«Қазақ тілі туралы заңның 20 жылдығына арналған онлайн-конференцияға атсалысуға шақырамыз». «Жоғары оқу орындарының басшыларына қосымша 1,5 мың білім гранттарын табыс етті». «Қазақстанның бірқатар өңірлерінде қатқақ болып, бұршақ жауады»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 3 қыркүйек 2009 ж.

AZATTYQ.ORG. Мира МҮСІЛІМ “Оңтүстік ғалымдары шұбатты қазақтың бренді етудің жолында алғашқы қадам жасады” деген мақаласында шұбатты құрғақ күйінде сақтаудың жаңа әдістеріне назар аударады: “Шымкенттік ғалымдар қазақтың ұлттық тағамдарының бірі – шұбатты құрғақ күйінде сақтаудың жаңа әдістері бойынша инновациялық патентке ие болды. Табиғи шұбаттың таблеткалы және ұнтақ түрін жасау жолын тапқан мамандар, түйе сүтінен жасалған йогурт, балқаймақ және шалаптарды экспортқа шығаруды мақсат тұтуда. ..

Идея авторы ауыл шаруашылығы ғылымдарынының кандидаты Мұсатілла ТОХАНОВ сублимациялық процесс, яғни, өнімнің ылғалын сорып алу әдісі арқылы шұбат сусынын құрғақ түрінде ұзақ мерзімге сақтауға болатындығын айтады.

Процесс 6 сағатқа созылады. Түйе сүтін қатырып, вакууммен ауасын сорып әртүрлі өнім жасауға болады. Шымкенттегі Химфарм зауытынан келісім-шарт бойынша тәжірибелі түрде 6 литр түйе сүтінен таблеткалар жасап шығардық. Құрғақ түйе сүтін де алдық. Егер кәдуілгі шұбатты 1 аптадан артық сақтауға болмайтын болса, бұл өнімдерді жарты жылға дейін сақтауға болады. Ендігі мақсатымыз – шұбатты экспортқа шығарып, қазақтың брендіне айналдыру. Тек қаржыландыру жағы қолбайлау болып отыр, – дейді Оңтүстік Қазақстан мал шаруашылығы мен өсімдіктер ғылыми зерттеу институтының технология және мал шаруашылығы бөлімінің ғылыми қызметкері Мұсатілла Тоханов.

Мамандар тәжірибелік жұмыстардың нәтижесінде шұбаттың 1 литрінен 87 грамм құрғақ сүт алған екен. Ал 1 шай қасық құрғақ шұбаттан – 100 грамм сапалы, барлық емдік қасиеті сақталған шұбат шығады. Сондай-ақ, 1 литр түйе сүтінен 40 түйір таблетка алынады. Әр таблеткадан 100 грамм шұбат алуға және оны әлемнің кез-келген жеріне тасымалдауға болады дейді ғалымдар. Олар егер тәжірибе жүзеге асса, бұл өнімді ғарыш қызметкерлері үшін де дайындауға болатынын айтады…

Шұбат – қазақ халқының дәстүрлі сусындарының бірі. Шипалы ем, нәрлі сусын. Түйе сүтінің қоректік, емдік қасиеттері ежелден белгілі. Алуан түрлі ауруға ем ретінде де пайдаланылатын сусын адам ағзасында жеңіл қорытылады. Асқазан жолының бездерінен сөл шығаратын қасиеті бар. Қарын сөлінің қорытқыш қасиетін күшейтіп, ішектің қызметін жақсартатыны дәлелденген”.

Қазақ тілі туралы заңның 20 жылдығына арналған онлайн-конференцияға атсалысуға шақырамыз”. “Құрметті оқырмандар! 1989 жылдың 22 қыркүйегінде “Қазақ ССР-індегі тілдер туралы” заң қабылданған болатын. Бірақ қазақ тілі тіпті Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін де толыққанды мемлекеттік дәрежеге жеткен жоқ.

Қазақстан Үкіметі совет заманында-ақ қабылданған осы заңның көптеген ұстанымдарын жүзеге асыра алмады. Оған не себеп? Сіздерді қазақ тілінің тағдырына, Қазақстан үкіметінің тілдік саясатына қатысты сұрақтарыңызды осы саладағы беделді деген мемлекеттік менеджерлердің біріне қоюға шақырамыз. Азаттық радиосындағы Онлайн – конференцияның қонағы – мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі Президенттік қордың директоры — Берік ӘБДІҒАЛИЕВ.

Бұл қор 2008 жылдың қыркүйек айында құрылған. Осы ұйымның сайтында айтылғандай, Қор қазақ тілін дамытумен айналысатын мемлекеттік және қоғамдық институттардың жұмысын қайталамайды және олардың қызметін алмастыра алмайды. Қор қазақ тілін дамыту жобаларына грант бөледі және түрлі шаралар ұйымдастырады. …. Біздің онлайн-конференциямыз қыркүйектің 7-сі күні, дүйсенбіде, Астана уақыты бойынша сағат 14-тен 16-ға дейін өтеді. Берік Әбдіғалиевке арналған сұрақтарды осы хабарландырудың Форумына қазірден бастап жолдай берулеріңізге болады”.

Ақыл ҚОЖАҰЛЫ “Қостанайда жалақысы 15 мың теңгеден аспайтын ауыл дәрігерлері қат маманға айналды” деген мақаласынада өзекті әлеуметтік мәселе көтерді: “Қостанай облысына жарты мың дәрігер-маман жетіспейді. Ал еңбек етіп жатқан дәрігерлердің отыз пайызға жуығы зейнет жасындағы немесе зейнетке шығуға тақау қалған кісілер. ЖАС МАМАНДАР ТҰРАҚТАМАЙДЫ. Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Владимир СТЕЛЬМАХтың айтуына қарағанда, облыста екі мыңға жуық білікті дәрігер, 6390 орта дәрежелі медицина қызметкерлері бар. Алайда, он мың адамға шаққанда кадрлармен қамтамасыз ету 2005 жылмен салыстырғанда едәуір кеміп кеткен. Қазіргі уақытта облыс тұтастай алғанда 516 маман дәрігер, соның ішінде ауылдық мекендер 150 дәрігерге мұқтаж.Облыстық балалар ауруханасының өзінде 26 маман, облыстық перзентханада 36 маман жетіспейді. Оның үстіне облыста еңбек етіп жатқан дәрігерлердің отыз пайызға жуығы зейнет жасындағы немесе зейнет жасына тақау қалған кісілер. Дәрігерлердің біразы 1,5 тіпті 2,0 ставкамен жұмыс істеп жүр.Өткен жылдың өзінде ғана облыстан 40 маман-дәрігер, 66 орта дәрежелі медицина қызметкері көшіп кеткен….

БӨЛІНГЕН ҚАРЖЫ КӨП, БІРАҚ, НАҚТЫ НӘТИЖЕ ЖОҚ. 2009 жылға арналған денсаулық сақтау бағдарламасы бойынша бөлінген қаржы мөлшері 17,5 миллиард теңгені құраған. Мұның өзі 2006 жылмен салыстырғанда 81 пайыз артық.. Облыс әкімінің орынбасары Серік БЕКТҰРҒАНОВтың айтуынша, облыс аумағында сырқаттарды төсек-орынмен қамтамасыз ету көрсеткіші республикалық деңгейден жоғары.

Қазіргі кезде облыс әкімі, аудандар мен қалалар әкімдері және ірі кәсіпорындар басшылары берген гранттармен 70 студент медициналық оқу орындарында білім алып жатыр. Алайда, оқуын тәмамдап, диплом алғаннан кейін оларды туып-өскен облысына қайтып келуге ешкім де мәжбүрлей алмайды…

Облыс басшылары жас дәрігерлерді пәтермен қамтамасыз ету мәселесі кейінгі жылдары оңтайлы шешіліп жүргенін айтады. Дегенмен, денсаулық саласына, әсіресе ауылдық жерде жас кадрларды орнықтыру ісінде бұл мәселе шешуі факторлардың біріне жатады.

– Рас, облыста кейінгі жылдары жаңадан салынған немесе күрделі жөндеуден өткен ауруханалар мен емханалар, перзентханалар аз емес. Медицина ғимараттарын ағымдық жөндеуден өткізуге жыл сайын қомақты қаржы бөлінеді. Алайда, сырт көзге жалтырап тұрған ғимараттардың ішінде маман кадрлар болмаса, еңбектің еш болатыны анық. Қыруар қаржыға сатып алынған компьютерлік томограф пен диагностикалық жабдықтарда жұмыс жасайтын мамандар жоқтың қасы. Мәселенің екінші жағы тағы бар. Дәрігерлердің ауылда тұрақтануы үшін ең алдымен ауылдың әлеуметтік-мәдени жағдайы көңілден шығатындай болуы және дәрігерлер еңбегі лайықты бағалануы керек, – дейді тәжірибелі дәрігер-хирург Ысқақ ЕСІРКЕПОВ”.

ABAI.KZ. “Бізде жастар оппозициясы жоқ” — Нұрлан ӨТЕШОВПЕН сұхбаттасқан Өркен КЕНЖЕБЕКОВ.

Былайғы жұрт Сізді “Жас Отанның” жоғарғы сапынан көргенше, киноға түстіңіз. КВН-да ойнап, күлдірдіңіз. Қазір — Отан деп екіленген жастардың ортасында көшбасшысыз. Осы тұрғыдан алғанда карьералық баспалдақтармен қарғуды, атақ-лауазымды былай қойып, “Сіз кімсіз” деген сұраққа жауап бере аласыз ба?

— Біріншіден, мен — қазақпын. Бұл сөздің астарында қаншама мән-мағына жатқанын менен де артық білесіз. Елін, жерін сүйетін патриот та, әке-шешесін төбесіне көтеріп құрметтейтін бала да, осы ұғымға сыйып кетеді. Және де өзімді қазақстандықпын десем, артық айтқандық болмас. Ия, осылай дұрыс болатын шығар.

— Сонымен қазақсыз ба, әлде қазақстандықсыз ба? Қайсысын бірінші орынға қоясыз?

— Ммм… Әңгіме былай болып тұр ғой, осы кезге дейін өзімді қазақстандықпын деп санап жүрдім, солай деп ұғындым. Алайда, соңғы 3-4 жылдың ішінде қанымдағы қазақшылығым оянғандай болды. Бұған бірден-бір себеп, әрине — ұлды болуым еді. Балпанақтай балама қарап-ақ, салт-дәстүрлердің сырын, әдет-ғұрып, ырым-тиым дегендей, қазақы мәдениетті қазтабандап болсын түсінуге ықыласты болдым. Сонда да, мені қазақпен бірге қазақстандықпын деп атаған дұрыс, осылай дұрыс болады ғой, ия?

— Құдай-ау, сонымен бірінші кезекте қазақсыз ғой, ә?

— Білесіз бе, қазақ пен қазақстандық ұғымдарының арасында пәлендей айырма жоқ десем… Ол этносқа қарамайды. Мысалы, мынау Дима (қасында жүрген көмекшілерінің бірін нұсқап) — қазақ, қазақшаға ағып тұр. Ол орыс па, қазақ па енді? Түсініксіз. Мен де сондаймын. Орыспын ба, қазақпын ба? Мен қазақстандықпын….

— Қазіргі билікті қолдайтын жастар ретінде өздерін оппозициялық жастар құрылымдары ретінде көрсететін “Айбар”, “Қаһар”, Әлеуметтік қарсылықпен текетіресіп көріп пе едіңіздер? Жалпы, олармен байланыс орнатуға қадам жасадыңдар ма?

— Әрине, ашық қарсылыққа бармаймыз, бірақ олармен қарым-қатынас орнатуға талпынудан шаршаған емеспіз. Министрге хат жазған Жанбота да, басқалары да өзіміз сияқты қарапайым жігіттер. Қайбір жиындарға “Рух пен Тіл”, “Ар, Рух, Хақ” секілді қоғамдық ұйымдардың жетекшілерін де шақырып жүрміз. Жас кәсіпқойлар қоғамымен бірге кейбір заңнамалық актілерге өзгерту-түзетулер тұрғысында жұмыс жасап жатырмыз. Негізі айтарым, біз қандай болсын, ұйымға қарсы емеспіз, бірге жұмыс жасаймыз десе, қуана келісеміз, қолдаймыз. Өз басым жастар оппозициясы деген ұғымды жоқ деп санаймын.

— Жастар оппозициясын көзге ілмейсіз бе, әлде ұғымның өзін жоқ дейсіз бе?

— Дұрысы, ұғымды. Неге десеңіз, олар да елім-жерім деген патриоттар, демократиялық жаңаруды жақтайды. Мүмкін, “Нұр Отанға” сенбейтін шығар, мүмкін қайсыбір саяси мәселелерге көңілі қалған шығар, бірақ біз де, олар да Қазақстанның болашағы жайлы сәт сайын ойлайды.

— Билік қорғанбайды. Оппозициялық партиялар, “оғаш ойдағы” қозғалыстардың баспасөз бетінде жазбағаны қалмады, жаза да береді. Үндеу жазып, митинг өткізеді, ал ресми билік бұған іштен ренжімесе, таққан айып, жаққан күйе үшін аласұрмайды. Мысалы, “Жас Отан” — “Нұр Отанның” бел баласы деуге тұрарлық құрылымы. Партияға қарасты айтылған сындарға тойтарыс беруді өздеріңізге тиесілі деп санайсыздар ма?

— Әрине. “Қанға қан” дегендей, сынға сынмен шығуға болады. Ресейде тап қазір осы жағдай. “Молодая гвардия” билікке қарсы ұйым жетекшілерімен ашық пікірталасқа түсіп, алпауыт олигарх-байларды айыптап, алаңда пикет өткізеді. Бір-бірімен ырду-дырду. Құдайға шүкір, біз бұл деңгейден өттік. Сынды өркениетті түрде жеткізетін болса, ол міндетті түрде жоғарыдағылардың құлағына жетіп, жүзеге асады. “Ақ жол” партиясы 2002-2004 жылдары көтерген ұсыныстар қазір мемлекет тарапынан қолдау тауып жатыр емес пе? Бірсыпырасы жүзеге де асты….

— Енді-енді қазақша сөйлеуге төселіп келесіз. Өзіңіз құралпы жастар көшбасшыларының бойынан ұлттық рухтың ұшқынын көрмегенде, “әй, қойшы осыларды” деп қол сілтейсің. Қашан өзгересіздер?

— Қазір 30-35 жасты еңсеріп қалған аға буынның арасында бір-бірін “асфальт қазағы, ауыл қазағы” деп бөлу қатты байқалады. Біздің буын бұл жағынан біраз өзгерді. Менің ізбасарларымның қай-қайсысын ал, қос тілде еркін сөйлейді, ауылдың да, қала жағдайын да жақсы біледі, шетел көрді…”. (Мақала “Дала мен Қала” газетінде, №34, 31.08.2009. жарық көрді).

Катордағы” бейбітшіл ел бұрқанған шақ”. “Дәл осы шақтан 60 жыл бұрын, 1949 жылдың 29 тамызында, Семей ядролық сынақ полигонында Кеңес Одағының алғашқы атом бомбасын жер үстінде жару арқылы ядролық қаруларды сынау басталды; бұдан 20 жыл бұрын аса көрнекті ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас СҮЛЕЙМЕНОВтың жетекшілігімен “Невада-Семей” антиядролық қозғалысы құрылды, ал 18 жыл бұрын, 1991 жылдың 29 тамызында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ “Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы” №409 Жарлыққа қол қойды.

Семей ядролық сынақ полигонының саяси, әскери мәнін және полигондағы жарылыстардың зардабын экономика, экология, медицина, психология, мораль тұрғысынан зерделеген зерттеушілердің еңбектері аз емес, бұл тақырып әлі де жазыла береді. “Невада-Семей” антиядролық қозғалысының тарихи рөлі жөнінде де азды-көпті жарияланымдар бар. Мен бейбітшіл қозғалыстың полигонмен іргелес орналасқан Павлодар облысындағы белсенді өкілі ретінде өзім жақсы білетін біршама жайттардың кейбірін ғана жазуды ұйғардым.

… Бәрі де әлемдік деңгейдегі аса көрнекті ақын әрі қоғам қайраткері, КСРО Жоғары Кеңесінің депутаттығына кандидат Олжас Сүлейменовтың 1989 жылдың 25 ақпанында, сағат 17-ден 45 минут өткенде Қазақстан орталық телевизиясы арқылы Семей ядролық сынақ полигонында ядролық қаруларды сынауды дереу тоқтатуды талап еткен және жұртшылықты “Невада” антиядролық қозғалысын құруға шақырған ашық мәлімдемесінен басталды. (Ескерту: Олжас ақын ол кезде депутаттыққа кандидат болатын және қозғалыс алғашқыда “Невада” деген бір-ақ сөзбен аталған еді).

Сірә, 1961 жылы, 12 сәуір күні, қазақ жері: Байқоңырдан алғашқы кеңестік ғарышкер Юрий ГАГАРИН “Восток” ғарыш кемесімен ғаламшардың тартылыс күшін кейін серпіп жұлдызды аспанға самғаған шақта қолма-қол жазылған “Адамға табын, Жер, енді!” поэмасы да қоғамдық сананы дәл солай дүр сілкіндірген шығар. Қазақстанның сол кездегі астанасы Алматының тұрғындары жалпы Кеңес әдебиеті тарихында бұрын мүлде ұшыраспаған тосын жайт: поэма басылған парақшалар ұшақтан қала үстіне тасталғанда, аспаннан өлең жауғандай асқан таңырқаулы әсерге бөленген болар.

Одан соң Ұлы Даланың жұртынан орыстілді қазақ ақыны “Арғымағымен” Ресей қалаларының қақпасынан: “Уа, аруақ!” — деп, ұрандата шауып кірген шағында орыс зиялылары байырғы жаугершілік заманындағы жыраулар мен Махамбеттің айбынды рухы атойлап тұрған өлеңдерді таң-тамаша сезіммен тыңдаса керек. Сосын, француз ақындары, содан кейін әлемнің шығармашыл зиялылары Олжастың Дала поэзиясынан тамыр тартқан өлеңдерін өз тілдерінде оқығанда бұрқыраған жусан исін жұтынып, ол иістің Шығыс шайырлары жырлаған ирани бақтардағы раушан гүлдердің жұпар исінен мүлде бөлек екенін сезінуі мүмкін-ау…

Ал Семей облысындағы жағдай демократия талаптарына сәйкес, мейлінше өркениетті үрдіспен өріс алды деген ойдамын. Өйткені, Қазақстан компартиясы Семей облыстық комитетінің І хатшысы Кеңшілік БОЗТАЕВ және Абай аудандық партия комитетінің І хатшысы Хафиз МАТАЕВ “Невада-Семей” қозғалысы құрылысымен-ақ, өз құзіреті шеңберінде, мүмкіндігінше қолдау көрсетті. Тек, қазақтың осы екі асыл азаматының Семей полигонында соңғы екі ядролық қаруды сынау жөніндегі әскерилердің өтінішіне келісім бергені жұртшылықтың наразылығын туғызған өте өкінішті жағдай болды! Міне, содан бастап қозғалыс жетекшілері мен облыс басшылығының жолы екі айрылды! Естуімше, Олжас Сүлейменов пен Кеңшілік Бозтаевтың сол кездегі қарым-қатынасын қазіргі кезде баспасөз бетінде барынша күрделендіріп сипаттау орын ала бастаған сияқты. Бұл мәселенің шешімін маған салса, “Тауларды аласартпай, даланы асқақтатайық” деген Олжастың қанатты сөзіне сүйенген дұрыс дер едім… Әйтседе, “Невада-Семей” антиядролық қозғалысын “Олжас емес, өзге біреу ұйымдастырыпты-мыс” — деген қаңқу сөзді ойдан шығару не үшін қажет болғаны және кім үшін пайдалы екені маған да, қозғалыстың Керекудегі өзге белсенділеріне де құпия сыр болып қалуда.

Тіпті, Олжас Сүлейменовтың өзі аса құрметтеген Дінмұхаммед ҚОНАЕВ немесе одан кейін Қазақстан КП ОК І хатшысы болып істеген Геннадий КОЛБИН Семей полигонының зардаптары жөнінде жұрттан бұрын мәселе көтеріп, “Невада-Семей” қозғалысын құрған көрінеді — деген болжам жасасақ та, қисынын келтіре алмаймыз ғой. Өйткені, бұлар Қазақстан билігінің ең жоғары сатысында тұрғанымен, Кремльде отырған компартия алпауыттарына Кеңес Одағының ядролық қуатын сынап, жетілдіретін полигонды жабу жөнінде үзілді-кесілді талап қою түгіл, еміреуін білдіруге де батылы бара ма және әлеуметтік тегі, саяси ұстанымы, діни сенімі, ұлты әркелкі жүз мыңдаған адамды соңынан ертуге беделі жете ме?..”.

Сөз соңында айтарымыз: дүниежүзінде ядролық қарусыз әлемге бірінші болып қадам басқан бейбітсүйгіш елдің бейбіт өмірі баянды болсын! Пікір саналуандығы танылатын демократиялық қоғамда Тәуелсіз, Бейбітшіл Қазақстан жөніндегі бірегей қоғамдық ой екіге жарылмауға тиіс…”, — деп тұжырымдайды Арман ҚАНИ.

EGEMEN.KZ. “Қошқар ата улы көлі залалсыздандырылды”. “Әсем Ақтаудың солтүстік шығысындағы Қошқар ата улы көлінің төңірегіндегі әңгіме 90-жылдардан бері айтылып келген-ді. Ол аты көл болғанмен улы еді. Өйткені, мұнда ұзақ жылдар бойы КСРО Орта мәшине жасау министрлігіне қарасты әскери-өнеркәсіптік кешенінің кәсіпорындары бірнеше ашық карьерден уран өндірген болатын. Яғни, химия, металлургия, күкірт қышқылы зауыттары уранды топырақтарды сумен шайып, сол шайынды сулар негізінде Қошқар ата улы көлге айналып, оның аумағы 77 шаршы шақырымға жеткен. Оның үстіне 90-жылдары зауыттар тоқтады. Сайға су келмей қалды. Иесіз қалған зауыттардың қажетсіз құрал-жабдықтары, түрлі темір бұйымдары, яғни, радиоактивті металдар осы көл жағасына жинақталды. Сөйтіп, бұл жер адамға да, өсімдіктерге де аса қауіпті радиациялық аймақ ретінде елді алаңдата бастады.

Өткен аптада жұртшылық, қоғамдық ұйымдар, депутаттар мен баспасөз өкілдері жиналып Қошқар ата қалдықтар қоймасын залалсызданыру жұмыстарының аяқталуына орай радиациялық делінген аймақты аралап көрді. Жиналғандар алдында облыс әкімі Қырымбек КӨШЕРБАЕВ бұл игі іс Елбасы 2007 жылы облысқа келгенде сол кісінің тапсырмасымен қолға алынды. Міне, бүгін улы көл залалсыздандырылды. Бұл жағымды жаңалық. Енді радиациялық қауіп жоқ. “Ақтау-Сити”, “Каспий, энергетикалық хабы” жобаларын жүзеге асыруға орай жасалған шарттарда осы радиациялық ошақтар туралы да әңгіме болған. Ал біздер бұл проблема оң шешіледі дегенбіз. Сондықтан да бүгін Елбасы тапсырмасы да, инвесторлар талабы да орындалды деп сенімді түрде айта аламыз, деді. Одан әрі Энергетика және минералдық ресурстар министрлігіне қарасты “Уранликвидрудник” РМК директоры М.КАФТАРАНОВ, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастығы М.ЖҮНБАСОВтың хабарламаларында айтылғандай, 1,5 жыл уақытта қыруар іс тындырылған. Мысалы, 25 гектар жерді алып жатқан №1 алаң кезінде ең қауіпті болыпты. …Мамандардың айтуынша, радиациялардың таралмауы үшін 1,5 метрлік құммен жабуға да болады, дегенмен металл сынықтарына қызығушылар көп болуына орай олай істелмепті. Топырақ үсті бетонмен жабылып, ол жауынға төзімді болуы үшін гидроизоляция жасалыпты. Тіпті, өз жұмыстарының нақты нәтижелерін көруді ойлаған мамандар алаң үстіне шөп тұқымдарын да сеуіпті. Аумағы 40,3 гектарлық екінші алаң да құммен жабылған. Оның да радиациялық фоны қалыпты мөлшерде. Осы сала мамандарының пікірінше, аталмыш улы көлдің жағалауындағы 2700 гектар аумақтан ұшатын шаң-топырақты тоқтату да күн тәртібінде көрінеді. Ол үшін жағалауды рекультивация жасау жоспарлануда”. Авторы: Жоламан БОШАЛАҚ.

ALASHAINASY.KZ. “Төртінші шақырылымдағы Парламенттің үшінші сессиясында қай бағытқа басымдық беріледі деп ойлайсыз?”. Сауалнаманы дайындаған Сәкен КӨКЕНОВ.

Қабиболла ЖАҚЫПОВ, Мәжіліс депутаты:

“ – Өткен сессияда аяқталмай қалған қалдық мәселелер жоқ. Меніңше, барлығы баз-баяғыдай ел тұрғындарының әлеуетін көтере түсу бағытында өрбиді. Алдағы сессия барысында міндетті түрде дағдарыстан шығу мәселесіне көп көңіл бөлінеді. Себебі экономикадағы бұл қатерлі құбылыс әлемдегі барша мемлекеттердің күн тәртібінде алғашқы мәселе болып тұр. Сондай-ақ біз алдағы жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етеміз. Ал оның құрамында түрлі бағытта жұмыс жасайтын бөлімдер бар екендігі белгілі. Әрине, сол салалардың басы-қасында жүріп жетекшілік ететін қазақстандық кадрлар мәселесіне кеңінен сұраныс туады. Қысқасы, ІV сайланымындағы Парламент депуттары үшін бұл сессияның жұмысы жеңіл болмайды”.

Оразалы СӘБДЕН, Ғалымдар одағының төрағасы:

“ – Әрине, ең алдымен, дағдарыс мәселесіне, яғни постдағдарыс жағдайында ел тағдыры қалай болады дегендей мәселеге тоқталады. Дағдарыстың пайда болуы – әлемдік экономиканың жаңа технологиялық укладқа ауысатын кезеңнің жеткендігіне байланысты болып отыр. Алдымызда алтыншы технологиялық өткел тұр. Міне, Парламенттің алдағы жоспары да осы жаңа экономикаға бейімделу мәселесі болады. Біз мұнай мен газ секілді қазба байлықтарды шикізат күйінде сыртқа тасымалдап қана күн көре бермейміз ғой. Сондықтан технологияның дамуына кеңірек жол ашуды, соған жағдай жасауды уақыттың өзі мәжбүрлеп тұр. Бұдан бөлек, алдағы уақытта ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткелі отырмыз. Бұл да біздің Парламенттің басты бағыты болмақ. Еуропалық ұйым демекші, біздің қазіргі бірпартиялы күйіміз ЕҚЫҰ-ның стандартына сай келмейді. Сондықтан Парламенттің ІV сайланымындағы депутаттары қайтадан сайлау ұйымдастыру қажет екендігін ешкім айтып жатпай-ақ өздері түсінуі керек. Біз қалайда алдағы жаңа жылға дейін Парламент сайлауын ұйымдастыруымыз керек”.

Сайполла САПАНОВ, саясаттанушы:

“– Парламент жұмысының негізгі бағыты дағдарыстан шығу мәселесі болатыны анық. Президенттің соңғы қабылдауларына назар аударатын болсақ, Елбасы Үкіметтің жұмысына, жалпы әкімшілік орындарының жұмысына қанағаттанушылық білдірді. Демек, енді биліктегі тұлғаларды ауыстыру мәселесі ысырылып, дағдарыстың келесі толқынына төтеп беру жолдары негізге алынады. Әрине, дағдарысқа төтеп берудің бірден-бір жолы ретінде нарықты тек шикізатты экспорттауға тәуелді болудан құтқару қажет. Сондай-ақ стратегиялық даму жоспарларымыз қайта қаралуы мүмкін. Қазір еліміздің заңнамасы біршама ретке келтіріліп қалды, енді сол заңдардың орындалуын қадағалау жұмыстары алдыңғы шепке шығады. Парламенттің алдағы сессия барысында қарастыратын келесі бір келелі мәселе – Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-на, 2011 жылы Ислам конференциясына төрағалық етуі. Біздің Парламент ЕҚЫҰ жанындағы парламенттік Ассамблеямен қарым-қатынасқа түсу барысындағы жоспарларын жасайды”.

Намыстың отын оятқан”. “Ата Заңды ардақтау – Алаш баласының адалдығының айнасы десек артық емес. Өйткені жөнге, жүйеге жығылған халық, заңнан аттауды ардан аттау деп қарауы тиіс. Сондықтан да Конституция қабылданған күн – үлкен мереке, ұлы дүбірлі той. Себебі онда елдік пен мемлекеттіліктің бүкіл негізі жатыр. Биылғы Конституция күнін өзгеше тойлауда да өзіндік мән жатыр. Әскер – қауіпсіздік пен қорғаныстың кепілі. Ата Заң – Тәуелсіз мемлекеттің нышаны. Ендеше, екеуі бірігіп, ұлттың тұтастығы мен биік тұлғасын сомдап тұр деген сөз. Биылғы Конституция күні мерекесі көптің көңіліне үлкен бір күш-қуат, сенім мен мақтаныш ұялатқаны сөзсіз.

Шашақты найза қолға алып, сақырлаған сауыт киген батырларымыз қол бастап, жорыққа аттанғаны тарихтан белгілі. Солар жүрген сара жол, міне, бүгін Сарыарқа төсінде жалғасын тапқандай. Бодандықтың байлауында болып, жат ниеттілердің табанында тапталған ел мен жер енді жетімсіремейді. Өйткені оны қанын төгіп, жанын салып қорғайтын қуатты әскері бар. Мақтанып айтсақ, қаруын қайратына жаныған, найзасын намысына суарған ер оғландары бар. Оған дәлел – Ата Заң күні өткен әскери шеру. 30 тамыз күні “Қазақ елі” монументі орналасқан алаң айбынды көрініске куә болып, асқақ ұрандармен тербелді. Қаруларын серт ұстап, салтанатты да аршынды қадаммен лек-легімен өтіп жатқан сарбаздар кім-кімнің де жүрегін жұлқып өтпей қойған жоқ. Ал оның артын осы заманғы соғыс түріне әбден лайық, озық әскери техника легі жалғады. Жай ғана техника деген аздық етер, қара жерді қақ айырардай солқылдатып, ұзын-ұзын ұңғылары үңірейген жойқын жойғыш құралдар алдынан шыққан әзірейілді де бездіріп жіберердей сұсты да айбарлы. Атқан оғы алысты да, жақынды да жапырып, апай-топайын шығаратын техникалардың тілін тауып, құлағында ойнап отырғандар да – өзіміздің қара көз қырандарымыз. Ал Астананың аспанында сұңқардай самғаған әскери атқыш ұшақтар әскери шерудің айбынын тіпті де арттырып жіберді. Әуені алмас қылыштай тілгілеген “қырандар” мемлекеттің қуатты қару-жарақ базасының мығым екенін паш етіп тұрды”. “Шеруге 2000-нан астам сарбаз бен 120-дан астам техника қатысты. Әрине, салтанатты шара бір сағатқа да созылған жоқ. Бірақ ол тарих еншісінде мәңгілік қалып қойды. Ол, ең бастысы, Отанын мақтаныш тұтатын азаматтар мен жас ұрпақтың рухын оятып өтті. Үлкен ерлікке, батырлыққа баулитын сара жолға із қалдырып кетті”,- деп қорытты Мұрат АЛМАСБЕКҰЛЫ.

Бесбоғда АЛТАЙ “Тәп-тәуір бағаны еселенген үстеме бүлдіріп отыр” атты мақаласында азық-түлік тауарларының бағасына назар аударады: “Азық-түлік тауарларының бағасының аз да болса арзандағанына куә болып отырмыз. Статистика агенттігінің таратқан ақпаратына жүгінсек, өткен айда азық-түлік бағасы 0,5 пайызға арзандапты. Мұндайды естімегелі біраз уақыт болған. Десе де, тауардың осы түрінің құны былтырғы тамыздағыдан әлі де 4,7 пайызға жоғары қалпын сақтап тұр.

Ал Қаржы министрлігінің Кеден комитеті таратқан ақпарат тіпті қызық. Шеттен келген құны оп-оңтайлы, кәдімгідей қолжетімді тауар саудаға бірнеше еселенген бағасымен түседі екен. Мәселен, шекарадан келісі 30 теңгемен өткен картоп тұрғындарға 2,6 еселеніп, 76 теңгемен сатылады. Ал сәбіздің құны импорттық бағасынан 3,2 есеге артық. Әр келісі 22 теңгеден келеді, 72 теңгеден сатылады. Азық-түлік емес тауарларда да дәл осындай жағдай. Мәселен, күнделікті тұтынатын тіс пастасын саудагер әкелінген бағасынан 3,3 есеге қымбаттатып сатады. Ал ерлердің костюмі негізінен 5027 теңгемен әкелінсе, оған саудагер өз үстемесін қосады. Нәтижесінде оның бағасы 3,7 есеге қымбаттап, 18 636 теңгеге шарықтап шыға келеді (бұл туралы ұсынылып отырған кестеден толығырақ мәлімет ала аласыз). Осылайша, алыпсатарлар тәп-тәуір бағаны өздерінің есе-есе үстемелерімен бүлдіріп отырған көрінеді. Турасын айтқанда, саудагерге әй дейтін ажа, қой дейтін қожа болмай тұр.

Азық-түлік арзандағанымен, азық-түлік емес тауарлар 0,8 пайызға, ақылы қызмет көрсетулер 0,6 пайызға көтеріліп, қымбаттауын жалғастыруда. Қымбаттауда алдына қара салмай тұрған әдеттегідей – бензин. Өткен айда бензин бағасы 5,8 пайызға қымбаттаған. Одан кейінгі орында 4,4 пайызға қымбаттаған кеңсе тауарлары тұр. Газеттер мен кітаптар бағасының өзі 1,2 пайызға көтеріліпті. Айдың басында дүрліктірген доңыз тұмауының ықпалы да болған болуы керек, дәрі-дәрмектер 0,9 пайызға өскен.

Азық-түлік тауарлары рыногында арзандаудан бірінші орынды 7,7 пайызға өскен картоп иеленіп тұр. Ал жаңа жиналған көкөністер – 5,9 пайызға, жемістер – 2,8 пайызға, шикі сүт – 1,2 пайызға, жұмыртқа – 0,8 пайызға, нан, жарма өнімдері және қант – 0,2 пайызға, ұн 0,1 пайызға төмендеген. Статистика агенттігінің дерегінше, жалпы, тамыз айындағы инфляция 0,2 пайызды құрады”.

KAZ.GAZETA.KZ. Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Білім және ғылым министрі Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВты қабылдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министр президентті Қазақстан білімі мен ғылымын дамытудың перспективалық бағыттары мен ағымдағы жұмысы туралы хабардар етті.

Әңгімелесу барысында мемлекет басшысы білім сапасын арттыру қажеттігіне назар аударды. Осыған байланысты тұрақты түрде оқытушылар аттестациядан өткізілетін болады. Біздің жастарымыздың сапалы білім алуы оқытушылардың біліктілігіне тікелей байланысты\», — деді Жансейіт Түймебаев.

Биылғы жылғы 1 қыркүйекке \»100 мектеп\» бағдарламасы бойынша 25 мектеп пайдалануға берілді. Тағы 19 мектеп жылдың соңына дейін берілетін болады. Ағымдағы жылы орта оқу орындарын жөндеуден өткізуге 27 миллиард теңге бөлінді. 2 мыңға жуық мектепке жөндеу жұмыстары жүргізілді, тағы 5 мың мектеп ағымдағы жөндеуден өтті. 58 жаңа балабақша пайдалануға берілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің интеллектуалық мектептері Көкшетау мен Семей қалаларында ашылды. Жылдың соңына дейін тағы біреуі Астанада ашылады.

ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ жоғары оқу орындарының басшыларына қосымша 1,5 мың білім гранттарын табыс етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Тамыз айында өткен конкурстық комиссияның екінші отырысының нәтижесі бойынша еліміздегі 65 жоғары оқу орнының 1 мың 523 студентіне қосымша білім гранттарын тағайындалды.

Биылғы жылдың басында әлемдік қаржы дағдарысында ақылы бөлімде оқитын студенттерді қолдау мақсатында мемлекет тарапынан қосымша білім беру гранттары тағайындалған болатын. Аталған гранттардың иегері атанудың басты талабы — одан үміткер студенттің бағалары жоғары болуы.

Министрдің сөзіне қарағанда, республикалық конкурстық комиссияның наурыз айындағы бірінші отырысында ақылы бөлімде оқитын 9 975 озат студент қосымша гранттарға ие болды.

Республикалық комиссия жазғы сессияның қорытындысы бойынша тамыз айының соңында екінші отырысты өткізіп тағы да ақылы бөлімде озат оқитын 1 мың 523 студентке гранттар тағайындады. Біріншіден, бұл студенттер оқуы үшін ақша төлемейді. Екіншіден, бұл студенттердің барлығы 11 мың теңге көлемінде ай сайын шәкіртақы алатын болады\»,- деді министр.

Жалпы алғанда 2009 жылы қосымша білім беру гранттары 11 мың 498 студентке тағайындалды. Ж. Түймебаевтың айтуынша, грант иегері атанған осы студенттерге жылына екі рет қоғамдық көлікте жүрулері үшін 4 АЕК көлемінде (5092 теңге) қосымша қаржы төленеді.

Қазақстанның бірқатар өңірлерінде қатқақ болып, бұршақ жауады, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

\»Қазгидромет\» болжамына сәйкес, республиканың шығыс бөлігіндегі күн райына атмосфералық фронт ықпалын тигізеді, ол жаңбыр мен желдің күшеюіне әсер етеді. Қазақстанның батысында күн райына антициклон әсер етеді.

Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында кей жерлерде желдің жылдамдығы секундына 15-22 метрге дейін күшейеді деп күтілуде. Алматы облысында кей жерлерде бұршақ жауады, жылдамдығы секундына 17 — 22 метр жел соғады, кейде оның екпіні 25 метрге дейін жетеді. Шығыс Қазақстан облысында кей жерлерде бұршақ жауады, желдің жылдамдығы секундына 18-23 метрге дейін күшейеді деп күтілуде, кейде 26 метрге дейін екпіндейді, түнде кей жерлерде минус 3 градусқа дейін суытады. Түнде Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарында кей жерлерде тұман түседі.

2 — 3 қыркүйекте түнде Шығыс Қазақстан, 3 қыркүйекте түнде Қарағанды облыстарында кей жерлерде 0 — 2 градусқа дейін күн суытады\», — деп хабарлайды \»Қазгидромет\». Сондай-ақ, болжамға сәйкес, алдағы тәуліктерде республиканың шығысындағы тау өзендерінде тасқын жүреді, оңтүстіктегі және оңтүстік-шығыстағы тау өзендерінде су деңгейі ауытқиды

Ұлттық мемлекеттік саясат мектебінің директоры болып Нұрбек САЯСАТ тағайындалды, деп хабарлайды Kazakhstan TodayKazakhstan Today ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының сыртқы байланыс қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасының бұйрығымен Нұрбек Саясат Ұлттық мемлекеттік саясат мектебінің директоры болып тағайындалды\»,- делінген хабарламада.

Нұрбек Саясат Маршаллтаун (АҚШ) колледжін \»Саясаттану\» мамандығы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін \»Халықаралық құқық\» мамандығы бойынша бітірген және \»Ла Сапиенца\» (Рим) университетінің магистратурасын аяқтаған соң геосаясат және халықаралық қауіпсіздік магистрі дәрежесі берілген.

2000 — 2001 жылдар аралығында АҚШ конгрессмені Марк Смиттің, АҚШ президенттігінен үміткер Альберт Гордың сайлау алды науқанында көмекші, Айова штаты (АҚШ) үкіметінің Ақпараттық-есептеу департаментінің инновациялық технологиялар бөлімінде консультант болып жұмыс істеген.

2006 — 2008 жылдары \»Қазына\» Тұрақты даму қоры\» АҚ Инвестициялар департаментінің менеджері, Халықаралық ынтымақтастық департаментінің бас менеджері, басқарма төрағасының кеңесшісі болып істеген.

2008 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Кадр саясаты бөлімінің кадр жұмысы секторының меңгерушісі болды.

2008 жылдың қазан айында ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректорының бұйрығымен Нұрбек Саясат халықаралық ынтымақтастық жөніндегі вице-ректор болып тағайындалды. 2009 жылдың тамыз айына дейін \»Самұрық — Қазына\» Ұлттық әл-ауқат қоры\» АҚ маман саясаты және қызметкерлерді басқару жөніндегі атқарушы директоры болған.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.