«Аудандық мәслихат әкімнің жұмысын жоққа шығарды». «Коммуналдық қызмет: кім қанша төлейді?». «Ел экономикасының өсімі – 8 пайыз». «Ала-Тоо ар жағындағы байкелер аламаны»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 13 қазан 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Қырғыз парламентаризмінің тағдыры 5 партияның ғана қолында болмай шықты”. “Алдын-ала сайлау қорытындысына сәйкес, қырғыз парламентіне бес партия өтті. Сайлау қорытындысымен келіспей отырған партиялар дауысты қайтадан есептеуді талап етіп отыр… Бес партия межеленген деңгейге жетіп, қырғыз парламенті яғни, Жогорку Кеңешке өтті. Бұлар: “Атажұрт” (8,88%), Социал-демократиялық партиясы (8,04%), “Ар-намыс” (7,74%), “Республика” (7,24%) және “Ата Мекен” (5,6%). …Парламенттегі 120 орын былайша бөлінетін болды. “Атажұрт” партиясына парламенттен 29 орын тиетін болса, Социал-демократиялық партиясына — 26, “Ар-намысқа” — 23, “Республикаға” — 23, “Атамекенге” — 19 орын тимекші…

Коалиция демекші, мамандардың пікірінше, Қырғызстанға дәл қазіргі партиялық құраммен коалициялық үкімет жасақтау оңай тимейді. Себебі, онда бұрынғы билік өкілдерінен құралған “Атажұрт” партиясы да, сол режимді құлату кезінде аса белсенділік танытқан “мәңгі оппозиционер” Өмірбек Текебаев басқаратын “Атамекен” де, ресейшіл де, батысшыл да партиялар бар…

— 20 сайлау учаскесінде өрескел заңбұзушылықтардың болғаны турасында факті бар. Егер Орталық сайлау комитеті бұл учаскелердегі дауыс санын қайта есептемесе, онда біз барлық сайлау учаскелеріндегі дауыстарды қайта сараптаудан өткізуді талап етеміз, — деді “Замандас” партиясының жетекшісі Мұхтарбек ӨМІРАКУНОВ сейсенбі күні Бішкекте өткен баспасөз жиынында. Дәл осы күні ресми қорытындыда 4,84 пайыз дауыс жинады деп көрсетілген “Бүтін Қырғызстан” партиясы да Орталық сайлау комитетінің қорытындысымен келіспейтінін жеткізді. Партияның жетекшісі Адахан МАДУМАРОВтың айтуынша, партия сайлауда 5 пайыздық межеден асып түскен. Сөйтіп, 145 455 дауыс жинаған. Түстен кейін Қырғызстанның ақпарат құралдары Ақши, Шатқал, Тоқтағұл аудандарында партия жақтаушыларының Бішкек-Ош бағытындағы жолды бекіткені туралы хабарлады….”. Авторы: Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ.

Сарыбай Қалмырзаев: “Ауырған жоқпын, жоспарлы дәрігерлік тексеруден өтіп келдім”. “…Қазанның 12-і күні Алматыдағы “Алматы” сауықтыру орталығының ашылуына қатысқан Сарыбай ҚАЛМЫРЗАЕВ өз денсаулығының есен-сау екендігінен сол жерге жиналған журналистерді хабардар етті. Тек жақында Германияға барып біржарым күндік дәрігерлік тексеруден өтіп келгенін жеткізіп, өзінің денсаулығы туралы қоғамда айтылып жүрген әңгімені “президенттің жанында жүргенім ұнамайтын әлдекімдердің таратқаны болар” деген болжам айтты….”. Авторы: Есенбек БАЗАРҚҰЛ.

AIKYN.KZ. “Аудандық мәслихат әкімнің жұмысын жоққа шығарды”. “Сарқан ауданындағы атқарушы және өкілетті билік тұтқалары — аудандық әкімдік пен аудандық мәслихат арасындағы түсінбестік тіптен ушығып, аудандық деңгейден асып, облыстағыларды алаңдатып, Астанадағылардың құлағын елеңдете бастады.

Жергілікті жердегілер даулы мәселені аудан, одан ары облыс аумағынан шығармауға тырысқандарымен, барлық жұрттың назары Сарқанға ауып тұр. Жалпы, аудандық мәслихаттың былайғыларға мүйізі қарағайдай болып көрінетін аудан әкімінің қызметіне “қанағаттанғысыз” деген баға қойып, сенімсіздік білдіріп, қызметін босату жөнінде ұсыныс жасауы, облысты айтпағанда, ел аумағында бұрындары болып көрмеген…

Аудандық мәслихаттың кезекті сессиясында аудан әкімінің жұмысын мақтауға тырысқандар да болды. Дегенмен халық қалаулыларының дені Сексенбай Бекішовтің жұмысына көңілі толмайтындықтарын ашықтан ашық мәлімдеді. Өткен жылы аудан бойынша егілген 2500 гектар қызылшаның 1500 гектары шықпай қалғаны, алған өнімнің біразы малға жем болғаны, тамшылата суарудың құр әңгіме екені және тағы басқа да кемшіліктер айтылған сессияның қорытындысында аудан әкімінің жартыжылдық жұмысына «қанағаттанғысыз» деген баға беру туралы ұсынысты он депутаттың сегізі қолдап, екеуі қалыс қалды…”. Авторы: Болат АБАҒАН.

Сұлтанбек Тәшенов, өнертапқыш ақсақал: Жетістіктер тұрмысты жеңілдетуі керек”. “Өнертапқыш қария Сұлтанбек ТӘШЕНОВтің ойлап тапқан әмбебап дүниелері аса көп те емес. Саусақпен санарлықтай. Әрі бәрі де қарапайым. Оны жасау да қиынға соқпайды, қолдану да дәл солай. Атайдың дүниелерінің құндылығы да — осы қарапайымдылығында. “Ғылым, өнер жетістіктері тұрмысты жеңілдету керек, қиындату емес. Ал бізде кей ғалымдар қарапайым нәрсенің өзін күрделендіріп жіберіп жатады. Онысын әспеттеп “ғылым” деп атайды” дейді ақсақал. Сұлтанбек ата сөзінің жаны бар. Түп-түзу жолмен жүрмей, бұралаңға түсіп кетіп жататын кездеріміз болады…

Әлқисса, әңгіме ауанын өнертапқыш атайдың шеберханасына бұралық. Атайдың атын шығарған негізгі екі дүниесі — шопандардың таяғы мен намаз уақытын өзі айтып отыратын сағат-күнтізбе. Түркістанда, далалы аймақта балалық, жастық шағын өткізген, қойшы қауымның тіршілігімен етене таныс Сұлтекең олардың өмір тұрмысын жеңілдетудің жайын сонау жас күнінен ойлаған екен. Әсіресе, өткен ғасырдың 70-жылдары, ел басшылығы мал санын көбейтуге қатқыл тапсырма берген шақта, күн-түн демей, қоймен бірге жүріп, қоймен бірге ұйқтаған шопандарға қиын соққан еді. Сондағы олардың жан серігі — қолындағы таяғы ғана. Сырласы да — сол, қорғаны да — сол, құралы да — сол. Таяқ олар үшін қасиетті болған, ата шопан бала қойшыға мирас етіп қалдыратынын да білерсіз. Осыны ойлай келе, Сұлтанбек ата таяқты әмбебаптандыруды ойлайды…

Сол таңда Ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жазып, ондағылар әмбебап таяққа зор баға бергенімен, жаппай қолданысқа енгізуден шет қала береді… Әлі шет қалып келеді… Сұлтанбек Тәшеновтің шопандар тұрмысын жеңілдетуге арналған тағы бір тың дүниесі бар. Ол — шприц-автомат. Бұл шприцпен малға дәрі еккенде, әр егу сайын ветдәрігер шприцпен жаңа доза сорып отырмайды. Бұл бір жағынан уақытты үнемдесе, екіншіден, тазалық үшін аса қолайлы екен…

Иә, “ел іші — өнер кеніші”… Үйін Сұлтанбек ақсақал сияқты шеберханаға айналдырып жіберген өнертапқыш жандар арамызда көп. Бірін білмей қап жатамыз, бірін елемей қаламыз. Десек те, “нағыз ғылым мен өнер — халықта” дегіміз келеді…”.

EGEMEN.KZ. “Коммуналдық қызмет: кім қанша төлейді?”. “…Бірінші талдау “өмірдің нәрі” атанған судың төңірегінде болсын. Бұл додада өзінен шығып жатқан ауыз су тұрмақ, аяқ суы да жоқ Ақтау абаты алдына жан жолатпайды. Кәрі Хазар жағасынан жай тапқан бұл қалада бір текше метр судың ақысы Қызылорда қаласында сатылып жатқан бір кило күріштің бағасынан да құнды. Мұнда ол артық-кемі жоқ тура 157,21 теңгеге тең. Бұдан кейінгі қымбатшылықты Көкшетау еншілеп отыр. Ақмола облысы орталығының тұрғындары әр текше метр су үшін 89,28 теңгеден ақы төлейді. Ал үшінші орынды көмірлі астанамыз – Қарағанды қаласы талассыз алып тұр. Себебі, одан кейінгі қатарға қонысын сайлаған басқа өңірлерге қарағанда, мөлшерлі суға жіберетін шығыны біраз артық (44,55 теңге) болып көрінетін шахтерлер мекеніне қалғандарының жуыр маңда жете қоюы қиын сияқты. Дегенмен, сол салынған ізбен қымбатшылық қамытын кигендер санатына кіріп кеткен аймақтарды санамалап өтсек, бұдан соңғы лекте Шымкент (36,53), Талдықорған (31) және Қостанай (30,92) қалалары сап түзейді. Көштің аяғын сулары бұлардан гөрі арзан көрінгенімен, өзінен кейінгілерден қымбат болып шығатын екі қала – Қызылорда мен Петропавл тиянақтайды. Бұл екеуінде су тиісінше 24,77 және 23 теңгеден сатылуда. Мұнда Ақтаудың жағдайы түсінікті, ал Шымкентте судың неге соншама жоғары болып отырғанын түсіне қоюымыз әсте қиын.

Арзаншылық көшіне келсек, күллі Қазақстан бойынша ең төлемі аз су Өскеменде екен. Алтай аясындағы қалада оның текше метрі 15,61 теңгеден ғана. Бұдан кейінгі арзаншылық Орал мен Павлодарға қатар қонған….

Бұл жерде баллдары бірдей қалалардың орындарын ажыратуда олардың кестелерде жекелеген көрсеткіш бойынша жоғарырақ орын алғандары алдына қойылды. Ал түзілген кесте, тұтастай алғанда, еліміздің қай қаласында коммуналдық қызметтің негізгі түрлері арзан екенін нақты көрсетіп бере алады”. Авторы: Серік ПІРНАЗАР.

Ел экономикасының өсімі – 8 пайыз”. “Үстіміздегі жылдың қаңтар-қыркүйек айларында еліміздегі инфляция деңгейі 5,2 пайыз болды. Осы мерзімде өнеркәсіп өнімінің көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,4 пайызға артты. Бұл туралы кеше Премьер-Министр Кәрім МӘСІМОВтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мәлім болды.

Өткен тоғыз айдың қорытындысы бойынша баяндама жасаған Экономикалық даму және сауда министрі Жанар АЙТЖАНОВА ел экономикасының негізгі алты саласының: өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сауда, құрылыс, көлік және байланыс салаларының даму динамикасын сипаттайтын қысқа мерзімді экономикалық индикатор өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8 пайызға өскенін атап өтті. Осы кезеңде өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің көлемі 19,1 пайызға, тау-кен өнеркәсібі өнімдерінің көлемі 5 пайызға артты.

Есепті кезеңде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 9 айда өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 4,1 пайызға төмендеген…

Биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанның мұнай және газ экспорты 5,9 пайызға артқан…

Еліміздің барлық өңірлерінде “Жол картасы”, “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламалары ойдағыдай жүзеге асырылуда. Мәселен, 2010 жылдың 9 айында “Жол картасы” шаралары үшін өңірлерге 91,5 млрд. теңге қаржы бөлінген. Бүгінге дейін оның 96,9 пайызы немесе 88,7 млрд. теңгесі игерілген…”. Авторы: Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.

ALASHAINASY.KZ. “Ала-Тоо ар жағындағы байкелер аламаны”. “10-шы қазандағы парламент сайлауынан кейін Қырғызстан ТМД аумағындағы бірден-бір парламенттік нышандағы елге айналғанын айғақтады. Партиялар парламентке өту үшін Қырғыз елі бойынша кем дегенде 5% және Қырғызстанның жеті облысының әрқайсысында 0,5% дауыс жинауға тиіс. Яғни 5% жинау үшін 141 828 дауыс керек болатын. Қырғыз еліндегі жексенбіде өткен 120 мандаттық парламент сайлауына 150-дей партияның нақты 29-ы ат қосып, оның бесеуі мәреге жетті. Бюллетеньдердің 94 пайызын санаудан кейінгі жағдай бойынша ат озған “Атажұрт” партиясы – 8,64 пайыз, социал-демократтар – 8,09 пайыз, “Ар-Намыс” — 7,4 пайыз, “Республика” — 7,08 пайыз және “Ата-мекен” партиясы 5,81 пайыз дауыс жинады…

Парламенттік сайлаудың толық қорытындысы мәлім болған күннің өзінде қазіргі ахуал көп өзгеріске ұшырай қоймайтынын ескерсек, аламанға ат қосқан байкелердің бес партиясы парламентте төмендегідей мандаттарға жайғасады:

1.БӘКИЕВтік “Атажұрт” партиясы – 29 мандат

2.А.АТАМБАЕВтың социал-демократиялық партиясы – 26 мандат

3. Ф.КУЛОВтың “Ар-Намыс” партиясы – 23 мандат

4. О.БАБАНОВтың “Республикасы” – 23 мандат

5. О.ТЕКЕБАЕВтың “Ата-мекен” партиясы – 19 мандат

Қырғызстанның қазіргі конституциясы бойынша егер партия 60 дауыс жинай алған жағдайда басқарушы коалиция құра алады. Сайлаудың алдын ала қорытындылары көрсетіп отырғандай, екі партия біріккеннің өзінде мандаты аздық ететіндіктен үш партия “бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып” билеуші коалицияға бірігуге мәжбүр. Мұндай кезде қай байкелердің басы тоқайласа қояды? Сарапшылар көшбасшылардың көзқарасы мен ұстанымдарына қарай “Атажұрт”, Феликс Куловтың “Ар-Намыс” партиясы және Өмірбек Бабановтың “Республика” партиясы өзара бірігіп, 75 дауыспен парламентте күш еселеуі мүмкіндігін жоққа шығармайды. Ал Атамбаев пен Текебаевтың партиялары бар-жоғы 45 дауыспен Жогорку Кенеште оппозициялық блок құрамақ. Сайлау барысында қалыптасқан конфигурациялар негізінде басым дауысқа ие “Атажұрт” партиясының жетекшілерінің премьерлік лауазымға қол жеткізсе, Феликс Кулов (“Ар-Намыс”) бірінші вице-премьер және Омурбек Бабанов (“Республика”) вице-премьерлік қызметтерге иек артатын болады.

Дегенмен сайлаудан кейінгі сценарий басқаша өрбуі мүмкін. Бесеудің соңындағы батысшыл “Ата-мекен” партиясы дүбара, ал мандаты көп “Атажұрт” партиясы бакиевтік кадрлардан құралғандықтан билеуші коалиция құра алмай қалуы кәдік. Ондай жағдайда жиынтығы 72 мандатпен “Ар-Намыс”, ҚСДП, “Республика” партияларына билеуші коалиция құруға мүмкіндік туады. Өйткені осы партия жетекшілері сайлау алдында Ресей басшыларымен кездесіп үлгерген болатын. Демек, мұндай коалиция құруға Мәскеудің ықпал етуі әбден мүмкін. Алайда саясаттанушы Марс САРИЕВ ондай сценарийлерді жоққа шығарады. Оның ойынша, бірінші коалицияға ҚСДП, “Ата-мекен” және “Республика” бірігеді, ал екінші коалиция астына “Атажұрт” пен “Ар-Намыс” тоқайласпақ. Мұндай конфигурация бойынша премьер Бабанов, ал спикер Атамбаев болуы ықтимал. Қалай дегенмен, қай коалиция да, проресейлік бағытта түзіліп, жаңа биліктің Манас транзиттік орталығына қатысты ұстанымы қатаң болатыны анық”. Автор: Құбаш САҒИДОЛЛАҰЛЫ.

ZAMANDAS.KZ. “Сарыбай сырқат емес”. “Қазақ саясатындағы қызу қайтты. Досқалиевтен басталған дау біраз адамның басына бұлт үйіргендей көрінген. Елі ішіндегі әңгіме Қайрат МӘМИді тұтқындап, Өмірзақ ШӨКЕЕВті үйқамаққа жатқызып, Сарыбай ҚАЛМЫРЗАЕВтың миына қан құйған. Қадау-қадау саясаткерлердің атына осындай сөздер айтылғанда, кәдімгідей қауіптенгеніміз рас. “Қандай қырсық шалды?” деген сұрақтың алдымыздан көлденең шыққаны да жасырын емес.

Бас прокуратураның ресми өкілі кеше Мәми мен Шөкеевке қатысты қауесетті жоққа шығарды. “Және сондай жалған ақпарат таратқан адамдарды тауып, жазаға тартамыз” деп доқ көрсетті. Ендігі әңгіме Қалмырзаев хақында.

Президенттің іс басқарушысы Алматыда журналистерді жинады. Сөйтіп өз атының айналасында өріп жүрген әңгімеге нүкте қойды. “Мен денсаулығымды тексертуге барып келдім. Және тез қайттым. Айналасы екі күннің ішінде Қазақстанға оралдым. Мен туралы елде не жазылып жатқанын білемін…”…

Қалмырзаевтың дені дін-аман екен. Ол өз денсаулығының жақсы екенін дәлелдеу үшін журналистерді футбол ойнауға шақырды…”. Авторы: Е.ҚЫДЫРБАЕВ.

MINBER.KZ. “ЕЛ БОЛУ ЕСIМIЗГЕ БАЙЛАНЫСТЫ (өзгеріссіз қалған өзекті тақырып – 13.10.2010)”. “Қазiр бiзде бiр мәртебелi қонақты қабылдағанда қазақша құлпырып киiнген қыз-келiншектер табақ толған таба нан мен бір уыс тұз тартып жатады. Мұны жасатқан жан да, дәм ұсынып тұрған кiсi де, дәм ауыз тиiп жатқан адам да кiмнiң жора-жосынын iстегенiне мән бере бермейдi. Әрине, нан мен тұз аса қадiрлi дәм. Бiрақ, қазақша қызғалдақтай киiнген бойжеткеннiң қадiрлi қонағына көрсетер ұлттық рәсiмi, дәстүр-салты осылай ма?

Ағалар төс қағыстырып амандасып, аналар шашуын шашып, бозбалалар есiк ашып, бойжеткендер iзет көрсететiн бiр мысал. Осыдан келiп қазiргi рухани байлығымыздың деңгейi қалай дегенге аз-кем тоқтауға тура келедi…

Нарық жолымен баюдың дәстүрлi негiзi қалыптаспаған халқымыз кедейдiң бiр тойғаны шала байығаны деп, шетел инвестициясына да иек артып, лезiмде iркiлдеудi көздер бұрын, жер мәселесiне келгенде iштарлық танытуымыз артық болмайды… Бес-он жылда бес-бес машине мiнiп, Шолпанға барып шомылып, Марсқа малдас мiнiп отырмайық қоқиып. Ел – жерiмiздiң иесi. Құм-шөлiмiздiң қожасы болу – ұлттық рухани байлығымыздың бай мұрасына сүйене отырып, ой-сананы ескi жөргегiнен жаңа бесiгiне бейiмдеп, жалпы отандық (кеңестiк) құрсаулы патриотизмнен жалғыз отандық (қазақстандық) еркiн ұлтжандылықты қалыптастыру.Ұлттық идеологияның мәйегi – ұлтжандылық. Ұлтжанды ұрпақ зейiндi зерделi, сауатты, саналы. Ол ел мен жерiнiң дербес иесi. Ел болу есiмiзге байланысты”. “Шалқар”, 04.08. 1995. N 29.

KAZ.GAZETA.KZ. Нан бағасының қымбаттағанына жергілікті әкімдер кінәлі. Олар тұрақтандыру қорынан астықты уақтылы сатып алмаған. Бүгін осындай мәлімдемені Ауыл шаруашылығы министрі жасады. Өзекті мәселені Үкімет алдында көтерген ол жергілікті билік өкілдерінің жұмысын сынға алды.

Соңғы бір айдың ішінде еліміздің бірқатар аймақтарында нан бағасының күрт шарықтағаны белгілі. Ең қажетті азықтардың бірі шамамен 5 теңгеге өскен. Нарықтағы өзгерістер кейбір әкімдердің немқұрайлығы салдарынан туындаған көрінеді. Қазан айында облыс басшылары елдің тұрақтандыру қорынан арзан бағамен 223 мың тонна бидай алу туралы келісім-шарт жасауы тиіс еді. Бірақ бұл жұмыс уақтылы әрі толыққанды жүргізілген жоқ. Небәрі 118 мың тоннаға шарт бекітілді. Ал іс жүзінде тек 45 мың тонна астық үшін ақша төленген, бұл барлық өнімнің 20 пайызын құрайды. Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай облыстары мен Астана қаласы тұрақтандыру қорынан астықты мүлдем алмапты. Қымбатшылық дәл осы аймақтарда байқалды.

Еліміздің бірқатар өңірлерінде жылдамдығы секундына 15-28 метрге дейін күшті жел соғады деп күтілуде.

Бұл ақпаратты ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі таратып отыр.

Ведомствоның хабарлауынша, Қазақстанның басым бөлігі күшті антициклонның, ал республиканың батысы мен оңтүстігі атмосфералық ағымдармен байланысты циклонның ықпалында болады.

Ал Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Атырау Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды, сондай-ақ таңертең және күндіз Қостанай, күндіз Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар облыстарында жылдамдығы секундына 15-22 метрге жететін күшті жел соғады деп күтілуде. Жел қуаты Жамбыл облысының кей жерлерінде секундына — 17-22, күндіз 28 метрге дейін жетпек.

Еліміздің оңтүстігінде, солтүстігі, шығысы, батысы және орталығының кей жерлерінде жоғары өрт қаупі сақталады.

Оңтүстік Қазақстан облысында бір отбасының істеген әрекеті елдің жағасын ұстатты. Сарыағаш ауданында тұратын бір отбасының мүшелері осыдан екі апта бұрын жоғалған 15 жастағы қыздарын өз бетімен іздемекші болған. Бұл жағдайға 19 жастағы бір бойжеткеннің қатысы бар дегенді естіп, оны ұрлап, үйінде қамап, азаптаған. Алайда өлім аузынан қалған қыз қаскөйлердің қолынан қашып шықты. Оқиға желісінің қалай өрбігенін Бекжігіт МӘУЛЕНОВ білмек болды….

Аталмыш оқиға бойынша 8 адам тергеуге алынды. Оның үшеуі қазір абақтыда. Арасында жоғалған 15 жастағы қыздың әкесі мен әпкесі бар де бар. Оларға адам ұрлаудан басқа да айыптар тағылуы мүмкін. Ал жоғалған жасөспірімнен әлі күнге дейін дерек жоқ.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ