«Кaспий теңізінде Мексика шығанағының елесі кезіп жүр». «315 мың қазақ санаққа ілікпепті! »

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 26 мамыр 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Кaспий теңізінде Мексика шығанағының елесі кезіп жүр”. “…Сәуір айының орта тұсында Мексика шығанағындағы “Бритиш Петролеум” компаниясының бұрғылау платформасында жарылыстан пайда болған саңылаудан, кейбір мәліметтер бойынша күніне 750 мың литрдан астам мұнай төгіліп жатыр. Төгілген мұнай жолындағы тіршілік атаулыға ажал әкелуде.

Апаттың залалдылығы сондай, бұған АҚШ президенті Барак Обаманың өзі алаңдаушылық білдірді. Сол бұрғылау платформасын пайдалануға жауапты “Бритиш Петролеум” компаниясы заңды талап-арыз бойынша кез-келген залалдың өтеуін беруге уәде етіп отыр.

Ал, Каспийдің солтүстік айдынында бірнеше жыл қатарынан тым-тырыс экологиялық апат болып жатыр: итбалық пен құс қырғыны тоқтамауда, балық саны, оның арасында бекіре балықтар да азаюда. Мұнай компаниялары өздерінің бұған қатысы бар екенін қанша жерден жоққа шығарса да жергілікті тәуелсіз ғалымдар мен экологтар жан-жануардың қырылуын қоршаған ортаның ластанып бара жатуынан және Каспий теңізінің қайраңында жүргізіліп жатқан өнеркәсіптік жұмыстардан көреді...”. Авторы: Азамат МАЙТАНОВ.

AIKYN.KZ. “315 мың қазақ санаққа ілікпепті!”. “…Парламентке “Үкімет сағатында” есеп беруге келген Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан СМАЙЫЛОВ мына анық мәліметті жария етуге мәжбүр болды: 2009 жылғы жалпыұлттық санаққа ендігі Қазақстанға тұрғылықты орныққан деуге болатын 315 мыңға тарта оралман қазақ енбей қалған! Бір ғажабы, оралмандардың өздерін тура кінәламағанымен, статистикашылар мұның бар айыбы соларда дегенді меңзегісі келетіндей.

— Ағымдағы статистиканы жүргізу бағытында шетелден келген оралмандарды есепке алу, тек оларды Ішкі істер министрлігінің құзырлы органдары — көші-қон полициясы тіркегеннен кейін ғана жүргізіледі, — деді еліміздің “бас статисті” Ә.Смайылов. — Қазақстанға келген оралмандар тұрақты орны болған жағдайда тіркеуден өтіп, статистикалық талонды толтырады. Осы оралмандар тұрақты орынға тіркеліп, статистикалық талонды толтырмайынша, олар статистикалық есепке алынбайды. Сондықтан да ұлттық санақты жүргізу барысында әлгі тәріздес түйткілдер болды. Шынында, Қазақстанға келген, бірақ әлі оралман мәртебесін иеленудің әртүрлі сатысында тұрған, тұрақты орынға тіркелмеген шамамен алғанда 315 мыңға тарта оралман бар. Бұл проблема бізге белгілі, — деді Агенттік басшысы. Мұны естіп, ұлтжанды қалаулылар елеңдеп қалды. Яғни қазақтардың Қазақстан халқының жалпы санындағы үлес салмағы, тіпті сәл де болса, өсуге тиіс емес пе?! Бірақ санақшылар мұны айту үшін біраз қаржы сұрайды. “2009 жылы жүргізілген ұлттық санақ мәліметтерін толық өңдеп, оны жариялау үшін бюджеттен қосымша 617 млн теңге қажет етіледі” деді Статагенттік басшысы…

Әлихан Смайыловтың бір бұйымтайы бар екен: ол өз командасын кеңейтуге құмбыл. Агенттік төрағасының байламынша, қосымша күш “Үштік одақтағы” өзара сауда бойынша статистика тасқынын өз арнасында ұстап, дұрыс жүргізу үшін қажет екен. “Кедендік одақ елдері арасындағы өзара сауда есебін ұйымдастыру мақсатында Агенттік 2011 жылдың 1 шілдесінен бастап, Өзара сауда статистикасын жүргізу жөніндегі өкілетті орган ретінде айқындалды” деген Әлихан Смайылов осыған орай құрылатын жаңа ақпараттық жүйеге қызмет көрсететін адамдарды жұмысқа қабылдау керектігін жеткізді. Ол Агенттіктің орталық аппаратының да, Алматыдағы статистика департаментінің де штатын ұлғайтуға ниетті. Ал бұл шаруа тағы 275 миллион теңгені талап ететін көрінеді. Статистика агенттігі Премьер Кәрім МӘСІМОВ қол қоюы қажет тиісті Үкімет қаулысының жобасын да ендігі әзірлеп тастапты”. Авторы: Айхан ШӘРІП.

EGEMEN.KZ. “ҚАЗАҚТА ҚАЛҒАН ҚАРА ШАҢЫРАҚ”. “…Кеше елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында “Түркі өркениеті: дәуірлер жалғастығы” атты халықаралық еуразиялық конгресс өз жұмысын бастады. Оның шеңберінде бүкіл түркі дүниесінің руханиятының орталығы болатын Түркі академиясының тұсаукесер рәсімі жасалып, ол салтанатқа Қазақстан Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ пен Түрік Республикасының Президенті Абдулла ГҮЛ қатысты…

Бұл академия қандай жұмыстармен айналысады дегенді нақтылайтын болсақ, біріншіден – түркі халықтары тарихтары, рухани және материалдық мәдениеті, археологиясы мен этнографиясы, екіншіден, түркі тілдері мен жазба ескерткіштері, үшінші – түркі халықтарының әдебиеті мен өнері, төртінші – түркология мамандықтары бойынша бакалавр, магистр және PhD докторы мамандарын даярлайды.

Сонымен, Арқа төсіндегі Астанамызда Түркі академиясы ашылып, Қазақ елі тағы бір мәртебелі іске ұйытқы болды. Мұны осыдан бір ғасыр бұрын “Күн батысқа жүрелік, Гүл қылайық қаласын, Ұл қылайық баласын. Аямайық, көмейік Күн шығыстың нұрына” деген Мағжан Жұмабаевтың ұлы ойының жүзеге асқандығының бір дәлелі деп білеміз”. Авторы: Сүлеймен МӘМЕТ.

ALASHAINASY.KZ. “Тазалықшылар айыппұл салуда”. “Жамбыл облысында екі ай тазалық және аббаттандыру айлығы болып жарияланған болатын. Оған облыс аумағындағы барлық ұжым, мекеме қызметкерлері бір кісідей атсалысуы тиіс еді.

Алайда жүргізілген тексеру шарасы барысында бұл мәселеге жүрдім-бардым қараған басшылар бар екенін көрсетіп берді. Санитарлық тазалықты сақтамаған 436 қалалық және ауылдық мекемелердің басшыларына айыппұл салынды…”. Авторы: Гүлжан КӨШЕРОВА, Тараз.

KAZ.GAZETA.KZ. «Даму» Қоры Басқармасының Төрағасы Болат Мұқышев атап өткендей, «Даму-Көмек» бағдарламасы мүмкіндіктері шектеулі кәсіпкерлердің проблемалары мен оларға қажетті ресурстар (қаржылай көмек, мүліктік, консультациялық қолдау көрсету, өзге қызмет көрсетулер) жайындағы ақпараттармен қоғамымызды молынан хабардар ету арқылы қолдау көрсету мақсатында әзірленген.

Осы мәселені шешу үшін, 2009 ж. желтоқсанында мүмкіндіктері шектеулі кәсіпкерлерге көмек көрсету мақсатындағы ақпаратпен алмасуға арналған хабарландырулардың электрондық тақтасы түріндегі: www.damu-komek.kz сайты ашылды…

Демеушілер кейбір кәсіпкерлерге құрал-жабдық түрінде көмек те беріп жатыр. Барлығы 15-тей адам тігін машиналарына, көшірме-көбейткіш аппараттарға, аяқ-киім жөндеу шеберханасына арналған жабдықтар мен т.б. ие болды. «Даму-Көмек» Бағдарламасы бойынша көмек көрсеткен демеушілер қатарында мынадай компаниялар «Астана-Моторс», «КазСтройСтекло», «Allianz Kazakhstan» сақтандыру компаниясы, «АКФ «Волна» ЖШС (Ақтау қ.) және банктер -«Қазақстан Халық банкі» АҚ, «Казкоммерцбанк» АҚ, сонымен қатар Атырау және Қызылорда облыстарының бизнесмендері бар.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ