«Ұлыстың ұлы күні мәртебелі таққа отырды». «Ғалымдарға қойылар талап жоғары». «Патерналистік пиғылды пайымдағанда». «Кедендiк одақтың кiлтипаны көп». «Қазақ әуе толқынына жаңа радио үні қосылды»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 26 ақпан 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Құрылтайшылары мен журналистерінің арасындағы даудан «Диапазон-Орал» газетінің жаңа нөмірі оқырманына жетпеді”. “…24-ақпан күні «Диапазон-Орал» газетінің оқырмандары басылымның кезекті нөмірін асыға күтті. Бірақ газет жұмысының кенеттен тоқтауы түсініксіз болып қалды. Басылым иесі, ақтөбелік “Рифма” компаниясы бұл жайтқа журналистердің өздерін кінәлайды. Ал шығармашылық ұжым газетті шығаруға басылым қожайындарының тыйым салғанын айтады.

«Диапазон-Орал» газетінің бас редакторы Жаннат НҰҒМАНОВАның сөзіне сүйенсек, 23-ақпан,сейсенбі күні “Рифма” компаниясының басшылығы телефон шалып, газеттің келесі нөмірін шығаруды тоқтатуын талап еткен…

“Диапазон-Орал” газеті ақтөбелік “Рифма” компаниясының аймақтық жобасы ғана болды. Бірақ, басшылық қаржылық дағдарысқа қарамастан, оны жауып тастауды жөн деп таппады. Оралдық филиалдың қызметкерлері ақтөбелік әріптестері секілді, бірдей жалақы алды, тіпті кейбірінің айлық ақысы анағұрлым жоғары болды, — делінген қордың ресми сайтында.

“Рифма” компаниясының құрылтайшысы әрі “Диапазон” газетінің редакторы — ақтөбелік кәсіпкер Владимир МИХАЙЛОВ. 2004 жылы ол сол кездегі Ақтөбе облысының әкімі Ермек Имантаевпен қырғи-қабақ болып дауласқан болатын.Сол кезде “Диапазон” газеті оқырманы мол, танымал басылым болған еді. Газет беттерінде жемқорлыққа бой алдырған аймақтағы биліктің былық-шылығы туралы ашық жазылды. Бірақ, таяқтың бір ұшы кәсіпкерге де тиді. Владимир Михайлов қудалауға ұшырап, тіпті қамауға да алынған еді”. Авторы: Артур НЫҒМЕТОВ.

AIKYN.KZ. “Көш басында — үш команда”. “Олимпиаданың 13 күні артта қалды. Бұған дейін командалық есепте Германия мен АҚШ иық тіресіп келді. Көпшілік оларды енді ешкім қуып жете алмайды деп ойлаған еді. Алайда бейсенбіде Канада құрамасы қарқынын күшейтіп, топ басындағы мемлекеттерді қуып жетті. Қазір немістердің еншісінде 7 алтын, 10 күміс және 7 қола медаль болса, америкалықтар 7 алтын, 9 күміс 12 қолаға қол жеткізіп отыр. Жарыс қожайындары дәл сондай көлемде бас жүлдені олжалағанымен, басқа медальдарды сәл аздау жиды…

Сәрсенбіде спорттың бес түрі бойынша бәсекелер өтті. Биатлоншы қыздар 4X6 эстафеталық сайыста шеберлік байқасты. Тартысты айқас барысында Ресейдің мерейі үстем болды. Құрамында Светлана Слепцова, Анна Богалий-Титовец, Ольга Медведцева және Ольга Зайцева сынды шеберлері бар команда бас жүлдені олжалады. Осылайша орыстар осыдан төрт жыл бұрынғы табысын қайталады. Туринде де олар алтыннан алқа тағынған болатын. Мари-Лор Брюне, Сильви Бекар, Мари Дюрен және Садри Бэийге арқа сүйеген Франция екінші тұғырда. Германияға үшінші орын бұйырды. Немістердің сапында Кати Вильхельм, Симона Хусвальд, Мартина Бек және Андреа Хенкель өнер көрсетті. Норвегия мен Швеция сынды аса күшті командалар жүлделі орынға жете алмады. Қазақстан құрамасы бұл сайыста мынадай құрамда күш сынасты: Елена Хрусталева, Марина Лебедева, Любовь Филимонова, Анна Лебедева. Бұл жолы асығымыз алшысынан түспеді. Жерлестеріміз 14-сатыға табан тіреді…”. Авторы: Ғалым СҮЛЕЙМЕН.

EGEMEN.KZ. “ЖОЛДАУ, ЖОЛДАС ЖӘНЕ ЖӘМИЛА. Патерналистік пиғылды пайымдағанда”. “Жолдас облыс орталығынан алыстау ауылда тұрады. Ауылы – озып та кетпеген, тозып та кетпеген қарапайым қыстақ. Оңалыңқырамай келе жатқан жақтары басымырақ.

Жыл сайынғы Жолдауды Жолдас досымыз асыға күтеді. Теледидардан тыңдап-көреді. Одан соң оқиды. Газеттерден. Республикалық газеттен бір-екі мәрте. Облыстық газеттен қайталап. Сонсоң сөйлемдер мен сөздердің астын сызып. Ауылдастарының газетке жазылмайтыны жақсы емес. Көршісі Келдібектің үй-іші теледидардан да көрмеген. Газеттен де оқымаған. Бұдан сұрайды. “Не депті биыл? Не беретіні бар екен? Бірдеңе тие ме бізге?” — дейді. Көршілерінің көбі осылай. Көкейлері белгілі. Тұтынушылық түйсіктің тұтқынында қалып қойған. Патерналистік пиғылдан арыла алмай жатыр…”. Авторы: Мархабат БАЙҒҰТ.

Мүдде – ортақ, мақсат – бір”. “Ұлттық кітапханада Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен ӘШІМБАЕВтың төрағалық етуімен 2009-2011 жылдарға арналған “Мәдени мұра” стратегиялық ұлттық жобасын жүзеге асыру жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтті…”. Авторы: Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.

Ғалымдарға қойылар талап жоғары”. “Кеше Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен ӘШІМБАЕВтың төрағалығымен Білім және ғылым министрлігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы қоғамдық гуманитарлық институттар директорларының қатысуымен кеңес болып өтті…

Кеңес барысында қазіргі заманғы қоғамдық-саяси үдерістерді пайымдау мен оларға талдау жасаудың нақты да жан-жақты міндеттері белгіленді. Олар – Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы, Мемлекет басшысының “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауын жүзеге асыру, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығы, Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдық мерейтойы, Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Декларация қабылдануының 20 жылдығы, сондай-ақ алда келе жатқан республика тәуелсіздігінің 20 жылдығы.

Ғалымдар осы оқиғалардың рөлі мен маңызына, олардың қоғамдық сана мен адамдардың көңіл-күйіне ықпал етуіне назар аударулары керек. Сол сияқты оларға тиісті қоғамдық мәдениеттанушылық, саясаттанушылық және әлеуметтік-экономикалық баға беруге тиіс.

Кеңес қорытындысында Мәулен Әшімбаев өкілетті орталық мемлекеттік органдар мен қоғамдық-гуманитарлық бағдардағы институттар басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді”. “Егемен-ақпарат”.

TURKYSTAN.KZ. “Кедендiк одақтың кiлтипаны көп”. “…Қазақстан, Ресей мен Белоруссия арасында ортақ Кедендiк Одақ туралы бастама 2006 жылдың 16 тамызында ЕурАзЭҚ мемлекетаралық кеңесiнде көтерiлген болатын. 2009 жылдың 27 қарашасы үш елдiң президенттерi ортақ Кедендiк Одақтың құрылғанын мәлiмдедi. Одақ құрамындағы үш ел халқының жалпы саны – 170 милионнан астам. Әп дегенде ҚР Үкiметi КО-ның құрылуы қазақстандық жалпы iшкi өнiмдi бiр-екi жылда 20 млрд. долларға, Белоруссияға – 20 млрд. долларға, ал Ресейге 160 млрд. долларға дейiн көтеруге ықпал ететiнiн айтқан. Яғни, бiздiң ЖIӨ 100 млрд. доллардың көлемiнде екенiн ескерсек, Кедендiк Одақтың арқасында ЖIӨ 20 пайызға артуы тиiс. Алайда, апта басында ҚР Қаржы министрi Болат ЖӘМIШЕВпен кездескен депутаттар қауымы Кедендiк Одаққа қатысты бiраз келеңсiздiктiң бетiн ашты. Үстiмiздегi жылы кедендiк салықтардың төмендетiлуi себептi, республикалық бюджет 70 млрд. теңгеден қағылады екен. Оның үстiне, кедендiк салықтан (импорт пен экспорт) түсетiн кiрiстiң кiмге қаншалықты тиесiлi болатыны әлi белгiсiз. Ресейлiктер Қазақстан мен Беларуське қарағанда, Ресейдiң сауда серiктестерi көп екендiгiн айтып, пайданың қомақты бөлiгi өздерiне берiлуi керектiгiн ашық мәлiмдедi. Болат Жәмiшевтiң пiкiрiнше, бұл мәселе тым күрделi болғандықтан, саяси тұрғыда шешiлудi талап етедi. Негiзi Кедендiк Одақты құрудың астарында экономикалық мүддеден гөрi саяси сарын басым болды деген пiкiрмен сарапшылардың көпшiлiгi келiседi…

Төрт жылдың iшiнде Кедендiк Одақтың келiсiмдiк-құқықтық базасын қалыптастыру мақсатында 38 халықаралық келiсiм қабылданған. КО шеңберiнде ЕурАзЭҚ қабылдаған 13 халықаралық келiсiм жұмыс iстеуде. Үстiмiздегi жылдың 1-қаңтарынан бастап, Кедендiк Одақтың бiрыңғай кедендiк тарифi енгiзiлiп, Ресей мен Беларусьтен басқа елдерден, яғни, үшiншi елден келетiн тауарларға салынатын кедендiк салық, тыйым немесе шектеу қойылған тауарлар тiзiмi түзiлдi. Үстiмiздегi жылдың екiншi жартысынан бастап, үш ел арасындағы кедендiк рәсiмдер, кедендiк бақылау, санитарлық-эпидемиологиялық, фитосанитарлық, ветеринарлық, көлiктiк бақылаулар күшiн жоймақшы. 2011 жылдың 1 шiлдесiнде Кедендiк Одақтың iшкi шекараларынан бақылаудың барлық түрi алынып тасталады. Келiсiм бойынша, КО шеңберiнде қабылдануы тиiс кез келген заң жобасы берiлген дауыстардың 2/3 бөлiгi қолдаған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Бүгiнде Кедендiк Одақтағы арнайы құрылған Комиссияда тараптарға бөлiнген дауыс құқығы: Қазақстанға – 21,5, Беларуське – 21,5, Ресейге – 57…

Халық қалаулыларын жұбатуға тырысқан Жәмiшев мырза қазақтардың ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiруде пайда таба алатынын көлденең тартты. Бiрақ отандық экономика саласында, әсiресе, ауыл шаруашылығы саласында олқылықтар мен кемшiлiктердiң көптiгiн ескерсек, «шекемiз шылқи» қояды дегенге күмәнмен қараймыз. Оның үстiне, жеңiл өнеркәсiп пен тамақ өнеркәсiбiнiң ақсап жатқаны анау. Кластерлiк жүйенi дамыту туралы бастаманың қағаз жүзiнде қалып келе жатқаны тағы бар. Сонда Кедендiк Одаққа мүше болудың арқасында күмпiлдегеннен кiм не ұтты?”. Авторы: Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ.

Күмiстiң сыры мен сыңғыры”. “…Айтпақшы, бiр танысым «Бiздiң спортшылар күмiстi қалай алып жүр, не сыры бар?» деп хат жазып жiберiптi, Интернет арқылы. Сыры, қазақтың «бармақтай бағың жансын» деген аталы сөзiнде. Олимпиада ойындары — бап емес, бақ шабатын жауапкершiлiгi шектен тыс дода. Жүйкесi мықтылары ғана еңсесiн басып тұратын жауапкершiлiк жүгiн елең қылмай, сенiмдi ақтап шығады. Осындайда өз ойымен алысқан хас шеберлердi олардың өкшесiн басып келе жатқан бәсекелестерiнiң қапы қалдырып кететiндiгi болады. Сондай-ақ өз дүлдүлдерiн осынау дүбiрлi додаға дайындау барысында бапкерлердiң де жаза басып жататын кездерi болады. Ванкувер Олимпиадасының биатлоншы қыздар арасындағы бәйгелерiнде дәл осындай жағдайлар орын алуда. Әлем кубогы додаларында өзгелерге дес бермейтiн (аракiдiк жеңiс тұғырын түгелдей жаулап алып жүретiн) немiс қыздары аяқтарына жем түскен бәйге аттарындай кiбiртiктеп, көсiле шаба алмай жүр. Тек Магдалена НОЙНЕР ғана сенiм үдесiнен шығып жүрген. Қысқа қашықтықтарда алдына жан салмайтын швед қызы Анна Карин Олафссон-Зидекке де не болғанын түсiну қиын. Немiс аруларымен тайталасып жүретiн орыс қыздары да әзiрше жүлделi орындарға сына қаға алмай келедi. Ауа-райының да қолайсыздығы спортшылардың өз мүмкiндiктерiн толықтай жүзеге асыруларына мүмкiндiк бермей жүр. Жаңбыр жиi жауып, күн жылып кетiп, қар ерiп жатыр. Қар жұмсақ, салмағы ауыр спортшыларға қиындау болып тұр. Бiздiң Елена ХРУСТАЛЕВА сияқты жеңiл салмақты биатлоншы қыздардың асықтары алшысынан түсуде. Әрине, ұйымдастырушылар жарыс жолдарын таптап, арнайы химиялық суспензиямен тығыздап (цементтеп) отырады. Әйтпесе қардан түк қалмас едi. Бұған Хрусталеваның 4 рет нысана ату сынында (екi рет шынтақтап жатып, екi мәрте түрегеп тұрып) бiрде-бiр рет мүлт кетпегендiгiн ескеру керек. Бұл оның күмiс медаль еншiлеуiне зор ықпал еттi. Қазақстан құрамасы қатысқан ақ Олимпиадаларда соңғы 12 жылда қол жеткiзген алғашқы медалiмiз күмiс болғанымен, өзгелердiң алтынан бергiсiз. Өйткенi, бұл күнi елiмiздiң көк байрағы өзге де жеңiмпаздар санатында алыс Канаданың аспанында желбiредi”. Авторы: Нұрғазы САСАЕВ.

ALASHAINASY.KZ. “Ұлыстың ұлы күні мәртебелі таққа отырды”. “Сүйінші! Жыл басы – Наурыз мейрамы биылдан бастап түрік, парсы және кавказ халықтарында ғана емес, 200-ге тарта ел ұйысқан Біріккен Ұлттар ұйымының көлемінде дүбірлетіп аталып өтпек. БҰҰ Бас Ассамблеясы “халықаралық Наурыз мерекесі” қарарын бірауыздан қабылдап, 21-інші наурыз күнін әлемдік мереке ретінде белгіледі. Әз Наурыз алғаш рет бір ұлттың немесе мәдениеттің мерекесі ретінде ғана емес, бүкіл адамзат мұрасының құрамдас бір бөлігі ретінде аталып өтетін болады.

23-інші ақпанда Қазақстан, Ауғанстан, Әзірбайжан, Иран, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия, Түрікменстан, Албания, Македония және Үндістан елдерінің өкілдері “Халықаралық Наурыз мерекесі” қарарын БҰҰ Бас Ассамблеясына таныстырды. 2009 жылы қыркүйекте Наурыз мерекесі ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес құндылықтар мұрасының тізіміне енгізілген болатын. Халықаралық Наурыз мерекесі күні ретінде 21-інші наурыздың тағайындалуы мәдениетаралық өзара түсіністік пен диалогтің, төзімділік, тату көршілік пен ынтымақтастықтың мүдделеріне сай келеді. Наурыз мерекесі – үш мың жылдан бері салтанатты түрде Орталық Азиядан Балқанға дейінгі ауқымды өңірде аталып өтуде және өз бойына гуманизм, достық пен төзімділік сынды құндылықтарды сіңірген, халықаралық ынтымақтастықты дамытуда маңызды рөл атқаратын мейрам. Енді, міне, Әз наурыз әлемдік мейрамға айналып отыр…”. Авторы: Құбаш САҒИДОЛЛАҰЛЫ.

Толқында – жаңа радио”. “Қазақ әуе толқынына жаңа радио үні қосылды. ТengriFM деп аталатын бұл радионы тыңдарман тәулік бойына әр қалада әртүрлі жиілікте тыңдай алады. Мәселен, Алматыда – 107.5, Астанада 104,5 жиілігін қоссаңыз, сіз сұлу саз бен әсем ән, сондай-ақ соңғы ақпараттарға қаныға аласыз. Өздерінің алғаш әуе толқынына жол тартқан күнін ұжым Жаратушыға құрбан шалып, ақ дастарқан жайып атап өтті. Біз де әріптестерімізді туған күндерімен құттықтай барып, радионың директоры Мәдина ӨМІРБЕКОВАмен сөйлескен едік…”. Әңгімелескен Мәриям ЖАГОРҚЫЗЫ.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Әлемдік деңгейге әліміз келе ме?”. “Соңғы жылдары Қазақстанның қоғамдық-саяси, әлеуметтік-тұрмыстық, экономикалық-мәдени тыныс-тіршілігімен бірге, аталған салалардағы оның алыс та, жақын шетелдермен байланысын жіті қадағалап отырған әлемдік саясаткерлер мен мемлекет басшыларынан бастап, олигарх-бизнесмендер көбеймесе азаймай тұр. Ал, егерде оларға әртүрлі ағымдар, яғни, діни секталар және саяси ұйымдар санын қоссақ, онда мәселе, тіпті, күрделене түседі…

Қазіргі ғаламдастыру атты жайынқұлықты заманның туып келе жатуы қазақ ғаламторының қалыптасып, оның одан да ары дамуына кең жол ашылуы керектігін алға тартады. Міне, осыған байланысты қазақстандықтар арасындағы алуан-алуан пікірлердің қалыптасуы орынды-ақ. Ғаламтордың дамуы өз ішіміздегі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-тұрмыстық, экономикалық-мәдени, адами қарым-қатынаста ғана емес, қызметтік салада да керектігін былай қойғанда, ол – шетелдегі қандастарымызбен байланысудың басты көзі. Мысалы, Ұлыбританиядағы Қазақ мәдени орталығының төрағасы Смайыл КЕСИЖИ: “Елдің (Қазақстандағы деп түсініңіз) хабарын күн сайын естіп, білгіміз келеді. Әсіресе, балаларымыздың құлағына қазақ тілін құя бергіміз келеді. Өкінішке қарай, ол мүмкіндік бізде өте тапшы. Әдетте, интернеттен “Қазақ газеттерін” іздегенде, қазақ басылымдарының тізімі шығуы тиіс қой. Бірақ, интернеттен қазақ тіліндегі басылымдарды таппай қиналасың. Сонда қалай, Қазақ елінің тәуелсіздік алғанына 20 жыл толғалы отыр. Дүние қазір барлық хабар-ошарды веб-сайттардан алады. Қазақ Үкіметі бұл мәселеге неге мән бермей отыр екен? Бізді қинайтыны – осы мәселе” десе, оған неге біз таңқалуымыз керек. Орынды талап, орнықты пікір. Шындығында да, қазақ ғаламторы қандай дегенде, жоғарыдағы Смайыл Кесижи қандасымыздың қойған сауалын біз де онымен, яғни Интернет-ақпарат таратумен айналысатын ұйымдар мен билік басындағыларға қойғымыз келеді”. Авторы: Аманхан ӘЛІМҰЛЫ.

ZHASALASH.KZ. “Зәуреш БАТАЛОВА: Жоғарғы жаққа ыңғайлы болса, жемқор шенеунiктер өз орнында отыра бередi”. “Таяуда “Парламентаризмдi дамыту қоры” қоғамдық ұйымының жетекшiсi Зәуреш БАТАЛОВА Атырауға келдi. Аймақтық үкiметтiк емес ұйымдар мен саяси партиялар өкiлдерiмен кездестi. Зәуреш Баталова — қоғамда өзiндiк орыны бар саясаткер. Бұрынғы Семей облысының бiлiм басқармасының басшылығынан сенатор креслосына дейiн жол салған тәжiрибелi қайраткер. Соңғы кезде саяси аренадан көрiнбеуiн өзiнiң жеке ұстанымдарымен түсiндiредi. Бүгiнгi саяси партиялар қызметiне көңiлi толмағандықтан азаматтық секторды мiсе тұтады. Бұқараны ояту арқылы, солардың бiрлескен үнiмен ғана билiктi санасуға мәжбүр етуге болады деп санайды ол. Сайлау жөнiндегi заң өзгермей тұрғанда сайлауға да қатыспаймын дейдi. Бәрiбiр өте алмайсың, ал егер өте қалсаң да, қазiргi парламентпен жұмыс iстеу мүмкiн емес. Себебi, оның ойынша, билiкте де, саяси партияларда да қадiр қалған жоқ….

— Зәуреш Қабылбекқызы, жуырда ғана “Нұр Отанның” Атырау облыстық әкiмшiлiгiнiң шаңын жақсылап қаққанын естiп жатқан боларсыз. Осы жайлы не ойлайсыз? Бұл өзi шынымен жемқорлықты әшкерелеу ме? Әлде рулық тартыстың көрiнiсi ме?

— Мен бүгiн “Нұр Отанның” бұл iстердi шын жүректен атқарып жатқанына сенбеймiн. “Нұр Отан” сыбайлас жемқорлықпен күреседi дегенге де күмәнмен қараймын. Мұны партияның сайлау алдындағы имиджiн жақсарту үшiн жасап жатқан амалдары ғана деп түсiнемiн. Бiрақ, олар бұл қимылдарын тек өздерiне лайықталып сызылған шеңбер iшiнде ғана жүзеге асырады…

— Сонда бұл тек жай шоу-ойындар ғана болғаны ма?

— Сөз жоқ, қандай да бiр құптаудың болғаны анық. Дегенмен, егер бұл тақырыпты ары қарай өрiстетудiң қажетi жоқ деп шешiлсе, ол сол күйi жабылып қалады. Бiр ғана мысал келтiрейiн. Премьер-министр Д.АХМЕТОВ естерiңiзде ме? Ол министр болып тұрған кезде оның орынбасары Қ.МЕЙIРМАНОВ iстi болған едi ғой. Бұрынғы премьердi не үшiн орынынан түсiрiп едi? Бiр кездерi қолында әлеуеттi билiк тiзгiнiн ұстаған сол адамның ендi қайда екенiн ел бiлмейдi. Жұмысы жоқ, қажетсiз адамның қатарына қосылды. Неге? Осындай тәсiл арқылы билiк оны қорғап отыр. Экс-әкiм В.ХРАПУНОВ та соның қатарында. Оларды қалқалайтын себебi — билiк үшiн көп iс атқарды. Сондықтан әзiрге шаң жуытпайды. Ал егер жуырда тағы бiры әкiм жоғалып кетсе, таңғалуға болмайды. Олар бар болғаны билiктен ығысып, өз бизнестерiмен мамыражай айналыса бередi. Бұл да “Нұр Отан” үшiн тығырықтан шығудың жолы…”. Әңгiмелескен Сәния ТОЙКЕН.

USHKIYAN.KZ. “ТҰЗСЫЗ ЖИНАЛЫС”. “Бірнеше террорлық әрекет байқалған Қазақстан аумағында діни экстремизм тақырыбын талқылаудың жаңа сипат алғаны оны барынша ауқымды қарастыруды қажет етеді. Елдегі діни ахуалды 90-шы, тіпті 2000 жылдардағы жағдаймен салыстыруға келмейді. Өйткені 15 жылдан астам уақыт ішінде уаххабилік доктринаны қазақ қоғамына ендірушілер айтарлықтай тәжірибе жинады. Сондықтан жекелей аймақтардағы діни ахуалды бөлек-бөлек зерттеу қажеттілігі туып отыр.

Оның себебі бар. Әсіресе, Қазақстанның батыс аймағындағы діни экстремизм мәселесі өз алдына бөлек күрделі тақырып…

Мұхаметжан ТАЗАБЕКОВтың айтуынша, “Асыл арна” телеарнасының негізгі идеясын айтып, Үкіметтен қамқорлық тауып берген – қазіргі Бас мүфтиіміз екен. Жылдық шығыны 1 млн. долларды құрайтын телеарна – сөзсіз қымбат жоба. Парадоксты қараңыз: сондай қымбат жобада ӘБУ ХАНИФА мазхабындамыз деп жүрген муфтидің “дәстүрлі исламы” неге телеарнаның басты идеясы болмайды? “Асыл арнаның” салафиттік сарындағы телеарна екеніне дәлел келтіріп жатудың қажеті жоқ. Ақтауда болсаңыз, Алматыға барып көріңіз. Әсіресе, “Тауһид” туралы хабарын үзбей қараңыз, дәлел жетерлік. Кеше Ақтауда телеарна директоры Тазабеков ала келген бірнеше дискісін таратты. Барлығы да “Асыл арнаның” өнімдері, соның ішінде Тауһид туралы төрт хабар жазылған “Единобожие” бейнетабағынан отқа оранған Ясауи бабаңыздың басындағы құлпытасты көресіз… Тұтас хабарлардың өн бойы сіздің, яки қазақтың ырымы мен тыйымын мысқылдауға арналғандай…”. Авторы: Дәурен СЕЙІТЖАНҰЛЫ.

KAZ.GAZETA.KZ. Астана. 26 ақпан. Kazakhstan Today — Қазақстанның басым өңірлерінде қар жауып, боран соғып, көктайғақ болады деп күтілуде, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, 26 ақпанда «Қазақстанның басым бөлігі атмосфералық фронталдық бөліністердің ықпалында болады, соған байланысты жекелеген аудандарға қар жауып, боран соғады, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында кей жерлерде боран соғады, желдің жылдамдығы секундына 15 — 20 метрді құрайды. Ақтөбе, Қарағанды облыстарында кей жерлерде көктайғақ болады.

ТЖМ мәліметінше, сондай-ақ, «Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында кей жерлерде тұман түсіп, көктайғақ болады, желдің жылдамдығы секундына 15 — 23 метрді құрайды. Алматы облысында — кей жерлерге тұман түсіп, көктайғақ болады, шығыстан жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін жел соғады. Жалаңашкөл аумағында 20-25 м/с жылдамдықпен күшті жел соғады, кей кездері оның екпіні секундына 30 метрге жетеді деп болжануда. Қызылорда облысында кей жерлерде тұман түсіп, көктайғақ болады. Маңғыстау облысында кей жерлерде тұман түседі».

Алматы. 26 ақпан. Kazakhstan Today — Жетекші мұнай биржаларында 2010 жылдың 25 ақпанындағы сауда-саттық қорытындысы бойынша мұнай бағасы төмендеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today «РосБизнесКонсалтинг» агенттігіне сілтеме жасап.

«Алдағы айға мұнай фьючерсінің ресми бағасы мынадай болды: Лондонда InterContinental Exchange Futures биржасында — IPE Brent Crude мұнайының бір баррелі үшін баға $76,29 (-1,80); Нью-Йорктегі New York Mercantile Exchange биржасында Light, Sweet Crude Oil мұнайының баррелі $78,17 (-1,83) болды «, — делінген хабарламада.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ