«20 мыңнан астам адам Қазақстан азаматтығын алады». «Журналистер «ғасыр жобасымен» танысты». «Астана ну орманды алқапқа оранады»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 23 маусым 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Қырғыздардың үлкен қалаларға қоныстануы сондағы өзбектермен арада бәсекелестікті өршітті”. “…Қырғыздар үлкен қалаларға қоныстана бастасымен, дағдарыс кезінде сол жердегі өзбектермен арада бәсекелестік шиеленісіп кетті…

Тағы бірі – Ферғана жазығындағы ұжымдық фермалар негізіндегі ауылшаруашылық жүйесі құлаған соң, өмір сүру деңгей бірден төмендеп, тіршілік ету жолындағы бәсекелестіктер қалыптасты….”. Авторы: Чарльз РЕКНАГЕЛЬ.

Ақтау түрмесінен қашқан 21 адамның 8-і ұсталып, кемінде алтауы атып өлтірілді”. “Әділет министрлігі Ақтаудағы қатаң тәртіптегі түрмеден қашқан 21 адамның 8-і ұсталды деп хабарлады. Ішкі істер министрлігі кемінде алты қашқынның атып өлтірілгенін айтып отыр. Әзірге бостандықта жүрген қалғандарына іздеу жарияланды.

Маусымның 22-і күні таңертең Маңғыстау облысы Ақтау қаласындағы ГМ 172/1 қатаң режимдегі қамау мекемесінен қашқан 21 адамның 8-і ұсталды, олардың қашуына түрме маңына екі көлікке мініп келген қарулы белгісіз адамдар болысқан деп хабарлады Әділет министрлігінің өкілі Ерболат ЕРІМБЕТ сейсенбі күні Астанада өткен брифингте. “Қаза болғандар мен жараланғандар да бар. Қашқындарды байқап қалған №6656 әскери бөлімнің сарбазы қарудан оқ атқан. Оған жауап ретінде түрме маңына келген белгісіз адамдар оқ атып, сарбаз жараланды”, — деді Ерболат Ерімбет. Алайда министрлік өкілі нақты қанша адам қаза тауып, қанша адамның жаралы болғандығы туралы ақпарат бере алмайтынын айтты.

“Қазіргі уақытта бұл оқиғаға қылмыстық атқару жүйесі комитеті қызметкерлерінің қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр”, — деді Ерболат Ерімбет…

Маңғыстау облыстық прокуратурасы осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғады. Облыстық полиция қамау орнынан қашқан 11 адамға қылмыстық іздеу жариялады. Олардың тоғызы — кісі өлтіргені үшін, біреуі — “қарақшылық” пен “тонау”, және біреуі “терроризм” қылмысы бойынша сотталып, Ақтау түрмесінде жазасын өтеп жатқан.

Бұған дейін кейбір ақпарат құралдары маусымның 22-і күні жергілікті уақытпен таңғы сағат төрттен кете Ақтаудағы қатаң режимдегі қамау мекемесінің сырт жағына автокөлікке мініп келгендер қарудан оқ атып, 20 адамның қамаудан қашып шыққаны туралы хабар таратқан болатын.

Бүгін таңертеңнен бері Ақтау қаласының көшелерінде бақылау күшейтіліп, қарулы сақшылар мен полиция қызметкерлері күдікті жүргіншілердің құжаттары мен автокөліктерді тексеріп жатқаны туралы хабар жетіп отыр”.

AIKYN.KZ. “Журналистер “ғасыр жобасымен” танысты”. “Бүгінгі күні еліміздің коммуникация, көлік және инфрақұрылымындағы ғасырлық алып жоба “Батыс Қытай — Батыс Еуропа” халықаралық көлік дәлізінің қалай жүргізіліп жатқандығы және оның пайдасы мен артықшылығын білмек мақсатында Астана, Алматы және облыстық БАҚ өкілдері ҚР Көлік және коммуникация министрінің орынбасары Дулат КҮТЕРБЕКОВпен бірге баспасөз шеруіне шықты.

Бұл шара аймақтағы Қордай ауданынан басталып, көрші жатқан Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары арқылы Ақтөбе қаласында мәреге жететін болады. Қордай ауданы Алға ауылы маңында автобан құрылысын жүргізіп жатқан жеңімпаз мердігер “Ақмола құрылыс материалдары” ЖШС-нің асфальт бетон зауыты алаңында БАҚ өкілдеріне арнайы мәслихат өткізген Дулат Күтербеков:

– — Халықаралық көлік дәлізі Тынық мұхит пен Батыс Еуропадағы Атлант мұхитының арасын жалғайтын болады. Жол ұзындығы 8,5 мың шақырым. Бұл халықаралық жүк тасымалдау жолының ұзындығын 3,5 есеге қысқартады деп күтілуде. Ал жолдың 2787 километрі еліміздің, атап айтқанда, Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарының аумағынан өтеді. Ені 27 метр болатын жолдың жобаға сәйкес 2452 километрі қайта жаңғыртылады. Жобаның құны — 825,1 миллиард теңге. Ғасырлық жобаны халықаралық деңгейдегі бірнеше әлеуетті банктер қаржыландырып отыр. Автобан жұмысы қазір Жамбыл, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында қарқын алып келеді. Жақын арада жұмыс Оңтүстік Қазақстан облысында да басталып, екі жолақты бір километр аумағына 200 миллион, төрт жолақты бір шақырым аумағына 350-400 миллион теңге жұмсалмақшы. Бұл — қыруар қаржы. Сондай-ақ жұмыстарға 2010-2012 жылдар аралығында 10 мың бірлік техника және 50 мың жұмысшы тартылатын болады….”. Авторы: Ерман ӘБДИЕВ, Жамбыл облысы.

20 мыңнан астам адам Қазақстан азаматтығын алады”. “Мемлекеттік хатшы — Сыртқы істер министрі Қ.САУДАБАЕВтың төрағалығымен Ақордада өткен ҚР Президенті жанындағы Азаматтық мәселелер жөніндегі комиссияның кезекті мәжілісінде Елбасы Н.НАЗАРБАЕВтың атына 20 мыңнан астам адамнан Қазақстанның азаматтығын алғысы келетіндігі туралы өтініш келіп түскені мәлім болды.

Қатарымызға қосылғалы тұрған қалың көштің құрамында қазақтар және ТМД мен алыс-жақын шетелдерден келген басқа ұлт өкілдері бар. Олардың барлығы Мемлекет басшысының тиісті Жарлығынан кейін Қазақстан Республикасының азаматы атанады.
“Бүгінгі отырыс ел тарихындағы айрықша күн. Бұл оқиғаның Астана күні қарсаңында өтуінің маңызы ерекше. Астана дамыған орталық болып қана қоймай, сонымен бірге қазіргі замандағы орасан зор урбанистік жобалардың бірі ретінде егемен Қазақстанның үлкен әлеуетін көрсетеді. Бүгін біздің азаматтығымызды алуға және қазақстандық болуға ықылас танытып отырған 20 мыңнан аса адамның өтінішін қарастыруымыз осы сөздеріміздің дәлелі болып табылады”, — деді Қ.Саудабаев
…”. Авторы: Қанат МАХАМБЕТ, Астана.

Португалдар жаңбырға “бұршақ” араластырды”. “Әлем чемпионатының дүйсенбі күнгі бағдарламасында Чили құрамасы екінші жеңісіне жетті. Оңтүстікамерикалық ұжым өз тобындағы екінші кездесуінде Швейцария командасын 1:0 есебімен ұтты. Бірақ қос ойыннан соң алты ұпай иеленгеніне қарамастан, чилиліктер плей-оффқа берілер жолдаманы иелене қойған жоқ. Биылғы біріншіліктегі алғашқы жеңісіне Португалия құрамасы да қол жеткізіп, Солтүстік Кореядан келген команданы 7:0 нәтижесімен тас-талқан етті. Алғашқы кездесуінде ұтылып қалған ашулы Испания құрамасы бұл жолы Гондурастан келген футбол ұжымын 2:0 есебімен жеңді…

Енді испандар Чили құрамасына қарсы шығады. Бұл кездесу екі команда үшін де маңызды. Оңтүстікамерикалықтарға тең нәтиже де жеткілікті болса, Испания құрамасына тек қана жеңіс қажет”. Авторы: Шалқар ЕСТЕН.

EGEMEN.KZ. “АСТАНА НУ ОРМАНДЫ АЛҚАПҚА ОРАНАДЫ”. “Кеше Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Астана қаласының айналасындағы орманды алқапты аралап, ондағы жасыл желек белдеуін құру жұмыстарымен танысты. Жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысы БАҚ өкілдерімен баспасөз брифингін өткізіп, жасыл белдеу туралы әңгімеледі.

Мен Астана төңірегіндегі жасанды орманды жыл сайын аралаймын. Аралаған сайын көңілім қуанышқа толады. Биылдың өзінде мұнда 71 мың гектар жерге жасыл желек егілді. Қаланың ішінде егіліп жатқандары өз алдына. “Жасыл ел” деген бастамамен бүкіл Қазақстанда “Жасыл ел” қозғалысы мүшелері, жастар жыл сайын 51 мың гектар аумаққа ағаш отырғызады. Біз келер ұрпаққа жасыл орманға оранған әдемі ел қалдыруымыз керек. Тәуелсіздігімізді орнаттық, мемлекетті нығайтып жатырмыз. Қазақстанды әлемге таныттық. Енді өзімізге, халыққа жайлы, таза, ауасы денсаулыққа шипасын тигізетін Қазақстан жасауымыз керек. Бұл мақсаттағы жұмысымызды ең бірінші, міне, елордамыз Астанадан бастап отырмыз. Осы орайда жыл сайын 5 мың гектардан ағаш егіліп отыратынынан барлығымыз хабардармыз. Ендігі мақсат – Астанадан Бурабайға қарай, ондағы орманды жасанды орманға әкеліп қосып, біртұтас ету. Сонда Бурабай мен Астана арасындағы өңір орманды алқапқа айналады. Орман болғаннан кейін, оның ішінде неше түрлі аң-құстар мен жәндіктер болуы тиіс. Мысалы, қоян, елік деген сияқты. Биылдан бастап орман ішіне қырғауыл және тағы да басқа құс түрлерін жіберіп жатырмыз. Болашақта гүл егуіміз керек, өйткені, гүл егілсе ара болады. Қарап тұрсақ, флора мен фауна бірге жүретін нәрсе. Бірі болса, екіншісі өздігінен пайда болады. Жаңа жасанды орман Астананың ауа райын өзгертті. Аса ыстық та болмайды, бұрынғыдай тым суық та емес…”. Авторлары: Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, Венера ТҮГЕЛБАЙ.

САБЫР ТҮБІ САРЫ АЛТЫН”. “Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Қазақстанның иелігіндегі Ыстықкөлдегі пансионатты мемлекет меншігіне алу қажеттігі туралы мәлімдеген Қырғызстанның кейбір саясаткерлерінің айтқан сөздеріне түсініктеме берді.

Мұндай саяси мәлімдемеге ерік беруге болмайды. Күте тұрамыз, уақыт өтеді, бәрі тынышталады және мен бәрі баз қалпына келеді деп ойлаймын. Мен не Қазақстан, не Қырғызстан екі елдің арасындағы мұндай қарым-қатынасқа жол бермейді деп ойлаймын, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев”.

ALASHAINASY.KZ. “10 мың адам бір мезетте жұмысқа алынады”. “Үкіметтің кешегі селекторлық отырысы үлкен дайындыққа арналыпты. Үлкен дайындық деп отырғанымыз – маусымның 28-і күні, яғни алдағы дүйсенбіде, Астана күнінің құрметіне орай телекөпір арқылы Мемлекет басшысының қатысуымен индустрияландыру бағдарламасы бойынша 72 жоба іске қосылады. Еліміздің әр аумағында бір күнде старт алатын жобаларды жаңа университет қабырғасында орнатылған алып монитордан тамашалауға болады.

Әуелі индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт РАУ шығып, Премьер-министр Кәрім МӘСІМОВке салтанатты түрде өтетін шараның негізгі сценарийін таныстырып шықты. Раудың айтуына қарағанда, сол күні іске қосылатын барлық нысандар өз жұмысын атқаруға сақадай-сай тұрған сыңайлы.

Отырыста іске қосылатын бұл 72 өндіріс нысанының жалпы құны 340 миллиард теңге болатыны белгілі болды. Бұл жобалардың 68-і – жаңадан іске қосылатын өндіріс ошақтары. Ал қалған төртеуі қайта жаңғыртылып, заманауи технологиялармен жабдықталып, қайта құрылыпты. “Бұл зауыт-фабрикаларға қосымша 10 мың адам жұмысқа алынады. Жоспарда тұрған индустриялық-инновациялық жобалардың 30-ы мемлекеттік қабылдау комиссиясынан өтті. Айдың аяғына дейін барлық өндіріс кешендері комиссияның тексеруінен өтеді”, – деп атап өтті Рау мырза…”. Авторы: Бүркіт НҰРАСЫЛ.

Жаңбыр таяуда толастамайды”. “Маусымның 23-24-і күндері еліміздің көп бөлігінде тағы да нөсер жаңбыр жауып, жел күшейеді. Мамандар осының салдарынан Алматы облысының таулы өлкелеріндегі өзендерде сел жүріп, тасқын болатынын болжап отыр.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, таяу күндері Қазақстанның көп бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, дауыл тұрады. Солтүстік және батыс аймақтар антициклон ықпалында болады. Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе облыстарында екпіні 23 метр/секундқа жететін жел соғады. Нөсерлі күндер Алматы облысының селге қауіпті өңірлеріндегі ахуалды одан әрі қиындата түсуі ықтимал. Мамандардың мәліметінше, жаңбырдың күшеюі салдарынан таулы аймақтарда екпінді сел жүру қаупі бар. Шығыс Қазақстан өңірінде де өзен-сулардың деңгейі көтеріледі”. Авторы: Болатбек МҰХТАРОВ.

JASQAZAQ.KZ. “Жобада бар, Қаскелеңде жоқ”. “2011, яғни келесі жылы елімізде қысқы Азия ойындарының олимпиадасы ғана өтпейді, әлемнің санаулы елінде ғана бар қан ауруына қарсы дәрі-дәрмек шығаратын зауыт “ашылады”.

Иә, Денсаулық министрлігінің 2008 жылғы жоспары бойынша, Алматы облысының Қарасай ауданында оған арнайы жер де бөлініп, қазық та қағылып қойған. Республикалық бюджеттен 47 миллион еуро бөлу жағы да қарастырылыпты. Тіпті осы қаражаттың 11 миллион еуросы жұмсалып кеткен. Бірақ әлгі жер әлі сол қалпы, қарасора мен шоғайна өсіп тұр. Министрліктің уәдесі бойынша, егер осы кәсіпорын іске қосылса гемофилияға қарсы қан плазмасынан 4 түрлі дәрі жасап шығарады екен. Оның екеуі “Иммунат” және “Фактор-8 және 9” деп аталады. Қаскелеңдегі әлі салынбаған зауыттан шығатын дәрілердің осы екі түрі гемофилияға шалдыққандарға шипа болады екен…

Біздің түсінгеніміз, болашақта бұл маңнан бір емес, екі зауыт салынуы мүмкін. Бірақ, екінші кәсіпорын туралы құрылыс басшысы ашып ештеңе айтпады. Осы сауалымызды Денсаулық сақтау министрлігіне жолдадық. 2008 жылы мемлекеттік бағдарламаға кірген кәсіпорын құрылысына қатысты министрліктің жауабы бізді тіпті таңғалдырды. Денсаулық сақтау вице-министрі С.ҚАЙЫРБЕКОВтің қолы қойылған ақпараттық анықтамада аталған зауыттың құрылысына осы министрліктің еш қатысы жоғы айтылыпты. Дегенмен, вице-министр жұмсалған қаражатқа анықтама беруге тырысыпты. Басқа шығындарын айтпағанда, тек Қаскелең қаласынан екі шақырым қашықтықтан 3 гектар жерді 900 мың еуроға сатып алыпты. Бұдан басқа да шығындарын есептей келіп, жалпы алғанда 10 млн еуроның айналасында шығындалыпты. Бірақ аталған зауыттың құрылысына бюджеттен көк тиын шықпаған көрінеді. Бәрі инвесторлардың қаржысы екен. Жоғарыда айтылған құрылысқа жауапты компанияның директоры М.ЖАНЫҚҰЛОВ республикалық қан орталығының басшысы А.ЫСҚАҚОВқа берген есебінде “зауыттың құрылысы 2010 жылдың басында ресми түрде басталады”, – деп жазыпты. Міне, оныншы жылдың ортасына да таядық, әлгі жерге қайтадан қарасора қаптай бастады. Осы материалды дайындау барысында министр Ж.ДОСҚАЛИЕВ мырзаның осы тектес тағы бір кәсіпорынды Астанадан да салмақ ойы барын естідік. Тіпті Үкімет басшысына хат та жолдапты. Үш жыл бұрын салынатын кәсіпорынның нәтижесін көрмек түгіл әлі іргетасы да қаланған жоқ, екіншісіне құжат әзірленіп жатыр. Парадокс…”. Автор: Назым РЫСБЕКОВА, “Нұр Отан” ХДП жемқорлыққа қарсы медиа-орталығының редакторы.

JASQAZAQUNI.KZ. “Ұйғырстанды” көксеп, ұйыған татулықты бұзғысы келгендер кімдер?”. “…Иә, қандастар. Кезінде, 19-шы ғасырда жоңғарлар сияқты жойылып кетпесін деп, жанымыз ашып, қытайлардың тепкісінен сүйреп шығарып, жеріміздің бір шетіне қоныстандарып, қанатымыздың астына алған ұйғыр бауырларымыздың кейбір санасы саяздарының соңғы уақыттағы қылықтары көргенсіздік болып тұр. Бірақ бұл жалпы ұйғыр халқына деген теріс ұғым емес. Мысалы, аудан әкімі, сол ұйғыр ұлтының өкілі — Коюмчан ОМАРОВ мырза “Ұлтты жіктелуге ыңғайлайтын күшті әсерлердің бірі — ауданның “Ұйғыр” деп аталуы. Осыны өзгерту керек” деп, көрегенділік танытып, мәселенің түп-тамырына білімді, терең үңіліп отыр. Коюмчанның бұл ұсынысын пәрменді түрде қолдау керек. Жалғыз Омаров емес, оқыған-тоқыған, тарихты білетін көптеген зиялы ұйғыр азаматтары да бұл ұсынысты қолдайды. Қолдамайтындар — әлгі жоқ мемлекеттің туын көтеріп жүргендер мен мына өзіміздің биліктегі кейбір көлеңкесінен қорқатын, заңды білмейтіндер ғана. Бұлардың алғашқысы тарихтың не екенін білмейтін арандатушылар болса, екіншісі солармен саналас өз құлқынын ғана білетін намыссыз ездер.

Ендеше, қазақ және ұйғыр бауырлар, біз сол арандатушы ездерден жоғары бола білейік. Ешқандай арандатушылыққа ілесіп кетпейік. Ең дұрысы — жастарымыздың әлсіз санасы уланып қалатындай, арандатуға алып баратындай жағдайларды дер кезінде жойып отырайық. Осы себептен шұғыл түрде Ұйғыр ауданының атауын өзгерту — ең алғашқы бітіретін шаруа болуы тиіс”. Авторы: Геройхан ҚЫСТАУБАЕВ.

ZAMANDAS.KZ. “Атаңның басы – “залогта”. Ай-күннің аманында, атамыздың басындағы кешенді кепілге қойып жіберіпті. Күллі түркі тәу етіп, исі мұсылман рухани көсем санайтын Арыстанбаб бабамыздың басындағы кесенені айналдыра қойылған кешен басы бүтін банктің мүлкі боп кетуі де ғажап емес.

“Арыстанбаб” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданының әкімдігі баба аруағының алдында да жауапкершіліктерінің шектеулі екенін байқатты. Жергілікті атқамінерлер банкке кесене айналасындағы қонақүйді кепілге қойып, 10 млн теңге қаржы алыпты. Қарыздың уақтылы қайтуына осы кесененің 55 пайыз акциясын иемденіп отырған Отырар аудандық әкімдігі кепіл болыпты. Қайтпаған жағдайда бабамыздың “басы” “Альянс банктің” қанжығасында кете береді. Ақша үшін Арыстан түгіл айдаһармен де алысуға бар банк ешкіммен санасып жатпайтыны мәлім. Сөйтіп, бабаның басына барып, рухани тазаруға бет бұрған келімді-кетімді жамағат кесенеге кіре алмай қалмасын деңіз…

Мәселе, біреуді жауапқа тарту немесе қарызды қайтару, қайтармауда емес қой. Бабаның “басын бәйгеге тігіп”, банкке кепілге қою кімнің басына келген? Байқаңыз, басыңызға ие болыңыз…”. Авторы: Дәулетхан ҚЫДЫРБАЙҰЛЫ, “Жас қазақ” газеті. Түпнұсқадағы тақырып: “Атаңның басы кепілде”.

KAZ.GAZETA.KZ. Аусыл жұқпасы анықталған Ақмола облысында 80 мыңнан астам үй жануары егілді.

Бұл туралы Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінен хабарлады.

“Маусымның 22-сі сағат 10.00-дегі жағдай бойынша эпизоотикалық ошақта ірі қара малдың (ІҚМ) 507 басы, 763 — ұсақ мал (ҰМ) және 420 шошқа жойылды. Сондай-ақ 29807 бас — ІҚМ, 45 364 — ҰМ және 8814 шошқа егілді”, анықтады ТЖМ-дан.

Еске сала кетейік, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясы маусымның 15-і күні Ақмола облысы Ерейментау ауданы Новодолинка ауылында тексеру жүргізіп, 241 ірі қара мал басынан “О” антиген типті аусыл ауруын тапқан болатын. Аудан әкімі ауыл аумағында карантин салу туралы қаулы шығарды. Эпидемияға қарсы шаралар жүргізілуде.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ