«Дағдарыс өтеді, болашақ туралы ойласу керек». «Мемлекеттер доллардан тартынып жатыр. Неге?». «Миссия орындала ма? Латын әліпбиіне көшудің екі қыры». «Бізде кино нарығының ауқымы өте тар»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 1 желтоқсан 2009 ж.

AZATTYQ.KZ. “Американдық этнограф Анна Генина ағылшын тілінен гөрі қазақ тілін көбірек қажетсінеді”. “…- Анна, қазақ тілін үйренуге не түрткі болды? — Қазақ тілі ең әуелі менің жұмысыма қажет болды. Мен негізінен Қытайдан, Моңғолиядан келген қазақтармен қарым-қатынас жасаймын. Олар орысша білмейді немесе қажетті деңгейде сөйлей алмайды. Олардың ана тілі – қазақ тілі ғой. Демек, маған ең әуелі қазақ тілі практикалық тұрғыда қажет болды. Екіншіден, Қазақстанға келетін болған соң, сол елге деген құрмет белгісі ретінде қазақ тілін аз да болса да үйренуге тырыстым. Әрине, мен қазақ тілінде еркін сөйлей алмаймын.

— Зерттеу тақырыбыңыз қалай еді? — Мен Қазақстанға оралған оралмандар туралы зерттеу еңбегін жазып жүрмін. Соның ішінде Моңғолиядан келген қазақтар туралы. Себебі, олар 1991 жылы Қазақстанға көштің алғашқы легін бастап келген еді. Олардың келу тарихы да қызық. Сол себепті де мен осы тақырыпты таңдап алдым. Ең алғаш Қазақстанға 2006 жылы келдім, сонда Шамалған ауылындағы Моңғолиядан оралған қазақтың үйінде тұрдым. Сондай-ақ, өзге де репатрианттармен танысып сұхбаттастым. Екінші рет 2008 жылы күзде келгенмін, мұнда жылдан астам уақыт болдым…

Сіз осы жазда Баян-Өлгей аймағында болып қайттыңыз. Ондағы мәдениет пен өмір сүру деңгейі қалай екен? — Осы жазда шілде мен тамыз айларында Баян-Өлгейде болдым. Жаздың кезі болғандықтан, көбі киіз үйін тігіп, жайлауға шығып кетеді екен. Көбі – мал шаруашылығымен айналысады екен. Сондай-ақ, қолөнермен айналысу ісі де жолға қойылған. Мен сонда жүрген кезде екі үлкен кооператив ашылды. Онда негізінен әйелдер жұмыс істейді. Ұлттық нақыштағы заттарды өндіріп шығаратын кооперативтер еді. Осы қыста Моңғолияда жұт болған екен. Сондықтан, биылғы көктем мен жаз олар үшін тым көңілді емес көрінді. Көбі Қазақстанға қоныс аударуға ниетті екендіктерін білдірді.

Мен Өлгейдің өзінде болдым. Бірақ, көктем шығып, күн жылынысымен олар киіз үймен жайлауға кетіп қалады екен. Демек, әлі күнге дейін көшпенділік дәстүрі үзіле қоймаған. Олардың барлығының да қалада жұмысы, қызметі бар. Бірақ, бәрібір өздерінің тамыры бастау алатын өмір салтынан қол үзгісі келмейді. Сондай-ақ, Қазақстанға қоныс аударып кеткен қазақтардың көбі жазғы демалыстарын сонда өткізуді жөн санайды екен. Екі ел арасында виза қажет емес. Өлгийдегі тұрғындардың басым көпшілігі – қазақтар. Бәрі қазақ тілінде сөйлейді екен. Сондай-ақ, онда этникалық моңғолдармен де ұшырасып қаласыз. Дүкен ұстап тұрған бір моңғолдарда да қонақта болдым. Олар да қазақ тілінде сайрап тұр. Жасамыстарының көбі Совет Одағында білім алған, орысша біледі, жастары Еуропа елдерінде оқиды екен, ағылшынша жақсы сөйлейді. Мені таңғалдырған тағы бір дүние – интернеттің, коммуникацияның өте жоғары деңгейде дамығаны. Қазақстанда кейде тіпті қалалы жерлерде интернет табу оңайға түспейді ғой. Табылса да, әжептәуір қаржы керек. Ал, онда интернет проблема емес екен. Ұялы байланыстың құны тым арзан әрі интернетке қосылған…

— Жалпы, көшіп кетушілер мен көшуге ниеттілердің санын анықтау мүмкін бе екен? — Дәл осы мәселеге мен көп назар аудардым. Әсіресе, жұрттың көбі Қазақстанға көшуге неге ынталы екендігін білгім келді. Менің ойымша, әрине, ең негізгі себеп – экономикалық ахуал көрінді. Егер Моңғолияда экономикалық жағдай жақсарып, өмір сүру деңгейі дұрыстала қалса, адамдар көшіп кету райларынан қайта қалады екен. Биылғы жұт оларды тұралатып кетіпті. Сондықтан да, көшуге ынталылардың саны артып отыр. Дегенмен, бұның өзі шартты жағдай. Жасы жер ортасына келіп қалған қарттар көшуге тым ынталы емес, ал жастарда керісінше көңіл-күй. Өйткені, олар өздерінің білімдерін кішкентай Өлгийде қадеге жарата алмайды екен. Сол себепті де рыногы үлкен Қазақстанға қарай ұмтылатын көрінеді”. Авторы: Есенгүл КӘПҚЫЗЫ.

Швейцариялықтар мешіттерде биік минарет — мұнараларға тыйым салу ұсынысын қолдады”. “Швейцариядағы референдум қорытындысы халықтың 57 пайыздан астамы елде минарет құрылысына тыйым салу ұсынысын қолдағанын көрсетті. Швейцария бүгінгі таңда 400 мың мұсылманның мекені әрі бұл елде 4 мешіттің минареті бар. Ол референдумның қабылданғанына қарамастан, бұрынғыдай қала беретін болады.

… Біз исламға тыйым салып жатқан жоқпыз. Біз исламның саяси нышаны минаретке тыйым саламыз. Минареттің дінге қатысты ештеңесі жоқ. Ол исламдағы саяси жеңістің белгісі. Айтатын бір мәселе түріктер Константинопольді басып алғанда, оның ең үлкен шіркеуінің үстіне минарет орнатқан”.

Amnesty International минаретке тыйым салу шарасы Швейцарияның діни еркіндік жөніндегі міндеттемелеріне қайшы келетінін ескертті. Алдыңғы сауалнамалар Швейцарияның орталық округіндегі неміс тілділер минаретке тыйым салуды қолдап дауыс бергенін көрсетсе, ал Женева мен елдің оңтүстік-шығысындағы француз тілділер қарсы дауыс бергенін байқатқан болатын. Женевадағы референдумға қатысқандардың бірі бұл ұсынысқа қарсы қатқыл сөздер айтты: “Мен бұл бастамаға қатты таң қалдым. Бұл менің сізге жауабымда айтқан ұстанымым. Мен бұл бастамаға қарсымын, өйткені бұл төзімділікті танытпайды деп ойлаймын”.

Жексенбі күнгі дауыс берулер аяқталған соң дауыс беруге қатысқан Швейцария тұрғындарының 57,02 пайызы бастаманы қолдап дауыс бергенін көрсетті. Референдум алдында швейцариялық басылымдар алдын ала жүргізілген сауалнамалар халықтың минаретке тыйым салуды қолдамайтынын көрсетті деп жазған еді. Сауалнама жүргізетін GFS.bern институтының жетекшісі Клод ЛОНГШЭМП бұл тыйымды елдің 26 округінің жартысынан көбі мақұлдаса, ел Конституциясына өзгеріс енгізіледі деген болжамдар айтылған еді деді”. Авторы: Үкілі-ай БЕСТАЙ.

AIKYN.KZ. Мемлекеттер доллардан тартынып жатыр. Неге?”. “Өткен аптада Ұлттық валютамыздың шамамен 1 теңге 50 тиынға салмақ жинауын Григорий МАРЧЕНКО “отандық қаржы рыногына шамамен 1,5 миллиард доллар көлеміндегі халықаралық валютаның алыпсатарлық жолмен еніп кетуінің салдары” деп түсіндірді. Мәселе бұл түсініктемеде емес, халықаралық валютаның ішкі рынокқа әлі де болса енетіндігінде. Себебі дүниежүзі бойынша халықаралық валюта айтарлықтай құнсызданып кетті.

… Енді мақаламыздың басындағы Ұлттық банк төрағасының сөзіне қайта оралсақ, онда біз Қазақстанның ішкі валюта рыногына “қысым” алда да өспесе кемімейді дегенді айтқымыз келеді. Себебі осы уақытқа дейін басқасын былай қойғанда Қытайдың, Үндістанның, Бразилияның ұлттық қорларында “шөлмектегі жындай” әсерсіз жатқан долларлар массасы алтынға айырбасталып, еркін айналымға шыққан кезде, олардың қайткенде де бір жерге барып “паналауы” керек қой. Ал ондай пана халықаралық валютадан тапшылық көрген елдердің қаржы рыногы. Демек, алыпсатарлық мақсатты былай қойғанның өзінде қаржыгерлер де, мемлекеттер де өздерінің басы артық долларларына “жұмыс істетіп” пайда табуы тиіс. Әрі-берідесін мұндай қызметті халықаралық валюта қоры да атқарады. Қысқасы, отандық қаржы рыногына доллар экспансиясы болмай қоймайтын соққыға айналуы мүмкін.

Таяуда Григорий Марченко “теңге аздап күшеюі мүмкін, бірақ доллардың айтарлықтай әлсіреуіне жол бермейміз” дегенді айтты. Міне, осы арада доллар-теңге арақатынасының шекарасы Ұлттық банк төрағасының пікірінше, үш теңгемен шектелмекші. Ал біздің ойымызша, мұндай шектеу қою аса пайдалы емес секілді. Айталық, жыл аяғына дейін бір долларды 148 теңгеге сатып алып тұруды қамтамасыз ете алсақ, алдағы жылы доллар экспансиясы бұдан да күшейген кезде 1 долларды 145 теңгеге (бәлкім, одан да аз болар) сататын боламыз. Сонда “ұттық па, ұтылдық па?”. Мұның жауабы қиын емес. Әр доллардан келесі жылы 3 теңге ұтылатын болсақ, онда биыл сатып алған 1,5 миллиард доллар 4,5 миллиард теңгемізді “қағып кеткен” дей беріңіз. Өйткені биыл 148 теңгеге әр долларды сатып алсақ, келесі жылы оны 145 теңгеге қайта сататын болсақ, әлгі долларды биыл бізге бергендердің қалтасында 3 теңгеміз кетіп қалады. Міне, бар гәп осыда. Қазақта “қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса” дейді. Олай болса Ұлттық банктің құзырына араласудан аулақпыз. Солай бола тұрса да алдағы жылы 2009 жылға қарағанда отандық қаржы рыногына доллар экспансиясы әлдеқайда күштірек болатынын еске сала кетпекпіз. Себебі таяуда ғана халықаралық валютаға балама ретінде өндіріске CDR (специолизированное средство займствования) дегенді енгізуге ынталы екенін мәлімдеген Халықаралық валюта қорының жетекшісі Доминик Стросс-Кан мырзаның өзі біздің жоғарыдағы болжамымыздың ақиқатқа айналатынын ескерткендей болды. Ал оның зардаптары қандай болатынын “Айқын” газетінің таяудағы сандарының бірінде жариялайтын шығармыз.

Елбасымыз 2010-2020 жылдарға арналған индустриялды-инновациялық даму бағдарламасын “өндіріске енгізетін болды”. Қарапайым есептің өзінде мұндай ауқымды жұмысты жүзеге асыру үшін Қазақстанға ең кемі 50 миллиард доллар валюта қажет. Ендеше, долларды “қымбат жағдайда” ұзақмерзім ұстау біз үшін аса қажетті ме? Біздікі айту, ал ойласатын басқалар. Тек дұрыс ойласса болды”. Авторы: >Таңшолпан БЕКБОЛАТ.

Миссия орындала ма? Латын әліпбиіне көшудің екі қыры”. “Ресей ғаламторды кирилл әрпінде сөйлетпек. Таяу арада интернетте латынша тіркелген “ru” доменін кирилл әрпіндегі “рф” домені толықтай ауыстыруы мүмкін. Қазіргі таңда Қазақстан да ұлттық доменді кириллицада тіркеу мәселесін зерттеп жатыр.

Осылайша орыс әліпбиіне тәуелділігіміз бізді Ресейдің жетегінде кетуге мәжбүрлетіп отырғандай. Бұл тұста бірқатар ұлт патриоттары латын әліпбиіне өту мәселесін кеңестік, отарлық санадан арылып, тәуелсіз қазақи идентификацияға өтумен байланыстырады. Ал Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД “латын әліпбиіне көшуді бір күннің ісі емес” деп бағалап отыр. Десе де, министрдің пайымдауынша, “латын әліпбиінің коммуникациялық кеңістікте басымдықққа ие болып отырғанын ескерсек, онда латын әрпіне өту біздің еліміздің дамуындағы маңызды қадам болмақ”.

“… Ал екі тілде сөйлейтін Қазақстанда латын әліпбиіне өту бастамасы — бұдан әлдеқайда күрделі іс. Расында, сарапшылар айтпақшы, бұл бастаманың екі қыры бар: Егер де еліміз латын әліпбиіне көшетін болса, онда міндетті түрде республика бойынша, екі тілді де бұған иландыруы тиіс. Ал егер де латын қарпіне көшпесе, онда қазіргі кирилл әрпін әлі де ұлттық бағытта жаңашалап, икемдеген абзал”, — деп тұжырымдайды Кәмшат ТАСБОЛАТ.

EGEMEN.KZ. “Демалыс күнін ауыстыру туралы”. “Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы

2009 жылғы 26 қараша Астана, Үкімет Үйі №1936

Демалыс күнін ауыстыру туралы

Еңбекшілердің демалысы үшін қолайлы жағдайлар жасау және 2009 жылғы желтоқсандағы жұмыс уақытын ұтымды пайдалану мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:

1. Демалыс күні 2009 жылғы 20 желтоқсан жексенбіден 2009 жылғы 18 желтоқсан жұмаға ауыстырылсын.

2. Қажетті өнім шығару, қаржылықты қоса алғанда, қызметтер көрсету, сондай-ақ құрылыс объектілерін іске қосу үшін еңбек, материалдық және қаржы ресурстарымен қамтамасыз етілген ұйымдарға кәсіподақ ұйымдарымен келісім бойынша 2009 жылғы 18 желтоқсанда жұмыс жүргізуге құқық берілсін.

Көрсетілген күнгі жұмыс Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өтеледі.

3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.МӘСІМОВ”.

Дағдарыс өтеді, болашақ туралы ойласу керек”. “…Тәуелсіздіктің қадір-қасиеті соңғы кезеңде – бүкіл жер-жаһанды қаржы дағдарысы қыспаққа алған шақта айрықша сезілді. Өзіміздің экономикалық саясатымызды өзіміз айқындаудың арқасында, жан-жақты ойластырылған жоспарларды жүзеге асырудың, әлемдік конъюнктураның құбылмалы екендігін ерте бастан ескерудің арқасында Елбасымыз осыдан біраз жыл бұрын құрған Ұлттық қордың көмегімен қандайлық күрделі мәселелерді шешудің сәті түскендігін халқымыз көріп отыр. Сонымен бірге тәуелсіздіктің ел халқына қояр талаптары да аз емес. Көрнекті ғалым, академик, Мәжіліс депутаты Кенжеғали САҒАДИЕВТІҢ төмендегі толғанысы осы жайында…

Бұл дағдарыстан алуға тиісті тағы бір сабақ – экономиканы басқарудағы мемлекет рөлін күшейту қажеттігін мойындау. Дағдарыс кезінде нарықтың “опырылыстары” бұрынғыдан да айқын көрінді: оның экономиканы монополиялауға және бәсекелестік ортаның әлсіреуіне белсенді қарсы тұруға, табысты бөлудегі теңсіздіктің жігін жатқызуға, қайталама дағдарыстарға қарсы тұруға қабілетсіздігі нақтылыққа айналды. Осыдан келіп ұлттық экономикалар ғана емес, халықаралық экономикалық қатынастарды реттеу қажеттігі де туып отыр. Қазір дүние жүзінде ХВҚ-ның, Дүниежүзілік банктің және басқа халықаралық экономикалық институттардың реттеушілік рөлін арттыру жолдарын, сондай-ақ жаңа ұлтүстілік әлемдік резервтік валютаны құруды белсене талқылаудың жүріп жатуын осымен түсіндіруге болады. Ал енді ұлттық экономикаларға келер болсақ, көптеген елдер бұл бағытта елеулі қадамдар жасап, аса ірі банктерді, сақтандыру компанияларын, өнеркәсіптік корпорацияларды мемлекет меншігіне алып, жұмыссыздықпен және дағдарыстың басқа да қиын көріністерімен күрес жөніндегі үкіметтік шаралар кешенін әзірлеп, іске асыруда. Банкроттық қатеріне тап келген банктер мен компанияларды құтқару үшін мемлекеттен басқа инвестордың бірде-бір елде табылмағанын атап айту керек. Осының бәрі “түнгі күзетші” ретіндегі мемлекет рөлі туралы тезисті жоққа шығарып тастады.

Енді экономикада мемлекеттің рөлін қалай күшейтуге болатынына тоқталайық. Мұның бір жолы қазір белсенді пайдаланылуда. Бұл – кәсіпорындарды мемлекет меншігіне алу, банктердің капиталына кіру. Банктер мен компанияларды банкроттық қатерінен құтқару қажеттігі туындатқан бұл шұғыл шаралар өрт сөндірумен және жалын әлі жалмап үлгермегендерді құтқарумен бара-бар еді. Бұл шаралар мемлекеттің нарық экономикасын “құтқару қызметі” ретіндегі рөлін бекіте түсті, бірақ олардың үлкен келешегі жоқ.

… Сондықтан да банктердің тұрлаулы ресурстық базасын (ұзақ пассивтерді) қалыптастыру қазір айрықша маңызды. Ал мұндай база құру үшін елімізде жағдай бар. Бұл жылдан жылға өсіп келе жатқан жинақтаушы зейнетақы қорлары, бұл сондай-ақ халықтың өскелең депозиттер көлемі. Бұл жаңа сақтандыру өнімдерін, инфрақұрылымдық облигациялар шығару, инфляция бойынша мөлшерленген пайызсыз облигациялар шығару мүмкіндігі және халықтың қолында бар ұсақ және орташа жинақтарды (шамамен 15-20 млрд. доллар) тартуға қабілетті осындай бірқатар шаралар.

… Қаржы дағдарысы дегеніміз – бұл қолданыстағы экономикалық жүйені қайта қарау және оның беріктігін тексеру дейді екен. Қазақстан экономикасының беріктігіне ешқандай күмән жоқ. Президенттің алысты көздейтін стратегиясын іске асыра отырып, ол жылдан жылға жаңа биіктерге шығуда. Бірақ та дағдарысты еңсере отырып, бізге осынау өте күрделі организмнің кейбір өлшемдеріне сын көзімен қарау артықтық етпейді. Бұл мақала бүгінгі жағдайды ой сарабынан өткізіп, қайта қарау үдерісіне өз үлесін қосу мақсатын көздейді”. Авторы: Кенжеғали САҒАДИЕВ, академик.

ALASHAINASY.KZ. “Бізде кино нарығының ауқымы өте тар”. “Соңғы жылдар аралығында қазақ кинорежиссурасында өзіндік ізденісімен ерекшеленіп, “Әурелең”, “Секер” фильмдері арқылы ұлттық киномыздың дәстүрлі үлгісінде қалыптасқан балалар тақырыбын жаңа туындылармен толықтырған кинорежиссер Сәбит ҚҰРМАНБЕКОВ жаңа бір шығармашылық жоспарларын жүзеге асыруда. Ізденіс үстіндегі режиссердің 2010 жылдың көктемінде экранға шығуы жоспарланып отырған комедия жанрындағы “Кешіккен махаббат” фильмі туралы отандық ақпарат құралдары жарыса жазған болатын. Бұл туындының бір ерекшелігі, оның сценарийі әлемдік кино жұлдызы Жерар ДЕПАРДЬЕге арналып жазылған. Біз бүгін осы фильмнің қоюшы режиссері Сәбит Құрманбековпен аз-кем сұхбаттасқан едік…

… – Қазақ киносы әлемдік деңгейге жету үшін қандай мәселелерді қолға алу қажет және жастарға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?

– Бізде кино нарығының ауқымы өте тар, аудитория мүлде аз. Қазір қаражаттың көбі түбінде пайда әкелетін коммерциялық киноға кетеді. Авторлық кино көп ақша сұрамайды, сол үшін біз студиямыздың басшыларына, өзіміздің одаққа “екі жақты ұстап отырсақ, нәтиже жақсы болады” деп айтудамыз. Біз көп кино түсіруіміз керек. Мысалы, он кино түсіріп, екеуін көрермен жылы қабылдаса, ол – табыс. Ал барлығы 3-4 кино түсіріп, бәріміз соның аясында жүрсек, онда нәтиже болмас. Әйтсе де, прокат жоқ деп қарап жатуға болмас. Прокаттың бірден-бір көзі – телеарна. Сол арқылы біз көрерменге жете аламыз.

Мен осыдан 4-5 жыл бұрын Мысыр елінде болдым. Ол жақтағы медиамагнаттар мемлекетпен қосылып, үлкен керемет студия ашқан. Сол орталықта балалар киносынан бастап, көркемсуретті үлкен киноға дейін түсіреді және онысын телеарналар арқылы таратады. Бұған қоса өзге мемлекеттерге прокатқа шығарып жатыр. Ал ондағы мемлекеттік киностудия кіп-кішкентай ғана екі қабатты шағын ғана кеңсенің ішінде орналасқан. Сол себепті де біздің телекомпаниялар киногерлермен тығыз байланыста жұмыс істеп, үлкен бір медиаорталық ашылса, отандық киноның қадамы біршама алға жылжыр еді”. Сұхбаттасқан Гүлдана БЕЙСЕНОВА.

MINBER.KZ. “Түймебаев ауыл баласына интернетпен білім бермек”. “Орталық Азиядаға интернет қолданушылар саны жыл сайын өсіп келеді. Соңғы мәліметтер бойынша бұл сан бес миллионға жеткен. Әсіресе Өзбекстанда интернет қолданушылар саны көп. 2 жарым миллионға жуық өзбек азаматы әлемторды кезсе, Қазақстанда бұл сан 2 млн. үш жүз мыңнан асады. Қырғызстанда 850 000 азамат интернет қызметін тұрақты тұрде тұтынады.

Халықаралық Internet World Stats ұйымы осындай мәліметтермен бөлісуде. Естеріңізде болса, соңғы мәліметтер бойынша тұтастай елді алғанда Қазақстанға интернеттің енуі он бес пайызға жетіп тұр. Осындай өсудің боларын күні бұрын сезді ме екен, Білім және Ғылым министрі Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ оқушылар саны санаулы мектептерді білім беруде интернеттің көмегіне жүгінген жөн дейді. Осылайша ауылда жүрген оқушы интернет арқылы тапсырмасын алып, оны интернеттегі ұстазына жібермек. Егер Білім министрлігінің бұл ұсынысы қолдау табатын болса, сөзсіз интернет қолданушылар жөнінен Қазақстан Орталық Азияда алдыңғы орынға шығады. Бірақ дәл қазір ауылдағы компьютерлік білім мен халықтың сұранысын ескеріп зерттеп көргендер бар ма екен? Ауылға компьютер қоюмен мәселе шешілмейді ғой. Ауыл мектептерінің көбісінде интернетті айтпағанның өзінде компьютерлер көрмеге қойылған асыл бұйымдай қара құлыптың қорғауында тұратыны жасырын емес. Менің ойымша, ең әуелі интернет арқылы білім беретін кәсіби мамандар мәселесін шешіп алған жөн тәрізді”. Авторы: Асхат ЕРКІМБАЙ.

ZHASALASH.KZ. “Борышкерлер мәселесiнiң шешiлер түрi жоқ”. “Сонымен, ипотекалық несиелердi қайта қаржыландыру бағдарламасы аяқталды. Бағдарламаға қатысқан 11 банк өз есептерiн жария еттi. Үкiмет бөлген 120 миллиард теңге 31304 борышкерге тиген. Алайда, қайта қаржыландыруға қол жеткiзе алмаған жұрт көп. Өткен аптада “Самұрық-Қазына” әл-ауқат қорының ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстелде қайта қаржыландыруға енбей қалған борышкерлер мәселесi талқыланды. Жиынға “Самұрық-Қазына” қоры мен “Лайықты баспана үшiн”, “Халыққа баспана қалдырайық” қоғамдық ұйымдарының өкiлдерi және бағдарламаға қатысушы серiктес банктер қатысты.

… Қысқасы, банктер борышкер қайткен күнде де қарызын өтеуi тиiс десе, борышкерлер ахуалы ушыққан банктерге қол ұшын созған мемлекет оларға неге көмектескiсi жоқ екенiн түсiне алмай дал. Ал “бiз тек бағдарлама операторымыз” деген “Самұрық-Қазына” проблемалық несиелердi сатып ала алмайтынын, оған қаржысы жоқ екенiн түсiндiрiп әлек. Жиын соңында “Самұрық-Қазына” қорының атқарушы директоры Қайрат ӘЙТЕКЕНОВ қысқа мерзiмге арналған ұсыныстарды банктер өз бетiнше жыл соңына дейiн шешу керектiгiн, ал жүйелi ұсыныстарды заңдық тұрғыдан реттеу қажеттiгiн жеткiздi. Айталық, пәтерлердi жалға берудi реттейтiн заңнама жоқ. “Самұрыққазыналықтар” ұсыныстардың барлығы елеп-ескерiлетiнiн айтып, оларды үкiметке жеткiзуге уәде бердi. Бiрақ, бұл ұсыныстар нақты iске айнала ма, әлде құрғақ уәде күйiнде қала ма? Бұл жағы белгiсiз. Ал қоғамдық ұйым өкiлдерi “баспанамыз үшiн өлiспей берiспеймiз” деп тарқасты”. Авторы: Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ.

Храпуновты да сағынатын күн бар екен-ау!..”. “Шiркiн, ХРАПУНОВ. Сенi де сағынатын күн бар екен-ау. Жеп қойғаның үшiн шетелде бұқпантайлап жүрген бұйра бас сықпытыңды емес, әр жиында “Сәлемитсиздер ме, ардағты агайын” деп аңқау қазақты мәз қылып қоятын қылығыңды аңсадық. “Күйеубала, маладес!” дескен қазекең екi ауыз сөзiң үшiн сенi құшағында тұншықтырып тастауға әзiр едi.

… Мүмкiн, “болашақта орыспен одақ боламыз” деген ойдың буы шығар, қазiр үкiмет мүлдем қазақша үндемейтiн болған. Билiкке келе салғанда “бiр жыл iшiнде қазақшаны қатырамын” деп шатып-бұтып сөйлеп жүрген МӘСIМОВ осы күнi ана тiлiнде (оған да күмән бар-ау) жақ ашпайтын болғандай. Қазақша сөйлесе жағы қарысып қала ма екен жарықтықтың. Мәселе онда емес, Мәсiмов “модасының” елiмiзде құпия түрде жүрiп жатқан доңыз тұмауы сынды жайратып бара жатуында. Әйтпесе, министрлiкте жүргенде әжептәуiр тiл сындырып тұратын Ахметжан ағамызға не болды… Тiптi әкiмдiктiң баспасөз қызметiне хабарлассаң да жат тiлiнде шүлдiрлеуiңе тура келедi. Негiзi басшыларға баспасөз хатшылары бәрiн жазып бередi деген рас — ау деймiн? Сол хатшының жазуы бойынша, Алматының бар жиыны орысша өтедi, Ахаң өз қанына ана сүтiмен сiңген сөздердiң бiрде-бiрiн сыртқа шығармаған күйi кетедi. Әкiм не айтады деп алаңдап отырған алматылықтарды орыстандыру туралы ұлы саясатқа сүбелi үлес қосып жатқанын байқамай ма, әлде бiреулер байқатпай ма? Бастықтың жымымен жүрудi бiздегi орынбасарлардай меңгергендер жоқ шығар әлемде. Сондықтан КУДЫШЕВты, МУКАШЕВты, көзге көп түсетiн Серик СЕЙДУМАНОВты қазақша тыңдау арман болды қазаққа. Олар өйтiп жүргенде ДОЛЖЕНКОВтай дөкейiң менсiнсiн бе бiздей бейбақты. Қазiргi әкiмнiң “Шаңырақтың” көз жасын құрғатқаны рас. Мың рақмет. Бiрақ әр ойын, мақсатын орысша айтуы арқылы сол ауылдардағы аузын аңдып отырған қалың ұлтты дүбәраға айналдырып кететiн сыңайы бар. Кететiн демекшi, жуырда билiкте ауыс түйiстер көбейiп кеттi. Ахаң да дәм бұйырып бiр жаққа қарай тартып отырса қайтпекпiз? Шiркiн, қазақша сөйлемей-ақ кеттi ау деп өкiнер соңынан “До сбидание” деп қол бұлғайтын қалың жұрт. Ал оның орнына “модный” тiлдi жанындай сүйетiн тағы бiреу келсе ше? Онда “Казахам пойдеттың” жыры жалғасып, ұялғанына жылына үш-төрт мәрте екi-үш минөттен мемлекеттiк тiлде мiңгiрлейтiн Храпунов сындылармен жылап көрiсермiз. Содан кейiн… Тiлiң қор болған, “Салиметсиздерменi” естуге зар болған, кең дүние тар болған, мына әлемде құр сүлдерiң бар болған кейiппен өмiр сүре берерсiң, қазақ”, — деп белгіледі Жасұлан АҚКЕР.

KAZ.GAZETA.KZ. Халықаралық валюта қоры Біріккен Араб Әмірліктеріндегі бір аса ірі инвестициялық қор — Dubai World төңірегіндегі ахуалды қадағалап отыр. Бұл туралы Халықаралық валюта қорының сыртқы байланыс жөніндегі басқармасының мәлімдемесінде айтылған, деп хабарлайды Kazakhstan Today Вести.Ru сайтына сілтеме жасап.

Біз Дубаи әмірлігінің үкіметі жасаған күтпеген мәлімдемеге байланысты ахуалдың өрбу барысын қадағалап отырмыз, әмірлік үкіметі Dubai World қоры мен оның құрылымына енетін Nakheel компаниясының несиелері бойынша төлемдердің кешеуілдейтіні туралы жария еткені белгілі\», — делінген мәлімдемеде.

Бұл ахуал қаржылық нарықтарға кері әсерін тигізді. Дубаида болған жағдайдың одан әрі өрбуі әлемдік қаржылық және қор нарықтарын дүр сілкіндірді, биржалардағы сауда-саттық рекордтық құлдырау көрсеткіштерімен жабылды. Парсы шығанағында жұмыс істейтін көптеген банктердің акциялары үлкен шығындарға ұшырады.

Қытай өз валютасының евро мен басқа да валюталарға қатысты нығаюына мүмкіндік беруге тиіс, өйткені бұл Қытайдың өз мүддесіне де, жалпы ғаламдық экономикалық жүйенің де мүддесіне сай келеді. Евроаймағының жетекші қаржылық шенеуніктері 30 қарашада Нанкин қаласында өтетін Еуропалық Одақ — Қытай саммиті қарсаңында осындай үндеу тастады, деп хабарлайды Kazakhstan Today \»РосБизнесКонсалтинг\» (РБК) агенттігіне сілтеме жасап.

Инфрақұрылымдық облигацияларды мемлекеттік кепілдікке көшіру жөніндегі ұсыныс үкіметте қаралуда. Бұл туралы Қазақстанның Қаржыгерлері қауымдастығының төрағасы Серік АХАНОВ бүгін \»Сарапшы 100 — Қазақстан\» атты экономикалық форумда мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Біздің пайымдауымызша, кепілдеме туралы шарт емес, одан гөрі жоғарғы институт, дәлірек айтсақ, кепілдік берілген жағдайда зейнетақы қорлары осындай инфрақұрылымдық жобаларға құлшыныспен атсалыспақ, өйткені, қауіпсіздік факторы болады, ірі көлемде төлемдер жасалады да, зейнетақы қорлары пайда табады\», — деді С. Аханов.

Ал Қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау агенттігінің төрайымының орынбасары Алина АЛДАМБЕРГЕНнің журналистерге берген сұхбатта атап көрсеткеніндей, \»бұл жерде сөз болып отырған мәселе — инфрақұрылымдық облигацияларды күшейту үшін кепілдік беру жайлы болып отыр\».

Оның айтуынша, қазір бұл мәселені үкімет қарап жатыр, өйткені, кепілдікті Қаржы министрлігі береді.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.