«Қазақ кәмпитін ұнатпайтын кімдер?». «Азаматтық алуды армандайтындар көп». «Samsung Wave: қазақшаңыз қалай?»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 29 қыркүйек 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Аштық жариялаған Ермек Нарымбаев енді аузын тігіп тастамақ”. “…Төрт жылға сотталған Ермек НАРЫМБАЕВ тамыздың 20-сынан бер аштық жариялап жатыр. Бұл туралы оның әйелі Зоя хабарлап отыр….”. Мәншүк АСАУТАЙ.

Тәжікстанда шариғат зайырлы заңдарды ығыстыра бастады”. “Тәжістанда діннің рөлі жыл сайын күшейіп келеді. Соттарды бюрократия мен жемқорлық жайлап алған деп санайтын тәжіктердің көпшілігі өз мәселелерін шариғат жолымен шешуге тырысады…”. Авторы: Каюмарс АТО.

AIKYN.KZ. “Қазақ кәмпитін ұнатпайтын кімдер?”. “…Әлқисса Қазақстан “Рахат”, “Қарағанды кәмпиттері” секілді тәтті-мәтті шығаратын ірі кәсіпорындарымен танымал болса да елімізде әлі күнге дейін шетелдік карамель мен шоколадтарға құмартушылар жетіп артылады. Шеттен келетіннің дәмі тіл үйіріп жатса бір сәрі, бірі бағасының арзандығына қызығып, екіншісі “импортный” дегенді керемет деп түсініп, алып жатыр. Соның нәтижесінде, Қазақстанда тұтынылатын кондитерлік өнімдердің 49 пайызын шетелден тасымалдайтын жағдайға жетіппіз? Өзімізде жасаудың технологиясы әлі меңгерілмеген құрылыс тауарлары не дәрі-дәрмек болса түсінер ек, ал жоғарыда аталған “Рахат” пен “Қарағанды кәмпиттері” кімдікінен кем? Оларды халық ұнатпай ма?..

— Рас, 90-жылдардағы қаржылық ауыр жағдайда біздің кондитерлер саланы сақтап қала білді. Ендігі мақсат — саланы дамыту болуы керек. Бірақ 50 пайыз кондитерлік өнімдер шеттен тасымалданып жатқанда, оп-оңай дамимыз деп айта алмаймын. Мемлекет тарапынан қолдау қажет. Сонда отандық өнім Қазақстанда тұтынылатын кондитерлік өнімдердің ең кем дегенде 70 пайызын алатын болады, — дейді Қазақстан кондитерлер қауымдастығының президенті Лариса КОНСТАНТИНИДИ”. Авторы: Нұрболат АМАНЖОЛ.

Азаматтық алуды армандайтындар көп”. “…Ақордада Мемлекеттік хатшы — Сыртқы істер министрі Қанат САУДАБАЕВтың төрағалығымен Президент жанындағы Азаматтық мәселелер жөніндегі комиссия кезекті отырысына жиылған болатын. — Жыл сайын қазақстандықтардың қатары шамамен жүз мың адамға көбейіп отыр, — деді Азаматтық мәселелер жөніндегі комиссия мүшелеріне бұрылған Мемлекеттік хатшы — Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев. — Бұл тек халықтың табиғи өсуінің ғана емес, сондай-ақ түрлі елдер азаматтарының үлкен ауқымда Қазақстанға көшуінің арқасында мүмкін болып отыр. Олар біздің мемлекетімізге, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа сеніп келді. Әлемдегі қазіргі кездегі тұрақсыз экономикалық жағдайдың өзінде Қазақстан көші-қонның оң сальдосын сақтауды жалғастыруда…

Тізімдегі адамдардың басым көпшілігі мақұлдау алғанға ұқсайды. Қалай болғанда соңғы шешім — Елбасыда. Президент қол қойып бекітсе, 15 мыңнан аса шетелдік Қазақ елінің көгілдір төлқұжатын төс қалтасына салады. «Мемлекет басшысы тиісті Жарлыққа қол қойғаннан кейін өтініш берген адамдар отандасымыз болады» деп түйді Қ.Саудабаев”. Авторы: Айхан ШӘРІП.

EGEMEN.KZ. “Қаһарман азамат, қыран ақын”. “Шынын айтқанда, өз басым ешқашан ертеңге иек артып, келешектен үміт еткен адам емеспін. Дұрыс па, бұрыс па бүгініммен өмір сүрген пендемін. Сондықтан да шығар, туған-туысқандарға тәуекел етіп бара қойған жоқпын. Сөйтіп жүріп жетпістің де жотасынан шығып кетіппін. Жасымда сене қоймаған ертеңіме енді сене қоймаспын… Әйтпесе Жұбан МОЛДАҒАЛИЕВ туралы үлкен монография жазып тастамас па едім, қайтер едім? Қанша сілтесем де, қанша айтсам да, қалай айтсам да тәп-тәуір дүние жазып тастар едім деп ойлаймын. Бұл өзі етқызумен айта салған жай сөз емес. Сенім. Бірақ, бірақ… Қазіргі жағдайда олай тәуекел ете алмаймын. Жас кезімде сене алмаған ертеңіме, бүгін сене қалу менің болмысыма тән қасиет емес. Қалыптасып қалған шығармашылық табиғатыма мүлдем жат әрекет. Чеховтың сөзіне салсақ, “стиль” дегеніміз автордың өзі.…”. Авторы: Қадыр МЫРЗА-ӘЛИ.

ALASHAINASY.KZ. “Азық-түлік бағасы неге өсті?”. “Ресейде болған орман өрті мен биылғы қуаңшылық ондағы егін түсімінің едәуір кемуіне әсер еткені мәлім. Әсіресе бидайды былай қойып, кәдімгі қарақұмықтың өзі Ресей үкіметінің бірнеше отырысына негіз болғаны бар…

Есте болса, біраз уақыт бұрын оңтүстік өңірде нан бағасы қымбаттап, бір дүрліккен едік. Сонда Премьер-министр жағдайды шұғыл анықтап, кінәлілерді жазалауды тапсырған болатын. Кешегі отырыста Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Мәжит ЕСЕНБАЕВ: “Оңтүстік өңірде нан бағасын қымбаттатуға дәйекті себеп болмаған”, – деп мәлімдеді…

Қазақстандық ұн экспортының 97 пайызы Орталық Азия елдеріне – Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Ауғанстанға шығарылады. Осы географияны Таяу Шығысқа қарай кеңіту, Парсы түбегі елдерінің нарығына ену мәселесі көптен сөз болып келгенімен, тасымал мен логистика мәселелерінің толық шешімін таппауына байланысты бұл нарықтың есігі әлі ашыла қойған жоқ…”. Автор: Айбын БАҚЫТҰЛЫ.

Үнемдеуді әлі де үйрене беру керек”. “Кеше Мәжілісте осы сессиядағы алғашқы Үкімет сағаты өтті. Жиында тарифтік саясаттағы энергияны үнемдеу мәселелері жайы сөз болып, атқарушы биліктің осы бағыттағы негізгі ұстанымдары туралы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Нұрлан АЛДАБЕРГЕНОВ баяндады. Қазақстанда сараланған тарифтерді енгізу 2008 жылдан бастап қолға алынғаны белгілі. Сол жылы мұндай тарифтер тәулік зоналары бойынша енгізілсе, былтырдан бастап тұтыну көлеміне қатысты да тарифтер жүзеге аса бастаған. Яғни электр энергиясына “үнемшілдік” саясатының жүзеге аса бастағанына екі жылдың жүзі болып қалыпты. Нәтиже қандай? Агенттік төрағасының мәліметтеріне қарағанда, нәтиже жаман емес тәрізді. “Сараланған тарифтерді енгізудің арқасында электр энергиясында 150 млн кВт сағат үнемдедік…”. Автор: Қанат ҚАЗЫ.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Жаңа тәртіп жадыңызда жүрсін”. “2010 жылдың 1 шілдесіндегі “Жеке тұлғалардың жеке мақсатта пайдалану үшін тауарларды Кеден одағы территориясы арқылы тасымалдау және кедендік ресімдеулер жасап, оларды босату тәртібі” туралы Кеден одағы комиссиясы мүшелерінің келісімінде жеке мақсатта пайдалану үшін әкелінген автокөлік құралдарына бірыңғай кедендік ставка мөлшерлемесі белгіленген. Сонымен бірге, ағымдағы жылдың шілде айынан бастап “Жеке тұлғалардың жеке мақсатта пайдалану үшін жеңіл автокөлік құралдарын тасымалдау туралы” Қазақстан Республикасы Үкіметінің №682 қаулысы қолданысқа енгізілді.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы аумағында жеке тұлғалардың жеке мақсатта пайдалану үшін жеңіл автокөлік құралдарын кедендік ресімдеу барысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген салық және ставка мөлшерлемесі қолданылады. Сонымен қатар, жеке мақсатта пайдалану үшін автокөлік құралдарын жеке тұлға өзі, яғни, меншік иесі және меншік иесінің сенімхаты арқылы әкелуіне болады…”. Авторы: Бақберген АМАНИЯЗ.

MINBER.KZ. “Samsung Wave: қазақшаңыз қалай?”. “Қазақстанға келіп жатқан телефондардың “қазақша сөйлеуі” заң талабы болғанымен, оны жүрдім-бардым орындайтындар бар…

Қазақшаланған Samsung Wave телефонының кемшіліктері турасында айтатын болсақ, әлі де аудармаларда іздене түсу қажеттігіне баса мән берсе деймін. Телефонның функционалды қызметі көбейген сайын оған қосылатын үстеме бағдарламалар да көп. Смартофн тәріздес Samsung телефондары әсіресе қолдануға көптеген үстеме бағдарламаны өз қалауына орай жүктеп, орнатуға мүмкіндік береді. Сондықтан бұл үстемелерді қолданушы өз ыңғайына қарай қазақшалай алатын мүмкіндік қарастырылғаны құба-құп. Келесі бір қолайсыздықты виртуалды пернетақталардан сезіндік. Себебі ағылшын тілінде әріп саны қазақ тілімен салыстырғанда аз болғандықтан, оның пернетақтасындағы түймелердің көлемі үлкен. Ал қазақ тіліне ауыстырғанда пернетақта дисплейде жақсы көріну үшін түймелер кішірейіп кетеді. Бұл әріптерді тергенде ыңғайсыздықтар тудырады. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін виртуалды пернетақтаның орналасуына өзгерістер енгізу қажет болар. Тұтастай алғанда Samsung Wave телефонының қазақшасын қолданушыға мынадай кеңестер береміз…”. Авторы: Асхат ЕРКІМБАЙ.

KAZ.GAZETA.KZ. Көкшетауда өткен үш күндік семинарда әлемдік деңгейде көрініс тауып отырған лаңкестікпен күрес және жастар арасында діни- танымдық ілімді кеңінен насиха“Көкше” академиясы, Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап кітапхана, жастар бірлестіктері, студенттер қауымдастығымен бірлесіп жүзеге асырылған іс- шара аясында ислам әлеміндегі өзін-өзі құрбан ету, әлемдегі лаңкестік әркеттер, дүниежүзінде бейбітшілікті баянды ету мәселелері тарқатылып, пікір алмасылды. ттау жайы қарастырылды.

Жиналған қауым алдында Болгария және Испаниядан келген ғалымдар өз ойларын ортаға салып, бұл істе назар аударар жәйттерді тарқатты. Тарихшылар мен саясаттанушылар соңғы жылдары көрініс тауып отырған лаңкестік әркеттердің зияны мен қоғамға жат әрекеті турасында ой қозғап, онымен күрес жолдарын тілге тиек етті.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ