«Мемлекет пен кәсіпкерліктің ықпалдастығы – өрелі мақсат». «Сақ қорғандары сатылып кетті». «Ресей жеріндегі ескерткіштерімізді кім қорғайды?». «Әрбір сегізінші орыс қазақшаны еркін біледі»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 1 наурыз 2010 ж.

AZATTYQ.ORG. “Оралдық азамат дәрігерлік айықтырғыштан ауруханаға түсті, енді ол мүгедек болып қалуы мүмкін”. “Оралдық Жұмабай ТАМАЕВ дене жарақаттарымен айықтырғыштан ауруханаға жеткізілген. Содан кейін дәрігерлер оның миына операция жасаған. Полиция оның кереуеттен құлап жарақаттанғанын айтады. Ал аяқастынан мүгедек болып қалған жанның жұбайы күйеуін полицейлераяусыздықпен ұрып-соққан деп отыр…”. Авторы: Артур НЫҒМЕТОВ.

AIKYN.KZ. “Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Барлық екпін, бар жұмыс енді аймақтарға көшеді”. 26.02.10 Ақордада Президент жанындағы Кәсіпкерлер кеңесінің тұңғыш жалпы отырысы өтті. “Оны ашқан Елбасы бұл жиынның атаулы датаға сәйкес келіп отырғандығын, “Бизнестің жол картасы-2020” — отандық кәсіпорындарды қолдауға бағытталған ел тарихындағы жаңа тұрпатты құжаттың қабылданғанына тура бір ай толғандығын жеткізді.

Ауқаттылығы әлем жүзінде танылған бес миллиардер мен одан да көп мультимиллионерлерді (оның шамамен бесеуі — миллионер ханымдар), яғни қазақстандық бизнестің “бетке шығар қаймақтарын” жиған бұл кеңестің отырысы ашық әңгімелесуге, қызу пікірталасқа құрылғандығын, сонысымен қызықты болғандығын айта кеткен жөн. Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың өзі соған шақырды: “Қане, келіңдер нақты мысалдарға жүгініп, ашық әңгіме құрайық!”. Авторы: Елдос СЕНБАЙ.

Олимпиаданың көмбесі көрінді”. “Ванкувердегі ойындардың көмбесі көрінді. Анықтап айтсақ, ақпан айының соңғы күні Ақ Олимпиада өз мәресіне жетеді. Дәл қазір намысқа қамшы басатын кез. Өйткені командалық айқаста ешкім қара үзіп кете алған жоқ. Мықтылардың теке тіресі әлі жалғасуда. Ал жылдың басты додасында дараланғысы келген елдің өрендері бүгін-ертең барын салуы тиіс. Сондай-ақ қалың топтың арасында немесе көш соңында қалып келе жатқан командалар соңғы мүмкіндіктерін қалт жібермеуге талпынса жөн болар еді….

Фристайлдың акробатика түрі бойынша сенсациялық оқиға орын алды. Олимпиада чемпионы қытайлық ХАНЬ СЯОПИНЬ мен әлем кубогының иегері белорус Антон КУШНИР іріктеу сынынан өтпей қалды… Шайбалы хоккейден әйелдер арасындағы жарыстың жеңімпазы мен жүлдегерлері белгілі болды. Үшінші орын үшін матчта Финляндия мен Швеция құрамалары негізгі уақытта тең ойнады. Овертаймда финдер 3:2 есебімен жеңіске жетті. Финалда Канада мен АҚШ шеберлік байқасады. Бұл кездесуде айдын иелерінің мерейі үстем болды. Есеп — 2:0. Командалық есепте көш басындағы үш команда үзеңгі қағыстырып келеді. АҚШ 8 алтын, 12 күміс, 12 қоланы олжаласа, Германия 8 алтын, 11 күміс, 7 қоланы иеленді. Канада 8 алтын, 6 күміс, 3 қола медальді жеңіп алды. Норвегия 7 алтын, 6 күміс, 6 қоламен төртінші орынға тұрақтады. Оңтүстік Корея мен Швейцарияда алты бас жүлдеден. Алайда күмісті көбірек иеленген азиялықтардың асығы алшысынан түсіп тұр. Австрия, Қытай және Швецияда — төрт, Ресей мен Голландияда — үш алтыннан. Жалқы қолаға иелік еткен Қазақстан құрамасы 25-орында келеді”. Авторы: “Айқынның” арнаулы тілшісі Ғалым СҮЛЕЙМЕН.

EGEMEN.KZ. “Мемлекет пен кәсіпкерліктің ықпалдастығы – өрелі мақсат”. “Бүгін мен сіздерді келелі мәселе бойынша шақырып отырмын. Осы залда еліміздің көптеген іскер адамдары отыр. Әрине, біз барлық кәсіпкерлерді бірдей бұл жиынға шақыра алмадық. Сіздер арқылы біз еліміздің барлық іскер азаматтарымен пікір алысып отырмыз деп есептейміз, деп бастаған Елбасы осыдан бір ай бұрын жарияланған Стратегиялық жоспар-2020 бағдарламасында көтерілген негізгі мәселе елімізді индустриялық-инновациялық дамыту болғанын атап өтті. Жолдауда оны қалай жүзеге асыру керектігі жан-жақты айтылды. Бүгін бізге Үкімет мүшелері индустрияландыру бағдарламасын жария етеді. Мұның барлығы бизнестің қатысуымен ғана жүзеге асатын шаралар, деді Мемлекет басшысы еліміздің кәсіпкерлерімен өткізілген жүздесудің кіріспе сөзінде…

– Бұл бағдарламаны жүзеге асыруға қатыса отырып, бизнес өкілдері мемлекетке көмектеседі, Отанына көмектеседі, өздерінің де жағдайын түзейді, – деп атап көрсетті Елбасы. Енді бұл шараларды жүзеге асырудың жағдайы қалай болмақ? Мемлекеттің сіздерге жасайтын көмегі қандай? Не нәрсе кедергі? Міне, бүгін осы мәселелер төңірегінде ашық әңгіме өткізейік…

… Президент алғашқы сөзді Премьер-Министр Кәрім МӘСІМОВке берді…

Мен бүгін қазақстандық бизнеске, жалпы бүкіл қоғамымызға қатысы бар тағы бір тақырыпты қозғағым келіп тұр, – деп жалғастырды сөзін одан әрі А.ПЕРУАШЕВ. Бұл жемқорлықпен аты шыққан ӘБІЛӘЗОВтің отандық бизнеске қара күйе жағуынан туындап отыр. Рас, ол даурықпа мәлімдеулерін саяси астарға орағысы келеді. “Атамекен” одағы” ұлттық экономикалық палатасы саяси партия емес. Сондықтан біз саяси мәлімдеме жасамаймыз. Әбіләзовтің бұл сандырақтарына “Нұр Отан” ХДП Саяси кеңесінің Бюро мүшесі ретінде мен алдағы уақытта осы мәселені көтеретін боламын. Алайда, 90 пайыз құрамы “Атамекен” одағына кіретін қазақстандық бизнес қауымдастығына Әбіләзовтің тиісуі бір бұл емес. Сондықтан біз оны жауапсыз қалдыра алмаймыз. Оның үстіне бүгін таңертең біздің одақтың Директорлар кеңесінің отырысы болып, нақ осы мәселе талқыланды. Менің әріптестерімнің барлығы осы залда отыр. Сондықтан олар менің айтып тұрғаным барлығымыздың ортақ көзқарасымыз екендігін дәлелдей алады…

Президент жанындағы Кәсіпкерлер кеңесінің мәжілісіне жиналған еліміздің бизнес өкілдеріне Елбасы өткен кезеңдерден алатын үш тәлімді атап көрсетті. Біріншіден, деді Елбасы, қалтаға қарап, қарапайым өмір сүру керек. Сіздер өздеріңізді жердің кіндігіндей сезініп, “Ланкрузерлермен” жүріп, он адам күзетші ерткен жылдардағыдай болмауы керек. Тіпті мол қаржы болғанның өзінде қарапайым халық үшін көзге шыққан сүйелдей болудың не қажеті бар? Екінші тәлім, барлық нәрседен үнемдеу қажет, жақсы уақыттарда қиын кезеңдерге дайындалған жөн. Үшінші тәлім – несиелерді уақытында қайтару керек. Алған қарызды бәрібір қайтару қажеттігі туатындығын түсінген жөн. Міне, үш тәлімнің түйінді тұжырымы осындай, деді Елбасы өз сөзінде.

Елбасы айтқан үш тәлімді ой сарабынан өткізіп көрсек, кәсіпкерліктің халық үшін адал жұмыс істеуі айқын көрініп тұрады. Адам үшін, ел үшін жұмыс істегенде кәсіпкерлік те халықтың қолдауына ие болып, өркендей бермек”. Авторы: Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.

DMK.KZ. “Кодталдыңыз ба?”. “Тамыз айының ортасына қарай қазіргі қолданыстағы әлеуметтік жеке код (СИК) пен салық төлеушінің тіркеу нөмірі (РНН) өз күшін жояды. Керісінше олардың ортақ қызметін жеке идентификациялық код атқаратын болады.

Егерде аталған мерзім өткен соң жеке төлқұжатыңызда код болмайтын болса, төлем төлеу, ақша аудару, несие алу т.б. әлеуметтік қызметтерді пайдалану құқығынан айырылып қаласыз. Сондықтан бұл мәселеге оқырмандардың ерекше назар аударуын сұраймыз. Рас, ел тұрғындарының көбісінің төлқұжатында жеке код қазірдің өзінде бар. Өйткені, Әділет министрлігінің хабарлағанындай, 12 цифрдан тұратын бұл код жеке құжаттарға 1997 жылдан бастап қойыла бастаған. Алайда, 2007 жылы арнайы коды жоқ төлқұжаттарды қайта рәсімдеу жұмыстары жүргізіле бастады. Мұндай қайта рәсімделген төлқұжат иелері үшін еш қауіп жоқ, өйткені олардың идентификациялық нөмірі автоматты түрде жүзеге асырылады. Ал код алып үлгермеген (олар, негізінен, 1997 жылдан бері төлқұжат ауыстырмаған азаматтар болып табылады) жандар үшін асығуға тура келеді. Дегенмен, аса үлкен қауіп жоқ. Себебі, идентификациялық коды бар құжат алу мемлекет есебінен тегін жүргізіледі. Тек, 13 тамызға дейін төлқұжат ауыстырып үлгерсеңіз болды. Сәйкестендірілген нөмірдің екі түрі болады. Бірі – бизнес-идентификациялық нөмір (БИН) де, екіншісі – жеке идентификациялық нөмір (ЖИН). БИН-ді заңды тұлғалар алатын болса, жеке тұлғалар үшін ЖИН жарамды. Код 12 цифрдан тұрады: алғашқы алтауы төлқұжат иесінің туған күні, айы, жылынан хабар берсе, соңғы 5 цифр оның ИИН-дегі кезек саны болып табылады. Төлқұжатты сәйкестендірілген нөмірі бар құжатқа өзгерту үшін қажетті құжаттар: үй кітапшасы, ескі төлқұжат және фотосурет.

Нөмірді ел азаматтары өз мекенжайы бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтарынан ала алады. Кешігіп қалмаңыз!”.

ALASHAINASY.KZ. “Ресей жеріндегі ескерткіштерімізді кім қорғайды?”. “…Ұлы Жеңістің 60 жылдығы құрметіне Мәскеуде Кеңес Одағының Батыры Әлия МОЛДАҒҰЛОВА атындағы мектепте мұражайы ашылып, мектеп алдына ескерткіш орнатылған еді. Бүгінде Жеңістің 65 жылдығында әрі Батырдың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында Мәскеуде Бауыржан МОМЫШҰЛЫ атында мектеп ашылып, алдына ескерткіш қойылады деген шешім бар. Бұл келісімшартқа Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшісі Зауытбек ҚАУЫСБЕКҰЛЫ Мәскеу қаласы әкімінің бірінші орынбасары Людмила ШВЕЦОВАмен кездесуінде қол жеткізді. “Жобаға Мәскеу қаласының Крюково стансысындағы №229 орта мектеп ұсынылып отыр” деген хабар Мәскеудегі әр қазақтың жүрегіне қуаныш сыйлады…

Ұлы Отан соғысы батырларының ескерткіштері ғана емес, сонымен қатар Мәскеуде алғаш Кеңес өкіметі құрылған жылдары қызмет етіп, өлшеулі өмірін халқына арнаған талай қазақ азаматтарының мүрделері Мәскеу орталық зираттарында жатқандығын да естен шығармау керек. Ендігі уақытта ескерусіз, атаусыз қазақ азаматтарына құлпытас қою арнайы орындар, арнайы келіссөздермен ғана шешілетін іс болып отыр.

Атақты орыс ақыны С.ЕСЕНИНмен қатар жатқан қазақ халқының аяулы азаматы Ғани МҰРАТБАЕВтың басына зиярат еткен “Жеңіс” тобындағы түркістандықтар ішіндегі бір жігіт Абай мен Есениннің өлеңдерін қазақша, орысша жатқа оқығанда зират басындағылар күннің суығына қарамай тік тұрып тыңдаған. Кезінде Ғани Мұратбаевтың басына ескерткіш құлпытасты Қызылорда қаласының әкімдігі, Қорқыт-Ата университетінің ұжымы қойған. Жылда Мәскеудегі “Мұрагер” қоғамының басшылары Ғ.Мұратбаевқа арнап құдайы тамақ беріп, құран оқытып отырады.

Санкт-Петербургтегі Жамбыл ЖАБАЕВтың, Мәскеу қаласындағы №891 мектеп алдындағы Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың, Чистопрудный бульварындағы Абайдың, Волоколамск қаласындағы Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының т.б. қалалардағы ескерткіштер мемлекеттік қорғауға алынып, оларды қорғап, күту арнайы мекемеге тапсырылса деген тілек біздікі.

Сондай-ақ Мәскеуде ардақты ұлдарымыз тұрған, оқыған орындарға ескерткіш тақталарын орнату әрқайсымыз үшін азаматтық борыш, халықтық іс болары анық.

Әлі есімде, Абай атамызға ескерткіш орнатқан күннің ертеңіне балам маған: “Мама, сен енді күнде ол кісінің ескерткішін қарап қой, біреулер бүлдіріп қоймасын”, – деп еді. Расында, бір ай өтті ме, өтпеді ме, ескерткішті жасыл сыр жағып, бүлдіріп кетті. Сонда мен басқа емес, өз баламның алдында өзімді кінәлі сезіндім.

Ұлы Отан соғысының құрбандары зираттарының бұзылуы, халық ардақтылары ескерткіштерінің бүлінуі, құлатылуы дер кезінде ескерткіштерді халықаралық қорғауға алмағандықтың кесірі ме деп ойлаймын…”. Авторы: Жарқын ӨТЕШОВА, Мәскеу.

Құралайды көзге атқан Хрусталева”. “…– Осы Олимпиада ойындарында Норвегия биатлоншылары өз деңгейлерінен төмен көрсеткіштер көрсетуде. Шетелдіктердің кейбіреулері “өйткені оларға Олимпиада алтыны үшін сыйақы төленбейді екен” дейді.

– Меніңше, бұл – ақталудың бір жолы. Ақталу жолын іздестіретіндерге жеңіске жету де қиын. Жалпы, спортшы біткен сыйақы үшін жүгірмейді ғой. Барлық спортшылардың бірінші кезектегі мақсаты – олимпиада чемпионы немесе жүлдегері болу. Ал сыйақыны әлем кубогы жолындағы коммерциялық жарыстардан да қалтаға басуға болады. Тіпті олимпиада алтыны үшін берілетін сыйақыдан да көп ақша табуға болады. Сондықтан бұл жердегі мәселенің түйіні сыйақыда емес.

– Сіздің жеке бапкеріңіз Виктор СМИРНОВ па?

– Иә, Виктор Борисович және әкем Владимир ХРУСТАЛЕВ. Сондай-ақ Алматы облысының жаттықтырушысы – Николай ЗЕЛЕНКОВ…”. Авторы: Нұрғазы САСАЕВ, Ванкувер.

JASQAZAQ.KZ. “Сақ қорғандары сатылып кетті”. “Алматы облысы Қарасай ауданының әкімдігі тарихи-мәдени ескерткіш санатындағы сақ қорғандарын жекеменшікке беріп, тарихқа қиянат жасады. Көне қорымды саудаға салған атқамінерлердің заңсыздығын аудандық прокуратура әшкерелеген. Қазір сақ қорғандарын сатқандардың ісі сотта қаралып жатыр…”. Авторы: Есболат АЙДАБОСЫН.

MASSAGAN.COM. “Әрбір сегізінші орыс қазақшаны еркін біледі”. “Ұлтаралық қарым-қатынасты бағалау айтарлықтай күрделі. Оны сауалнамаға қатысқандардың 39,2% адамы татулықта деп сипаттаса, 46,5%-ы қатқылдықтың әр деңгейінде деп: қазақтар мен басқа ұлттар арасындағы ұлтаралық жатсыну мен ашық алауыздыққа дейін барады деп бағалайды”, — делінген СШИ сәрсенбі күні таратқан зерттеулер нәтижесінде…

Қазақ тілінің мемлекеттік жалғыз тіл болуын қолдаушылар мен оған қарсы болушылар 48,5%-дан тең бөлінді. Бұл ретте Қазақстанды Қазақ Республикасына өзгертуді 48,4% қолдамайтын болса, қолдайтындар — 19,8%. “Жалпы айтқанда “Тәуелсіз Қазақстан үшін” қозғалысымен әзірленген ұлттық саясат тұжырымдамасын қолдайтындар — 18,3%”, — делінген зерттеулерде.

Сонымен қатар сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың басым бөлігі этникалық ырым-жырымнан азатпыз деп айтқан. Мысалы, тұрып жатқан өңірлеріне қарай респонденттердің 20,5%-нан 62,2%-ы басқа этникалық топ өкілдерімен құдаласудан бастап достық қарым қатынас орнатуға дейін дайын екенін айтқан. “Бұл тұрғыда орыстар мен басқа ұлт өкілдеріне қарағанда қазақтар жабықтау, әсіресе Астана қазақтары”, — дейді әлеуметтанушылар.

Зерттеулер “қала тұрғындарының басым бөлігі ұлтына қарамай еркін түрде орысша білетінін” көрсеткен. Респонденттердің жартысынан астамы қазақшаны еркін білетін болған. “Тек әрбір сегізінші орыс қазақшаны еркін біледі”, — делінген хабарда.

Басқа ұлт өкілдері еркін білетін тілдері ретінде орыс тілінен соң өздерінің ана тілдерін атаған. Олардың төрттен бірінен сәл асатын бөлігі қазақшаны еркін біледі.

Әлеуметтік зерттеулер бойынша, респонденттердің 60,3% мемлекет құрушы халық ретінде этникалық тәнділігіне қарамай Қазақстан азаматтары болуы тиіс деп есептейді. 30,8%-ының пікірінше мемлекет құрушы халық — қазақтар болуы тиіс.

Аталған әлеуметтік зерттеулер ақпанның басында жүргізілген. 14 облыс орталығы мен Астана және Алматыда тұратын 2300 адам сауалнамаға қатысқан”.

Біз өзімізді қазақ санаймыз, бірақ орысша ойлап, қажет болғанда ағылшынша да сөйлесеміз…”. “АСТАНА. Ақпанның 22-сі. ҚазАқпарат /Айбын БАҚЫТҰЛЫ/ — Бірер күн бұрын, ғаламтор әлемін шарлап отырып, ой-талқы форумдардың бірінде белгісіз автордың пікіріне кезігіп қалдым. Орыс тілінде. “Біз өзімізді қазақ санаймыз…” деп басталғандықтан ба, әлгі автордың жазғандары бірден назарымды аударды. Әңгіме бүгінгі қазақ қоғамында қалыптасып келе жатқан, өзін өгейсінетін жаңа бір буынның, тіпті ұрпақтың дейік, ащы шындығы, боямасыз қалпы туралы екен. Сонымен әлгі белгісіз автордың ойларын қаз қалпында қазақшаласақ, былай болып шығады:

“Біз өзімізді қазақ санаймыз, бірақ орысша ойлап, қажет болғанда  ағылшынша да сөйлесеміз. Рухымыз құдды қазақы, далалық секілді, алайда ойымыз бүлікшіл орысша (орыстікі), ал ұмтылатынымыз стерильді еуропалық өмір. Сондықтан да ресейлік әдебиетті оқып, шетелдік білім аламыз. Біз қайда да (барлық жерде) бармыз. Яғни, еш жерде де емеспіз.

“Өлең оқып жіберші” деген өтінішіке біз БРОДСКИЙді, сәл ышқынсақ, БАЙРОНды да тақпақтай жөнелеміз. Тек ешқашан Махамбетті немесе Мұқағали МАҚАТАЕВты емес.

Біз Ресейге Наполеон қашан соғыс ашқанын дәлдікпен айта аламыз, бірақ Қазақ хандығы қашан құрылғанынан бейхабармыз. Егер шетелдіктер туған жеріміз бен қазақ тарихын әңгімелеуімізді сұрай қалса, сасып қаламыз, Шыңғыс хан мен үш жүз туралы бірдеңе міңгірлеген боламыз...” (авторы белгісіз)”.

KAZ.GAZETA.KZ. Астана. 1 наурыз. Kazakhstan Today — Банктер кәсіпкерлердің дағдарыстан шығуын жеңілдететін шараларды қабылдаулары қажет. Бұл туралы Елбасы өткен аптада Кәсіпкерлер кеңесінің бірінші отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today деп хабарлайды Kazakhstan Today президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Ақордада жұма күні мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының президенті жанындағы Кәсіпкерлер кеңесінің бірінші пленарлық отырысы өтті. Онда еліміздің индустриялық-инновациялық дамуының бесжылдық жоспарын іске асыру аясында бизнес ортаны жақсарту мәселесі қаралды.

Кәсіпкерлер кеңесінің жұмысына премьер-министр К.МӘСІМОВ, президент әкімшілігінің басшысы А.МУСИН, үкімет мүшелері, парламент депутаттары, ұлттық компаниялардың, қаржылық институттар мен банктердің жетекшілері, сондай-ақ қауымдастықтардың, одақтар мен кәсіпкерлердің қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері қатысты.

Отырысты аша отырып, президент мемлекет шағын және орта бизнесті қолдау үшін көп іс атқарғанын атап өтті. Кәсіпкерлікті дамытудың нормативтік-құқықтық базасы қалыптастырылды, бизнесті тексеріске бірнеше рет мораторий енгізілді. Мемлекеттік дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында оны кредиттеуге едәуір қаражат бөлінді. Салықтық ауыртпалық төмендетілді, салық салу жүйесін оңайлату жөнінде жұмыс жүргізген кәсіпкерлерге көмектер көрсетілді…

Алматы. 1 наурыз. Kazakhstan Today — 1 наурыз — дүйсенбіде Қазақстан қор биржасында (KASE) теңгенің орташа бағамы жұмадағы көрсеткішпен салыстырғанда 0,09 теңгеге қымбаттап, бір долларға шаққанда 147,23 теңгені құрады.

Бүгін, дүйсенбіде АҚШ валютасы бойынша сауда көлемі 180,175 млн долларды құрады.

Ал жұмада АҚШ доллары бойынша Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттық көлемі 80,015 млн долларды құраған болатын.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ