«Кәсіпкерлер үшін кедендік рәсімдеудің маңызы аса зор. Арал кеден бекетінің ашылуы іскерлердің құжат дайындаудағы жұмыстарын едәуір жеңілдетті». «Соңғы 9 жылда еліміздегі ұлттық театрларды қолдауға 374 млн. теңге бөлінді»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 21 қазан 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Ассамблея мүшесі “елбасы” мәртебесін конституциямен бекітуге шақырды”. “Сәрсенбі күні Астанада өткен Қазақстан халқы ассамблеясында сенатор Анатолий БАШМАКОВ “елбасы” мәртебесін конституциямен бекітіп алсақ деген ұсыныс айтты. Алайда НАЗАРБАЕВ бұл ұсынысты қолдамайтынын жеткізіп, өре түрегеліп қол соққан ассамблея мүшелерінің “меселін қайтарды”…”. Авторы: Есенбек БАЗАРҚҰЛ.

Әріптестері дәрігердің қазасын Досқалиевтің ісімен байланыстырмауды сұрайды”. “Сәрсенбі күні Астанада туыстары мен әріптестері марқұм Айгүл ЖЕТІМКАРИНОВАны ақтық сапарға шығарып салды. Осыған дейін бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық ДОСҚАЛИЕВ жатқан аурухананың жансақтау бөлімін басқарған дәрігер дүйсенбіде қайтыс болған. Астанадағы ұлттық ғылыми медициналық орталықтың (ҰҒМО) директоры Абай БАЙГЕНЖИН осы мекеменің жансақтау бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы Айгүл Жетімкаринованың қазасына бұрыннан бар дерті себеп болғанын айтады.

– Айгүл Дәулетханқызы қазанның 18-і күні дүние салды. Ол кісіде қатерлі ісік болған. Сол ісік жүрегінің тоқтауына себеп болды. Бүгін біз әріптесімізді жерледік, – деді Абай Байгенжин сәрсенбі күні Азаттық радиосына…”. Авторы: Мәншүк АСАУТАЙ.

AIKYN.KZ. “Жүргізушілердің жартысы жалған полиспен жүреді”. “Еліміздегі көлік иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру нарығында жалған сақтандыру полистері көп екен. Мұндай полистер көлік жүргізушілеріне заңсыз сатылса да, кәдімгі міндетті полис мәртебесін сақтап отыр. Әрине, бұл жайт ең алдымен жүргізушілердің жауапкершілігін сақтандыру нарығында жұмыс істеп отырған ірі ұйымдарды мазалайды.

Өйткені кей жүргізушілер олардың заңды полистерін қымбатсынып, жол бойындағы заңды-заңсыз арзан полистерді сатып алуға бейім. Ал жол полициясының өкілдері, әрине, сақтандыру полисінің жарамдылық мерзіміне ғана қарайды, ал қаншалықты заңды екенін тексеріп те жатпайды. 2009 жылдың аяғына сәйкес кезеңге арналған статистикаға сәйкес, еліміздегі 2,7 миллион жеңіл автокөлік жүргізушілерінің ішіндегі 1,5 миллионы ғана көлік иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру полисін алған….”. Авторы: Айдын ОЛЖАЕВ.

Бұл қай өсім?”.Таяуда Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қоры өздерінің бастапқы жорамалдарының мөлшері төмендегенін, бірақ қалай дегенімен де әлемдік экономикада өсім болатынын, бұл бүкіләлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстың тізгінделгенін білдіретінін мәлімдеп, жалпы адамзаттан сүйінші сұрағандай болды. …“2010 жылдың жылдық ішкі жалпы өнімінің өсімі 4,5 пайызды құрайды” дегенін еске алуға тура келеді. Жарты жылдықтың қорытындысынан кейін дәл солар тағы да мәлімдеме жасап, “2010 жылдың экономикалық өсімі 3,5 пайыз болады” деп мәлімдеді. Енді міне, бұдан да шегініп, жалпылама түрде “әйтеуір өсім болады, бірақ болжағандағыдан аз” дегенді айтып шықты. Сонда қанша?

Бір қайран қаларлығы, Нью-Йорк қор биржасының әлемге ең ықпалы күшті индекс-индикаторы Доу-Джонс 11 мың пункттен асып кетті. …Десек те, әлемдегі қаржы-экономикалық өзгерістің барысына жіті зер салатындар үшін бұл қуаныш тудырмайтын, керісінше, көңілді күпті ететін көз алдаушы жағдай ғана. Өйткені бұл өсімге ненің әсер еткені бізге айқын. Атап айтар болсақ, осының алдында ғана АҚШ президенті Барак ОБАМА 2010 жылдың бюджет жетімсіздігі (дефицит) былтырғыдан өсіп, 1,47 триллион долларды құрайтынын мәлімдеп, қатты қынжылып, мемлекет тұрғындары алдында дағдарысқа қарсы күрес шараларының күткен нәтижені бермегені үшін кешірім сұраған болатын…

Жоғарыда айтылғандардан шығатын қорытынды, әлемдік экономикада жиынтық есепте 2010 жылы ешқандай өсім болмайды. Тіпті Қытай мен Оңтүстік Азиядағы дамушы елдердің, ТМД аумағындағы санаулы мемлекеттердің экономикалық өсімі әлемдік жиынтық есепке онша әсер ете қоймайды. Қысқасы, 2010 жылды дүниежүзі дағдарыс батпағында қорытындылайды. Олай болса, халықаралық ықпалды ұйымдар мен ықпалды мемлекеттер басшылары “не істеу керек?” деген сұраққа жауап іздеуі керек. Біздіңше, бұл сұрақтың жауабы дайын. Оны Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВ ғылыми негіздеп, жалпақ әлемге жариялаған болатын. Сол ұсынысты қайталар болсақ, онда ол — Дүниежүзілік қаржы жүйесі мен халықаралық валютаны түбірінен және түбегейлі өзгерту, халықаралық валютаның әлемдегі барлық мемлекеттердің, аймақтардың ұлттық және аймақтық валюталарынан жоғары тұруы. Таяуда Франция президенті Николя СОРКОЗИ былай деді: “2011 жылы Франция халықаралық G-20 ұйымына төрағалық етеді. Сол кезде мен халықаралық валютаны және Дүниежүзілік қаржы жүйесін түбірінен және түпкілікті өзгерту туралы мәселені күн тәртібіне шығарып, оны әріптестерімнің қолдауын талап ететін боламын”. Әдемі сөз! Біз Николя мырзаның өз сөзінде тұруын қалаймыз және күтеміз. Олай болмайынша, адамзатты асырап отырған дүниежүзілік экономика 2007 жылы басталған дағдарыстан шамалы уақытта шыға қоймайды”. Авторы: Таңшолпан БЕКБОЛАТ.

EGEMEN.KZ. “Қазақстан халқы ассамблеясы xvі сессиясына қатысушылардың ел азаматтарына үндеуі”. “Біздің ортақ үйіміздегі бейбітшілік пен келісім еліміздің басты байлығы болып табылса, ал Қазақстан халқының достығы уақыт сынынан өткен.

Үстіміздегі жылы Мемлекет басшысының бастамасы бойынша этносаралық қатынастың үйлесімділігі үшін құрылған тамаша қоғамдық институт – Қазақстан халқы Ассамблеясына он бес жыл толды…

Бүгінде Қазақстан алдында елді серпінді индустриялық-инновациялық дамыту бойынша үлкен міндеттер тұр. Оларды шешу экономиканың жаңа сапалық өсімі, әлеуметтік саланы дамыту, барлық Қазақстан халқының игілігі мен өркендеуі үшін негіз қалайды.

Алға қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін Жалпыұлттық көшбасшының және ол жүргізіп жатқан елді жедел жаңғырту саясаты төңірегіне топтасу қажет. Бізге ортақ құндылықтарымыз – бірлікті, ұлтаралық және қоғамдық келісімді сақтап, нығайту қажет.

Біз адамдар арасындағы СЕНІМДІ беркітуге, Отан тағдыры үшін ортақ жауапкершілік ДӘСТҮРЛЕРІН жаңғыртуға, этносаралық және конфессияаралық салада АШЫҚТЫҚТЫ сақтауға, бейбітшілік пен келісімнің негізі ретінде ТӨЗІМДІЛІКТІ дамытуға шақырамыз.

Келесі жылы Қазақстан Тәуелсіздіктің 20 жылдығын атап өтетін болады. Осы тарихи датаның маңызын сезіне отырып, біз қазақстандықтарды барлық күш-жігерін мемлекеттілікті, қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайту үшін жұмсауға, елді жаңғыртуға аса белсенділікпен қатысуға шақырамыз.

Біздің ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасы өсіп-өркендей берсін!

Астана қаласы, 2010 жылдың 20 қазаны”.

Қазақстан Республикасының Заңы”. “Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы Өтеусіз әскери көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы

2009 жылғы 10 қарашада Душанбеде жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы Өтеусіз әскери көмек көрсету туралы келісім ратификациялансын.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.НАЗАРБАЕВ.

Астана, Ақорда, 2010 жылғы қазанның 18-і. №344-ІV ҚРЗ”.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы”. “Әдебиет пен өнер саласындағы 2010 жылғы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын беру туралы

Әдебиет пен өнер саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның ұсыныстарын қарап, қаулы етемін:

1. Әдебиет пен өнер саласындағы 2010 жылғы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы мыналарға берілсін:

1) Амандос Ақанаевқа, суретші – “Ұлы елдің тарандысы” (шежіресі) жобасы үшін;

2) Шәмші Қалдаяқовқа (марқұм), композитор – “Бақыт құшағында” әндер жинағы үшін;

3) Жұмекен Сабырұлы Нәжімеденовке (марқұм), ақын – “Менің Қазақстаным” өлеңдер мен дастандар жинағы үшін.

2. Осы Жарлық ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.НАЗАРБАЕВ.

Астана, Ақорда, 2010 жылғы қазанның 18-і. №1086”.

ANATILI.KZ. “Татулық – тағдыр сыйы”. “Тағдыр қазақ халқына ұлан-ғайыр жер беріп, байырғы тұрғынын аз етіп, сырттан келген өзге ұлтты көбірек қоныстандырып, көрші болып күн кешуге бұйырды. Осылайша тарих бізді көпұлтты ел ретінде қалыптастырды. Бұл қағидадан жер иесі – қазақ та, қазақ жерін мекендеген басқа ұлттың өкілі де қашып құтыла алмайды және сөзсіз мойындап тіршілік кешуге бейім екенін әр азамат терең түсінеді…

…Өткен санақ бойынша Қазақстанда адамдардың 65 пайызы “қазақ тілін білемін”, 57 пайызы “қазақша оқи аламын” деп көрсеткен екен. Мектептерден басқа қазақ тілін оқытатын 64 орталық құрылған. Бұл көрсеткіш жыл өткен сайын артып келеді. Барша ұлттардың өз халық ансамбльдері, өнер ұжымдары, өз театрлары жұмыс істейді.

Туыстық қарым-қатынасқа сызат түскенін саналы адамның ешқайсысы қаламайды. Басқа республикаларда орын алған ұлттардың қақтығысына сүйеніп, қазақтарға қыр көрсеткісі келгендердің әрқилы ойлары іске асуына жол берілмеді. Қазаққа да, қазақпен тағдырын қосқан өзге этнос өкілдеріне де ең керегі – ынтымақ пен бірлікке кірбің түсіріп алмау. Осы мақсатта Президенттің пәрменімен Қазақстан халықтары Ассамблеясы құрылған болатын, игі іске тетік болған бұл қоғамдық институт халықтар туысқандығы мәселесі бойынша бүгінгі замана келбетіне сай жаңаша жұмыс жасай бастады. Ассамблея қазір дүниежүзі мемлекеттерінің назарын өзіне аударып отыр. Көп елдің басшылары мен мемлекет қайраткерлері оны ұлттарды ұйымдастырудың жаңа моделі ретінде қабылдауда. Этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық тәжірибесі посткеңестік кеңістіктегі елдерде әлдеқашан мойындалып қойған. Олар үшін де, Қазақстан үшін де тәуелсіздік пен ұлттар татулығы егіз ұғымға айналды. Бұл – қазақстандық саяси брэнд”. Авторы: Нұрбек МЕДЕТБЕК.

Қазақстан – ұлағатты істердің ұйытқысы”. “Қазақстан халқы Ассамблеясының XVI сессиясы өтті. Кезекті сессияның тақырыбы “Қазақстан халқы Ассамблеясы: Сенім. Дәстүр. Транспаренттік. Толеранттық” деп аталады. Ассамблея сессиясының жұмысына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы қатысып, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 15 жыл толуымен құттықтады.Президент келер жылы Ассамблея алдында ұлттық бірлікті нығайтумен байланысты бірқатар жаңа міндеттер тұрғандығын атап, нақты тапсырмалар берді. Солардың ең алғашқысы – еліміздің Тәуелсіздіктің 20 жылдығына қадам басуы…

Сондықтан да Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының алдына бұл бағыттағы шаралар патриоттық тұрғыда жар салған сөздерден емес, нақты істер мен жауапты қадамдардан көрінуі тиіс деген міндет қойды. Сонымен қатар мемлекеттік тілді дамыту маңызды басымдық болып қалады.

Ассамблеяның сессиясының барысында да мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, мемлекеттік тілді дамыту ең өзекті мәселелердің біріне айналды. Елбасы тіл мәселесі жайында сөз қозғағандарға қазіргі таңда ең алдымен қазақ тілінде оқытатын мектептер желісінің кеңейгенін сөз етті. Бүгінде қазақтілді мектептердің саны 4 мыңға жеткен. Бұған тәубе деуіміз керек. Бұл 90-жылдардың басына қарағанда екі есеге көп. Елбасының пікірінше, тіл үйренуге ниет еткендер үшін қазақ тілін оқытудың 100-ден астам орталығында жұмыс жолға қойылған. Қазақтілді БАҚ-тарға да жан-жақты қолдау көрсетілуде. Тәуелсіздік жылдары қазақ тіліндегі баспа басылымдары 7 есеге көбейген. Жалпы, халықтың қолдауымен құрылған Ассамблея бүгінде беделді конституциялық органға айналды. Ассамблеяның құрылуымен этносаралық және конфессияаралық теңдіктің құқықтық базасы құрылып, қаржылық және материалдық базасы нығайтылды. Алқалы жиын соңында сессияға қатысушылар республика азаматтарына бірлікті нығайту, Қазақстан Президентінің саясаты жанына ұйысу туралы үндеу қабылдады. (Қазақстан халқы Ассамблеясының ХVI сессиясы туралы кең көлемді мақаланы газетіміздің келесі нөмірінен оқи аласыздар)”. Авторы: Бейбітгүл ӘБДІҒАППАРҚЫЗЫ.

ALASHAINASY.KZ. “Қызылағаш қасіреті қайталанбасын десек, гидротехникалық қауіпсіздік туралы заң қабылдау қажет”. “…Бұндай хәлге жеткізген басты себептердің бірі – гидротехникалық нысандарды жөндеу, күшейту және қалпына келтіру, тиісті деңгейде ұстап тұру шығыстарының мардымсыздығы болса керек. Су ресурстары жөніндегі комитеттің бас сарапшысы Жұмабек МҰХАТОВтың сөзіне сенсек, республикалық бюджеттен осындай мақсатқа жылына бөлінетін 3,5-15 миллиард теңге қаражат жеткіліксіз. “Тек мемлекеттік су шаруашылығы нысандарының кезек күттірмейтін қайта жөндеу жұмыстарының өзіне 52,7 миллиард теңге қажет”, – дейді сарапшы. Ол – ол ма, еліміздің ирригациялық жүйесін қалпына келтіру және қайта құру шараларына 2010 жыл мен 2020 жылдар аралығында 300 миллиард теңгеден астам қаражат қажет болатын көрінеді…

Жеке заң қажеттігі туралы пікірді осы кеңестің басында сөз алған Ауыл шаруашылығы вице-министрі Марат ОРАЗАЕВ айтқан еді. “Су ресурстары жөніндегі комитет 2008 жылы “Гидротехникалық нысандардың қауіпсіздігі туралы” заң жобасын дайындады. Бірақ заңжобалау жұмыстары жөніндегі ведомствоаралық комиссияның ұсынымдарын қаперге ала отырып, жеке заң қабылдаудың қисынсыздығы турасында шешім қабылдағандықтан, заң жобасының ережелері 2009 жылы қабылданған Су кодексіне түзетулер түрінде енгізілді”, – дейді вице-министр. Оның сөзіне қарағанда, соңғы екі жылдағы тәжірибе осы мәселе бойынша жеке заң қабылдау мүмкіндігін қайта қарау қажеттігін алға тартып отыр.

Бу Либерт, БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясының қоршаған орта, баспана мәселесі және жер пайдалану бөлімінің өңірлік кеңесшісі:

– “Орталық Азиядағы плотиналардың қауіпсіздігі: өңірлік ынтымақтастықтағы әлеует құру” жобасының бір бағыты – бөгеттердің қауіпсіздігі саласындағы ұлттық әлеуетті күшейту. Себебі Орталық Азия елдерінде заңнама жеткіліксіз дамыған. Соған орай, БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы гидротехникалық нысандардың қауіпсіздігі туралы заңның үлгісін жасаған. Осы үлгіні Орталық Азия елдері өздерінің ұлттық заңнамаларын дамытудың негізі ретінде пайдалана алар еді…”. Автор: Айбын БАҚЫТҰЛЫ.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Кедергілер келмеске кетті”. “Мемлекет басшысы атап өткендей, биылғы жылдан бастап Қазақстан, Ресей, Беларусь үш мемлекет арасында құрылған Кеден одағы кәсiпкерлiктi дамытуға тiкелей септiгiн тигiзбек. Бүгiнгi күнi үш елдiң тауар өндiрушiлерi артық құжаттарды рәсiмдеусiз, кедендiк алымдарды төлеуден босатылу сияқты жеңiлдiктердi иеленiп, 170 млн адамның iрi нарықта өз өнiмдерiн өткiзуі үшiн жұмыс жасауда. Қабылданған жаңа Кеден кодексi де оған елеулi әсер етуде.

Аудандардағы кедендiк бекеттер қызметiнiң кеңеюi, материалдық-техникалық базасының нығаюы кәсiпкерлерге өз өнiмдерiн облыс орталығына келмей-ақ, тұрғылықты жерден сыртқа шығаруға немесе тауарды қабылдауға мүмкiндiк беретінін де атап өткен жөн.

Әсiресе, “Батыс Қытай – Батыс Еуропа” автомагистралiн салушы компаниялардың шетелден келетiн тауарлар мен материалдарды тұрғылықты жерден алуына мүмкiндiк жасалған. Бұл кәсiпкерлерге уақыты мен қаржылай шығындарын үнемдеуге өз септiгiн тигiзуде.

Кәсіпкерлер үшін кедендік рәсімдеудің маңызы аса зор. Арал кеден бекетінің ашылуы іскерлердің құжат дайындаудағы жұмыстарын едәуір жеңілдетті. Мәселен, Арал, Қазалы аудандарының сыртқы экономикалық қызметпен шұғылданатын кәсіпкерлері тауарларды рәсімдеуді дәл осы бекетте жүргізіп келеді. Кеденшілер жетілдірілген заманауи қондырғылармен қамтамасыз етілген. Бір сөзбен айтқанда, кедендік рәсімдеудің кедергілері келмеске кетіп, жеңілдіктер айқын сезіліп отыр. Дәлірек айтқанда, кәсіпкерлерге барлық жағдайлар жасалған. Олар бұрынғыдай сапырылысқа түсіп, әуре болмайды. Соның нәтижесінде бекет ашылғаннан бері Арал ауданының бюджетіне кедендік рәсімдеуден қомақты қаржы түсті. Демек, бюджеттің түсім көзінің молаюына кедендік бақылау бекетінің де тигізіп отырған пайдасы зор.

Арал ауданында 14 сыртқы экономикалық қызметпен айналысатын кәсiпкерлiк субъектiлерi жұмыс жасауда. Олар негiзiнен “Камбала балық”, “Сыр маржаны”, “Арал тұз” АҚ және т.б. Олар Ресейге, Украинаға, Өзбекстан, Қырғызстан, Грузия, Әзірбайжан, Түрiкменстан мен Қытайға өз өнiмдерiн экспортқа жолдауда….”. Авторы: Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, “Заң газеті”, Қызылорда.

MINBER.KZ. “Холдингтендіру саясаты: Ортақ өгізден оңаша бұзау артық па?”. “2009 жылдың жаңа жылынан “Нұрмедиа” холдинг жұмыс істейді. Оның құрамына“Литер”, “Айқын”, “Түркістан”, “Нұр Астана”, “Дала мен қала”, “Известия-Қазақстан”, “Астана” телеарнасы, “NS” радио станциясы секілді ақпарат құралдары енеді. Естеріңізде болса, холдингтендіру ісі басталған кезде шығыстағы журналистеріміз “Шығыс медиа” холдингіне енуге қарсылық танытып, жеке ақпараттық саясат жүргізуді жөн көретіндіктерін білдірген еді. Бірақ, олардың қарсылықтарынан ештеңе өнбеді. Билік дегенін істеді. Міне, содан бері бір жарым жыл уақыт өтті. Қазақ ақпаратын холдингтендіру бізге не берді? Біз осы тұрғыдан зерттеу жүргізіп көрген едік….”. Авторы: Есен БАЙНҰР.

KAZ.GAZETA.KZ. Соңғы 9 жылда еліміздегі ұлттық театрларды қолдауға 374 млн. теңге бөлінді. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының ХҮІ сессиясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ айтты.

“Біз этникааралық қатынастардың қаржылық және материалдық базасын нығайттық. Тек қана соңғы 9 жылда ұлттық театрларды мемлекеттік қолдау көлемі 4,5 есеге ұлғайып, 2010 жылы 374 млн. теңгені құрады”,- деді Н. Назарбаев.

Мемлекет басшысы сонымен қатар осы жылдар ішінде Ассамблеяның инфрақұрылымы кеңейгенін атап көрсетті. “Егер, Ассамблеяның бірінші сессиясына небәрі 40 ұлттық-мәдени орталықтар қатысса, бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде құрылған 820 этномәдени бірлестіктер табысты жұмыс істеуде. Олардың құзырында Астанадағы Бейбітшілік пен келісім сарайы, 10 облыс орталығында Достық үйлері бар”, — деді Президент.

Қызылорда облысы Арал қаласындағы З.Шүкіров атындағы мәдениет үйінде өткен ғасырдың 60-70-ші жылдарында шырқалған “Сағындырған әндер-ай” атты кеш болып өтті. Сахна шымылдығы Өтеген СПАНОВтың ақын Елеусіз КЕНЕБАЕВтың сөзіне жазылған әйгілі “Арал вальсімен” ашылды. Кезінде осы өңірдің ұранындай болған бұл әуен шырқалғанда, оған бүкіл зал қосылып кетті.

Ән кешін аудан әкімі Нәжмадин МҰСАБАЕВ құттықтау сөзбен ашты. Сахнаға бірінші болып аудандық мәслихаттың хатшысы Әнес ӘУЕЗОВ көтерілді. Заманында Ташкенттегі “Замандас” қазақ телеарнасында өнер көрсеткен, “Жас түлек” ансамблінің белсенді мүшесі болған ол Ілия ЖАҚАНОВтың “Еділ мен Жайық” әнін әуелете шырқады. Бұдан кейін кәсіби деңгейдегі өнер майталмандарына кезек келді. Осылайша ретро әндер кеші аудан орталығында дүркіреп өтті.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ