«Ситибанк болжамы: «Теңге нығаяды».«Беймәлім қазақ миллиардері Грекиядан арал сатып алмақ болған». «Өз тіліміздегі өсімдік атауларын білеміз бе?». «Көш-керуен тоқтамасын десек»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 14 қазан 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Қырғызстандағы сайлау “дүниені таңырқатып”, көршілерін үркітіп тастады”. “Ал жеңіске жеткен бес партия коалиция құру үшін өзара бейресми келіссөздерді бастап кетті…. Жаңа билік жүйесі бойынша президент Роза ОТЫНБАЕВА қырғыз парламентіне елді басқару тізгінін біржола бермекші. Ол аз болса, сайлау қорытындысы бойынша дәл қазір уақытша үкіметті құрап отырған саяси күштер басым дауысқа ие бола алмады. Ал биліктен қуылған Бакиевке ниеттес, әсіре ұлтшыл ұрандарымен аты шыққан “Атажұрт” партиясы парламенттегі ең көп орынға ие болып шыға келді. Бірақ, болашақта коалициялық үкімет құрыла қалса, “Атажұртпен” құйрық тістесіп мәреге жеткен социал-демократтар мен “ар-намыстықтар” ұлтшылдардың мемлекет басқару ісінде сыңар езуленіп бұра тартуына жол бермейтіндей тетікке ие. “Дүниені таң қалдырып” отырған да осы жағдай”. Авторы: Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ.

Мұхтар Әуезовтің рухани мұрасы елу томдық жинақ боп шықты”. “…Жақын арада Алматыдағы “Жібек жолы” баспасынан Мұхтар ӘУЕЗОВтің елу томдығының 45-ші томы баспаға жіберілмекші. Жыл соңына дейін жинақтың тағы бір томы осы баспадан шығады. Ал әйгілі жазушының шығармашылық және ғылыми еңбектерінің елу томдық жинағы алдағы жылы толық дайын болады деп жоспарланып отыр…”. Авторы: Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ.

Беймәлім қазақ миллиардері Грекиядан арал сатып алмақ болған”. “Грекия үкіметі несиегерлер алдындағы өз қарызының ішінара өтемі ретінде оларға ел аумағындағы аралдарды иеленуді ұсынған. Блумберг агенттігі осы аралдардың бірін қазақстандық бір миллиардер сатып алмақ болғанын жазыпты...”. Авторы: Кенжалы ЕСБЕРГЕН.

AIKYN.KZ. “Ситибанк болжамы: “Теңге нығаяды”. “Америкалық Сити групп сарапшыларының айтуынша, 2011 жылы ұлттық валютаның америкалық долларға шаққандағы бағамы Ресейдегі ахуалға байланысты өзгерістерге ұшырауы мүмкін.

Елімізде жұмыс істеп жатқан Ситибанктің Америкадағы 100 жылдан аса тарихы бар Сити груптың еншілесі екенін қаржы саласынан хабары барлардың бәрі біледі…

2011 жылы теңге нығая түседі деп болжауға болады. Бірақ келер жылғы инфляция түрі басқаша болмақ. Себебі үш елдің Кедендік одақ құруы оның сипатын да өзгертуге ықпал жасайды. Яғни теңгенің нығаюы Ресейдегі ахуалдарға қарай өрбиді. Болжам бойынша, келер жылы бір доллар 142-143 теңге болады. Ситибанк болжамдарына қарағанда, 2011 жылы елімізде экономикалық даму көрсеткіші шамамен 5-6 пайызды құрайды. Бұл Қазақстан экономикасының қалпына келе бастағанын көрсетеді. Соның негізінде ІЖӨ 5 пайызға артады деген үміт бар. Ал мұнайдың әлемдік бағасы 90-95 долларға өсетін жағдайда, инфляция 9 пайызға барады..

Ситибанктің сарапшылары бұл бас ауыртып отырған мәселе жөнінде көңіл тынышталтатын жартымды ештеңе айта алмады. “Ситибанк Қазақстан” АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айгүл ЖАЙЛАУБЕКОВА әңгімені өзіміз біліп жүрген несие портфелдерінің проблемасынан бастады. Және “дағдарыстан енді шыға бастадық” деп есептейтін әлем банктері де осындай күйді бастан өткеріп отырған көрінеді. Дағдарыстың өзін бастаған осы қаржы институттары екенін ескерсек, оның нәтижесі әлі де талай жыл ордан шығара қоймайтынын сарапшылар ашық айтуда. Қашанда, екі дүние бір-біріне байланысты және тәуелді. Жайлаубекованың айтуынша, банктер несие беру процесін жандандыру үшін экономика дамуы тиіс. Сонда ғана несиені қайтару қабілеті жоғарылап, банктер қаржыландыруға қорықпай кірісетін болады. Ал екінші жағынан банктер несие бермесе, экономика қалай дамиды? Нағыз парадокс туындап тұрған сыңайлы. Әрине, мемелкеттің қазіргі жүзеге асырылып жатқан бағдарламалары тығырықтан шығарудың негізгі көзі болып тұрғанын жасыра алмаймыз. Банктер әзірше мемлекеттің артына тығылып, соның берген қаржысын несиеге беріп, нан тауып жеп отырған ортадағы делдалды көз алдымызға елестетеді. Айгүл Жайлаубекованың айтуынша, банктің экономиканың нақты секторын қаржыландыруы екі жылға дейін болмайтын мәселе, одан ары қарай оның аяқ алысын несие қоржынындағы проблемалы несиелердің оңды шешілу-шешілмеуі көрсетеді….”. Авторы: Алма МҰХАМЕДЖАНОВА.

Аңызға айналған арғымақтар”. “Басқа халықты қайдам, біздің қазақ жылқыдан жаралған” деп Асқар СҮЛЕЙМЕНОВ ағамыз айтқандай, дүниеде жылқы баласына қазақтай бауыр басқан халық кемде-кем шығар. Қазақты және арғы ата-бабаларымыздың тарихын бұл жануарсыз елестету мүмкін емес. Жылқы шын мәнінде, бізді олармен байланыстыратын бірден-бір дәнекер, тірі тарих. Ұлт рухын әлдилейтін сұлу жыр, сиқырлы саз, ұлтымыздың мақтанышы, көзайымы, әсемдік әлемі. Жылқы түлігінің қыр-сырын жан-жақты зерттеп жүрген ғалым Мырзабай ОМАРОВПЕН болған екеуара әңгімеміз осы аңызға айналған арғымақтар жөнінде өрбіді.

–Мырзеке, тұлпар тұқымының сақталуы жөнінде не дейсіз?

Халқымыз “айғырды неден шалсаң, атты сонан мінерсің” деп даналық ой қалдырған. Асыл текті тұлпар тұқымын сақтау, оны жетілдіруге аса зор мән берген. Текті айғыр өз үйірінің тазалығын сақтайды, қорғайды, өзінен тараған ұрпаққа шаппайды. Өз үйіріне буаз биені қабылдамайды, оны теуіп, шайнап қуады, терлетіп, мұздай суға зорлап кіргізеді. Оның құлынын тастатып, үйірге қабылдайды. Құнажындар айғырға тиісіп, ызасын келтіріп, мазасын алады. Сондықтан оларды үйірден қуып, уақытылы ажыратады. Бурада, қошқарда, бұқада мұндай қасиет жоқ. Текті жылқы да текті жігіт тәрізді…

Қазақ халқының ұғымында атты басқа, көзге сабағанды жақсылыққа жори бермейді. Қазақтың көптеген жыр-дастандарында батырлар өздерінің сүйікті атымен адамша сырласады, олардың ғашық жарлары батырдың мінген атын көргенде, оның өзін көргендей күй кешеді. Демек, жылқы адамдар арасындағы рухани дәнекер. Ең бастысы — достықтың, сенімнің, махаббаттың жаршысы. Ел мен жердің көркі”. Әңгімелескен Ақтан ҚОҢЫР.

ANATILI.KZ. “Арына бекем болған Аюбике”. “Аюбике – қазақ батырлар жырындағы айрықша есім. Ол – “Қобыланды”, “Қамбар” батырлармен салыстырып, Мұхтар ӘУЕЗОВ іні батыр атаған “Ер Сайынның” жары. “Ер Сайын” жыры ең алғаш Алашорда көсемі, ғалым Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫның жинақтауымен 1923 жылы Мәскеудегі “Күншығыс” баспасынан жарық көрді. Кітап Шоқанның досы, орыс ғалымы Григорий ПОТАНИНге тарту ретінде шығарылған. Бір қызығы, бұл кітап өткен ғасырдың бірінші ширегінде жарық көргеніне қарамастан, Аюбике есімі көп қазаққа бейтаныс. Біздің бүгінгі назарға алып отырғанымыз да – 2007 жылы “Жазушы” баспасынан жарық көрген “Ер Сайын” жырының Ахаң ұсынған нұсқасы…

Жыр Аюбикенің емінен жазылған Ер Сайынның да, Қобыландыға ерген екі ұлы Киікбай, Бөкенбай бастаған батырдың да қалмақты жеңуімен аяқталады. Түйгеніміз, жырдағы Аюбике адал жар, алтын құрсақ ана ғана емес, бүгінгі ұрпаққа үлгі боларлық дара тұлға болғандығы. Дұрысы, мына заманда қазақ аруына тән тектіліктен көз жазып қалған көріктілерімізге “Ер Сайын” жырын оқуға кеңес береміз”. Авторы: Біләл ҚУАНЫШ.

Өз тіліміздегі өсімдік атауларын білеміз бе?”. “Жақында “Арыс” баспасынан белгілі емші Сейітқамза ҚАЛИЕВтің қазақ емінің рецептері мен Тибет медицинасының негіздерін қамтыған “Емдік рецептер энциклопедиясы” жарық көрді. Кітапта қазақ тіліндегі алуан түрлі дәрілік шөптердің аты аталып, емдік қасиеті көрсетіледі. Сондықтан да бұл еңбек халық емшілігі үшін үлкен қазына ғана емес, қазақтың сөздік қорына көптеген құнды атауларды қосатын сөз қоржыны. Төменде аталмыш кітап авторының қазақ тіліндегі өсімдік атаулары туралы мақаласын назарларыңызға ұсынып отырмыз…

Ботаник ғалымдарымыздың есептеулері бойынша, республикамыздың аумағында алты мыңнан астам өсімдік түрі бар делінеді. Оның 760-ы басқа ешбір жерде өспейтіні де дәлелденген. Демек, қазақ жерінде өсетін барлық өсімдіктің қазақша атауы бар деген сөз… Он томдық “Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде” бар болғаны 768 ғана өсімдік атауы бар…

Біздіңше, елімізде дәрілік өсімдіктер саны мыңға жуықтайды. Оның белгілі бөлігінің атауы орысшадан тікелей аударылғандықтан, толық мағынасын бермейді. Сондықтан да оның түпкі мағынасын жете зерттеп білу, сұрыптап, ат-атауын нақтылап қағазға түсіру – бүгінгі ғылым алдында тұрған аса жауапты міндеттердің бірі. Сондықтан осы салада еңбек ететін әрбір қазақ өзі білетін өсімдіктер жайындағы мәліметті хал-қадерінше редакцияға жазып жіберсе, сөздік қорымызды көбейтуге қосқан үлесі болар еді”. Авторы: Сейітқамза ҚАЛИЕВ, халық емшісі.

ALASHAINASY.KZ. “Жұмысын алға бастырамын деген кез келген орган жергілікті әкімдіктермен байланысты нығайтуы керек”. “Серік НОКИН, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы:

… – Серік Кеңесұлы, сізді нақ қазір Қазақстанның қарапайым азаматы ретінде не толғандырады?

Екі проблемалық мәселені атап өтейін. Біріншісі – тұрғын үй проблемасы. Бұл – біздің елде аса күрделі мәселе. Тұрғын үй құрылысын дамыту мәселелері, өткен дағдарыстан алған сабақтар, атап айтқанда, үлестік құрылыстың алданған қатысушыларының проблемалары мемлекеттің тұрғын үй саясатын жетілдіруді талап етеді. Тұрғын үй құрылысын дамыту үшін тұрғын үй құрылысы жинақтары жүйесінің әлеуеті зор. Бұл туралы Елбасы да Қазақстан халқына арналған Жолдауында айтқан болатын…

– Екінші мәселе мені ғана емес, барлық қазақстандықтарды да толғандырады. Бұл – еліміздің коммуналдық секторының тозуы. Көп жылдардан бері коммуналдық сектор өзі жұмыс істеп келді, мұнда коммуналдық саланы реформалаудың нақты жүйесі болған жоқ. Мұндай аса күрделі проблемаларды шешу үшін агенттік Президент Жолдауында аталғандарға сәйкес Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртудың 2020 жылға дейінгі салалық бағдарламасын әзірледі…”. Сұхбаттасқан Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ.

ZHASALASH.KZ. “Жақсылық Досқалиевтiң бiлгенi көп болды ма?”. “Астананың Сарыарқа аудандық соты бұрынғы денсаулық сақтау министрi Жақсылық ДОСҚАЛИЕВтi қамауда ұстаудың мерзiмiн 2 айға дейiн ұзартты. Сейсенбi күнi кешқұрым Қаржы полициясының баспасөз қызметi осындай хабар таратты….

… Тiптi Досқалиевтiң денсаулығын анықтауға Ресейден дәрiгерлер келгенiн де жеткiздi. ..Мәселен, “қызмет бабын асыра пайдаланды, пара алды” деген айыппен екiнiң бiрi айыпталып жатыр. Бiрақ, солардың бiрде-бiрi Ж.Досқалиев секiлдi шудың астында қалған емес. Екiншiден, солардың бiрде-бiрi Ж.Досқалиев секiлдi жалғыз қалған емес дейдi. Олардың болжамына қарағанда, iс басталғанда араша түскен депутаттар қазiр бармақтарын тiстеп қалған көрiнедi. “Қызметiн асыра пайдаланды” деген айып бойынша, қаржы полициясы қамауында отырған Ж.Досқалиев шын мәнiнде билiкке жақын бiр топтың iшкi мақсатын бiлген секiлдi.Ендi “Гипократтың антына адалмын!” деп айтқандарына көнбей қойған бұрынғы министрдi әлде бiр топтар ес жиғызбастан төмпештеп жатқан жоқ па?”. Авторы: Жасұлан АҚКЕР.

ABAI.KZ. “Сенатор Иран Әміров: Жарты миллиард ұрламасаң отырғызбайды”. “Танымал “закон.кз” порталында экс-министр Жақсылық ДОСҚАЛИЕВтың айналасындағы жағдай туралы сенатор Иран ӘМІРОВпен сұхбат жарияланыпты. Сенатордың аузымен айтылған кейбір жайлар оқырмандарымыз үшін қызық болуы мүмкін деп шешкендіктен, сұхбатты ықшамдап аударып беруді жөн санадық.

— Иран Әмірұлы тәуелсіз медкомиссияның қорытындысына сенер болсақ, Досқалиевтың қазіргі жағдай осыған дейін қойылған диагнозға сай емес екен. Бұны қалай түсінуге болады? Кімге сенуге болады деп сұрап жатыр біздің сайттың тұтынушылары? Дәрігерлерге ме, Бас прокурорға ма, әлде Досқалиевқа ма?

— Тәуелсіз медкомиссияға сенген дұрыс болар. Кәсіби мамандар ғой, бірдеңені білетін болар. Бірақ мені басқа нәрсе алаңдатып отыр. Егер осыған дейін қойылған диагноз жалған болып шықса, неге Досқалиевты медициналық орталықта ұстап жатыр? Кешеге дейін неге ұстап келді? Яғни оның денсаулығын нашар деген сөз ғой бұл. Сондықтан, кімге сенуге болатынын білмеймін, медкомиссияға сенген дұрыс болар, қандай комиссия болса да”.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Жыл басынан бері 6 тонна есірткі тәркіленді”. “Кендір-2010” операциясы аясында Жамбыл облысының есірткімен күрес полицейлері бір тонна 115 келіден астам марихуана дайындаған кісіні ұстады….”. Авторы: Роза ҚАЛДЫБЕКОВА.

MINBER.KZ. “Көш-керуен тоқтамасын десек”. “Парламентте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі дайындаған “Халықтың көші-қоны туралы” заң жобасы қаралып жатыр. Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ 1-қыркүйекте Парламент палаталарының бірлескен отырысында, Парламенттің кезекті сессиясын ашып тұрып, көші-қон туралы заң жобасын тездетіп қабылдау қажеттігін ескерткен еді. Демек, аталған заң жобасының қабылдану уақыты таяу…

Оралман қандастарымыз елге оралған соң бірінші кезекте тұрақты тіркелетін мекен-жайдың жоқтығынан қатты зардап шегеді. Бұл бап олардың тұрақты тіркелуіне қолайлы мүмкіндіктер береді.

Қандастарымыз әлемнің 40-тан астам елінде қоныстанғандықтан олардың аты-жөндері өздері өмір сүрген елдің тіл-жазуына және аты-жөндеріне көбірек бейімделген. Сол себепті олар елімізге келген соң өз аттарын қазақша дұрыстап жазуда көптеген қиындақтарға душар болып отыр. Бұл бап олардың өз аттарын, әкесінің атын және тегін дұрыстап жазуға мүмкіндің береді”. Авторы: Жәди ШӘКЕНҰЛЫ.

KAZ.GAZETA.KZ. Сейсенбі күні Еуропалық Парламентте болған Арал теңізінің проблемасына арналған арнайы кеңес Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығының аясында өтті және

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ жария еткен үш негізгі мәселелер қоржынымен байланысты проблемаларды шешуге қолдау болды. Бұл туралы Аралды қорғау халықаралық қорының атқарушы комитетінің төрағасы Сағит Ибатуллин жоғарыдағы кеңестің қорытындысы бойынша мәлім етті…

Шетелдерден оралған қытайлықтардың Шыңжаң федерациясы жанындағы “Қытайға бауыр басқандар” ансамблі ертең, қазанның 15-інде Қазақстанға гастрольдік сапармен аттанады.

“Синьхуа” агенттігінің хабарлауынша, 9 күнге созылатын гастрольдік сапардың мақсаты — шетелдерде тұрып жатқан қытайлықтармен қарым-қатынас орнатуға жағдай жасау және федерацияның қытайлық эмигранттардың жергілікті бірлестіктерімен арадағы байланысын күшейту болып табылады.

Ансамбль әртістері қазақстандық көрермендерге үлкен көлемді бағдарлама дайындап отыр, оның ішінде “Ұйғырдың он екі мақамы” музыкалық-поэзиялық топтамасы, қазақтың халық әндері мен билері, цирк нөмірлері бар.

Гастрольдік сапарды ұйымдастырып отырған Шетелдерден оралған қытайлықтардың бүкілқытайлық федерациясы 2008 жылдан бері әлемнің 40 елінде осындай 200 шақты гастроль ұйымдастырған.

Қазақстанның басым бөлігінде күшті жел соғады деп күтілуде. Бұл ақпаратты еліміздің ТЖМ баспасөз қызметі таратып отыр. “Белсенді фронтальді аймақ және онымен байланысты суық ағындар іс жүзінде Қазақстанның барлық аумағына өз әсерін тигізеді”, делінген ведомствоның баспасөз хабарламасында.

Павлодар облысында қуаты секундына 17-22, кей жерлерде 27 метрге жететін қатты жел соғады деп күтілуде.

Ақмола, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, ал түнде Алматы облысында желдің жылдамдығы секундына 15-22 метрге жетеді.

Еліміздің оңтүстігінде, солтүстігі, шығысы, батысы және орталығының кей жерлерінде жоғары өрт қаупі сақталады.

Бүгін -Көздің көруінің дүниежүзілік күні. Бұл күн Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымының ұсынысы бойынша жыл сайын қазанның екінші бейсенбісінде атап өтіледі. Бұл атаулы күн қоғамның назарын зағиптар мәселесіне аударуды, көре алу қабілетінің құндылығы туралы ойлануға және мүмкіндігінше барлық мұқтаж адамдардың окулист-дәрігерлер қызметіне қолжетімділігін қамтамасыз етуді көздейді.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ