«Алматы метрополитенінің алғашқы желісі сынақтан өткізілді». «Алғандар ала берсін, алмағандар қала берсін немесе кәсіпкерлер табыс салығын төлеуден неге қашады?». «Қажылық парызды өтеуге дайындығымыз әлсіз»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 22 қазан 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Алматы метрополитенінің алғашқы желісі сынақтан өткізілді”. “Қазанның 21-і күні Алматы метросының алғашқы желісінің жолдары сынақтан өткізілді. Метрополитеннің жолаушылар тасымалдайтын вагонына мінген Алматы қаласының әкімі, мамандар мен журналистер үш станса аралығын жүріп өтті…

Бюджет жоспары бойынша келесі жылы 24 миллиард теңге бөлінеді. Бұл метроны тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында пайдалануға беруге мүмкіндік туғызады”, – деді Ахметжан ЕСІМОВ. Алматы метрополитеннің құрылысы Совет одағы кезінде, 1988 жылы басталды. ССРО тараған соң біршама уақыт тоқтап қалған метро құрылысы кейіннен қайта жалғасты. Бұған дейін 2009 жылы пайдалануға беріледі деп хабарланғанымен ол мерзімде бітпей қалған Алматы метросының алғашы желісін 2011 жылы желтоқсан айында іске қосу жоспарланып отыр”. Авторы: Мәди БЕКМАҒАНБЕТ.

Шымкентте қазан айының ортасында жұпаргүл гүлдеді”. “…Бұтақтар бүршік жарып, жұпаргүл, жеміс ағаштары гүлдеп жатыр… Шымкент қаласының тұрғыны Любовь Диордицаның ауласындағы жұпаргүл гүлдеп тұр. Әдетте өсімдіктің бұл түрі жылына бір рет, мамыр айында ғана гүлдейді. Ал биыл күз мезгілінің ортасында байқалған табиғат құбылысы көпшілікті таң қалдырғанымен, Любовь ДИОРДИЦА бұл үрдісті жақсы ырымға балап отырған жоқ. Ол өсімдіктің мезгілсіз гүлдеуінің “қыстың қатты болуының жаршысы” екенін айтады…. Жеміс ағаштарының биологиялық сағатынан ауытқып мезгілсіз бүршік жаруы күн райына байланысты екендігін айтқан мамандар, табиғаттың тосын мінезінің кері әсері де болады деп ескертеді.

– Күннің жылы болуынан бүршік жарып, гүлдеген ағаштар алдағы көктемгі ресурсын қазір беріп қояды. Сосын көктемде жеміс ағаштарының берер өнімі 2-3 есеге дейін азаяры сөзсіз. Мұның кесірін көктемде көреміз, – дейді дендролог маман, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты Әбутәліп ҚҰЛАМЕТОВ…. Синоптиктер оңтүстік өңірінде алдағы айдың ортасына дейін жылы ауа райы болады деп болжап отыр. Ал қарашаның ортасында күн күрт суып, қар жаууы ықтимал деп ескертеді олар”. Авторы: Мира МҮСІЛІМ.

КГБ-дан да құдіретті ФСБ бақылауға көнбейді”. “…Он жыл бойғы зерттеу жұмыстарынан кейін журналистер Андрей СОЛДАТОВ пен Ирина БОРОГАН ресейлік арнайы қызмет туралы “Жаңа ақсүйектер тобы: Ресей мемлекеттік қауіпсіздігін қалпына келтіру және Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) мызғымас мұрасы” деп аталатын кітаптарын ағылшын тілінде Батыста жарыққа шығарды. Кейбір ресейлік және батыстың бұқаралық ақпарат құралдары бұл кітапты Ресейде сату жоспарланбағанын жазып отыр. Кітап авторлары “жаңа ақсүйектер тобы” деп Федералдық қауіпсіздік қызметін (ФСБ) атап отыр…

Биылғы шілде айының соңында Ресейде Федералдық қауіпсіздік қызметінің құзыры кеңейтілгені мәлім. Бұл жөніндегі заңға президент Дмитрий МЕДВЕДЕВ қол қойған еді. Жаңа заң бойынша, арнайы қызмет өкілдері кейбір әрекеттері қылмыстық іске алып келуі ықтимал деп тапқан адамдарға ресми түрде ескерту жасауға құқылы…

Андрей Солдатовтың сөзіне қарағанда, Ресейде “экстремизм” деген ұғымның астарында саяси тұрақтылыққа қатер төндіруі мүмкін делінген қоғамдық наразылықтар мен адамдар тұрады. Сондықтан, дейді ол, ФСБ Дмитрий Медведев немесе Владимир ПУТИН саяси науқандар кезінде пайдаланатын негізгі құрал бола қояды деу қиын. “Кітабымызда талдап көруге көруге талпынған тағы бір агрумент – ФСБ-ны басқарудың қиындап кеткені. Қазір оны қоғам да, Кремль де толық бақылай алмайды, – дейді Андрей Солдатов. – Тіпті Путин немесе Медведевтердің өзі мұндай күшке қаншалықты арқа сүйей алатыны белгісіз болып тұр. Бұның барлығы үлкен мәселе”. Авторы: Дильбегим МАВЛОНИЙ.

AIKYN.KZ. “Шымкенттен шу шықты”. “Шымкент тағы да жанармайға байланысты туған дау-дамайдың ортасында қалды: «Прайм Петролеум” ЖШС Шымкенттегі филиалының қаладағы автомай құятын компаниялары бюджеттік мекемелердің көліктеріне қызмет көрсетуден бас тартып отыр.

Аталмыш компания алдын ала өткізілген тендердің нәтижесінде бюджеттік мекемелер, соның ішінде аурухана, емхана, қалалық сот әкімшілігіне қарасты көліктерді жанармаймен қамтамасыз ету құқығын жеңіп алған. Тендер нәтижесінің қорытындысы бойынша, филиалдың есепшотына 82 млн теңге алдын ала төленіп те қойған. Бастапқыда бөлімше директоры жұмысшыларға төлейтін қаржының жоқ екендігін алға тартып, жалақыны сусын немесе спирттік ішімдіктермен төлеуді ұсыныпты. Ақыры бұған қарсы болған қызметкерлерге Алматыдағы орталық кеңсеге баруға кеңес берген. Компанияның жергілікті филиалының басшылары, қаржының Алматыдағы Бас кеңсенің қажеттіліктеріне жұмсалғанын, жағдайдың жақын уақытта түзеле қоймайтынын, қордағы мұнай өнімдері таусылуға жақын екенін жасырмайды…

Шымкент қаласы, Еңбекші аудандық прокурорының аға көмекшісі Бақыт ЖҰБАЕВ журналистермен кездесіп, бүгіннен бастап тексерулердің басталатынын, одан кейін ерікті өндіруге шара қолданатынын, одан нәтиже шықпаса, сотқа берілетінін айтты”. Авторы: Гүлбаршын САБАЕВА.

Депутаттар неге дүрлікті?”. “Мемлекетке масыл болған акционерлік қоғамдарды кім бақылайды? “Енді Премьер К.МӘСІМОВ бір ай мерзім ішінде бірнеше сауалға жауап тауып, Парламентке жолдауға тиіс. Депутаттар Б.СЫЗДЫҚОВА, Т.СЫЗДЫҚОВ, И.ЕЛЕКЕЕВ, И.ЧИРКАЛИН, С.ТЕМІРБОЛАТОВ, Е.АПСАЛЯМОВ, А.СОЛОВЬЕВА және Е.РАМАЗАНОВ Үкіметбасының жеке өзінен мына мәселелердің мәнісін білгісі келеді: “Үкіметте нақты қандай тұлға АҚ қызметіне жетекшілік етеді?”, “Егер олар көрсететін қызметтерді басқа ұйымдар мемлекеттік тапсырыспен орындай алатын болса, осы барлық АҚ-тардың қызметі қаншалықты тиімді?”, “АҚ-тардың қызметкерлерінің штат саны қанша және олардың басшылығы мен қатардағы қызметкерлерінің жоғары жалақылары неден құралады?”, “Әрбір министрліктегі РМК-лар мен акционерлік қоғамдардың қызметіне жыл сайын мембюджеттен барлығы қанша қаржы бөлінеді?” және “Жаңа құрылған және бұрыннан бар АҚ-тар мен РМК-лардың қызметі басқа меморгандардың, ведомстволардың және ұйымдардың функцияларын қайталайтын-қайталамайтындығы тексеріле ме?”. Авторы: Елдос СЕНБАЙ.

EGEMEN.KZ. “Алғандар ала берсін, алмағандар қала берсін немесе кәсіпкерлер табыс салығын төлеуден неге қашады?”. “…Әңгіме дербес табыс салығының (ДТС) көлбеу шкаласынан прогресшіл шкалаға көшу жөнінде болып отыр. Бұл қарапайым тілмен айтқанда, табысың, яғни еңбекақың молайған сайын одан төлейтін дербес табыс салығың да көбейе түседі деген сөз.

Бірақ бірқатар адамдардың, бәлкім топтар ма, ондай жағдаймен келіскілері жоқ. Қарсы шығушылардың қатарында анау-мынау емес, бизнес саласындағы бірқатар ассоциациялардың, одақтардың және кәсіптік одақтардың өкілдері бар. Олар Парламент депутаттары атына үндеу де жолдап үлгеріпті.

Олардың айтуларына қарағанда, жобаны әзірлеуші Қаржы министрлігі мұндай шешімнің дұрыс екендігін дәлелдейтін ешқандай дәйектер келтірмеген. Шындығында, дәйектер келтірілген…

Ал өзіміздің бизнесмендер болса, әлі күнге дейін “бер-бер” деп алақан жаюмен келеді. Алып жатқандары да аз емес, бірақ тоятын түрлері көрінбейді. Олар тіпті “Алаған қолым – береген” деген мәтелден де хабарсыз сияқты. Осы орайда біздің “туған” кәсіпкерлерімізді табаға шыжғырғандай шырылдатып жатқан себеп не өзі деген сауалдың бас көтеруі орынды. Мәселенің мәнісі мынада. Қаржы министрлігі әзірлеп, Парламент қарауына ұсынылған заң жобасында жоғары жалақы алатындар үшін дербес табыс салығы мөлшерін көтеру жақтары қарастырылған. Бұл орайда шекті еңбекақы мөлшері 300 мың теңге деп белгіленіп отыр. Ол бойынша 300 мың теңгеге дейінгі сомада айлық алатындар 10 пайыз, ал 300 мыңнан 500 мың теңгеге дейін жалақы алатындар 15 пайыз мөлшерінде дербес табыс салығын төлеуі тиіс…

Бизнес қызметкерлердің жалақыларын тұрақты түрде көтеріп отырады делінген жоғарыда аталған үндеуде. Ал біз ірі-ірі компаниялардың өз жұмысшыларына 30-40 мың теңгедей ғана еңбекақы төлеп, кейде тіпті ақшаны тауарлармен алмастырып жататын кездерінің болатынын да жақсы білеміз. Ендеше жағдай барлық жерлерде бірдей тап-тамаша деп түсіну де сыңаржақтық болып шықпақ.

Ойымызды тиянақтай келе айтпағымыз, Қаржы министрлігі ұсынып отырған дербес табыс салығының прогрессивті шкаладағы мөлшері ер-тоқымды бауырға алып тулайтындай соншалықты көп емес. Егер көп дегеннің өзінде жоғары салық төлейтіндердің табыстары одан да зор. Ал көп алған жақ қашанда көп беруге де тиіс. Бұл өмірдің бұлжымас заңдылығы. Осы қағиданы халық мандатын алып отырған депутаттар да, ел дәулетінің арқасында кәсіпкер атанып, мол байлыққа кенеліп отырған кәсіпкерлер де түсінеді деп үміттенеміз”. Авторы: Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.

Шоқан және тұлғатану”. “УӘЛИХАНОВ – 175. …Шоқанның тарих, этнология, тіл, әдебиет, география, шығыстану, әскер ісі, өлкетану, т.б. салалардан қалдырған ғылыми мұрасы күні бүгінге дейін зерттелу үстінде, теориялық, методологиялық, танымдық, қолданбалық әлеуеті бір мысқал кеміген де жоқ. Қытай да, орыс та, өзбек пен қырғыз да, ұйғыр мен татар да, неміс пен француз да Шоқанды оқи отырып, одан өзіне қатыстысын, керегін табуда және кәдеге жаратуда.

Шоқан ғылым тарихындағы ұлы тұлға ғана емес, тарихтағы ұлы тұлғаны ғылыми танудың үздік үлгісін көрсеткен жасампаз ойшыл. Түптеп келгенде, оның бірде бір шығармасы – қандай тақырыпқа жазылса да адамнан тыс емес, адам мәселесін айналып өткен емес. Бес томдық шығармалар жинағына енген әзірге мәлім 100-ден астам еңбегінде 3 мыңға жуық адам есімдерінің кездесуі, әрқайсысына мәлімет-сипат берілуі тарихтағы адам факторын мейлінше қастерлегенін көрсетеді…

Жинақтап айтар болсақ, ғұлама ғалым Шоқан Уәлихановәлем мен қазақ халқының соңғы 3 мыңжылдық тарихына еркін бойлап, оның әр кезеңі мен дәуірінде ілгерілеудің де, іркілістің де тұтқасы адам қолында қала бергенін қапысыз дәйектеді”. Авторы: Ханкелді ӘБЖАНОВ, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор.

ALASHAINASY.KZ. “Қажылық парызды өтеуге дайындығымыз әлсіз”. “…Биыл Сауд Арабиясы Қазақстанға қажылыққа баруға 4000 орынға квота бөліп отыр. Егер қажет болса тағы мың адамға орын бөлуге келісетіндіктерін айтты. Әрине, квотаның көп болғаны жақсы. Дегенмен осы орындардың өзіне кейде адам жетпей жатады. Мәселен, өткен жылы да Қазақстанға төрт мың квота бөлінген. Бірақ қажылық сапарын орындауға бар болғаны 2860 адам ғана барды. Кейбір мамандардың айтуынша, квотаның толмауы қажылыққа алып баратын туристік компаниялар қызметі құнының қымбаттығымен байланысты. Бұл – бір мәселе. Екіншіден, қажылыққа дайындау жұмыстарының жолға қойылмағандығы. Бүгінде елімізде мұндай іспен айналысатын бір ғана орталық бар. Оның өзі қазір уақытша жұмысын тоқтатып тұр. Сонда қажылыққа баратын төрт мың адам қайдан дайындықтан өтеді, оларға қажылықтың мән-мағынасын кім түсіндіріп береді? Мешіт имамдарының оған қолы тие ме? Ал ауылында тіпті имам, молдалары жоқ азаматтар қайтеді? Бұл сұрақтардың жауабы белгісіз. Ал енді Түркия, Малайзия сынды елдерді алып қарайық. Бұл мемлекеттерде қажылыққа баратын адамдар жаппай дайындықтан өтіп жатыр…

… Қысқаша айтқанда, қажылыққа дайындау орталықтарының жетіспейтіндігі – отандастарымызды алаңдатып отырған үлкен мәселенің бірі. Осы мәселе шешілмей, азаматтарымыз қажылық туралы толық мәліметті алдын ала емес, тек сонда барғаннан кейін ғана біледі. Тіпті қажылық шарттарын толық орындамай қайтып келетіндері де көп…”. Автор: Нұрмұхаммед МАМЫРБЕКОВ.

ABAI.KZ. “Қабылсаят ӘБІШЕВ: Мүйіз сұрап жүріп құлақтан айрылдық”. “Көші-қон комитеті тарап, оның ендігі қызметі Ішкістер минситрлігінің құзыретіне берілгелі жатыр. Бұдан былай қазақ көшінің тағдыры қалай болмақ? Толассыз ағылған миграция мәселесі толайым шешімін таба ала ма? “Abai.kz” порталын алаңдатқан осы сауалдарға орай Көші-қон комитетінің қазірігі төрағасы Қабылсаят ӘБІШЕВ өз ойын ортаға сала отырып: “Агенттік құру керек!” деп айқайлап жүргендер Көші-қон комитетіне зар болып қалды”, — деді.

— Қабылсаят аға, көші-қонның құзыретін ІІМ-не бергелі жатыр деп естідік. Бұл мәселеге Сіздің көзқарасыңыз қандай? Онсыз да проблемасы жетіп артылатын күрделі саланы полицейлерге бергеннен қандай пайда бар?

— “Көші-қонмен түбегейлі айналысатын жеке агенттік құру керек!” деген мәселені оралмандар да, зиялы қауым да көптен бері айтып жүр. Өйткені, көші-қон деген әрі үлкен, әрі күрделі мәселе. Тіпті, 21 ғасырды “Миграция ғасыры” деп атап жатыр. Күллі әлемде адамдардың көші-қон қозғалысы қарқын алуда. Шекара ашық. Мысалға Ресейді алайық. Ресейден жылына 12,5 млн. орыс Еуропаға миграцияға қатысса, сол Ресейдің өзіне жыл сайын 14 млн. адам миграциялық құбылысқа қатысады екен. Миграциялық құбылыс дегеніміз — көшіп келеді, көшіп кетеді, уақытша тұруға қоныс аударады. Ал біздің еліміздегі миграциялық ахуал 2 млн-ның маңында. Оның ішіне еңбек миграциясы, заңды және заңсыз миграция да кіреді…

— Қабылсаят аға, сіздер Парламентке “Көші-қон туралы” заңның жобасын енгізбеп пе едіңіздер? Енді комитет жойылса, ол жобаның тағдыры не болмақ?

— Иә, енгізген едік. Ол заң жобасының тағдыры не болатынын мен білмеймін. Бір білетінім, сол жобада сенімхат дегенді алып тастағанбыз. Яғни, көшіп келген оралман Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін ғана сол құжатымен барып, оралманға тиесілі ақшаны ала алады деген норма кіргізгенбіз. Сол норма күшіне енсе, жалған оралмандық мәселесін шешер едік. Ал, ол норма заңға енбей қалса, онда арғы жағы белгілі…”. Сұхбаттасқан Төлен ТІЛЕУБАЙ.

ZHASALASH.KZ. “Қазақтар орыстарсыз мемлекет бола алмайды” “…Қазақстан халқы ассамблеясына – 15 жыл. Астана бұл атаулы күндi үлкен мереке ретiнде өткiздi…. Осы жиынға бас сұққан, белгiлi ғалым Бүркiт АЯҒАНның айтуынша, сенатор Қуаныш СҰЛТАНОВ ассамблея төрағасының орынбасары Юрий ЗАХАРОВқа ашық сұрақ қойыпты. Естерiңiзге сала кетсек, осыдан бiраз уақыт бұрын Қазақстандағы орыс-казак ұйымдарының басшысы Ю.Захаров Ресейдiң REGNUM ақпараттық агенттiгiне сұхбат берген-дi. Онда ол Ресей үкiметi Қазақстандағы орыстарға қолдау бiлдiрмей жатыр деп айыптайды. Сұхбаттың аты айғайлап тұр: “Қазақтар орыстарсыз мемлекет бола алмайды”. Оның бұл пiкiрi қазақстандықтардың ашу-ызасын тудырғаны да рас. Осы мәселенi жабық есiк жағдайында өткен жиында Қ.Сұлтанов қозғапты. Алайда, Бүркiт Аяғанның айтуынша, Қ.Сұлтановтың сұрағына Юрий Захаров “бәрiн бүлдiрген – ресейлiк журналист. Мен ондай әңгiме айтқан жоқпын” дептi. Осындай әңгiме болғанын ассамблея мүшесi Ахметжан ШАРДЕНОВ та растады. Және ол бiр сөзiнде “Юрий Захаров жоғарыдағы сөздi айтпағаны туралы басылымдарға түсiнiктеме берсiн. Әйтпесе, ассамблея тарапынан қандай да бiр әрекет қолданылады” деп қалды.…”. Авторы: Руслан ЕРБОЛҰЛЫ.

MINBER.KZ. “Көшбасшылық көрсеткіші…”. Қоғам дамуындағы қай көрсеткішті де Еуропаның безбенімен тартуға етіміз үйреніп кетті. Қыл аяғы, еркек пен әйел иерархиясындағы құқықтарға дейін. Global Gender Gap 2010 деген теңқұқылықтың рейтингісі бойынша, Қазақстан ТМД елдерінің арасында Молдавиядан кейінгі орынды ешкімге бермей отыр екен.

Еліміз 134 мемлекеттің арасында 41-ші орынға тұрақтап, Ресейді 45-ші, Францияны 46-шы, Эстонияны 47-ші, Әзірбайжанды 100-ші межелерінде шаң қаптырыпты. Белорусь пен Өзбекстан бір түйір ақпарат бермепті. Сонымен, гендерлік саясат деген жасанды саясатта жасампаздық танытқан бізге қарап, француз ұлықтары сап түзейтін болады. Бізді алдыға жіберіп қойған соң, француз қызыл шараптың тығынына жармасар… Бірақ мұнда да тіректі орыннан қазекем табылды. Соңғы статистика: Қазақстан 2010 жылдың қаңтар-тамызы аралығында Грузиядан 984,2 мың тонна шарап сатып алыпты.  Сонда, бүкіл грузин жүзімінен ашытқан сусынды импорттауда екінші орында екенбіз. Біздің алдымызда – Украина. Тіптен, 79 тонна грузин шарабын алған Германиядан 8 орынға алда тұрмыз. Қысқасы, қазекемнің елі құбылыстың жақсы-жаманын таңдамай, рейтингтердің реңін ашып тұр. Осыдан кейін, бізді көшбасшы демей көрсін…”. Авторы: Өркен КЕНЖЕБЕК, http://orkenegro.wordpress.com.

KAZ.GAZETA.KZ. Кеше кешқұрым, Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театрында “Кенесары-Күнімжан” спектаклінің премьерасы болды.

Драмалық шығарманың авторы — жазушы, драматург Думан РАМАЗАН, қоюшы режиссері — ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат ҰЗАҚОВ.

Туындының негізгі желісіне Кенесары ханның өмір тарихы алынды. Автор Кенесарыны азаттық үшін күресіп, тәуелсіздік жолында жанын пида еткен тарихи тұлға ретінде айта отырып, оның сүйіктісі — Күнімжан екеуінің махаббатын суреттейді. Жалпы тарихта Кенесарының сүйіктісі Күнімжан туралы көп айтыла бермейді. Ол көркіне ақылы сай, ханға нағыз жар болуға лайық қыз болған. Аталары өте беделді адамдар, әкесі — Тұрсын да атақты байлардың бірі. Яғни, Күнімжан текті жердің қызы. Кенесары мен Күнімжан біріне-бірі алғаш көргеннен ғашық болады. Алайда, бұлардың сезімдеріне кедергі болып, сол кездегі Ақмоланың аға сұлтаны Қоңырқұлжа өзінің екі әйелінің үстіне кезекті жар етіп алуға Күнімжанға құда түседі. Осы сәттен бастап спектакльдің шырқау шегі — Кенесары-Күнімжан-Қоңырқұлжа арасындағы махаббат тартысы басталады…

ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің мемлекеттік шекара қызметі қазанның 29-ынан бастап “Алматы-Ташкент” автожолының Жамбыл облысы Қордай және Мерке аудандарындағы тораптарын жабады, деп хабарлады Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Көлік және коммуникация министрлігінің шешімімен, 2011 жылдың желтоқсанына дейін “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” халықаралық транзиттік дәлізінің аумағы салынбайтын болады, алматылық автожолды таңдаған жүргізушілердің Жамбыл облысының Шу қаласы арқылы өтетін республикалық айналма жол бойымен жүрулеріне тура келеді.

Бұл шешім ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі Жамбыл облысындағы республикалық трассадан өтетін және Қырғызстаннан тасымалданатын есірткі заттарының белсенді арнасына айналып отырған ҚР Мемлекеттік шекарасының 22 шақырымдағы (308-ші шақырымынан 330 шақырымына дейін) аумағын жабу туралы айтқан қажеттілігі негізінде қолға алынып отыр. Жуырда “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” автожолының құрылыс алаңында болған көлік және коммуникация вице-министрі Дулат КҮТЕРБЕКОВ Қырғызстаннан айналма жол салатын мердігерлер 2011 жылы анықталатынын хабарлады. “Мәселе тудырып отырған аумақтағы құрылыстың жобалық-сметалық құжаттамасы мемлекеттік шекара қызметімен келісілді”, — деді вице-министр.

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ