-деп мәлімдеді Азаттық тілшісіне “Өзенмұнайгаз” өндірістік филиалының жұмысшысы Жак АМИНОВ….

…. Кейбірі аты-жөндерін айтудан бас тартқан жұмысшылар құқық қорғау органдары ереуілді ұймыдастырушыларды жауаптап, қатаң жаза қолданатындықтарын айтып қорқытып отыр дегенді айтып қалды. Сондай-ақ нағыз белсенділердің заңсыз жолдармен де жазаланатыны жайлы қоқан-лоқы да көрсетіліп жатыр дейді аты-жөнін айтқысы келмеген тағы бір жұмысшы.

Бұл айтылғандарды жалаң сөз деуге де келмейтін тәрізді. Мәселен, былтырғы жылдың басында тәуелсіз кәсіподақ төрағасы Мұхтар ҮМБЕТОВты подъезіне кіре беріс жерде бетперде киген біреулер өлімші етіп сабап, ал тағы бір кәсіподақ төрағасы Ыхылас ШАҢГЕРЕЕВке қару кезеген еді. Сондықтан Мұхтар Үмбетов бұл ереуілге өзінің тікелей араласпай отырғанын айтады

-Былтыр мен үйімнің алдында бетперде киген біреулер өлімші ғып сабап кетті. Бұл “Жөндеу” серіктесіндегі қаржылық мәселелері, прокуратураның заңсыз әрекеттері жайлы айта бастағанымызда болған қастандықтар еді. Ал одан кейін кәсіподақ төрағасы Ыхылас Шаңгеревке жұмысшылар талабына байланысты “Қазмұнайгаз” барлау Өндіру АҚ басшысы Қ.ИБРАШЕВпен кездескен соң белгісіз біреулер үйінің қасынан оқ атты. Мұны мен не үшін айтып отырмын? Енді менің менің балаларыма, отбасыма байланысты қоқан-лоқы жасалып отыр. Сондықтан бұл наразылық акциясын тек сырттан бақылап отырмын. Оның үстіне оған қатысушылардың дені заңды кәсіподақ мүшелері. Қазір жұмысшылар мені бітімгершілік комиссиясымен сөйлесуге шақырып отыр. Әрине, істі бейбіт жолмен шешуге мен қашан да әзірмін,-дейді ол”. Авторы: Сәния ТОЙКЕН.

ANATILI.KZ. “Барлық мемлекеттік қызметшілер қазақ тілінде еркін сөйлеуі керек”. “Серік БАЙМАҒАНБЕТОВ, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі:

1. Ішкі істер министрлігінде мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру жөніндегі жұмыстар Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізілуде. Аталған Бағдарлама негізінде ішкі істер органдары қызметіне мемлекеттік тілді енгізуді, қолдану мен дамытуды көздейтін салалық бағдарлама қабылданған.

“Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 7 ақпандағы №550 Жарлығына толықтырулар енгізу туралы” Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 30 мамырдағы №127 Жарлығы бойынша Ішкі істер министрлігі 2007 жылдан бастап іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшірді.

Министрлік орталық атқарушы органдардың ішінде алғашқылардың бірі болып, 1999 жылы Мемлекеттік тілді енгізу басқармасын құрған болатын. Оның өткен жылы Мемлекеттік тіл және ақпарат департаменті деңгейіне көтерілуі мемлекеттік тілді дамытумен айналысатын құрылымның дәрежесі мен беделін арттыра түсті. Қазіргі уақытта барлық облыстық, көліктегі ІІД-де, ІІМ-нің оқу орындарында тілдік құрылымдар қызмет етеді.

Сонымен қатар Министрлік қызметкерлеріне қазақ тілін оқыту курстары жалғастырушы және тереңдетілген топтар бойынша жыл сайын ұйымдастырылып отырады. Министрліктің орталық аппараты лингафондық кабинеттермен, арнайы аудио-бейне, әдістемелік құралдармен жабдықталған. Министрліктің алқа мәжілістері, жедел және бейнеселекторлық кеңестері негізінен қазақ тілінде өткізіледі.

2. Еліміздің ішкі істер органдары қызметіндегі іс жүргізуге ай сайын және тоқсанаралық жүйелі мониторинг жүргізіліп отырады. Оның барысында мемлекеттік тілдегі шығыс құжаттарының үлес салмағына баса назар аударылады. Бұл көрсеткіш үстіміздегі жылдың І-тоқсанында 83 пайызды құраса, ІІІ-тоқсанда 89 пайызға көтерілді…

… 5. Биыл Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қоры орыс тілді қауымның назарын қазақ тіліне аударту мақсатында “Орыстілді БАҚ-тар арасында мемлекеттік тілді дәріптеген үздік мақала” байқауын өткізгені белгілі. Оның мақсаты да айқын. Елдегі орыс тілді қауымның мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілігін ояту, жалпы қазақстандықтарға Қазақстанның болашағы мемлекеттік тілде екенін ұғындыру болып табылады. Бұл өте жақсы бастама деп ойлаймын.

Сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің ведомстволық “Сақшы”, “На страже” газеттері мен “Полиция.kz” журналы ішкі істер органдарындағы мемлекеттік тілдің ахуалына ерекше мән беретінін атап өткім келеді.

БАҚ – қоғамдық ой-пікірдің қозғаушы күші. Осы тұрғыдан алғанда ортақ іске жұмыла кіріскен жөн”.

EGEMEN.KZ. “Аймауытов және сахна өнері немесе қазақ театры қашан туды?”. “Осы мақаланы оқып отырып, ойпырмау, Жүсіпбек АЙМАУЫТОВ режиссер болған ба еді, деп таңырқауыңыз әбден ықтимал. Шынында солай. Алайда “Пьеса қойыпты” деген хабарламадан асып, оның режиссурасы туралы мардымды ештеңе жарияланбаған. …Біздің қолымызға түскені солардың бір-екеуі ғана, оның қойылымын көргендер мен қатысқандардың естелігі, тұңғыш спектаклі мен өзінен қалған кішкентай жазбасы сақталыпты. Осылардың негізінде Жүсіпбек Аймауытов режиссурасының тууы мен ерекшеліктерін хатқа түсіріп, ұлтымыздың мәдени-өнер тарихына енгізуді, әрі орнын айқындауды мақсат тұттық. …

…Драматургия мен театрға байланысты мәселелерде Ж.Аймауытов пен С.Сәдуақасов жолдарының архивте сайрап жатқанын әңгімеледі. …Бірақ Алаш ардақтыларының сахна өнерін дамытудағы тамаша еңбегі толық жазылмай жатыр. Цензураны айналып өтіп, тиіп-қашып жазғандарымды Кеңес тұсында саяси қатеге санап: “Алашорда идеясын театр өнерінде насихаттағаны үшін,”, деп орталық комитет маған қатаң сөгіс те жариялады.

Ж.Аймауытовтың режиссурасына оралсақ, қазақ топырағындағы тұңғыш спектакль 1915 жылы, 13 ақпанда Семейде қойылды. Сахнаға қоятын пьеса болмағандықтан, мұғалімдер семинариясының студенті Ж.Аймауытов әйгілі “Біржан – Сара” айтысының Қазанда басылған нұсқасын сахнаға бейімдеді. Ұлттық топырақта көркемдік талапқа толық жауап берген тұңғыш спектакльдің қойылуы ерекше мәдени-рухани құбылыс. Бұл ұлттық сахна өнерінің туған күні.

Қоюшы Ж.Аймауытов режиссерге қажет көркемдік қиялға сүйеніп, тамаша шығармашылық ізденіске барған. Ол спектакльдің көркемдеуді семинарияның үшінші курс студенті М.ӘУЕЗОВке тапсырған. Спектакль туралы “Айқап” (1914, №4) журналында жарияланған Алаш арыстарының бірі – мұғалім Мұстақым МАНДЫБАЕВтың мақаласында: “… Сценаның төріне қазақ салтынша масаты кілемдер төселіп, оюлы отау-шатыр құрылған. Залдың бір жағынан қолында үкілі домбырасы, торғын шапанды, ақ камзолды, орта бойлы, дөңгелек кішкене қара сақалды, кәмшат бөріктің шоқпардай үкісін бұлғақтатып, айқай сала ән шырқап Біржан шықты.

Бұл үйде Сара бар ма шықсын бері,

Іздеген келіп тұрмын Біржан сері.

Жолықпай сөзі өктемге жүрген шығар,

Үйінде Тұрысбектің өлген жері, – деп шырқаған Біржан дауысын естіп, қасында жеті-сегіз қыздары бар, бұрала басып, былқылдап Сара шықты. Үстінде оқалы камзол, атлас шапанын иығына жамылып, бүтін дүниені бір тырнағына теңгермей келе жатқан сері қыз Сара екенін көрген жерден-ақ әркім білді”, – деп жазған.

…Біржанның сахналық бейнесін жасап, режиссерлік жұмысын жүргізген Жүсіпбек Аймауытовтың еңбегі жоғары бағаланған…”, — деп тұжырымдайды Бағыбек ҚҰНДАҚБАЙҰЛЫ, өнертану ғылымдарының докторы, профессор.

Салық төлеушінің кассасы бойынша шығыс операциялары қалай тоқтатылады?”. “Салық берешегін өтеу туралы хабарламаны алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде салық берешегі өтелмеген жағдайда, салық органы осы Кодекстің 609-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында аталған салық төлеушінің (салық агентінің) салық берешегі есебіне оның кассасы бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруды жүргізеді.

Салық төлеушінің (салық агентінің) кассасы бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру, банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға кейіннен оларды салық берешегін, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша берешектерді өтеу есебіне аудару үшін ақша тапсыру бойынша операциялардан басқа, кассадағы қолма-қол ақшалардың барлық шығыс операцияларына қолданылады.

Салық төлеушінің (салық агентінің) кассасы бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкім уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша екі данада жасалады, оның бір данасы салық төлеушіге (салық агентіне) қол қойдырылып немесе жөнелту мен алу фактісін растайтын өзге де тәсілмен тапсырылады.

Салық органының касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімін салық төлеуші (салық агенті) бұлжытпай орындауға тиіс.

3. Салық төлеуші (салық агенті) осы баптың талаптарын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауаптылықта болады.

4. Салық органы салық төлеуші (салық агенті) салық берешегін өтегеннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей салық органының касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімінің күшін жояды…

… Салық төлеуші өкім алғаннан кейін кассасы бойынша шығыс операцияларын бюджет алдында қарыздарын толық өтегенше тоқтатуына міндетті.

Ақша түскен жағдайда, түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде бюджетке қарызы бар шотқа аударуы немесе банкте есеп айыру шотына немесе ұйымға келесіні салық қарыздарына, зейнетақы қоры мен әлеуметтік төлемдер қарыздарына аударуға міндетті. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 208-1 бабына сәйкес касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы салық органы өкімінің қолданысы кезеңіндегі салық берешегі болған жағдайда, салық төлеушінің касса не үшінші тұлғалардың банк шоты арқылы өзара есеп айырысуды жүзеге асыруы арқылы салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің есептелген сомасын төлеуден жалтару, егер бұл әрекетте қылмыстық жаза қолданатын әрекет белгілері болмаса, — жеке тұлғаларға — он бес, лауазымды адамдарға, жеке кәсіпкерлерге — отыз бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларға — жүргізілген есеп айырысу сомасының отыз проценті мөлшерінде, ірі кәсіпкерлік субъектілер болып табылатын заңды тұлғаларға елу проценті мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады”. Авторы: Жанна ӘБІШЕВА, Алматы ауданы бойынша салық басқармасы өндіріп алу бөлімінің бастығы.Астана.

DMK.KZ. “Балалар тағамы қаншалықты құнарлы?”. “Бала… Оның әр отбасының өміріндегі орны жайында артық демагогияға салынудың қажеті де шамалы. Ал, балалардың тамақтануы турасында әңгіме қозғауға әбден болады. Мысалға, қазіргі балалар тамақтарының құрамында трансгенді, яки гендік модификацияланған құрамалар қосылады, болмаса балалар тамағына қойылатын сан талаптан олардың сапасы артып жатқан жоқ деген секілді сұрақтар жиі қылаң береді. Ендеше, бала тамағының айналасында базынаңыз бар ма деген сауалды ортаға алып шығып, ойлы қауымның пікірін білуге тырыстық.

Дәуше САПАРҒАЛИ,сарапшы-тестер:

–Бала деген ұғымның аясы өте кең. Бірақ, тар масштабқа салатын болсақ, бұл жаңа туған нәрестелер мен 6 жасқа дейінгі балалар. Енді мынаны қараңыз, балалар тамағы өте қатаң талаппен, арнайы стандарттармен бақылануы керек десек, бұл шарт орындала бермейді. Мысалға, “Растишка” йогурты… Әдемі қорапша, ойыншықтар, – бұның барлығы балалар тағамы ретінде берілгенімен, оның ешбір жерінен “балалар тағамы” деген жазу көре алмаймыз.

Мөлдір ШЕШЕК,оралман:

–Дүкен сөрелерінде самсап тұрған йогурт, құрғақ жарма, тағы басқасы болсын, ішінде ГМҚ, яки гендік модификацияланған құрамалар міндетті түрде болады деп естігенмін… Онымен сәбиімді улағанша өзім қолдан нан пісіріп, сүт ұйытпаймын ба?

Нәмен АРТЫҚБАЕВ,балалар дәрігері:

–Қайбір жылы “соя ақуызының негізінде дайындалды” деген балалар тамағын тексергенде, 0,1 пайызы ГМҚ соя болып шыққаны бар. Осыған салсақ, өндірушілердің жапсырмаға әдемілеп жазғандарына сенбей, құрылымдық тексерулерді күшейту керек.

Өскен МОЛДАБЕКОВ,кәсіпкер:

– Балама теледидардан сәт сайын жарнамалап жатқан қоспаларды алуға қорқам. Сенім жоқ. Егер балаларға арналған сүттің құрамындағы темірдің мөлшері негізгі қалпынан 140 есе көп болып шықса, қайдан сенім болсын? Бұл–Қазақстанда емес, Украинада мәлім болған дерек, бірақ сонда да олдарың сүті бізге келіп жатқан жоқ деп айта алмаймыз ғой.

Мөлдір ИСАЕВА, ата-ана:

– “Балалар тағамы” дегеннің бәріне көзсіз сене беруге болмайды. Бізде шат-шадымандағы балалардың суреттері мен “Лапуся”, “Карапуз” деген сияқты әдемі аттар қойып, өнім шығарса болды – балалар тағамы болып шыға келеді. Ал негізгі құрамы оның шынайы атауымен еш сәйкеспеуі де мүмкін…

Арман ЮСУПОВ,педиатр-практиколог:

–Бізде заңдық нормалар үлгіге сай болғанымен, бақылау көңіл көншітерліктей емес.

Люция КАЛАМКАРОВА,Қазақ Тамақ академиясының тамақ қауіпсізідігі мен сапасын бақылау зертханасының меңгерушісі:

–Қазіргі кезде Қазақстанға ГМҚ-сыз балалар тамағы жеткізіледі. Бүкіл партиялар бізде тексеруден өткізіледі. Негізі, кейбір халықаралық стандарттар бойынша, тамақта 0,3-0,5 пайыз мөлшерінде ГМҚ-ның болуына шек қойылмайды.(Gazeta.kz)”.

TURKYSTAN.KZ. “Әнуар СӘЙДЕНОВ: “БТА банкi” мемлекеттiк тiл мен ұлттық жобаларды қолдайды”. “…— Әнуар Ғалимоллаұлы, бұған дейiн “Халық жинақтық банк” ААҚ басқарма төрағасы, Ұлттық банк төрағасы қызметтерiн абыройлы атқардыңыз. Бiрақ дәл қазiргi қызметiңiздiң жауапкершiлiгi басымдау сияқты. Жыл басында “БТА Банкi” басқарма төрағалығына тағайындалғанда, сiздiң “БТА Банкiнiң” Қазақстан банк саласындағы жетекшiлiк ролiн және ТМД-дағы жетекшi iрi қаржылық институттардың бiрi ретiндегi қалпын сақтап қалуы үшiн бар тәжiрибем мен қажыр-қайратымды саламын” дегенiңiз есiмiзде. Жасыратыны жоқ, “БТА Банкi” төңiрегiнде қазiр алып-қашты әңгiме көп. Банктiң салымшылары “БТА-ның” қатты тағдырына алаңдаулы. Қазiргi ахуалға түсiнiк берiңiзшi?

— Мен банк басшылығына келгелi тоғыз айдан асты. Қазақстан Үкiметi “БТА Банкi” акцияларының 78,14 пайызын “Самрұқ-Қазына” қоры арқылы сатып алғанын жақсы бiлесiздер. Мемлекет акцияны сатып алудан бастап, сонымен қатар “Самұрық-Қазына” қорының депозитi бойынша шамамен 7 миллиард доллар көлемiнде қаржы құйды. Бұл — Қазақстан Үкiметiнiң тарапынан жасалған Қазақстан қаржы жүйесiн қалыптастыруға арналған дұрыс шешiм болды деп ойлаймын. Осы уақыт iшiнде “БТА Банкiнiң” қалыпты жұмыс жүйесi бұзылған жоқ, өз тұтынушыларымызбен жұмыс жасауды жалғастырып, кредиторлар алдындағы мiндеттемелерiмiздi орындап келемiз. “БТА Банктiң” сыртқы қарызы пайызымен қосып есептегенде қаңтар айының басында 13,5 млрд доллар шамасында болатын. Қарызды қайтару ең бiрiншi рет бiрiншi тоқсанда жасалды. Ол 1,5-2 млрд доллар шамасындағы қаржы болатын.Ол тұста банктiң корпоративтiк есеп шотында ешқандай да қаржы жоқ болатын. Сондықтан мемлекет дер кезiнде көмек қолын созды деп есептеймiн. Бұны дұрыс бағалау керек. Банктiң ол тұстағы жағдайымен қазiргi жағдайы арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Бiз күндiз-түнi талмай жұмыс iстедiк. Жан-жақты iздендiк. Сан алуан жобаларды талқыладық. Сондықтанда оң нәтижелерге қол жеткiздiк…

… — Отандық экономика әлемдiк экономикалық дағдарыстан қандай сабақ алды? Сiздiңше, уақыт өте бәрi бұрынғы қалпына түсе ме?

— Менiң ойымша, Үкiмет, реттеушi мекемелер, бизнес қауымдастығы да осы дағдарыстан қатаң сыннан өттi, әрине, дағдарыс олардың бәрi үшiн үлкен сабақ болды. Алдағы уақытта банктер мен олардың несиелiк портфелiнiң өсуiне шек қойылады. Қандай тиiмдi экономикалық жағдай болған күннiң өзiнде де, осыдан бiраз жыл бұрын болған ипотекалық шу мен жылжымайтын мүлiкке бағаның күрт өсуiне қайтып оралмаймыз деп ойлаймын.

— Дағдарыстың жаңа толқынының туындау қаупi қаншалықты? Мысалы, қайтарылмай қалған несиелiк төлемдердiң санының артуына байланысты жағдайдың қайта ушығуы ммүкiн бе?

— Қазақстанда бұлай болуы мүмкiн емес сияқты. Қаржылық саланың сыртқы қарыз мәселесi оң шешiлсе, осылай болатынына өз басым қатты сенгiм келедi, бәрi орнына келiп, бiртiндеп реттеледi деп ойлаймын. Дағдарыстың үшiншi толқыны туралы сөз еткенде, көпшiлiк қауым сыртқы қарыздан үлкен борышы бар Ресейдi меңзейтiнi түсiнiктi. Шындығында да оларға төнiп тұрған қауiп көбiрек.
Егер әлемдiк экономика турасында сөз қозғар болсақ, үшiншi толқынның туу қаупi аз деп атап айтуға болады. Бұл жағымсыз құбылыстан “домино нәтижесi” құсап, толық сақтана аламыз деп кесiп те айта алмаймыз. АҚШ пен Еуропалық Орталық банк секiлдi монетарлық билiк өкiлдерiнiң дағдарыстың ушығу мүмкiндiгiн жоққа шығару үшiн бар күш-жiгерiн арнап отыр
…”. Сұхбаттасқан Ғалымжан МЕЛДЕШ.

ABAI.KZ. “Қазақ журналистерінің I халықаралық форумының БАҚ өкілдеріне ҮНДЕУІ”. “Ұлт ұстазы Ахмет БАЙТҰРСЫНОВтың “Газет — халықтың көзі, құлағы һәм тілі” деген қанатты сөзі қазіргі таңда барынша өзекті бола түскендей. Қазақтілді ақпарат құралдары осы талап үдесінен шығып отыр ма? Қазақ баспасөзінің өкілі ұлттық мұрат-мүдделердің жоқтаушысы ретіндегі өз жауапкершілігін қалай түсінеді?

Қазақ тарихындағы соңғы жиырма жылдың ақпарат құралдарына берген сабағы қандай? Неден ұттық, неден ұтылдық?

Алыс-жақын шетелдердегі һәм еліміздегі қазақ журналистерінің басын қосып, Қазақ баспасөз өкілдерінің I халықаралық форумын өткізудегі басты діттегеніміз де осы — өткенді таразылау, болашақты бағдарлау, мақсаты мен мұраты бір қазақ журналистерінің арасында ой, көзқарас, мүдде бірлігін қалыптастыруға үлес қосу.

Тұңғыш ұйымдастырылып отырған Қазақ журналистерінің I халықаралық форумы — бұл қордаланған сан сауалдың жауабын іздестіретін алаң ғана емес, алынған асулар мен шықпаған биіктерді салиқалы ой сүзгісінен өткізу,  ұлт келешегіне темірқазық болар бір ұстанымға келу.

Сол үшін біз бүгінгі күні қазақ тілді БАҚ-тың алдынан шығып отырған барлық мәселені ашық талқыға салуымыз керек. Мысалы, қазақ баспасөзінің таралымы неге аз? Оған не кедергі? Газеттер мен журналдар оқырман қауымға неге дер кезінде жетпей қалып жатады? Таралымды қалай жолға қоюға болады? Ол үшін не істемек керек?

Телеарналардан мемлекеттік тілде таралатын бағдарламаларға неге басымдық берілмей келеді?Әуетолқынына ақпаратты қазақ тілінде шығару “Қазақ” радиосы мен “Шалқар” редакциясының ғана міндеті ме? Өзге радиотораптары тыңдарман аудиториясының сұранысын не себепті ескермейді?…

… Өтетін уақыты: 09.12.2009 ж. Өтетін жері: Астана қаласы, Тәуелсіздік сарайы.

Ұйымдастыру алқасы”.

“Ел бірлігі” дегеніміз не?”. “Қазақстан Республикасының Президенті Н.НАЗАРБАЕВқа, қазақ халқына және республикамыздағы өзге ұлт өкілдеріне Ашық хат

Қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы!

Сіздің атыңызға қазақ тіліне Мемлекеттік мәртебе берілуінің 20 жылдығына орай, еліміздегі белгілі қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың, мерзімді басылым басшыларының, зиялы қауым өкілдерінің ұйымдастыруымен, 20-қыркүйек күні Алматыдағы Республика Сарайында өткізілген “Мемлекеттік тілді қолдау акциясында” қабылданған ашық хат жолдағанымызды білесіз.

Біздің сол ашық хатымыздың атын атап, түсін түстемесе де, Мемлекеттік хатшы — Сыртқы істер министрі Қанат САУДАБАЕВ 20-қазан күні, Ақордада орталық және жергілікті атқарушы органдар басшыларының, Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерінің қатысуымен өткен кеңесте хаттағы ұсыныс, талаптарға жауап берген сыңай танытты. Мәселен, ол кісі былай деді:

“…біз жекелеген шектен шыққандардың елдегі қазақ тілінің жағдайын қасақана, сыбай сынды төндіретін, процесті атүсті, жасанды түрде жеделдетуге шақыратын қандай да бір популистік және арандатушы мәлімдемелерді қабылдамаймыз. Осынау барынша нәзік саладағы радикалдық пен бір қиырдан бір қиырға кетуді де қабылдай қоймаймыз”.

Сонда Қ.Саудабаев мырзаның бағалауынша, акцияға қатысқан “Нұр Отан” партиясынан бастап барлық саяси партиялардың өкілдері, қоғамдық ұйымдар, зиялылар, тіл жанашырлары, қысқасы, Сарайға жиналған 4 мыңнан астам халық шектен шыққандар, популистер, арандатушылар, радикалдар, кеудемсоқтар болғаны ма?

Біз аталған хатта тізіп көрсеткен 10 түрлі ұсыныс, талаптар, яғни, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау, “Қазақстандық ұлт” идеясына тосқауыл қою, “Үш тұғырлы тіл” ұранын өзгерту, Тіл агенттігін, Тіл инспекциясын құру, ресми кездесулерде Мемлекеттік тілде сөйлеу, Инновациялық-технологиялық орталық құру, қолданбалы тілмен айналысатын институт ашу, 24 сағат мемлекеттік тілде хабар тарататын телеарна ашу секілді 20 жылдан бері жинақталған, кезек күттірмес мәселелерде қандай шектен шыққандық, популизм, арандату, радикалдық, кеудемсоқтық бар?…

Біз ешқашан да өз ұлтымызды өзге ұлттардан биік қойған емеспіз. Республикамызда өмір сүріп жатқан барлық этностар тілінің, салт-санасының, рухани құндылықтарының сақталуын, өркен жаюын қалаймыз. Сол ықылас-ниетіміз ешқашан өзгермейді. Әрине, еліміздегі әр ұлт өкілінің тілі мен рухы үлкен ауқымда қанат қағар өз түпкі Отаны бар. Орыстардікі — Ресей, өзбектердікі — Өзбекстан, немістердікі — Германия, украиндардікі — Украина, тәжіктердікі — Тәжікстан… Сонда басқа Отаны жоқ, өз ата-бабасының жерінде “ел бірлігі” (“қазақстандық ұлт”) арқылы көп этностың біріне айналып, тілі, рухы жойылғалы тұрған қазақ халқының болашағы қалай болмақ? Қазақстан халқы Ассамблеясы арқылы ұсынылып отырған доктринада мемлекеттік тіл туралы жазылған жылы сөздердің көбі көз алдау, ойын екенін де сезіп отырмыз. Үлкен билік басындағылардың бірде-біреуі баласын, қызын, тым құрыса немересін мемлекеттік тілдегі балабақшаға, мектепке бермеуінен келешекте “ел бірлігі” (“қазақстандық ұлтқа”) көшіретіндеріңізді шамалағанбыз. (Бірақ бүгінгі деңгейдегі жамандыққа қимап едік…) Бұл арада республикамызды мекен ететін басқа ұлт өкілдері де мықтап ойланғаны жөн. Олар тілін, салт-санасын, рухани құндылықтарын тікелей жоюға апаратын, өзінің негізгі бастауын “американдық ұлттан” алатын, тіпті Ассамблея ұсынған доктринада да аты, түпкі мақсаты жасырылған “қазақстандық ұлттың” қасіреті шаш етектен екенін есте ұстағандары ләзім. Әрбір ұлт өз тілін, өз болмысын сақтап қалуға құқылы. Қазақстан билігінің бұл қадамы Біріккен Ұлттар Ұйымы мен ЮНЕСКО қабылдаған заңдарға кереғар. Қазақ халқын және республикамыздағы өзге ұлт өкілдерін ұлтсыздандыруға бастайтын, бұл американдық, космиполиттік қадамға, демократиялық үрдіс аясында, ашық түрде қарсылығымызды білдіреміз! Бәрімізге ойланар, толғанар кезең келді…”.

Ә.НҰРПЕЙІСОВ, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Халық жазушысы; Қ.МЕДЕУБЕКОВ, академик, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 1982-1991 жылдар аралығындағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы; М.ӘЛІМБАЕВ, Қазақстанның Халық жазушысы, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты; М.МЫРЗАХМЕТОВ, академик, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы; А.ӘШІМОВ, КСРО Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты; М.ШАХАНОВ, республикалық “Мемлекеттік тіл” қоғамдық қозғалысының, тіркелмеген “Халық рухы” демократиялық партиясының төрағасы, Қазақстанның Халық жазушысы; Ж.ТҰЯҚБАЙ, Б.ӘБІЛЕВ, ЖСДП “Азат” партиясының тең төрағалары; С.Әбділдин, Қазақстанның Коммунистік партиясының төрағасы; В.КОЗЛОВ, тіркелмеген “Алға!” халықтық партиясының төрағасы; Б.НҰРМҰХАМЕДОВ, “Ақ жол” партиясы атынан партия төрағасының орынбасары; К.ОРМАНТАЕВ, академик, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, медицина ғылымдарының докторы, профессор; М.ТӘТІМОВ, демограф, Орталық Азия университетінің ректоры, политология ғылымдарының докторы, профессор, “Құрмет” орденінің иегері; Ғ.Жайлыбай, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары; …; т.б.

Ашық хатты бүгінге дейін 5219 адам қуаттап қол қойды. Қол қою әлі де жалғаса бермек”.

Бейбіт Төлегенұлы. Білім беру саласындағы білімсіздік қайда апарды?”. “Еліміздегі жалпы білім беретін мектептердің 12 жылдық оқу жүйесіне көшуі туралы мәселе көтеріліп, баспасөз беттерінде талай мәрте талданып, талқыланды…

… Талдаудың тереңіне сүңгімей-ақ осы ерекшеліктерді тізіп шығайық. Бірінші: Германияда оқушының 7-сыныптан бастап, өзінің қабілет қарымына қарай, мектептердің үш түрінің бірін таңдауға хақысы бар. Ал, бізде бір ғана мектеп жүйесі қызмет атқарады.

Екінші: Германияда әр мектеп түлектерінің статусы бар, тіпті, негізгі мектеп түлегі құжаттарының статусы мен іс жүзіндегі мектептің және гимназияның 10-сыныптарын бітірген оқушылардың құжаттарының статусында өзіндік айырмашылық бар. Біздің орта білім беру жүйесінде мемлекеттік үлгідегі бір ғана құжат бар.

Үшінші: Германияда он жылдық оқу көлемінде білім алу мектептердің үш түрінің біреуінде ғана міндетті. Ал, біздегі міндетті толық орта білім он бір сынып көлемінде.

Төртінші: Германияда арнайы жоғары оқу орнына түсу үшін іс жүзіндегі мектепті (яғни, 12 жылдық оқуды), ал, университетке түсу үшін — гимназияны (яғни, 13 жылдық оқуды) бітіру міндетті. Ал, біздің елімізде орта білім туралы аттестаты бар әрбір түлек кез келген жоғары оқу орнына құжат тапсыруға қақылы.

Бесінші: Германия 16 жер бөлігінен тұратын федералды мемлекет болса да, тек қана 13-сыныптың түлектеріне ғана мемлекет бойынша федералдық министрлік бекіткен арнайы кітапшалармен шығарылатын ортақ талаптар қойылады. Осы талаптар негізінде гимназия түлектерінің білім деңгейі бітіру емтихандарымен өлшенеді, университеке түсу үшін бұл оқушылар емтихан тапсырмайды. Біздің елімізде болса, соңғы жылдары жоғары оқу орнына түсу үшін компьютерлендірілген тест тапсырады.

Екі түрлі білім беру жүйесінің ерекшеліктерін салыстырып, тізе беруге болады. Бірақ, осы берілген мәліметтерге сүйене отырып-ақ бірқатар қорытынды жасай аламыз. Талдаулар түсінікті болу үшін Қазақстан мен Германиядағы жоғары білім беру жүйелері бойынша да бірқатар салыстырулар жасап көрелік.

Жоғары білім беру жүйесі де бізде бір-ақ түрлі. Бұрынғы сияқты, қазір де институттар, университеттер, академиялар біртекті, аясы тар жоғары біліммен қамтамасыз етеді.

Бұрнағы жылдары бірнеше институттар мен университеттерді біріктіру, араластыру есебінен жоғары оқу орындарын ірілендірулер жүргізілді, бірақ білім беру ісінің мән-мазмұнына бұдан келіп-кеткен ештеңе жоқ. Алты жылдық университет білімі екі сатыға бөлініп, бакалавриат пен магистратура құрылды. Ол жаңа проблемалар туғызды: маман-бакалаврдың қоғамдағы алар орны толық айқындалған жоқ. Бакалавр да, магистр да бір қызметте бірдей жалақы алады. Кейбір колледждер базасында академиялар құрылып, оларға да жоғары білімді мамандар даярлау құқығы бөлініп берілген. Жаңалықтың көкесі сол — колледждердің түлектері университетің 2-ші немесе 3-ші курсынан оқуға қабылданып, білімдерін жалғастыра алады. Ал, Германияның жоғары білім беру жүйесінде орнығып бекіген және тұғырлы заңдық негіздері бар.

Осыншалық айырмашылықтар болғанына және материалдық-техникалық базасының (білім беру түріне сәйкес жабдықталған мектеп ғимараттары, құжаттық, заңдық-құқықтық негіздері және т.б. жоқ) қалыптаспағанына қарамастан, Білім министрлігі белгілі бір топтардың лоббиімен жаңа жүйені еліміздің білім беру жүйесіне күштеп, нығарлап кіргізді де жіберді. Ұтқан кім, ұтылған кім?…”.

ZHASALASH.KZ. “5 миллиард теңгенiң өзi мұң болып тұрғанда…”. “Үкiметтiң сейсенбiлiк отырысында “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорының жетекшiсi Қайрат КЕЛIМБЕТОВ бiрқатар тосын ұсыныс айтты. Соның бiрi — екiншi деңгейлi банктiң ең төменгi жеке капиталын 15 миллиард теңгеге жеткiзу. “1 шiлдеден бастап банктердiң жеке капиталын 10 миллиард теңгеге жеткiзудi қарастырып жатырмыз. Мүмкiн, бұдан да батыл әрекетке көшiп, тым болмаса 15 миллиард теңгеден бастау керек шығар?” — дедi ол. Келiмбетовтiң айтуына қарағанда, осылайша елiмiздегi 37 банктiң санын бiржолата қысқартып, тек 10-15 банктi қалдыру керек. Бұған банк акционерлерiнiң дағдарыс кезiндегi жауапсыз iс-қимылдары себеп болған көрiнедi.

Қазаннан бастап күшiне енген Қаржы қадағалау агенттiгiнiң талабы бойынша банктердiң ең төменгi жеке капиталы 5 миллиард теңге болуы тиiс. Оның өзiн орындауға қауқарсыз бiрнеше банк бар екенi белгiлi. Кей банктер үшiн 5 миллиард теңгенiң өзi мұң болып тұрғанда, 15 миллиардты қайдан таппақ? Сонда Келiмбетов банктердi қалай қысқартпақ? Әсiресе, 16 банктiң шетелдiк екенiн ескерсек. Кiмнiң әлсiз, ал кiмнiң күштi екенiн нарықтың өзi белгiлейдi. Мемлекет меншiгiне өткен банктердiң пруденциалды нормативтердi орындамай, терiс капиталдан арыла алмай отырғаны тағы бар. Бәлкiм, әлсiздi жоюды солардан бастау керек шығар?”. Авторы: Е.ӘЛIМОВА.

ZAMANDAS.KZ. “Қазақтың байлығы – қалтада…”. “Ақшаң болса, қалтаңда, олай-бұлай талтаңда” дейтін еді бұрынғының шалдары. Бүгінгінің балдары сол сөзді сол күйі құлаққа құйып алғандай. “Пәленше деген мемлекеттік қызметкер пәлен мың доллармен ұсталыпты”, “Түгенше деген прокурордың қалтасынан пәлен доллар шығыпты”, “К. деген сотты тінткенде қалтасынан мыңдаған доллар табылыпты”, “Жол полициясы қызметкерінің гаражынан бума-бума ақша шығыпты” деген ақпараттан аяқ алып жүре алмайтын болдық. Жақында ғана сондай бір мемлекеттік қызметкердің қалтасынан қыруар қаржы табылыпты. Тұтқындау кезінде әлгі мырзаның қалтасынан бүткіл Ақмола облысының астықты шаруашылықтарын көктемгі егін мен күзгі жиын-терін кезінде жанар-жағармаймен қамтамасыз етуге жететіндей қаржы шығыпты.

Ақмола облысының егістік алқаптарының көлемі 860 мың гектар, ал әр гектарға кететін жанар-жағармайдың орташа нормасы – 16,5 литр, ал дизель отынынң құны – бір литрге 0,87 доллар тұратынын ескерсек, әлгі шенеуніктің қалтасынан шыққан ақша қанша болғаны?…Кәне, есепке кім жүйрік?”. Авторы: Н.ҒАЛЫМЖАНҰЛЫ.

KAZ.GAZETA.KZ. Қазақстан базарлар түріндегі бейберекетсіз саудададан бас тартып, көтерме сауда дүкендеріне қарай барынша ден қоюға тиіс. Бұл туралы бүгін үкіметте өткен селекторлық жиында ҚР үкімет басшысы Кәрім МӘСІМОВ мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today. \»Біз базарлар түріндегі бейберекетсіз саудададан бас тартып, көтерме сауда дүкендеріне қарай барынша ден қою үшін дұрыс сауда саясатын жасап, бөлшек сауда жүйесін құруымыз қажет\», — деді Кәрім Мәсімов мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың тапсырмасына сәйкес жеміс-көкөніс өнімдері нарығындағы ахуалды талқылау барысында.

Үкімет басшысы ҚР Индустрия және сауда министрлігі мен ҚР Қаржы министрліктеріне \»Кедендік одақтың құрылуы мен елімізде бір реттік талон алынатын 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап қалыптасатын жаңа ахуалға байланысты\» сауда саясатында жүйелі шаралар қолдануды тапсырды\».

Сондай-ақ, ол еліміздің ауылшаруашылығы министрі мен облыс әкімдеріне \»үш күн ішінде өз өңірлерінде ритейл мен көтерме сауда бойынша және президент айтқан жағдайларды анықтау жұмыстарын атқаруды тапсырды\». \»Салық, кеден қызметтерімен және ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірлесіп ірі импорттаушыларға тексеру жүргізілсін\», — деді премьер.

Үкіметте өткен селекторлық жиында ҚР үкімет басшысы Кәрім МӘСІМОВ мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес минимстрлер кабинетінің алдына жанар-жағармай нарығындағы баға түзілу ахуалын шешуге қатысты қысқа, орта және ұзақ мерзімді мақсаттар қойды, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Кәрім Мәсімовтың айтуынша, 2014 жылға таман \»Қазақстан жанармай, авиакеросин мен битум секілді барлық қажетті мұнай өнімдерімен өзін-өзі толық қамтамасыз ете алатын болады\», — деді Кәрім Мәсімов.

Екінші орта мерзімдік мақсат 2010 және 2014 жылдар аралығына арналған. Кәрім Мәсімовтың айтуынша, бұл кезеңде Кедендік одақтың құрылуы аясындағы жұмыс жағдайларын қарастырып, ойластыру қажет. \»Бірінші және екінші мәселе бойынша мен сіздерге осы жылдың аяғына дейін ұсыныстар енгізуге мұрсат беремін\», — деді премьер-министр.

Ал үшінші қысқа мерзімді міндет — мемлекет басшысы бізге жұма күні берген тапсырмаға сәйкес таяудағы апталар мен таяудағы айларда не істейтіндігіміз жайлы. Осы міндет бойынша мен сіздерден сәрсенбіге дейін ұсыныстар күтемін. Құқық қорғау органдарына ұсыныстар енгізу қажет: олар жанар-жағармайдың бағасына қатысты кімдер ойын тудырып отырғанын анықтап, жазықтыларды міндетті түрде жазалау керек\», — деді Кәрім Мәсімов.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.