«Дағдарыс кезінде постсоветтік елдер қорғаныс саласына жұмсайтын шығынды көбейтуде». «Үш деңгейлі тариф енгізіледі». «20 долларды қалай аламыз?»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 13 сәуір 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Дағдарыс кезінде постсоветтік елдер қорғаныс саласына жұмсайтын шығынды көбейтуде”. “…Әлемдік экономикалық дағдарыс бүкіл постсоветтік аймақтағы елдердің экономикасына айтарлықтай әсер етті. 2009 жылы жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) орта есеппен 7 пайызға төмендеді. Бірақ, осыған қарамастан, барлық постсоветтік елдер қорғаныс қажетіне жұмсалар бюджеттік қаражат мөлшерін көбейтіп отыр.

Бұл қатарда Беларусь қана жоқ, ол елде 2009 жылы қорғанысқа бөлінген ақша көлемі бұрынғысынан өзгерген жоқ – ЖІӨ-нің 1,5 пайызы мөлшерінде қалды…

ССРО-ның құлағанына 20 жыл өтіп, тәуелсіз мемлекеттердің көбісі өз алдына жеке жолмен қорғаныс жүйесін құруды қалайтынын ескерсек, тағы бір құбылыстың бар екенін аңғаруға болады. Олар тек белгілі бір саяси межеге дейін ғана өзара бірлесіп қимылдайды, ал, нағыз ұжымдық қорғаныс жоққа тән”. Авторы: Александр НАРОДЕЦКИЙ.

AIKYN.KZ. “Үш деңгейлі тариф енгізіледі”. “Тариф ісі тағы да күрделенбек. Қазір электр энергиясын тұтынудың екі деңгейлі тарифі қолданыста болса, Табиғи монополияларды реттеу агенттігі үш деңгейлі жүйеге иек артуды көздеп отыр. Негізгі мақсат — электр энергиясын үнемдеу. Әйтпесе, 2015 жылғы энергия дефициті — 2000 МВт-ға жетеді деп болжануда…

Агенттік төрағасы Нұрлан АЛДАБЕРГЕНОВтың айтуынша, Қазақстан үш деңгейлі жүйеге енді-енді ғана көшкелі отырса, әлемнің дамыған елдері 3-тен 6-ға дейінгі деңгейлі жүйелерді қолданып келеді.

— Мәселен, Египет — 6, БАӘ — 4, Оңтүстік Корея — 5, Шанхай — 4, Гонконг халқы — 3 деңгейлі тариф бойынша электр энергиясын тұтынады. Осы халықаралық тәжірибені игере отырып, 2010 және келер жылы дайындық жұмыстарын жүргізіп, сараланған тарифтердің 3 деңгейлісіне көшуіміз қажет, — дейді Н.Алдабергенов…”. Авторы: Нұрболат АМАНЖОЛ.

20 долларды қалай аламыз?”. “Екі рет қаралып, екі рет бекітілген 2010 жылдың бюджеттік жоспарында мұнай бағасы әлемдік қор биржаларында барреліне 65 доллар тұрады деген болжам негізге алынған. Бірақ біз осы соңғы мөлшердің өзі мүлде аз екенін дәлелдеп, “Айқын” газетінде жазған болатынбыз. Ақыры сәуірдің екінші аптасында-ақ мұнай баррелінің бағасы әлемдік қор биржаларында 85 доллардан асып кетті. “Пайдамыз” әр баррельден 20 доллардан көп. Қуанышты жағдай. Қош…

Сонымен, әр баррельден 20 доллар пайда табатын Қазақстан сол кірісін қалай тиынына дейін жоғалтпай ала алады? Айтқандай, бұған дейін қазіргі Мұнай және газ министрі Сауат МЫҢБАЕВ мырза, егер мұнай баррелінің бағасы әлемдік рынокта 60 доллардан айналса, еліміздің валюталық кірісі 2 млрд долларға өсетінін ғылыми дәлелдеп берген еді. Мемлекеттік міндетті кірістерді жинаушылар енді мұнай экспорттаушылардан “ұлттық сыбаға” алуда Сауат Мыңбаев комиссиясы ұсынған жаңа жолды ұстанып шыға ала ма? Сұрақты дәл осылай төтесінен қоюымыздың себебі, бұған дейін бюджетті бекітер кезіндегі бір сөзінде Бақыт СҰЛТАНОВ: “Мұнай экспорттаушылардан “ұлттық сыбағаны” жинаудың 18 жыл бойы қолданылған жолы сақталады” деген еді. Онда мұнай бағасы барреліне 20 долларға қымбат болып тұрған кездің өзінде, мемлекеттік қор мен бюджетке түсетін кіріс онша көп қуанта қоймас. Демек, ең әуелі мұнай экспорттаушылардан сыбағамызды алудың жолын заңдастыруға тиіспіз. Әрине, бұл депутаттардың еншісіндегі мәселе…”. Авторы: Таңшолпан БЕКБОЛАТ.

EGEMEN.KZ. “Қазақстан Президенті Н.Назарбаев пен АҚШ Президенті Б.Обаманың БІРЛЕСКЕН МӘЛІМДЕМЕСІ”. “11 сәуірде Вашингтонда өткен кездесудің барысында Қазақстан Президенті Н.НАЗАРБАЕВ пен АҚШ Президенті Б.ОБАМА Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайту мәселелерін талқылады әрі ядролық қауіпсіздікті және таратпау үдерісін, Орталық Азиядағы өңірлік тұрақтылықты күшейту, сондай-ақ экономикалық өркендеу мен жалпыға ортақ құндылықтардың игілігі жолындағы өздерінің екіжақты ынтымақтастығын белсенді ете түсуге ұмтылысын қуаттады…

Ауғанстан: Президенттер Ауғанстандағы жағдайға байланысты туындаған жалпы қатерлер мен қыр көрсетулердің ауқымын екі жақтың да түсінетінін атап өтті.

Президент Обама Қазақстанға Ауғанстан халқына гуманитарлық, экономикалық және білім беру тұрғысынан көмек көрсету, соның ішінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің ауған студенттерін Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқытудың жаңа бағдарламасын жүзеге асыруға 50 миллион доллар бөлу жөніндегі шешіміне ризалығын білдірді. Президенттер Қазақстанның Солтүстік тораптағы атқарар рөлін арттырудың жолдарын талқылады және АҚШ-қа Қазақстан территориясы арқылы жүк жеткізуді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін екі жақты жаңа келісімді қабыл алды…

Демократия: Құрама Штаттар Қазақстанды өзінің алысты көздейтін Адам құқығы саласындағы 2009-2012  жылдарға арналған Ұлттық іс-қимыл жоспары мен 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасын өрістетуге шақырады. Құрама Штаттар Қазақстан Республикасы Үкіметінің өзінің бұқаралық ақпарат құралдарын либерализациялау және саяси жүйені демократияландыру, соның ішінде құқықтық реформа жүргізу жолымен демократияландыру жөніндегі күш-жігеріне қолдау көрсетуге әзірлігін білдіреді.

Әлеуметтік жүйелер арасындағы байланыстарды нығайту: Президент Обама мен Президент Назарбаев үкіметтік емес ұйымдарды, діни ұйымдар мен білім беру мекемелерін қоса алғанда америкалық және қазақстандық азаматтық қоғамдар арасындағы байланыстарды нығайтудың маңыздылығын атап көрсетті. Н.Назарбаев Б.Обаманың Каирдегі сөзін және мұсылман әлемімен байланысын құптады. Президенттер тұрақты қоғамдарды дамытудағы діни еркіндік пен төзімділікке айрықша мән беріп, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға және ИКҰ-ға тиісінше 2010 және 2011 жылдарғы төраға ретіндегі күш-жігеріне өз қолдаулары туралы мәлімдеді.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйым (ЕҚЫҰ): Президент Обама бұрынғы Кеңес Одағы республикаларынан бірінші болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық эстафетасын қабылдаған Қазақстанның бұл ұйымға төрағалығының тарихи мәнін атап көрсетті. Көшбасшылар Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына қатысты мәселелерді, сондай-ақ Қазақстанның ЕҚЫҰ саммитін өткізу туралы ұсынысын талқылады. Олар Қазақстанның Ауғанстанды тұрақтандыру үдерісіне ЕҚЫҰ-ның әлдеқайда кеңірек қатысуына жәрдемдесу, Қазақстанда адами өлшемдер саласындағы міндеттемелерді орындау жөнінде Шолу конференциясын өткізу жөніндегі, сондай-ақ Корфу үдерісін жеделдету мақсатындағы оң бастамаларын атап өтті. Құрама Штаттар мен Қазақстан ЕҚЫҰ саммитінің негізгі күн тәртібін әзірлеуде ынтымақтасуға уағдаласты”.

ZHASALASH.KZ. “Үлкен жеңiстiң алғашқы қарлығашы”. “Жексенбi күнге жоспарланған жастардың “Бiз өзгерiстi қалаймыз!” атты жалпыұлттық жиыны өткен жоқ. Себебi, одан екi күн бұрын билiк жастардың талабына орай жауап қатып, Алматы қалалық әкiмшiлiгiнде жиын өткiзген болатын. Оған қала әкiмiнiң орынбасары Серiк СЕЙДУМАНОВ, Бiлiм және ғылым вице-министрi Айдар ЖАҚЫПОВ, бiрқатар жоғарғы оқу орындарының ректорлары және 11 сәуiрге жоспарланған митингiнi ұйымдастыру комиссиясының құрамына кiрген жастар қатысты. Жиын қорытындысында жастардың барлық талабы орындалып, митингiнi өткiзудiң қажетсiздiгi жөнiнде шешiм қабылданды

Жанболат МАМАЙ, өздерiнiң мұндай шешiмге келу себептерiн былай түсiндiрдi: “Бiз бұл бастаманы көтерген уақыттағы негiзгi мақсатымыз митинг өткiзу емес едi. Жастардың да өз алдына саяси күш екенiн, билiктiң олармен санасуы қажеттiгiн ұқтырғымыз келдi. Шенеунiктер жастардың жанайқайын естiсе екен дедiк. Егер талаптарымызға орай нақты жауаптар берiлiп жатса, онда диалогқа дайын екенiмiздi де айтқанбыз. Мiне, бүгiн сол диалогқа келдiк. Ал митинг басты мақсат емес, мақсатқа жетудегi бiр құрал ғана болатын. Бiз талаптарымызды орындатқаннан кейiн митингiнi өткiзудiң қажеттiгi жоқ. Себебi, бiз жиын ұйымдастыруға дейiнгi билiкке жолданған екi хатымызға ресми түрде жауап алдық. Билiк өкiлдерiн диалогқа шақырған болатынбыз, ол да бүгiн өттi. Сондықтан, бiз жексенбiге жоспарланған жастардың жалпыұлттық жиынын өткiзбеу туралы шешiм қабылдадық. Жақын уақытта қала әкiмшiлiгi жанынан комиссия түзiлiп, үлкен ұйым құрылатын болды. Сол ұйымның қатарына көптеген жастар ұйымдары шақырылып, бiздi қолдайтындары қосылады. Сонда өзiмiздi мазалап отырған, студенттердiң, жастардың талаптары, қоғамның өзектi мәселелерi бойынша өз ойымыз бен көзқарасымызды айтатын, соны билiкке жеткiзiп, ықпал ететiн бiр орталық құрамыз деген тоқтамға келдiк. Ол болашақта өз жемiсiн бередi деп те үмiттенемiз. Билiктiң жауап қатып, осындай орталықтың құрылуын жастардың жеңiсi деп бағалаймыз. Бiрақ, бiз бiр жиынға бола алданып қалдық деген сөз емес. Егер жиында айтылған мәселелер тек сөз жүзiнде қалып, билiк өз сөзiнде тұрмайтын болса, азаматтық қарсылықты жалғастыра беретiнiмiздi мәлiмдеймiз. Көршi елдегi жағдайды бәрiмiз көрiп отырмыз. Одан да алатын сабақ бар. Сондықтан митингiнi әзiрге тоқтаттық. Алайда, бұл түпкiлiктi келiсiмге келдiк деген сөз емес”. Авторы: И.ЕРҒАЙЫПҚЫЗЫ.

KAZ.GAZETA.KZ. Астана. 13 сәуір. Kazakhstan Today — Қазақстан президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Вашингтонда Ресей Федерациясының президенті Дмитрий МЕДВЕДЕВпен бейресми кездесу өткізді, деп хабарлайды Kazakhstan Today президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мейрамханадағы кешкі ас үстінде мемлекет басшылары екі жақты қарым-қатынас, сондай-ақ өңірлік және әлемдік саясат мәселелерін талқылады.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, сондай-ақ, АҚШ-та жұмыс сапарымен жүрген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың саяси және қоғам қайраткерлерімен, сондай-ақ ірі компания өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ