AZATTYQ.ORG. “Дағдарыс Тәжікстаннан, Қырғызстаннан және Өзбекстаннан келетін мигранттардың жағдайын ауырлатты”. “…Тұрақты жіберіліп тұратын ақша аударымдары бұл елдердің ішкі экономикасының елеулі бөлігіне айналды. 2008 жылы ақша аударымдары Тәжікстан ішкі жалпы өнімінің (ІЖӨ) жартысына жетті. Қырғызстанда бұл сома ІЖӨ-нің төрттен біріне, ал Өзбекстанда сегізден біріне тең болды…”. Авторы: Александр НАРОДЕЦКИЙ.
AIKYN.KZ. “Біз тек өзімізге ғана арқа сүйей аламыз”. “Жаһандық дағдарыс жаңа басталғанда, “өлшемей тон пішіп” үйренген кейбір халықаралық сарапшылар енді “үшінші әлемнен” инвесторлардың “жаппай қашуы” орын алатындығын, әсіресе бұрынғы кеңестік кеңістікке қара бұлт үйіріліп келе жатқандығын болжап, үрей ұшырғаны еске түседі. Соған ерген халықаралық рейтинг агенттіктері де Қазақстанның рейтингін төмендете бағалай бастады. Бірақ ақыр соңында Қазақ елі сұрқай болжамдардың бәрін жоққа шығарып, әлгі сарапшыларды “сайқымазақ” етті.
Егер нақты деректерге жүгінер болсақ, елімізбен инвесторлар “қошайтыспақ” түгіл, сырттан келер қаржы тасқыны, тіптен молая түскен. Үкіметбасының қатысуымен өткен Индустрия және сауда министрлігінің кешегі алқа мәжілісінде 2009 жылы ел экономикасына құйылған шетелдік инвестияциялардың көлемі 12,9 миллиард долларға жеткендігі жария етілді.
Ең ғажабы, бұл тек өткен жылдың үш тоқсанының ғана жетістігі. “2009 жылдың 9 айында тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі 13 миллиард долларды құрады, — деді Индустрия және сауда министрі Әсет ИСЕКЕШЕВ. — Соның ішінде шикізаттық емес секторға 1,6 миллиард доллар тартылған”. Тағы бір қызығы, біздің ең ірі инвесторымыз — “қызғалдақтар елі” болып шықты. Нидерланды (бізге бұл ел “Голландия” деген атаумен танымал) Қазақстанға былтыр 4,2 миллиард доллар инвестиция салған. Екінші тұғырға 1,5 миллиард доллар инвестициясымен Америка Құрама Штаттары бекіген. Еліміздің экономикасының өркендеуіне өз инвесторлары арқылы Франция (858,7 миллион доллар), Ұлыбритания (693,4 миллион доллар), Италия (473,4 миллион доллар) да үлес қосуда. Біздің “одақтасымыз” — Ресей былтыр республикамызға 418,8 миллион доллар инвестициясын әкелген. Алпауыт Қытай не бары 550,6 миллион доллар инвестициясымен соңғы орындардың бірін місе тұтыпты. Бірақ биылғы жылы экономикалық әріптестеріміздің бұл орналасуына біраз өзгеріс енуі күтілуде. Қазір әлгі елдерге қоса, Қазақстанның өнім өндіру саласын дамытуға қаражат құюға Германия, Жапония, Корея, Түркия, және Таяу Шығыс елдері құлшынып отыр. Министр Ә.Исекешев осы аты аталған барлық әріптестеріміздің тікелей инвестицияларын тарту мәселесі басымдықты тәртіппен қарастырылып жатқандығын жеткізді…
— Германияның Батысы Шығысымен біріккенде, ГДР-дің қазіргі қазақстандық кәсіпорындардан жаман емес кәсіпорындарының өзін түбірімен қиратып тастады, — деді Премьер, — Тек олардың алаңдарын ғана қалдырған, сол жерлерде жаңа тұрпатты кәсіпорындар тұрғызыла бастады. Ал бізде өзімізге қазір келіп, “Біз сіздерге триллион евро берейік. Қазір барлығын салып, дайындап береміз” дейтін ел жоқ. Біз тек өзімізге ғана арқа сүйей аламыз. Қазір “біздің индустриямыздың болашағы бар ма, әлде жоқ па? Біз бәсекелесе аламыз ба?” деген сұрақ туып тұр, — деді Кәрім МӘСІМОВ. Министрлік осыған нақ жауап беруге тиіс. Тұтастай алғанда, кеше Исекешев командасының 2009 жылдағы жұмысы Үкіметбасы тарапынан оң бағаланды. Премьердің айтуынша, қорытындылар оң нәтижелер бар екендігін көрсетеді. “Сонымен бірге біздің алдымызда индустрия саласын дамыту бойынша өте зор міндеттер тұр. Себебі, еңбек өнімділігі және технологиялық жарақтандырылуы тұрғысынан алғанда, ол дамыған елдерден алапат (катастрофический) қалып қойған” деп түйді Кәрім Мәсімов”. Авторы: Айхан ШӘРІП.
“Үш жасар қазақ қызға миллиондаған доллар мұра қалды”. “Қаңтардың 4-інде Америкадағы Johnson & Johnson бизнес-империясының мұрагері Кейси ДЖОНСОН қайтыс болды. Отызға енді толған шағында көз жұмған дәулетті Кейсидің артында Қазақстаннан асырап алған үш жасар қызы Ава Монро мен өгей қыздың екі ғұмырына жететін мұра қалды.
Өзінің баласы болмаған Кейси Джонсон бұдан үш жыл бұрын Қазақстанға арнайы келіп, жаңа туған нәрестені бауырына басқан екен. Өткен ғасырда жарқырап шыққан Голливудтың қос киножұлдызы Ава Гарднер мен Мэрилин Монродай болсын деген ниетпен ырымдап, кішкентай қыздың атын азан шақырып, “Ава Монро” деп қойыпты. Қазір асырап алған шешесінен айырылып, жетім қалған үш жасар Аваны Кейсидің шешесі қолына алыпты. Қыз өскенше әжесінің қамқорлығына өткенмен, АҚШ заңы бойынша, шешесінен қалған мұра Аваға тиесілі болмақ. Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар ӘБДІРАХМАНОВтың айтуынша, Ава Монро Америка Құрама Штаттарының азаматшасы болып табылады. Сондықтан мұрагерлік мәселесі АҚШ заңы бойынша шешіледі. Қазақстанның Америкадағы елшілігі баланың әлеуметтік мәселесін қадағалап, назарда ұстап отыратын болады. Соған қарағанда алдағы уақытта Ава Монроның тағдырына қатысты алаңдаушылық білдіру артық болар. Қыздың қай облыста, қай перзентханада туғаны, әке-шешесінің кім екендігі туралы деректер айтылмайды. Бәлкім, миллиондардың мұрагері Ава Монро өсіп, оң мен солын таныған кезде туған жеріне келіп, туыстарын іздер. Жалпы, қайтыс болған адамдардың артынан жаман сөздер айтылмайды. Алайда Аваның миллионер шешесі Кейси Джонсон тірі кезінде Америкадағы аты шулы адамдардың бірі болған. Оның есірткіге әуес болғаны, ұрлық жасап ұсталғаны, тіпті MTV телебағдарлама жүргізушісі қыз Тила Текиламен некеге тұрғаны туралы америкалық бұқаралық ақпарат құралдары жиі жазып жүрді. Болса болар, өйткені Кейсиді жерлеу кезінде, туыстарының талабы бойынша, Тила Текиланы да, бұрынғы күйеуі Кортни Семелді де қатыстырмаған”. Авторы: Қайыржан ТӨРЕЖАН.
EGEMEN.KZ. “Бірлік берекеге бастайды”. “Еуропа төрінде орын алған жаңа, айтарлықтай ауқымды оқиғаға сезімтал әлемдік қоғамдастық аса қызығушылық танытып отыр. Өйткені, алыстағы еуразиялық кеңістіктен Қазақстан “келді”. Жәй қонаққа келген жоқ, жауапкершілік миссиясын өзіне жүктеп, әлемдегі беделді халықаралық ірі Ұйымды басқару үшін келді.
Ежелгі, ұстамды, аристократиялық “көпті көрген” Вена бірінші рет қазақ мемлекетін мәртебелі мейман есебінде емес, нағыз төр иесі ретінде қабылдап отыр. Қазақстаннан “революциялық қайта құрулар” күтілмегенімен, бірақ оңтайлы үдерістерге ықпал ете алатын жаңа идеяларды есту орынды саналады. Міне, мұндай қызығушылық Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың үндеуінен кейін ақталды десе де болады. Президент үндеуі – Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағасы міндетіне кірісуіндегі ең басты оқиға. ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің мүшелері Президент үндеуін зор ықыласпен тыңдап, сол мезет оның мазмұнын аса қызығушылықпен талқылауға көшті.
Шетелдік дипломаттар, саясаткерлер, журналистер “Демократиялық қоғам орнату – біздің халқымыздың саналы таңдауы, сондықтан біз еліміздің одан әрі саяси либералдануы бағыты мен қазақстандықтардың өмір сүру сапасын одан әрі арттыруды жалғастырамыз”, деген ұстанымдарды жоғары бағалауда. Қазіргі төрағалықтың ұраны ешкімді бей-жай қалдырмаған сыңайлы. Сенім. Дәстүр. Ашықтық. Төзімділік. Бұл құндылықтар Қазақстанның төрағалығы кезеңіндегі жұмысын айқындайтын болады”, — деп белгіледі Қуаныш СҰЛТАНОВ, Парламент Сенатының депутаты.
ABAI.KZ. “Кете бiлу де – кемеңгерлiк”. “Қаңтардың 15-сiнде көзi тiрi болса, қазақтың қара нары, мемлекет, қоғам қайраткерi Заманбек НҰРҚАДIЛОВ 66 жасқа келер едi. Арманда кеткен арда азамат жөнiнде естелiктердi газет бетiнде жариялау да алдағы күннiң еншiсiнде тұр. Бiрақ Заманбек аға өмiр сүрген қоғамның кейпi бәз-баяғы қалыпта. Көзi тiрiсiнде айтқан өткiр сөзi де әлi күнге өзектiлiгiмен құнды. Тау алыстаған сайын биiктей беретiнi сияқты, азамат-ағаның сөзi де тасқа басылған таңбадай санада сайрап жатыр. Кезiнде “ДАТ” жобасының “Жұма-Таймс” газетiнде Заманбек ағаның сұхбаттары мен мақалалары, саяси мәлiмдемелерi қазақ және орыс тiлдерiнде жарияланып тұрды. Елi-жұрты азаматтың асқақ сөзiн ол туған күнде қайталай оқып, бiр серпiлсiн деген оймен, сол сұхбаттарынан үзiндi жариялағанды жөн көрдiк…”. (Ықшамдалып алынды) “Общественная позиция” (проект “DAT” № 02 (39) от 13 января 2010 г.
“Бүгін Ахаңның туған күні. Алаш баласы неге үнсіз?..”. “Барша Алаштың аяулысы һәм ардақтысы, ұлттың рухани көшбасшысы, ұстазы әрі ұлт баспасөзінің алғашқы қарлығашы “Қазақ” газетінің шығарушысы, Алашорда үкіметінің негізі қалаған ғазиз тұлға Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫның бүгін, яғни 15 қаңтар туған күні.
Ғұмыр бойы ұлтына қалтықсыз қызмет етіп, Алашқа жан-тәнімен берілудің, оны шексіз сүюдің ерен үлгісі болған ғұлама Ахаңның жарық дүние есігін қазақ болып ашқан күнін бүгінгі Алаш жұрты еш ескерместен жым-жырт отыр…
1923 жылы Алаш зиялылары бас болып Ахаңның 50 жылдық мерейтойын өткізген. Ахаң туралы Міржақып ДУЛАТҰЛЫ, Мұхтар Омарханұлы көлемді мақала жазған еді сол кездің өзінде. Ахаң 1925 жылы советтердің кезекті бір жиналысына қатысып, сол кезге дейін киргиз делініп келген қазақтың ұлт атауын қазақ деп өзгерту туралы сөз сөйлеген. Содан 1925 жылы 17 сәуірде қазақ ұлт атауын қайта тапқан. Ал, қазір ұлт атауын өзгертуге тәуелсіз қазақ билігі жанталасып жатыр…
Бүгін Ахаңның туған күні. Алаш баласы неге үнсіз?..”.
ALASHAINASY.KZ. “Сенатор атом өндірісін Елбасының тікелей басшылығына беруді ұсынды”. “…Соңғы уақытта Қазақстанның атом өнеркәсібі мен энергетика жүйесі, “ҚазАтомӨнеркәсіп” ұлттық компаниясы даудан көз ашпай келеді. Бұл салаға тәртіп орнататын уақыт жетті. Мәселен, атом энергетикасына қатысты конвенцияларға қол қоямыз да, оны ұмыта қаламыз, қажет бола қалса, жеделдетіп қарастыруға тырысамыз. Бұл – дұрыс емес. Сондықтан да, осыған байланысты ұсыныс жасағым келіп отыр. Қазақстанның атомдық өнеркәсібі саласындағы жағдайларды ретке келтіру үшін өзіндік дербес орган құрылуы керек. Мұндай дербес комитет қандай да бір министрлікке емес, тікелей Мемлекет басшысына, не болмаса Қауіпсіздік кеңесіне бағынатын болуы шарт”, – деді сенатор Ғани ҚАСЫМОВ…
… Осы тұсты пайдаланып депутат Орынбай РАХМАНБЕРДИЕВ вице- министрге уран өндіретін аймақтардағы әлеуметтік проблеманы айтып қалды. “Осы уранның басым көпшілігі Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облысында шығарылады. Бұл аудандарда тұратын халық ежелден мал шаруашылығымен айналысады. 150 мыңдай халық тұрады. 1,5-2 миллионға жуық ұсақ мал бар. Уранды жерге қышқыл жіберіп өндіретіні өзіңізге белгілі. Осы өндірудің салдарынан жерасты радиактивті уланған заттар жиналып, жерасты су қабаттарымен араласып, құдықтағы тұщы суды уландырып жатыр. Одан мал ішеді, қала берсе адам ішеді. Ал оны тексеріп жатқан ешкім жоқ. “ҚазАтомӨнеркәсіп” өз тірлігімен айналысуда. Өз жұмыскерлеріне үлкен жағдай жасалған. Ал қарапайым халықтың жағдайы өте ауыр. Бюджеттен ақша бөлініп, халықтың жағдайын тексеріп, осының алдын алатындай уақыт жетті ғой деп ойлаймын. Келешекте осыған қатысты қандай шаралар атқарылмақ?”, – деді сенатор. Бұған Әсет МАҒАУОВ жауап бере алмады. Әлде жауап бергісі келген жоқ. Әйтеуір “жазбаша түрде жауап берсек” деп құтылды”. Авторы: Салтан СӘКЕН.
JASQAZAQ.KZ. “Бейін көші”. “Арам ақшаны санап, ұстаған парақорын қамап, жебірлерді жүгендеп, жемқорлықты түгендеп жүрген мықты мекеме тағы бір жойқын жаңалықты жария етті. Қаржы полициясының семсерлі сұғына бұл жолы Статистика агенттігінің бұрынғы төрайымы Анар МЕШІМБАЕВА ілігіпті.
Мешімбаева салдыр-салақ өткізілген былтырғы халық санағынан бері көпшілікке мәшһүр. Ол кісіні газетіміздің оқырмандары да ұмыта қоймаған шығар….”. Авторы: Срайыл СМАЙЫЛ.
MINBER.KZ. “Алтынға инвестициялау”. “Дағдарыс салқынынан соң, қаржыны көбейту жолдарының тәуекелі ұлғайғаны рас. Осы орайда, артық ақшасын қауіпсіз жолмен сақтағысы келетіндерге сарапшылар алтынмен сақтауға кеңес беруде.
Әлемді дағдарыс шарпып, банктерден сенім кеткен заманда, алтынға деген сұраныс әлі де күшейіп тұр. Отандық экономистер өткен жылғы қаңтармен салыстырғанда алтынның бағасы қазір он пайызға өсті дейді. Сондықтан ақшаны инвестициялаудың баламы жолы ретінде – алтынды атауда.
Алтын сатып алу, оған ақша құю әдісі – бұрыннан тарихта бар. Сондықтан да кризис тұсында инвесторлар алтынның бағасы тоқтаусыз өскенін тез аңғарды. Қазіргі кезде алтынға бірнеше жолмен ақша құюға болады.
1. Біріншісі, банктен алтын металы депозитін ашу. Бұл дегеніңіз банктер алтын счетін ашу деген сөз. Тек счетте ақша емес, алтын унциясы болады. Бұндай счетті ашу үшін салымшыда кем дегенде 31 граммға жуық алтын болуы керек. Сентрас Security компаниясының трейдері Әділет Дәулетұлы еліміздегі екінші деңгейлі банктер осындай қызмет көрсетеді дейді. Оның ойынша, қазіргі кезде Ұлттық Банктегі ұлттық қордың көлемі өсу үстінде сондықтан ақшаны алтымен сақтаудың тәуекелі төмен. Десе де алтынға салынған ақша тез арада екі еселенеді деп алданбау керек, оның ақшсы өте баяу өседі.
2. Екінші жолы – халықаралық фючерстік нарыққа шығу. Бұл тәсілді салымшының қоры көп болып, ол халықаралық нарыққа шығуы керек деген сөз. Фючерспен саудаласу үшін кем дегенде 10-15 мың АҚШ доллары болғаны жөн.
3. Үшінші жолы, алтынның жасалған әшекей бұйымдар мен тиындар. Бұл осы бұйымдарды банкте сақтау деген сөз. Бірақ тым ұзақ сақтаса, оның бағасы құнсызданып кетуі мүмкін екенін де есте ұстаған жөн”.
KAZ.GAZETA.KZ. Қазақстан өңірлерінде күн райының нашарлауына байланысты жолдарда қозғалыс жабылды, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, ауа температурасының төмен болуына байланысты Астанада, сонымен қатар Қарағанды мен Павлодар облыстарында жолаушылар және дизельді автокөліктер үшін барлық бағыттағы жолдар жабылды.
Ал Солтүстік Қазақстан облысында дизельді автокөліктер үшін барлық бағыттар бойынша қозғалыстарға шектеу қойылды, деп хабарлайды ҚР ТЖМ-нің баспасөз қызметі.
Ведомствоның хабарламасында 17-қаңтарда түнгі 22.15-тен — Астанада, 20.30-дан — Қарағанды облысында, 21.40-тан — Павлодар облысында және 11.20-дан Солтүстік Қазақстан облысында жол қозғалысының жабылғандығы айтылған.
Сондай-ақ, Астанада аяздың күрт күшеюіне байланысты мектептер мен колледждердің сабақтары тоқтатылды. «Сабақтар қала мектептерінің 1-11 сынып оқушыларына, сонымен қатар колледждердің 1, 2 курс студенттеріне тоқтатылды», дейді қалалық анықтама қызметі. Қазіргі уақытта елордадағы орташа ауа температурасы 33 градус аяз болып тұр.
Алматы облысындағы тауларда екі адам қар көшкінінің астында қалды, олардың бірі қаза тапты, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, кеше «Іле Алатауында, Талғар ауданында Кіші Алматы өзенінің бассейнінде сағат 14.02-де екі қар көшкіні түсті. Соның салдарынан екі адам қар көшкінінің астында қалды «.
«Іздестру -құтқару жұмыстарының барысында 33 жастағы әйел қар көшкінінің астынан алынып, ауруханаға жатқызылды. Сондай-ақ, 67 жастағы ер адамның мәйіті табылды», — деп хабарлайды ТЖМ. Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, «түскен қар көшкінінің салмағы шамамен 5 мың шаршы метрді құрайды».
Төтенше жағдайды жоюға Алматы қаласындағы «051» құтқару қызметінің 5 адамы мен 1 техникасы; «РОСО» МБ-ның 38 адамы мен 5 техникасы; «Қазселденқорғау» МБ-ның 5 адамы; ҚР ТЖМ Талғар аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің 4 адамы мен 1 техникасы жұмылдырылды.
Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ
***
Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ