«Кедендік ресімдеу жойылды». «Әлемге жаңа валюта қажет». «Қырғызстан: Жаңа Конституцияның қызығы мен шыжығы»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 2 шілде 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Қырғызстан: Жаңа Конституцияның қызығы мен шыжығы”. “…Өмірбек ТЕКЕБАЕВ Азаттық радиосының қырғыз қызметіне берген сұхбатында былай деп мәлімдеді:

“Шынымен-ақ бұл жоба президентке де жеткілікті дәрежеде мықты билік береді. Президент бюджет пен қаржы саясатына қатысты заңдардан басқа кез-келген заңға вето қоя алады немесе оған қол қоюдан бас тарта алады. Ол заңды парламентке қайтара алады, бірақ қырғыз халқы мұны нақты билік деп қарастырмайды. Қырғыз халқы егер сен кадрлар саясаты мен қаржылық мәселелерге және лицензияларға жауапты болсаң ғана соны билік деп атайды”.

Осылайша, жаңа Конституция бойынша Қырғызстанда президенттің құзыры көптеген еуропалық парламенттік жүйелердегідей тым қатты шектелмеген. Бірақ президент бұрынғысынша үстемдік ете алмайды, яғни ол бұрынғыдай бір өзі үкіметтің қаржы ресурстары мен елдің экономикасын бақылай алмайды….

Бұған қоса, жаңадан қабылданған Негізгі заң билік бөлісуді кеңейтуге бағытталған басқа да өзгерістерді, соның ішінде парламенттегі 90 орынды 120-ға дейін көбейтуді қарастырады. Сонымен бірге бір партияның парламентте қаншалықты күшті бола алатынына шектеу қойылған. Яғни ешбір партияға парламентте 65-тен көп орын берілмейді…

65 орын туралы шектеу кейбір бақылаушыларды, солардың ішінде Бішкекке конституциялық мәселелер бойынша кеңес берген Еуропа кеңесінің Венеция комиссиясының бақылаушыларын қатты таң қалдырды. Себебі, демократиялық елдердеқоғамның қолдауына қол жеткізу мақсатында еркін сайлауға түскен саяси партиялардың жетістіктеріне әдетте шектеу қойылмайды. ..

Жаңа Конституция бойынша Президент тек бір мерзімге 6 жылға сайланатын болады. Президент сайлауына түсетін үміткерлер 35 пен 70 жастағы азаматтар болуы тиіс және олар қырғыз тілін жетік меңгеріп, елде кемінде 12 жыл тұрған азаматтар болуы керек….

Венеция комиссиясы болса мұны ықыласпен қабылдап, қырғыз үкіметіне жоғары баға берді. Бірақ Томас Маркерт пен басқа да бақылаушылар Қырғызстанның жаңа Конституциясының нағыз сынақтан өтуі құжаттың мәтініне емес, оның іс жүзінде қалай жүзеге асырылуына байланысты болады дейді”. Авторы: Саида БАБАМҚОЖА.

Елбасы” мәртебесіне қарсы “ақ плакатшылар” аймақтарды аралады”. “…Қазақстан президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВқа заңмен “елбасы” мәртебесі берілуіне қарсы оппозициялық “Алға” партиясын тіркеу комитетінің белсенділері бейсенбі күні Астанадағы “Бәйтерек” алаңында және Қарағанды облыстық әкімшілігінің ғимараты алдында наразылық акциясын өткізді. Акцияға қатысушылар қолдарына ұстап шыққан ақ плакат – үнсіз наразылық белгісін білдіреді. Өйткені жаңадан қабылданған “Елбасы туралы” заңда президент Назарбаевтың бейнесін бүлдірген адамға айыппұл төлетіп немесе үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы берілетіндігі айтылған.

Тіркелмеген “Алға” партиясы Астана филиалының бастығы Руслан СИМБИНОВтың Азаттық радиосына хабарлауынша, Астанадағы акцияға ұйымның тоғыз белсендісі қатысқан, бірақ олардың наразылық іс-әрекеті ұзаққа созылмаған…

Қарағандыдағы наразылық акциясы да астаналықтармен бір уақытта басталды. Алайда қарағандылық “ақ плакатшылар” өздерінің наразылық акцияларын өткізіп үлгерді. Осы акцияға қатысушылардың бірі Ксения ЕРМАҒАНБЕТОВАның Азатттық радиосына хабарлауынша, полиция оларды қайтып бара жатқан жолда ұстап алып кеткен.

– Мен облыстық әкімшілік ғимаратына ақ плакатпен келдім. Тағы сегіз адам жиналды. Біз ақ плакаттарды шамамен сегіз минут бойы наразылық ретінде жоғары көтеріп тұрдық. Одан соң өз жұмыстарымызбен тарадық. Үш көліктегі полиция қызметкерлері бізді жолда тоқтатты. Акцияға қатысқан басқа да кісілерді аудандық полицияға әкеліпті, – деді Ксения Ермағанбетова…”. Авторы: Талғат ДҮЙСЕНБЕК

EGEMEN.KZ. “КЕДЕНДІК РЕСІМДЕУ ЖОЙЫЛДЫ”. “Үстіміздегі жылдың маусым айының аяғынан бастап Кеден одағы қызметі туралы халыққа жан-жақты толыққанды түсінік беретін ҚР ҚМ КБК call – орталығы жұмысын бастады. Бұл туралы кеше Кедендік бақылау комитеті төрағасының орынбасары Ө.БЕЙІСБЕКОВ хабарлады…

Ал 1 шілдеден бастап жаңа Кеден кодексі қолданысқа енгізіліп, соған байланысты ішкі шекарада өзара саудада кедендік ресімдеу жойылды. Бірақ, кедендік бақылау Ресей және Қазақстан жағында да әзірге қалатындығын естен шығармаған жөн. Оның өзіндік тәртібі белгіленген. Кеден одағының екінші кезеңі аяқталғанда кедендік бақылау толығымен алынып, шекара қызметі қалады. Қазір сол 2011 жылдың 1шілдесіне дейін бекітілген жоспарға сәйкес кедендік және мемлекеттік бақылаудың басқа түрлерін сыртқы шекараға ауыстыру мәселелері қарастырылып жатыр. Санитарлық, фитосанитарлық және ветеринарлық бақылау саласындағы, сондай-ақ техникалық реттеуде рұқсат беру құжаттарын өзара тану жүзеге асырылатын болады. Осылайша ЕурАзЭҚ аталған мемлекеттерінің Кеден одағы жұмыс істеуінің негізгі тетігі қолданысқа енгізіледі. Сөйтіп, 2011 жылғы 1 шілдеде Бірыңғай кеден аумағын қалыптастыруды аяқтау жоспарланып отыр”. Авторы: Александр ТАСБОЛАТОВ.

ТӘУЕЛСІЗДІКТІ ОРНЫҚТЫРУ – БАСТЫ МАҚСАТЫМЫЗ”. “Бүгін Сыртқы істер министрлігінің қызметкерлері кәсіби мерекелері – Қазақстан Республикасының Дипломатиялық қызмет күнін атап өтеді. Қазақстандық дипломаттар төл мерекелерін қызу жұмыс үстінде қарсы алуда. Айталық, кеше ғана Астанада жұмысын аяқтаған “Төзімділік және нәсілдік кемсітушілікке төзбеу” атты жоғары деңгейдегі халықаралық конференция Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы төрағалығының жарты- жылдық жұмысын қорытындылағандай болды.

Осы орайда біз Қазақстан дипломатиясының бүгіні мен болашағы жайында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат САУДАБАЕВпен әңгімелескен едік.

– Қанат Бекмырзаұлы, Қазақстанның қазіргі әлемдегі халықаралық беделі мен рөлі туралы не айтар едіңіз? Осы орайдағы Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың Қазақстанның тәуелсіздігін орнықтырудағы еңбегін қалай бағалауға болады?

Ел мен ел, мемлекет пен мемлекет арасындағы көршілік, саяси, экономикалық, халықаралық, дипломатиялық қарым-қатынастар қазіргі таңда аса маңызды. Өйткені, қазіргі жаһандану жағдайында қандай мемлекет болса да бөлек, оқшау өмір сүре алмайды…”. Әңгімелескен Самат МҰСА.

ALASHAINASY.KZ. “Әлемге жаңа валюта қажет”. “…Кеше елордадағы Тәуелсіздік сарайында ІІІ Астаналық экономикалық форум шымылдығын ашты…

Жаңа валюта не үшін керек? Әлемдік азулы қаржыгерлер алдында Елбасы өзінің әлемдік экономика үшін жаһандық валюта қажеттігі жөніндегі ұстанымынан әсте айнымайтынын жеткізді. Сондықтан да “келесі форум осы тақырыпқа арналса, жақсы болар еді” деген пікірін құлаққағыс етті. Себебі жаңа валюта макроэкономикалық жағдайдың бүгінгіден де тұрақты бола түсуі үшін қажет. Соған сай Қазақ елінің жетекшісі әлемнің жаңа қаржы құрылымын жасайтын уақыт жеткенін батыл айтты. Және оның негізі қаржы нарықтарын жаһандық деңгейде бақылау мен реттеу шарасы болуы тиіс. Президент бұл тұрғыдағы ойын былай түйді: “Әлемде экономика, қаржы түйткілін арқау еткен бүгінгідей үлкен жиындар көптеп ұйымдастырылуда. Дегенмен олардың бірде-бірінде “дағдарыстың салдары, оның түпкі негізі неде жатыр?” деген мәселе төңірегінде пікір таластыру болмапты. Ал мұның түп-төркінін анықтап алмасақ, біз бұл қателікпен әлі талай рет бетпе-бет келетін боламыз…

Сондай-ақ ІІІ Астаналық экономикалық форумы барысында өнеркәсіпшілердің іскерлік форумы өтіп, оған әлем елдерінен 300 делегаттың қатысуы көзделген.

Форум жұмысының алғашқы күнінде “Әлемнің мемлекеттік жекеменшік әріптестік (МЖМӘ) орталықтарының конференциясы” тақырыбында конференция өтті. Оған МЖМӘ орталықтарының, жергілікті және орталық атқарушы органдардың өкілдері, сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысады. Сонымен бірге форум шеңберінде дағдарыстан кейінгі жағдайда исламдық қаржыландыруды реттеу тетіктеріне арналған халықаралық ғылыми конференция өтті. Шараның басты мақсаты – Қазақстанда исламдық қаржыландыруды реттеудің біртұтас жүйесін қалыптастыру.

Ал Финляндия, Норвегия, Германия, Корея, Франция және Израиль елдерінің инновациялар мен технологиялар жөніндегі мемлекеттік құрылымдарының өкілдері ұлттық инновациялық экономиканы дамытудың оң тәжірибесімен бөлісіп, Орталық Азия елдері мен Қазақстандағы инновациялық саясат үшін өз ұсыныстарын ортаға салды”. Мұрат АЛМАСБЕКҰЛЫ, Астана.

ABAI.KZ. “Азиаданы насихаттау байқауы”. “Құрметті журналистер!

“2011 жылғы 7-ші Қысқы Азия ойындарын Ұйымдастыру комитетінің Аткарушы Дирекциясы” АҚ және Казақстан Баспасөз клубы 2011 жылғы 7-ші Қысқы Азия ойындарына арналған ҚР журналистері арасындағы республикалық конкурстың басталғандығы туралы хабарлайды. Конкурс үш аталыммен Қазакстан Республикасы БАҚ журналистерінің арасында өткізіледі: БАҚ басылымдарындағы үздік материал (1, 2 және 3 орын); үздік ТВ материал (1, 2 және 3 орын); Интернет БАҚ-тағы үздік материал (1, 2 және 3 орын).

Конкурс женімпаздары қорытындылар шығарылғаннан кейін Астана қаласында болатын салтанатты Рәсімде бағалы жүлделер алады. Конкурстық барлық материалдар Конкурс ұйымдастырушыларына 2010 жылғы 15 карашадан кешіктірілмей мына мекен-жай бойынша түсуі тиіс: 050059, Алматы қ., “Самал-2” ш/а, 58-үй, Қазақстан Баспасөз клубы. Конкурс туралы ереже мына сайттарда орналастырылған: www.astana-almaty2011.kz, www.pressclub.kz.

Конкурс өткізу мәселелері бойынша түсініктемелер мен анықтамаларды Қазақстан Баспасөз клубында алуға болады, байланыс телефондары: 8 (727) 264 67 58, 264 67 37, pr2@pressclub.kzz, info@pressclub.kz”.

ZHASALASH.KZ. “Бiр жылғы еңбекақымды бермей кетті”. “Мен 2007 жылдың сәуiрiнен 2008 жылдың қыркүйегiнiң соңына дейiн Ембi қаласындағы “Энерджи коммерс Дженерэйшн” ЖШС-да күзетшi болып жұмыс iстедiм. Серiктестiк Ембi қаласында газ құятын станция салмақ болып құрылыс жұмыстарын жүргiздi. Жергiлiктi азаматтарды жұмысқа шақырды….

Не керек, бiр жылға жуық еңбекақымды бермедi. Жасым қазiр 64-те, 38 жыл бойы темiржолда машинист болып жұмыс iстедiм. Темiржолдағы жұмысым қысқарды да, зейнеткерлiкке шығуыма бiрер жыл қалған соң, осы жұмысқа кiрдiм. Менен басқа да Ембiнiң жұмыссыз жiгiттерiн жұмысқа алғанымен, олар бiрнеше ай жалақы төлемегендiктен кетiп қалып жатты. Қуаныш Тағанов деген азамат уәденi үйiп-төгiп, “еңбекақыны әне беремiз, мiне беремiз” деп, жұмыссыз жұртты топырлатып қабылдап, топырлатып шығарып жатты.

Ақыры жұмыс тоқтап қалды, басшылығы жоғалды. Ембiде газ құю станциясын саламыз деп тұрғызған нысандарын бүгiнде бұзып, бөлшектеп сатып жатыр.

2009 жылы мен сотқа еңбекақымды өндiру жөнiнде арыз бердiм. Маған бережағы – 230 мың теңге. Серiктестiктiң заңды мекен-жайы Алматы қаласы, Медеу ауданында орналасқандықтан, Медеу аудандық соты iстi қарап, менiң пайдама 230 мың теңгемдi өндiрiп, оған қоса 20 мың 317 теңге өсiм төлеу жөнiнде шешiм шығарды. Бiрақ, бiр жылдан берi сот шешiмi орындалған жоқ. Жалақым да түспедi, серiктестiк те хабарсыз.

Медеу аудандық сот орындаушысы А.Бердiбеков iстi орындауды бастағанымен, арты сұйылды. Жауап жоқ. Осы жөнiнде Ақтөбеде Мәжiлiс депутаты Марал Итеғұловқа хабарласқанымда, үйiп-төгiп уәде бердi де, ол да жоғалды. Сөйтiп, 230 мың еңбекақымды өндiрiп алмақ болған әрекетiмнен ештеңе шығар емес”. Авторы: Серiк Дүйiсов, Ембi қаласы, Мұғалжар ауданы, Ақтөбе облысы.

ZAMANA.KZ. “Бір адам 1000 теңге тұрады… Шекарада осындай сауда жүріп жатыр”. “Жазда елімізге Өзбекстаннан келетін арзанқол жұмыс күшінің көбейетіні белгілі. Әсіресе ала тақиялы ағайындарды құрылысқа әкеліп салу кеңінен етек жайған. Ресейге баратын өзбекстандықтар да Қазақстансыз өте алмайды. Осыны пайдаланған кейбір пысықайлар шекарадан адам өткізуді өздерінің төл кәсібіне айналдырып алғаны туралы әңгіме де аз айтылмайды. Осыған орай біз өткен аптада Сарыағаш ауданының “Қапланбек” кедендік бақылау бекетіне барып, гастарбайтерлер мәселесін зерттеп көрдік.

Кеден бекеті ашық. Түс ауа бастағандықтан болса керек, мұнда топырлаған адам байқалмайды. Адамдар екі жаққа да құжаттарын көрсетіп өтіп жатыр. Біз құрылысқа адам іздеген болып сол жерде жүргендерді сөзге тарта бастадық.

“Маған жұмыс істейтін адам тауып беру, оны шекарадан өткізу ешқандай проблема емес, – деді Бақытбек есімді жас жігіт. – Шекараның арғы бетінде адамдарым бар. Қанша жұмысшы керек болса, айтыңыз, қазір телефон соғамын, ол ертең бері өткізеді. Қандай жұмыс істеуі керектігін менімен келісесіз. Сенімділік үшін құжаттары өзіңізде болады. Осыған келіссеңіз, онда үйіңізге ертең жұмысшылар барады. Өзіміздің таксиге отырғызып жіберемін, ақысын төлейсіз, бірақ ол ақшаны кейін өздерінен ұстап қаласыз. Арғы беттегі адаммен өзім есептесемін. Жұмысыңыз біткеннен кейін басқа адамға сіз сатасыз. Олардың құжатын уақытша тіркетіп, полициядан қорғасаңыздар болды”.

Дегенмен ол жерде жүргендердің барлығы Бақытбек секілді өз жұмыстарын құпия ұстамайтын секілді. Жұмысты қалай атқаратындарын жасырмай айтып бергендер де табылды….”. Авторы: М. РАЙЫМБЕК.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ