«Реформа. оның мақсаты азаматтардың құқығын әділ және шынайы қорғауды қамтамасыз ету». «Қазақтың рухын қалай оятамыз?». «Дағдарыс сыныққа «сәтті» сылтау болды»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 23 тамыз 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Орталық Азияның аграрлық саласы: меншік құқығы әртүрлі, ал нәтижесі мардымсыз”. “…Қазақстанда ең табысты деген жылдары жалпы ішкі өнімнің 10-12 пайызы агроөнеркәсіптің үлесіне тисе, қазір бұл көрсеткіш 4-6 пайызға дейін түсіп кетті. Соның салдарынан, 1991 жылға дейін ауыл шаруашылғы өнімдерімен өзін-өзі толықтай қамтамасыз етіп келген Қазақстан экспорттаушы елден ірі импорттаушы елге айналды. Оппозициялық саясаткер Петр СВОИКтің айтуынша, тәуелсіздікке дейін Қазақстан жыл сайын Советтер одағының ішкі нарығына 300 мың тонна ет мен 150 мың тонна сүт өнімдерін шығаратын.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша, Қазақстан бүгінде сүт өнімдерінің 40 пайызына дейін, ет өнімдерінің 30 пайызға жуығын және жеміс-көкөніс өнімдерінің 40 пайыздан астамын Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қытайдан тасиды екен. Бірқатар сарапшылардың деректері бойынша, ет-сүт өнімдері импортының үлесі 60, тіпті кей кездері 80 пайызға дейін жететін көрінеді. Қазір Қазақстан тек астық пен ұнды ғана экспорттап отыр. Бұрын Орталық Азиядағы барлық бес мемлекеттің жалпы ішкі өнімінің елеулі бөлігі агроөнеркәсіп саласы өнімдерінен құралатын. Мысалы, тәуелсіздік қарсаңында Қазақстанның ІЖӨ-дегі ауыл шаруашылығының үлесі 25-27 пайыз болатын…”. Авторы: Сұлтан Хан АҚҚҰЛҰЛЫ.

Теміртаудағы 1959 жылғы жұмысшылар көтерілісі: куәгердің естеліктері”. “Осыдан 51 жыл бұрын Қазақстан Магнтикасының құрылысына келген жас жұмысшылар бүлік шығарды… 70 жасар Елизавета ТРИДГАРДТ Қарағанды облысы Осакаров ауданы Октябрь кентінде тұрады. Ол отыз жыл комбинатта жұмыс істеген. Қазақстан Магниткасының неден басталғанын, адамша өмір сүру үшін металлургтердің өз құқықтарын қалай қорғап қалғаны әлі есінде. Зейнеткердің айтуынша, көп адамдар сол бір оқыс оқиғаны ұмытқан…”. Авторы: Елена ВЕБЕР.

Қазақстандық киберсквоттер “елбасы” домендік атауын үкіметке сатқысы келеді”. “Елбасы” домендік атауын иемденіп алған Қазақстан азаматы енді оны үкіметке сатпақ ниетте. Ол байланыс және ақпарат министрінің блогына жазған ұсынысына жауап күтіп жүр…”. Авторы: Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ.

AIKYN.KZ. “Серік Баймағанбетов, Ішкі істер министрі: Министрлік Мемлекет басшысы алға қойған тапсырмаларды орындауға әзір”. “Қазақстанда құқық қорғау құрылымдарының реформасы басталды. Ол “заң сақшылары” жұмысының тиімділігін арттыруды ғана емес, қоғамдық ортадағы қылмыстың алдын алуды, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, сондай-ақ жазалау жүйесін ізгілендіруді көздейді. Маңызды реформадан кейін полицияның болашағы қандай болмақ? “Айқын” газетінің осы және өзге де сұрақтарына Ішкі істер министрі Серік Нұртайұлы БАЙМАҒАНБЕТОВ жауап береді.

— Таяуда ғана Ақордада Мемлекет басшысының қатысуымен құқық қорғау органдарын реформалау мәселесі жөніндегі кеңес өтті. Сіздердің алдарыңызға нақты қандай міндеттер қойылып отыр?

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ құқық қорғау жүйесін одан әрі реформалаудың стратегиялық бағыттары мен ішкі істер органдары қызметінің негізгі міндеттерін белгілеп берді. Қазақстан полициясы қызметінің маңызды бағыттарының бірі жұмыстың тиімділігін арттыру екенін атап өтті. Осыған байланысты ішкі істер органдарын өзіне тән емес функциялардан босату көзделіп отыр. Бүгінгі таңда мамандандырылған күзет қызметінің 17 мың қызметкері мың жарым нысанды күзетумен айналысады

– Заңсыз көші-қон мәселесі Қазақстандағы қылмыс деңгейіне де, сонымен қоса еңбек нарығына де елеулі ықпал етеді. Осыған байланысты Президент Үкіметке ІІМ-нің құрамында Көші-қон полициясы комитетін құруға тапсырма берді. Бұл бастама құқық қорғау құрылымдардың заңсыз көші-қонға қарсы күресте тиімділігін арттыра ала ма?

Еліміздегі қоғамдық-саяси тұрақтылық пен қарышты экономикалық өсім мигранттардың Қазақстанға деген қызығушылығын тудырады. Бұл барлық дамыған елдерде орын алып отырған заңды құбылыс. 2010 жылдың өзінде Қазақстанға 700 мыңға (+5%) жуық шетелдік аяқ басқан. Бұл тұрғыда күні кеше ғана құрылған Кедендік одақтың көші-қон үрдісіндегі қосымша қозғаушы күші екендігі анық

— Адам факторы ғана емес, техниканың жай-күйі де жол-көлік оқиғаларының өсу себептерінің бірі болып табылады. Қазақстандағы көлік жүргізушілерінің көбі ұсталған көліктердің иелері екендігі белгілі. Осыған байланысты Мемлекет басшысы техникалық тексеру функцияларын бәсекеге қабілетті ортаға, яғни жеке меншік секторға беруді тапсырды. Аталмыш шара тас жолдардағы қауіпсіздікті жоғарылатуға қаншалықты әсер етеді?

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету полиция жұмысының маңызды бағыты болып келді және болып қала бермек. Сіз атап өткендей, расында да автокөліктердің техникалық жай-күйінің нашарлығы апаттылықтың негізгі себептерінің біріне айналды. Ђкінішке қарай, бүгінде жол полициясында автокөлікті диагностикалау үшін қажетті база жоқтың қасы. Оның қарамағында жеті техникалық диагностикалау стансасы бар, оның алтауы жалға алынған және 22-ісі жылжымалы лаборатория. Министрлік құрылымында бұл базаны дамыту едәуір ақшалай қаражатты қажет етері даусыз. Бұл ретте республиканың автопаркі жыл сайын өсіп жатыр және ол соңғы дерек бойынша 3,3 млн. автокөлікке дейін жетті. Сондықтан автокөлікті диагностикалау және техникалық тексеру функцияларын бәсекеге қабілетті ортаға беру бір жағынан қызмет көрсету сапасын арттырады, екінші жағынан жол полициясы күшін жолдардағы қауіпсіздікті бақылауға жұмылдыруға мүмкіндік береді.

— Кеңес барысында Мемлекет басшысы жазалау жүйесін ізгілендіру қажеттігі туралы да атап өтті. Себебі жазаның қатаңдығы емес, жазаның бұлтартпастығы қылмыстың төмендеуіне ықпал етеді. Сіздің ведомствоңыз тарапынан бұл бағытта атқарылуға тиіс шараларға тоқталып өтсеңіз.

Соңғы жылдары сот шешімі бойынша әкімшілік қамауға алынған адамдардың саны өсуде. Ол қылмыстардың кейбір құрамдарының декриминализациялануна байланысты. Бұл ретте қамауға алынған құқық бұзушылардың саны 2007 жылғы 27 мыңнан 2009 жылы 50 мыңға дейін өскенін атап өткім келіп отыр. Биылғы жылы олардың саны 30 мыңға дейін артты. Олардың барлығы ішкі істер органдарының бұған лайық емес қабылдау орындарында ұсталды…”. Сұхбаттасқан Еркін ҚАЛДАН.

EGEMEN.KZ. “Қазақ тілін оқыту жайы қайтсе жақсарады?”. “…Соның бір үлкен айғағы халық талқысына “Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы” жобасының ұсынылуы болып отыр. Жұртшылықты жүрекжарды ойларға жетелеп, көпшіліктің құптауына ие болып жатқан осынау сындарлы қадамды қуанышпен қарсы алғандардың бірі Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің профессоры Ахмет МҰСА десек, еш қателеспейміз. Себебі, бұл кісі мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырумен, қазақ тілін жоғары оқу орнында оқытумен тәуелсіздік жылдарының өне бойында нақты айналысып келеді. Сондықтан, мемлекеттік тіл мәртебесін көтере түсуге аса мүдделі, тіл үшін табанды күрестің алғы шебінде, ыстығына күйіп, суығына тоңған, осы ретте мол тәжірибе жинақтаған білікті маманның ой-пікірлері, бұған дейінгі жұмысының тағылымдары бағдарламаны талқылау барысында да бағалы болар деп безбендедік…

…Қазіргі уақыт тіл үйретудегі толып жатқан технологиялар, техникалық құрал-жабдықтар, компьютерлер заманы дейміз. Оның бәрі құптарлық. Әрине, орнымен қолданса, керегінде пайдаланса. Бірақ олар оқытушыға көмекші құрал ретінде, өз орнында ғана пайдаланылуы керек. Ал негізгі оқу үрдісінде оқытушының алатын орны ерекше болғаны жөн…

Екінші пән “Іскерлік терминология негіздері” деп аталған болатын. Жалпы алғанда, 100 жылдан аса тарихы бар қазақ терминдерінің қалыптасу жолы қазақ тіл білімінде өте аз зерттелген, ал іскерлік терминдердің қалыптасу, даму мәселесіне мүлде көңіл бөлінбеген. Сондықтан да, студенттерге арнап бұл пәннен бағдарлама жасау өте қиын. Дегенмен де, азды-көпті әдебиеттерге, кейбір қазақ ғалымдарының, әсіресе орыс ғалымдарының еңбектеріне сүйене отырып, алғашқы оқыту бағдарламасын жасаған болатынбыз. Негізгі мақсат тіл мәдениетін игерген, мемлекеттік мамандық лексикасын пайдалана алатын, алдына келген әртүрлі құжаттардың мән-мағынасын сараптап, іскерлік терминдерді өз орындарында пайдалана білетін мамандар дайындау…”. Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ, Алматы.

DMK.KZ. “ҚАЗАҚЫ КЕУСЕН. ӘЛЕМДІК АСТЫҚ БАҒАСЫ ЕЛІМІЗДІҢ ЭСПОРТТЫҚ ӘЛЕУЕТІНЕ ҚАНШАЛЫҚТЫ ҚОЛАЙЛЫ БОЛМАҚ?”. “Еліміз 8 млн. тонна астықты экспортқа шығаруға дайын. Ауылшаруашылығы министрлігі таратқан мәлімдемеге сүйенсек, биылғы егіннің түсімі 14 млн. тоннадай болмақ. Оның үстіне, элеваторларда былтырдан қалған бидайдың мөлшері 6 млн. тоннаға жетеқабыл. Бұл біздің ел үшін аз көрсеткіш емес…

Рақымжан ЕЛЕШЕЕВ, ауылшаруашылығы ғылымының докторы:

– Қазір егін жинау науқаны басталды. Кей облыста 8, кей өңірде 14 центнерден бидай алып жатыр. Жалпы, орта есеппен алғанда, биылғы өнім мөлшері 8-9 центнерден асып жатқан жоқ. Былтырғыға қарағанда егін оруды екі апта ерте бастадық. Себебі, қуаңшылыққа байланысты Батыс Қазақстан, Ақтөбе облысытарындағы құрғақшылық болып, егін шықпай қалғаны белгілі. Дегенмен, әлемде бидай бағасының өсуіне орай, біздің астықтың бағасы нарықта тоннасы 200-250 доллар болады деп күтілуде. Ең бірінші міндет шыққан егінді дер кезінде жинап алып, ұнға айналдыру. Үкімет астықты экспорттау бағытында бидайды тонналап тоғыта бермей, ұн өнімдерінің үлесін көбейткен жөн. Сондай-ақ, еліміздің әр аймағындағы астық қорының дәл есебін анықтап, қалыптасқан жағдайды реттей алсақ, өз бидайымыз өзімізге толығымен жетеді. Себебі, дәл қазіргі жағдайға сай ішкі қажеттілікті өтеуге керекті астық мөлшері 5-6 млн. тонна”. Авторы: Бауыржан САБЫРБЕКОВ.

РЕФОРМА. ОНЫҢ МАҚСАТЫ АЗАМАТТАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ӘДІЛ ЖӘНЕ ШЫНАЙЫ ҚОРҒАУДЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ”. “Соңғы бес жылда ғана құқық қорғау органдарына 160 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, олардың әлеуметтік қамтамасыз етілуі екі есе өскен. Құқық тәртібі мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрған мемлекеттік органдар жүйесі үшін біздің елімізде барлық қажетті жағдайлар жасалған. Дегенмен, осыншама қаржы-қолдаудың қайтарымы көңілдегідей болмай тұр.Үстіміздегі жылы Президент Әкімшілігіне түскен азаматтардың хат-хабарларының үштен бірі құқық қорғау органдары мен соттардың іс-әрекетіне шағымдар болған. Қазақстанның құқық қорғау жүйесін реформалау мәселесі жөнінде өткен кеңесте сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ осындай мәліметтер келтірді. Сондай-ақ, Елбасы бұған дейінгі барлық реформалау талаптары күтілген нәтиже әкелмегендігін атап өтті…

– Реформаның маңызды мәселелерінің бірі – өкілеттіктерді нақты бөлу және құқық қорғау органдарын өздеріне тән емес функциялардан босату, қылмыстық істерді тергеу жүйесін оңтайландыру және жалпы құқық қорғау қызметінің тиімділігін арттыру болып табылады, – дей келе Мемлекет басшысы күштік құрылымдардың өкілеттіктерін нақтылады. Бұған дейін Ішкі істер министрлігіне қарайтын медициналық айықтырғыштардың қызметіне байланысты функциялар мен өкілеттіктер енді Денсаулық сақтау министрлігіне беріледі. Ал кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталықтары Білім және ғылым министрлігінің бақылауына өтетін болады.

Жүргізушілер сапасыздық пен сыбайластыққа жол берілетінін жиі айтып жүрген “техосмотр”, яғни көлік құралдарын техникалық байқаудан өткізу бәсекелестік ортаға беріледі. Дегенмен, оны Көлік және коммуникация министрлігі бақылайтын болады. Сондай-ақ, Елбасы ІІМ мен Бас прокуратураның ішіндегі үш аймақтық көліктік құрылымды осы органдардың орталық аппаратына кіретін бір құрылымға біріктіруді тапсырды. Күзетті де күрт өзгерістер күтуде. ІІМ-нің күзет қызметі саласындағы өкілеттігі айрықша маңызды стратегиялық нысандардағы күзеттен басқалары, бәсекелестік ортаға беріледі. ІІМ құрылымында Көші-қон полициясы комитеті құрылып, ол көші-қон үдерістерін мемлекеттік реттеудің тиімділігін арттыруға, көші-қон ағымдарын бақылауды қатаңдандыруға ықпал етпек. Нашақорлыққа қарсы және есірткі бизнесімен күресті күшейту мақсатында ІІМ-нің Есірткі бизнесімен күрес жөніндегі комитетіне осы мәселені жүзеге асыратын өңірлік бөлімшелер тікелей бағынышты болады. Ал, әкімшілік тұтқындауды атқару жөніндегі қызметті Ішкі істер министрлігі Әділет министрлігіне өткізеді.

– Криминалдық полиция комитеті мен Тергеу комитетін қосу арқылы ІІМ-нің Тергеу жөніндегі комитетін құруға тура келеді…”. Авторы: Еркін ДОСЫМБАЙ.

TURKYSTAN.KZ. “КӨШI-ҚОН САЯСАТЫ ЖӘНЕ ОРАЛМАНДАР АХУАЛЫ”. “…Көшi-қонға байланысты мәселенiң екiншi қыры бары да белгiлi. Олардың кейбiрi монтиып момын болып келгенiмен, жалпы жұрт жолығып отырған қиындық бiр басына түскендей, Қазақстанға келгенiн қамқорлық деп сезiнбей, керiсiнше, мiндет қып, еншiсiне бұйырған елдiң ықыласы мен пейiлiн мiсе тұтпастың кейпiн көрсетедi. Түгiн тартса майы шыққан қазақ жерiнiң қай-қай қонысын да жайлы демей, арамызға келген ағайынның көпшiлiгi тiршiлiкке қолайлы, шаруаға ыңғайлы оңтүстiк өңiрлерге барып тұрақтап, түтiн түтетудi мақсат етедi. Алда-жалда бұл тiлектерi табан астында орындала қалмаса оралманның азаматтық құқықтары тапталып, аяқасты болды деп бұртаңдап шығатындары да өтiрiк емес. Отандастарының қатарынан сап түзеген оралман қазақтардың көпшiлiгi мұнда ұсынылған қызметке, берiлген жұмыс орнына көңiл толмастық бiлдiрiп жататынын да жасырудың қажетi жоқ. Өздерiнiң бiлiм-бiлiгiне, қабiлет-қарымына өз елiнде кемшiн көрiп, төмен көзқараспен қарайды деген ұғым қалыптасқан. Анығында олай емес…

Оның сыртында жаңа технологияларды игеруге, шетелде сiңiрген тәжiрибесiн елiмiзге әкеп ендiруге бейiм тұрған бiлiмi мен бiлiгi мол ғалымдар, iскер азаматтар жаңа бiр iстiң саңылауы көрiнсе, бiр шетiнен ұстауға дайын екендiктерiн аңғартқан-ды. Ал әзiрге олардың жылы орнын тастап келетiндей оңтайлы мүмкiндiктердiң жоғы рас. Шетелдегi зиялы қауым өкiлдерiн «арнап шақыру» деген мәселеге терiс қарамаған жөн. Өйткенi сыртта да қазақтың интеллектуалдық мол қоры бар. Олар өнер-бiлiмi биiк, өркениеттi елдерде тұрып жатыр…”. Авторы: Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ.

ALASHAINASY.KZ. “Қазақтың рухын қалай оятамыз?”. “Қазақтың ұйықтап жатқан рухы қайтсе оянады? Әлбетте, қазақтың елі мен жері үшін жан алып, жан беріскен, өмірін қазақтың жолына арнаған ұлық бабаларымыздың ұлағатты істерін, батырларымыздың ерлігін, хандарымыздың қасиетін дәріптеу, талмай насихаттау арқылы ғана…

Ал сананы сілкінтіп, ұйқыны ашатын шараның бірі қазақтың Тәуелсіздігі үшін күрескен соңғы ханы Кенесарының рухын елге қайтару болмақ. Құдайға шүкір, хан Кененің рухын елге қайтару үшін әзиз басын табуға әрекеттенушілер, қал-қадерінше іздестіру шараларын жасап, қайрат қылушы азаматтар баршылық. Бірақ әзірге нәтижесіз аяқталып жатқан осы бастамалар да бұл іске мемлекеттік деңгейде маңыз берілуі тиістігін алға тартып отырғандай. Осы тұста сондай-ақ қазақтың рухы ұйқыдан ояна алмай, есінеп жатқанының айғағы ретінде бір мысал келтірсек те болатын сияқты…”. Авторы: Айбын БАҚЫТҰЛЫ Астана.

JASQAZAQ.KZ. “Дағдарыс сыныққа “сәтті” сылтау болды”. “Айт-PARK”-те осы жолы саясат емес, экономикамыздың әлеуеті сөз болды. Қазақстан даму институтының президенті Мағбат СПАНОВ қаржы саласының біз біле бермейтін белгісіз тұстарының бетін ашып берді. “Біздің ақжағалылар ақша жинауды емес, жұмсауды ғана біледі”, – дейді экономист. Бір сағат он екі минутқа созылған пікірталастың оқырманға ой салар тұстарын жариялап отырмыз…

Мағбат Спанов: Экономика дөңгелегінің кері кетуі – мықты мамандардың жоқтығынан. Үкіметте отырғандар қаржы саласында Қазақстанға қандай заң қажет екенін білмейді. Экономикалық сауаты барлар некен-саяқ. Экономикадағы кейбір мәселелердің түйінін біздің билік қаржыгерлердің есебінен шешуге әдеттенген…

Нұрлан ЕРІМБЕТОВ: Қазақстанның қарызы қанша?

Мағбат Спанов: Соңғы кездері мемлекеттің сыртқы қарызы азайып келеді. Жалпы, банк саласындағы берешегіміз – 42 млрд АҚШ доллары. Биыл оны 30 млрд долларға дейін азайтты. Өткен жылы жалпы сыртқы қарызымыз 105 млрд доллар болса, биыл азаюдың орнына көбейіп отыр. 2010 жылдың қаңтар айындағы мәлімет бойынша, Қазақстанның сыртқы қарызы 107 млрд долларға жетті. Біздің шенеуніктер ақша жинаумен емес, бар байлықты жан-жаққа шашумен айналысып кетті…

Нұрлан Ерімбетов: Қазақстан мұнайдың қанша пайызына иелік етеді?

Мағбат Спанов: Өткен жылғы деректерге сүйенсем, Қазақстанда 70-75 млн тонна мұнай өндірілді. Оның 10-15 пайызы “ҚазМұнайГазға” тиесілі. Енді өзіңіз есептей беріңіз…

Нұрлан Ерімбетов: 70-75 млн тонна біздікі болмағаны ма?

Мағбат Спанов: Әрине. Азғантайын ғана аламыз.

Нұрлан Ерімбетов: Әрбір қарапайым қазақтың қашан құнды қағазы болады?

Мағбат Спанов: Президент бұл мәселеге қатысты нақты тапсырма бермесе, ешкім қимылдамайды…”. Жазып алған Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Заңсыз тексеру азаймай отыр”. “Мемлекеттік тексерулер Елбасының тапсырмасымен соңғы екі жылда қолданылып келе жатқан шағын және орта бизнес субъектілерінің қызметін тексеруді шектеу жөніндегі мораторийға сәйкес және “Кәсіпкерлік туралы” заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар негізінде елімізде тексеру әдісі жаңа арнаға түсіп келеді. Әйтсе де, жалпы алғанда, биыл өткен жылдармен салыстырмалы түрде арнайы тексерулер саны біршама өсе түскен…”. Авторы: Рауан МЕШЕЛОВ, Алматы қаласы бойынша Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті басқармасыныңбөлім прокуроры.

KAZ.GAZETA.KZ. Қызылода қаласындағы Ақмешіт мұражайының қорында екі мыңнан астам экспонаттар бар. Қала тарихынан сыр шертетін мұралар әлі де толықтырылу үстінде. Енді мұражай ұжымы үлкен залға күрделі өзгерістер енгізіп, Алматының астана болған жылдарынан және қазіргі Елордамыздың жетістіктерін көрсететін көптеген деректер қойып, келушілерге жаңа көріністі ұсынғалы отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кету керек, Ақмешіт мұражайы 2005 жылы желтоқсан айында “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы аясында Қызылорданың астана болғанына 80 жыл толуына байланысты ашылған…

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ