«Шымкентте сәулет өнерінің ескерткіштері күреліп жатыр. Қазақ өз тарихынан айрылып қалатын болды». «Шекарадағы шектеулер алынып тасталды». «Ұлттық күнді белгілейтін кез келді»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 21 мамыр 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Шымкентте сәулет өнерінің ескерткіштері күреліп жатыр. Қазақ өз тарихынан айрылып қалатын болды”. “…1994 жылы шыққан сәулет өнері ескерткіштерінің жинағына 26 нысан енген болатын. Мұның көпшілігі – ХІХ ғасырдың ортасы мен ХХ ғасырдың басында салынған ғимараттар. Ал соңғы жиырма жылда Шымкентте сәулет өнері ескерткіштерінің барлығы дерлік құрып бітуге айналды. Дәл қазіргі уақытта тек төрт ғимараттың ғана тарихи ескерткіш ретіндегі ресми мәртебесі бар. Көптеген тарихи ескерткіштердің жойылуына сол ғимараттардың жекешелендіріліп, содан соң қайтадан салынуы себепкер болды деп есептейді жергілікті мәдениет басқармасының маманы Александр ГРИЩЕНКО…

…Қаланың тарихи орталығы біртіндеп қоқыс орнына айналып жатыр. Сарапшының пікірінше қала өзінің бет-бейнесін жоғалтып жатыр, ал ол жайындағы естеліктер біртіндеп өшуде.

– Бір кездері Шымкенттің саз балшықтан салынған шахар болғанын енді ешкім ешқашан еске алмайды. ХХ ғасырдың басындағы Шымкент бар еді, советтік дәуірде, сталиндік ғимараттар салынған Шымкент бар еді. Енді осы қалада тұрып жатқандар Шымкентті Қытай Халық Республикасында өндірілген алюкобондтан салынған қала деп есептейтін болады. Заң бар, бірақ ол жұмыс істемейді. Ол тек ұсыныс беру ғана сипатында. Әзірге бұл үшін талап етпейтін, жазаламайтын болса, біз өз ескерткіштерімізді жоғалта беретін боламыз. Қазақстан – көшпенділердің мемлекеті. Мұнда сәулет өнерінің ескерткіштері аздау. Ал егер Шымкентте мерейтой өткізетін болса, онда қонақтарға несін көрсетеді? Алюкобондтан салынған үйлерді көрсете ме? — дейді өлкетанушы Алексей Гончаров”. Авторы: Айдар ЯКУБОВ.

Ашылмай тұрған вебсайттарға кіру үшін тұтынушылар байланыс министрлігімен соттасып жатыр”. “Қазақстанның байланыс және ақпарат министрлігіне қарсы екі аптаның ішінде 121 сот шағымы түсті… Еркін интернет үшін” қозғалысы өкілдерінің айтуынша, Қазақстанда әлемдік ғаламторды пайдаланушылар үш аптадан бері “Республика” порталына, бұған қоса бір жарым жылдан бері “LiveJournal” және жарты жылға жуық уақыттан бері “Blogpost” сайттарын аша алмай отыр.

Бейсенбі күні Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген қозғалыс өкілдері бұл сайттарды жабу туралы сот шешімі жоқ екендігін айтып, олардың ел аумағында ашылмай қалуының артында Қазақстандағы ірі провайдер — “Қазақтелеком” тұр ма деген күдіктерін жасырмады.

Министрлікке қарсы арызданғандардың бірі журналист Евгения ПЛАХИНАның айтуынша, қозғалыс өкілдері “Қазақтелекомға” хат жазып, провайдер ғимаратына алдында шағын флеш-моб өткізген…

“Еркін интернет үшін” қозғалысының мәліметі бойынша, 7 мамырдан бері байланыс және ақпарат министрлігіне қарсы Астана, Алматы, Орал, Семей, Өскемен, Петровал, Шымкент қалаларындағы, бұған қоса Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда және Павлодар облыстарындағы соттарға шағым түскен…

Қазақ қоғамы мен халықаралық қауымдастықтың жаппай қарсылығына қарамастан, 2009 жылы шілдеде президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ интернетке мемлекеттік бақылауды күшейтетін заңға қол қойды. Содан бері Қазақстанда барлық интернет ресурс, оның ішінде форумдар, блогтар, чаттар мен электрондық кітапханалар баспасөз құралдарына жатады”. Авторы: Талғат ДҮЙСЕНБЕК.

AIKYN.KZ. “Шекарадағы шектеулер алынып тасталды”. “Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесі

Қазақстанда туысқан Қырғызстан халқымен өзара құрмет пен тату көршілікке, көпғасырлық достық дәстүрлеріне, тілдік және мәдени жақындастыққа негізделіп қалыптасқан қарым-қатынас деңгейін жоғары бағалайды.

…Өкінішке қарай, Қырғыз Республикасындағы ахуал толықтай реттелу мен тұрақтылықтан алшақ қалып отыр. Қазақстан Республикасының аумағына атыс қаруын, есірткі және басқа да тыйым салынған заттарды заңсыз алып өту фактілері орын алуда. Алайда Қырғызстандағы күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескере және бізге достас ел азаматтарының көптеген өтініштерін назарға ала отырып, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ағымдағы жылғы 20 мамырдан бастап Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасындағы:

— “Қордай”;

— “Сыпатай батыр”;

— “Айша Бибі” өткізу бекеттеріндегі уақытша шектеулерді алып тастау жөніндегі шешім қабылдады…

Біз Қырғызстанның Уақытша Үкіметін жағдайды тездетіп тұрақтандыруға, заң үстемдігін қалпына келтіруге және ел халқының көкейтесті проблемаларын шешуге шақырамыз”.

Ұлттық күнді белгілейтін кез келді”. “Мәжілістің бір топ депутаты Үкіметбасы Кәрім Мәсімовке 31 мамырды “Жаппай қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күні” деп қайта рәсімдеу жөнінде ұсыныс енгізді….

31 мамыр жаппай қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде 1997 жылдан бастап аталып келеді. Ресми деректер 1921-1954 жылдар аралығында Қазақстанда 103 мың адам репрессияланғандығын растады. Оның 25 мыңнан астамы атылған. Депутаттар құрбандарының саны жағынан “Ақтабан шұбырындыдан” асып түскен ашаршылық зұлматының да атаусыз қалмауы қажеттігін атап көрсетеді”. Авторы: Айхан ШӘРІП.

EGEMEN.KZ. “ҒАСЫРДЫҢ ҒАЛАМАТ ЖОБАСЫ” – ӘЛЕМ НАЗАРЫНДА”. “Қызылорда қаласында “Арал өңірінің қазақстандық бөлігінің су және экологиялық қауіпсіздігінің қазіргі заманғы проблемалары және оларды шешудің жолдары” атты халықаралық дөңгелек үстел өтті.

Халықаралық Аралды құтқару қорының атқарушы дирекциясы мен ЕҚЫҰ-ның Астанадағы орталығы ұйымдастырған мәжіліске Қазақстанда тіркелген елшіліктердің, халықаралық ұйымдардың, инвестициялық және даму банктерінің, министрліктер мен ведомстволардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен жобаны орындаушылар қатысты. Мәжілісте 2011-2015 жылдарда Арал теңізі бассейні елдеріне көмек беру бағдарламалары мен су ресурстарын интегралды басқару жобалары шеңберіндегі әлеуметтік, экологиялық жобалар талқыланды…

Мамандар Арал теңізінің кемеріне келуі үшін 5 млрд. текше метрден астам су қажеттігін айтты. Сондай-ақ олар Сыр бойындағы кейбір көлдерді бір жүйеге түсіру қажеттігіне баса назар аударды.

Жиында германиялық және жапондық әріптестер Арал теңізін қайта қалпына келтіру мақсатына өз тараптарынан нақты жұмыстың атқарылатынын мәлімдеп, Елбасы бастамасымен қолға алынған жобаға оң бағасын берді.

Дөңгелек үстел отырысы соңында Арал өңірінің экологиялық және экономикалық ахуалын жақсартуға арналған EEWA – GTZ бағдарламасының бас кеңесшісі Бенджамин МООР мен Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстандағы атқарушы директоры Медет ОСПАНОВ Аралды қорғау бағытындағы жұмыстарды бірлесе жүзеге асыру жөніндегі меморандумға қол қойды”. Авторы: Еркін ӘБІЛ, ҚЫЗЫЛОРДА.

TURKYSTAN.KZ. “ШЕТЕЛ АЗАМАТТАРЫ ЕЛДЕН АЛАСТАТЫЛДЫ”. “Мигрант” iс-шарасы нәтижесiнде елiмiзде заң талаптарын өрескел бұзған заңсыз еңбек мигранттары ұсталып, олардың басым көпшiлiгi елiне қайтарылуда. Құзырлы органдар таратқан ақпаратқа сәйкес, ағымдағы жылдың өткен төрт айында 285 мың алыс-жақын шетелден келген азамат Қазақстан аумағында жүрген. Олардың арасында 60 300 шетел азаматының елiмiздiң «Көшi-қон» туралы Заңын бұзғаны анықталған.

«Мигрант» iс-шарасы қырғыз елiндегi қақтығыс орын алғаннан кейiн қатаң бақылауға алынды. Полиция қызметкерлерi жүргiзген бұл шара барысында осы жылдың өткен төрт айында республика бойынша 55,5 мың ТМД елдерi азаматтарының, 33 мың өзбектiң, 4 мың 888 қырғыздың және 1,5 мың тәжiктiң және 4749 алыс шетел тұрғындарының Қазақстан заңдылық нормаларын өрескел бұзғандығы анықталды. Нәтижесiнде, сот органдарының шешiмi бойынша 6425 шетел азаматы елден аластатылды…

…Тағы бiр айта кететiн жайт, шетелдiк азаматтарды заңсыз жұмысқа салған 75 кәсiпкер әкiмшiлiк жауапқа тартылып, айыппұл салынған”. Авторы: Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ.

ALASHAINASY.KZ. “Адал қызметкерлерге ақ алғыс”. “Антына адал азамат қашан да ел алғысына бөленбек. Кәсіби біліктілік пен қызметіне деген жауапкершілікті қатар алып жүргендер қаржы қызметкерлерінің қатарында көбірек.

Бүгінде Жамбыл облысы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне көктемнің ақ жаңбырындай алғыс хаттар жауып жатыр. Әрине, бұл халықтың қамы үшін атқарылып жатқан тірлікке берілген үлкен баға екені сөзсіз...”. Гүлжан КӨШЕРОВА, Шымкент.

Нан ішінде кене жүр”. “Оңтүстікте кенеге байланысты жағдай ушығып тұр. Кенеден зардап шеккендер саны күн санап артып барады. Ол аз болғандай, енді жаға ұстатар жағдаяттар да орын алуда.

Жуырда Шымкент қаласының тұрғыны Гүлжан БЕРДЕН дүкеннен нан сатып алып, кешкісін отбасымен бірге тамаққа отырғанда, нанның арасынан кене шығып, үрейлерін ұшырған. 8-сыныпта оқитын баласы сол жерде қатты шошынып, ауырып қалыпты. Не істерін білмей дағдарған отанасы “Жедел жәрдемге” қоңырау шалып, көмек сұраған екен. Ондағылар “өліп қалған кене болса, ештеңе етпейді. Өртеп жіберіңіз” деп ақыл айтып, немқұрайдылық танытқан. Дәрігерлерден көңілі қалып, үрейге бой алдырған ананың баласын емшіге қаратудан басқа амалы қалмапты…

Нанның арасынан неше түрлі нәрселердің шығатынына шымкенттіктердің бойы үйреніп қалған. Шаш, тырнақ, темір-терсек дегендерің түк емес. Ал енді ас атасынан кененің шығуы – жағдайдың тіптен ушығып бара жатқанын аңғартса керек”.

ZHASALASH.KZ. “Жастар комиссиясы iске кiрiстi”. “11 сәуiр күнi алғашқы жалпыұлттық жастар митингiсiн өткiзуге талпынған жастарға билiк тарапынан жауап қайтарылып, жастар келiссөзге барған болатын. Сол келiссөз нәтижесiнде қоғамдағы ең өзектi мәселелердi талқыға салатын әрi оны шешуге ықпал ететiн жастар палатасы құрылатыны жөнiнде келiсiлiп, әртүрлi топтағы тәуелсiз жастардан және билiкшiл жастар ұйымдарының өкiлдерiнен тұратын арнайы комиссия құрылды. Өткен жұмада Алматы қалалық әкiмшiлiгiнде осы комиссияның алғашқы отырысы өттi. Талқыланған тақырып бойынша билiк тарапынан келген сарапшылар жастардың сауалдарына жауап бердi.

Жиында алғашқы болып сөз алған “Рух пен тiл” клубының жетекшiсi Жанболат МАМАЙ алғашқы отырысқа жоспарланған кедендiк одақ мәселесiнiң өзектiлiгi жөнiнде айтты. Қазiр қоғамда жауабын таппаған сауалдар көп…

Әкiмшiлiк тарапынан шақырылған сарапшылар болса кедендiк одақтың экономикалық тиiмдiлiгi жөнiнде баяндамалар жасады. ҚР Сауда министрлiгi жанындағы сауда саясатын жүргiзу басқармасының президентi Руслан СЕРIКҰЛЫ кедендiк одақ тақырыбында жастар ұйымдары өкiлдерiмен әңгiмелесудiң сәтi түскенiне қуанышын бiлдiрдi. Одан өзге де сарапшылар жастардың өткiр сауалдарына жауап қатты. Десек те, жастардың “Шекараны кiм қорғайды?” деген сауалына дөп басып жауап айта алған жоқ. Әртүрлi саяси көзқарастағы жастардың бiр комиссия негiзiнде қоғамдағы өзектi мәселелердiң шешiмiн бiрiге қарастырып, өз ойларын ортаға салуының өзi жетiстiк емес пе? Сондықтан құрылған комиссияның болашағынан үмiт күтейiк”. Авторы: Инга ИМАНБАЙ.

MINBER.KZ. “Қазіргі қазақ киносы және ұлттық қауіпсіздік”. “Қазақ киносын сөзсіз түрде кеңестік және тәуелсіздік кезеңіндегі деп екіге жіктеуге болады. Өкініштісі, қазақ киносы екі кезеңде де қазақ ұлтының мүддесіне жұмыс істеген жоқ. Алғашқысы коммунизмді дәріптесе, қазіргісі халықты азғындатып жою саясатын насихаттауда.

КЕҢЕСТІК КЕЗЕҢНІҢ КИНОСЫ ЖАСЫРЫН БОЛСА ДА ҰЛТҚА ҚЫЗМЕТ ЕТТІ.

Дегенмен екі кезеңді салыстырып қарар болсақ, кеңестік кезеңдегі қазақ киносы астарлап болса да, қазақтың ұлт болып сақталуына әлдеқайда көп үлес қосты. Қазіргі заман илеуінің өлшеміне салсақ, ерлік деп бағалар едім. Сол кездегі қай киносын алып қарасақ та, мүмкіндігінше қазақ ұлтының жыртысын жыртқанын байқаймыз. Бір мысалмен айтар болсам, “Жаушы” киносында қазақ қызының ары мен намысын шебер қорғатып, “біріксек жер қайысқан қол екенбіз ғой” деп қазақтың басын бірігуге үндейді. Ұлттық рухты сол заманда бұдан өзге қалай насихаттауға болар еді!

Ал, қазір? Көш бастар деп үкілеген “Көшпенділер” киносы мұның жанында далада шаң қауып қалады. Тылсым табиғаттың заңдылығы бойынша, қандай да бір туынды, еңбек болсын ұлттық тамырмен астасып жатуы тиіс. Тамыры жоқ туындының ғұмыры жылт еткен жылтырақпен тең. Бодандық тұстың өзінде түсірілген “Қыз Жібек”, “Шаңырақ”, “Көксерек”, “Менің атым Қожа” сияқты кинолар деңгейіне жететін әрі ұлттық құндылықтарды насихаттайтын туындыларды тәуелсіз ел болдық дегеннің өзінде әлі түсіре алмай келе жатырмыз. Бұдан өткен қорлық бар ма? Жоғарыда аталған кинотуындылар ұлт тамырымен астасып жатыр, сол үшін де ғұмыры ұзақ болды. Ол кезеңде қазақ ұлтының рухын өлтірмеуге қарысқан, сол жолда бел шешіп күрескен зиялы қауым болды. Ал қазіргі кезеңде зиялы қауымның бар екеніне халықта күдік пайда болғаны жасырын емес…”. Авторы: Пазылбек ӘБСАТТАРҰЛЫ.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ